ТАУЫҚ ЖЫЛЫ ҚАУІП ЖЫЛЫ ЕМЕС, САУЫҚ ЖЫЛЫ БОЛҒАЙ-ДЫ…

Әл-Фараби, Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезов дүниеге келген жыл.

Сарапшылар биылғы жылы қаржы нарығында «бозторғай жұмыртқалаған» заман орнайды деп отыр

f032d95fda8e6b6de25b59a5017ef65b

Еуропалықтар биылғы Тауық жылын «отты қораз» жылы деп айқайлатып жазып жатыр. Ол отты бола ма, шоқты бола ма, Жаратқанның құзырындағы мәселе. Біз кәдімгі қазақы тауықты символ ретінде алдық. Өзі момын, жұмыртқасы көп, еті мол болсын!

Алдымыздағы Универсиада ойындарын,  төрткүл дүние асыға күтіп отырған ЭКСПО халықаралық көрмесін, Ислам ынтымақтастығы ұйымы саммитін той-думанмен, шадыман-шаттықпен өткізуді Тәңір бізге нәсіп етсін!

2016 жылы егемен еліміз Алматының 1000 жылдығын, Албан көтерілісінің 100 жылдығын, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын (ЮНЕСКО көлемінде) лайықты атап өтті.

Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарысының қиындығына қарсы тұрып, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылды. Мемлекет басшысының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып отырды…

«Қазақстан – дамудың даңғыл жолындағы ел». Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының отырысында осылай деп баға берді. Екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Ресей арасындғы байланысты бекемдеп, алыс-беріс пен барыс-келістің көкжиегін арттыру мақсатында өзара пікір алмасты, бағыт-бағдарды айқындады. Жаһанды жайлаған дағдарыс құрсауында қалмаудың жаңа жолдарын талқылады.

Бұл – «Еуразиялық бестіктің» биылдыққа екінші мәрте кездесуі. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері мамыр айында Астанада Ақордада дәл осындай «дөңгелек үстел» басында мәжіліс құрған. Экономикалық одақ құрылғалы екі жылдың жүзі болды. Алғашында үш елден құралған интеграциялық ұйымның құрамы тағы екі мемлекетпен толықты. Бұл – бірлестікке мүдделілік артып келе жатқанының нақты мысалы.

Елімізді алаңдатып отырған  түйткіл мәселенің бірі де бірегейі – төл теңгеміздің тағдыры. Осы жөнінде сарапшылар пікірі әрқилы. Қаржыгер-экономистердің айтуынша, ай сайынғы табыс төмендеген. Азық-түлік, киім-кешек, күнделікті тұтынатын тауар, керісінше, өсуде. Отандық өндіріс болса, құны аспандаған шетелдік тауардың орнын әзірге жаба алар емес. 2017 жылы теңге бүгінгі бағамын өзгертеді деуге негіз жеткіліксіз сияқты. «Долларға қатысты теңге бағамы 330-350 аралығында болады деп есептеймін. Валютамыз әлі ұзақ уақыт осы деңгейде болады. Теңгенің құны келесі жылы көтеріле қояды деп айту қиын, өйткені, өндіріс қуаты тым әлсіз. Халықты отандық тауармен толық қамти алмай жатырмыз», – дейді экономист Айдархан Құсайынов (Baq.kz ).

Теңге тағдыры туралы өз болжамдарын жасаған сарапшылар алдағы жылы қаржы нарығында «бозторғай жұмыртқалаған» заман орнайды деп отыр. Қор биржасында қазір үстемдік орнатып тұрған доллар әлсірей түседі-міс. Сарапшылардың  бұлайша тасына сөйлеуіне соңғы айларда айтарлықтай көтерілген мұнай бағасы дәйек болса керек. Егер осы өсім жалғаса беретін болса, 2017 жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы 300-ге дейін төмендеуі мүмкін…

Аз-кем ауа райын сөз етер болсақ, өткен жолғы пайымымызда жауын-шашын болатынын жазғанбыз. Бірақ, күн өзінің жылы қалпын сақтап, айтарлықтай суытпайтынын да айтқанбыз. Солай болды да.

