ТАУЫҚ ЖЫЛЫ ТАУДАЙ ТАБЫС ӘКЕЛЕДІ ДЕП ОЙЛАЙМЫЗ

rw5lsi2bdt8

Құттыбек АЙМАХАН

Алматылықтар естіп-біліп жатыр, жаңадан есік ашып кірген Тауық жылы да Алматы қаласы үшін табысты жыл болатын шығар деген үмітіміз бар. Өйткені, еліміз Тәуелсіздігін жариялаған ширек ғасырда Алматы қаласы қарыштап дами түсті. Атап айтқанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атаған шаһарымыз осы егемен жылдары керемет жетістіктерге жетіп, әлемдегі жүз дамыған қала қатарына енді және дүние жүзі бойынша бақуатты қалалардың отыздығына кірді. Сондай-ақ, еліміз Тәуелсіздігін жариялаған жылдары Алматы қаласының бюджеті небары отыз жеті миллион теңгені құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш бес жүз жиырма алты миллиард теңгеден асып жығылады. Осыдан-ақ, Алматы қаласының қаншалықты өсіп-өркендегенін байқауға болады.

ЭКСПО КӨРМЕСІНЕ

КЕЛЕТІНДЕРДІҢ 60 ПАЙЫЗЫ

АЛМАТЫға КЕЛЕДІ

Үстіміздегі жылы 10 маусымнан 10 қыр­күйекке дейін Астана қаласында ЭКСПО-2017 Халықаралық маманданды­рылған көрмесі өтетін болады.   Оған әлемнің 105 мемлекеті мен 17 Халықаралық ұйымы қатысатындарын білдірді. Ал, жалпы, ЭКСПО-2017 көрмесін тамаша­лауға келетіндердің саны шамамен 5 млн. адамдай болады деп күтілуде. Сондай-ақ, жалпы көлемі 175 гектар аумақты алып жатқан ЭКСПО қалашығын жандан­дыруға әлемдегі 105 мемлекет атсалысқан болатын.

Әрине, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрме­сінің өтуі – Алматы қаласына да тікелей қатысы бар екендігі белгілі. Өйт­кені, Халықаралық көрмеге келушілердің 60 пайызы Алматы арқылы ұшып келеді деген болжам бар. Бұл ретте, біздің қалаға келетін әрбір шетелдік турист орта есеппен тәулігіне  200 АҚШ долларын қалдырады деп күтілуде. Оның үстіне ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуі – Алматы қаласының туризм саласымен қатысы бар 30 саласы­ның дамуына әсер етеді деп күтілуде. Демек, ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуі – Алматы қаласына да тікелей ықпал-әсері болмақ.

 

ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДАНЫ 1 МЛРД.-ТАН АСТАМ

ТЕЛЕКӨРЕРМЕН КӨРЕДІ

Сонымен қатар, биылғы жылдың ең басты оқиғаларының бірі – Алматы қала­сында осы айдың аяғында ХХVІІІ Дүние­жүзілік Қысқы Универсиада болатындығы белгілі. Оған қазірдің өзінде әлемнің 55 мемлекетінен 2 мыңнан астам спортшылар қатысады деп күтілуде. Сосын, бұл дүбірлі жарысты ұйымдастыруға шет елден және Қазақстаннан  3 мыңдай ерікті қаты­сады деп болжанып отыр. Бұдан басқа, Қысқы Универсиадаға әлем елдерінен 30 мың шетелдік қонақ пен туристер келеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, Қысқы Универсиаданың көрсетілімін әлемнің 80 еліндегі 1 млрд.-тан астам телекөрермен тамашалайтын болады.

Өздеріңізге белгілі, Алматы қаласында 28-Дүниежүзілік Қысқы Универсиада үстіміздегі жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтетін болады. Бұл ретте, жарыстар қысқы спорттың 12 түрінен өтеді деп күтілуде. Олар –  биатлон, тау шаңғысы спорты, кёрлинг, шаңғы қоссайы­сы, шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғы­мен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей және шорт-трек ойындары.

Бұл ойындардың өтуіне қаламыздың 8 спорт нысаны тікелей атсалысатын болады. Олар – биік таудағы «Шымбұлақ» тау-шаң­ғысы курорты, «Медеу»  спорт кешені, «Сұң­қар» халықаралық шаңғы трамплин­дер кешені, Б.Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы-биатлон кешені, «Алматы Арена» мұз сарайы және «Халық Арена» мұз кешені, сондай-ақ, Алматы қаласының орталығындағы уақыт­ша спорт кешендері. Атап өтетіні, Уивер­сиада­ларды өткізу тарихында алғаш рет Алматыда өтетін Универсиадаға арнап арнайы Атлетикалық қалашық салынып болды.

Жалпы, 28-Дүниежүзілік Қысқы Уни­версиадаға әлемнің 58 елінен спортшылар мен туристер келеді деп күтілуде.

 

БОСТАНДЫҚҚА ТАЗА АР-ОЖДАНМЕН ШЫҒАДЫ

Алдымен елімізге қатысты өзгерістерге келсек, естеріңізде болса, былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы» Заңы шық­қан болатын. Соған орай, еліміз бойын­ша рақымшылыққа 28 мыңдай адам ілігетін болды. Соның ішінде, биылғы жылы 2 мыңдай адам жазасын өтеу орындарынан босанып шығатын болады. Сондай-ақ, 5 мыңдай сотталған адамдардың жаза мер­зімі қысқартылады деп жоспарланып отыр

Осыған байланысты жуық арада елімізде алты бірдей колония түпкілікті жабы­лады деп күтілуде. Өткен жылдың соңында ҚР Үкіметінің қаулысымен Қыл­мыстық жазасын өтеу комитеті жүйесіндегі 6 мекеме – 2 Шығыс Қазақстан өңіріндегі және бір-бірден Ақтөбе, Атырау, Қара­ғанды және Маңғыстау облыстарындағы мекемелер жабылды.

 

ҮЛКЕН АЛМАТЫ ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ  БАСТАЛАДЫ

2017 жылы ақыры көптен күткен Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) құрылысы ресми түрде баста­латыны белгілі болды. Қазіргі таңда осы ауқымды құрылысқа орай «Алсим Аларко – Майкол – СК- Корреян Экспресс Вэй» консорциумымен келісімдер  жасалып бітті. Осы ретте аталған құрылыстың жобасы 350, 7 млрд. теңгеден асады деп күтілуде. Сөйтіп, Үлкен Алматы айналма автомо­биль жолының құрылысы 2021 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.

 

ТӨЛЕ БИ КӨШЕСІМЕН  ДЕ ТРОЛЛЕЙБУС ЖҮРЕДІ

Алматы қаласы үшін тағы бір жағымды жаңалық. Жақында үстіміздегі жылдан бастап, шаһардың Төле би көшесінде троллейбус желісін тартуды жолға қою мәселесі шешімін тапқалы жатыр. Атап өтетіні, қазір Алматы қаласында 212 көлік қызмет көрсететін 8 троллейбус бағыты жұмыс істейді. Олар күн сайын жүз мыңдаған жолаушыны тасымалдайды екен.

Осы ретте биыл қаладағы троллейбус желісін жетілдіру үшін қалалық әкімдік 6 млрд. теңгедей қаржы жұмсамақ. Бұл жұмыстар бүгінгі күні «МосГорТранс» МЖБ-ның автобус-троллейбус  бөлімімен шешіліп жатыр. Ал, Төле би көшесінде осы жақын арада 40 су жаңа толлейбустар жолға шықпақ. Бұл ретте, әзірге, троллейбус бағыты Шығыс айналма жолынан бастап, «КарСити» базарына дейін қызмет көрсететін болады деп күтілуде.

 

АЛМАТЫДА 3 КӨШЕ ҰЗАРТЫЛАДЫ

Биыл Алматыда магистральды 3 көше ұзартылып, тағы 3 жолайрығы салынады деп жоспарлануда. Ал, олардың құрылыс жұмыстары биылғы жылы басталмақ. Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының 12-сессиясында 2017 – 2019 жылдарға ар­налған бюджетті қарау барысында айтыл­ды. Сонымен қатар, онда «Алтын Орда» базары аумағында Алматы – Бішкек тас жолын кеңейту жұмыстары мен Алматы метросының, «Достық», «Сарыарқа» бекет­терінің құрылысы жалғаса беретіні туралы да сөз болды. Аталған кеңейтілген оты­рыста Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек көлік жүйесі мен жолды жаңарту жұмыстары үшін 42,2 млрд. теңге бөлу ойластырылғанын және жолдың ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 7 млрд. теңге қарастырылып жатқанын атап өтті. Бұл былтырғы жылы жасалған жұмыстар ауқы­мы тұрғысында биылғы жылы жақсы күйде болатын жолдардың үлесін 65 пайызға арттыруға көмектеседі деп күтілуде.