Қаңтар – он бірінші ай. Күннің барынша қысқарып барып, одан әрі бара алмай «қаңтарылып» тұрып қалуына орай қаңтар деп аталған көрінеді. Бұдан кейін күн ұзара бастайды. «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» деген осы.

Қазір «Күннің таласуы» амалы жүріп жатыр. Кей өңірде мұны «күн бой көтерді» деп атайды. Қаңтардың алғашқы күнінен басталды. Амал кезінде қазақ даласында  қатты боран орын алады, қар жауады, сырғыма жүреді. Бұл амал бойынша мәлімет. Қолданыстағы күнтізбе бойынша, ескі жыл бітіп, жаңасы келгенімен, табиғатта өзгеріс болмайды. Жаратылыстың өз заңы бар. Ол наурыздың 21-інен 22-cіне қараған түні өзгереді. Жер-дүниенің бәрі жасарады, жасанады. Табиғаттың тамыршысы атанған қазекең осы кезді Жаңа жыл деп орынды атаған. Әзірге мешін жылы жылжып жүре береді. Тауықтың келуіне әлі ерте. Алдағы аптада (5 – 11 қаңтар аралығында) жауын-шашын көп болатын сыңайлы.

Көнекөз қариялар, жалпы, қазақ халқы тауық жылынан қауіптенген. Өйткені, тауық  жылында қауіп-қатер аз болмаған, халық көп ауыртпалықты басынан өткерген. Өте арыға бармай-ақ, 1920-21, 1932-33 тауық жылдарындағы жұт пен аштықты, 1968-69 тауық жылындағы құрғақшылықты, 1992-1993 тауық жылындағы қаржы тапшылығын айтсақ та жетіп жатыр.

Сол сұрапыл кездің көрінісін қаз-қалпында көз алдыңа әкелетін мына өлеңді оқып көрейік.

«Тас мешін» жалғастырдың «тауығыңды»,

Сыпырып сансыз қызық, сауығымды.

Тоңқиған атпақылдың сақасындай,

Көркімен көрсетпедің ауылымды.

Аштықтан Қырға, Сырға тентіреттің,

Ағайын, неше дос-жар, бауырымды, – деп зар илейді ақын. Бұл –1871 жылы Торғай уезі, Тосын болысында дүниеге келген, «Қоян», «мешін», «тауық» жыл­дарындағы аштықты көзімен көріп, басынан өткізген, өзі мешін жылы аштан өлген арқалы ақын Әбіқай Нұртазаұлының ел аузында күні бүгінге дейін айтылып жүрген «Тас мешін» дастанынан үзінді…

Тауық жылының барлығы дерлік ел күйзелген оқиғаларға толы болған жоқ. Жетістіктер де, жемісті кездер де орын алды. Айталық, 1945 жылы  Ұлы Жеңістің жалауы желбіреп, дүниені дүр сілкіндірген алапат соғыстың үні біржолата өшті. 1957 тың игеру жүргізілді,  1993 жылдың 28 қаңтарында Жоғарғы кеңес Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдады. Қазақ тілі ресми түрде Мемлекеттік тіл деп саналды. Сол жылы ұлттық валюта енгізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру туралы шешім қабылданды.

2005 жылдың 4 желтоқсанында кезекті Президент сайлауы өтті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назар­баев 91,15% дауыспен үшінші мәрте Мемлекет басшысы болды.

Тауық  жылы туған сәбилер өмірдің кез-келген саласында қиындықты жеңуге қабілетті болған. Әсіресе, саясатта, білім мен ғылымда, шығармашылықта үздік атанған. Тауық жылында дүние есігін ашқан – әл-Фараби (870 – 950), Міржақып Дулатұлы (1885 – 1935), Мұхтар Әуезов (1897 – 1961) осы айтылған сөзіміздің жарқын мысалы. Бұрынғының  қариялары:

Қой жылында қопаңдап,

Ат құйрығын кескен дос,

Мешін жылы мәз болып,

Түйістіріп төс пен төс,

Құда болып табыссын! – деп бата береді екен. Осы аталы да баталы сөздер бүгінгі күнге де жұғысты болсын. Тауық жылы қауіп жылы емес, сауық жылы болсын! Әумин!

 

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.