Осы ретте Алматыда қазір «Достық», «Сарыарқа» бекеттері арасындағы жерасты жұмыстары жасалынып жатыр. Егер осы жұмыс аяқталған кезде жолаушылар тасымалдау тәулігіне 85 мың адамға жетсе, 2020 жылдан кейін «Қалқаман» және «Батыс» автобекеттері іске қосылғанда жолаушылар саны 120 мыңға көбейетін болады деп болжануда.

 

КӨШЕЛЕР КӨРІКТЕНДІРІЛЕ БЕРЕДІ

Осыған дейін Алматыда Ян Гейлдің жобасы бойынша жұмыстар жасалып жатқанын айтқан болатынбыз. Енді сол жоба бойынша Абылай хан, Жібек жолы, Байсейітова, Панфилов және Астана алаңында көріктендіру жұмыстары жүргізі­летін болады. Бұл ретте Астана алаңы мен Абылай хан даңғылымен көлік жүргізудің тоқтатылатыны да ойластырылуда екен. Сол сияқты Панфилов көшесі де бола­шақта қазіргі Жібек жолы («Арбат») сияқты жаяу жүргіншілер көшесіне айналатыны жобаланып отыр.

Сондай-ақ, Саин көшесінен «Сайран» көліне дейін «Гранд Парк Проминад» серуендеу аумағы құрылатын болады. Бұл ретте аталған аралықта балалар алаңқай­лары, спорт үйірмелері, кафе-мейрамха­налар және кинотеатрлар салынатын болады. Сондай-ақ, осы аумақта 15 шағын спорттық кешен, аквоқайық паркі жұмыс істейді деп күтілуде. Бұдан басқа, «Сайран» көлі жағасында 150 киіз үйден құралған, арасында ұлттық асханалары мен дәстүрлі тұрмыстық және өнер көрмелері ашылады деп жоспарланған. Бұл жобаға 50 млрд. теңге инвестиция тартылады деп көзделген.

 

АРНАЙЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК БЕЛДЕУЛЕРІ АШЫЛА БЕРЕДІ

Алматылықтардың есінде болар, бұған дейін шаһарда 3 арнайы жолаушылар көлігі белдеулері сызылған болатын. Олар – Абай даңғылы, Райымбек даңғылы және Төле би көшесінде  түскен болатын. Соған байланысты қала тұрғындары бұл баста­маға үлкен қолдау танытып жатыр.

Әрине, болашақта басталған бұл іс одан әрі жалғасын таба беретін болады. Ендігі кезекте Гоголь көшесінде де арнайы автобус белдеулері пайда болады деп күтілуде. Осы ретте, қала басшылығының басты мақсаты – бүгінгі автоәуесқой­лар­дың 25-30 пайызын қоғамдық көліктерге отырғызу болып табылады. Демек, алдағы уақыттарда да арнайы автобус белдеулері пайда бола беретіндігі шындық.

 

ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНДА АКУЛА ЖҮЗЕДІ

Биылғы жылы Алматы хайуанаттар бағында да үлкен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл ретте, зообақтағы инженерлік инфрақұрылымның тең жар­тысы қазіргі таңда азып-тозып кеткені айты­лып жүр. Оларды жөндеу бүгінгі күннің басты мақсаты. Сондай-ақ, биыл зообақтағы аңдар мен жануарлар тұратын жерлер толық жөнделе бастайтын болады. Атап өтетіні, ондағы аңдар мен жануарлар орындары Берлин және Нью-Йорк зообақтары секілді заманауи келбетке бөленеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап зообақта заманауи жаңа аквариум жұмыс істейтін болады. Онда әлемдік мұхиттарды мекен ететін балықтың бес жүз түрі ұсталады екен. Тіпті, арасында Малайзия, Филиппин және басқа елдерден әкелінетін акула секілді сирек кездесетін балық түрлері де болады. Бұл ретте, олар үшін он бес ірі бассейн мен төрт кішкентай балықтарға арналған су қоймалары салынатын болады.

ТҮЙІН

Қысқартып айтар болсақ, Алматы бір орнында ешқашан да тұратын қала емес. Ол әрқашан да өсіп-өркендей береді деп үміт етеміз. Ендеше, еліміздің ең ірі мегаполи­сінде көрер көздің қуанышына айналатын әлі талай құрылыстар, заманауи ғимараттар салына беретініне күмәніміз болмаса керек.