СҰЛУ СПОРТТАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ АНЫҚТАЛДЫ

Мәнерлеп сырғанаудан өткен ел чемпионатының нәтижесінде Универсиадаға қатысатын Қазақстан құрамасы нақтыланды

2_universiada_2017_4

Нұрлан СҮЙІН

28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындары қарсаңында қысқы спорттың бірнеше түрінен тестілеу жарыстары – Қазақстан чемпионаттары өткен болатын. Осы санаттағы жарыстардың бірі мұз айдынындағы әдемі спорт – конькимен мәнерлеп сырғанаудан өтті.

Мәнерлеп сырғанаудан ҚР құрама командасының бас бапкері Құралай Ұзұрова ел чемпионатынан соң Қазақстан құрамасының толық құрамын жариялады.

Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада-2017 ойындарына қазақстандық құраманы Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионаты­ның жүлдегері, «Төрт құрлық» турнирінің жеңімпазы Денис Тен бастап шығады.

Мәнерлеп сырғанаудан құраманың ерлер командасына Дениспен бірге Абзал Рақымғалиев пен Артур Панихин кіріп отыр. Ал қыздар командасында Айза Иманбек, Вероника Шевелева және Жансая Адыханова бар.

Айта кететін жәйт, Қазақстан құрама­сында ерлер командасында атақты Денис Тен мен «тәжірибелі» Абзал Рақымғалиев айдынға шығатын болса, қыздар команда­сында жас спортшыларымыз жүлдеге таласады.

– Қыздар командасында халықаралық дең­гейдегі жарыстардан тәжірибе жинақ­тамаған жас спортшылар болып тұр. Десе де олар намысты қолдан бермейді деп ойлаймын. Айза Иманбек алғашқы ондықтан көрінеді деген үміттемін. Жүйкесі мықты болып, дайындаған бағдарламасын таза орындап шықса, Айзаның бұған мүмкіндігі мол. Жалпы, қыздарымыздың өнері жанкүйерлер көңілінен шығады деп ойлаймын, – дейді ҚР құрамасының бас бапкері Құралай Ұзұрова.

Жалпы, мәнерлеп сырғанаудан Қысқы Универсиада ойындары тарихында қазақ­стандық спортшылар екі рет жүлделі болған.

1995 жылы Испанияның Хака қала­сын­да өткен Қысқы Универсиада ойын­дарында қазақстандық мәнерлеп сыр­ғанау­шы жұп Марина Халтурина мен Андрей Крюков чемпион атанып, «алтын» еншіледі.

Осы Универсиадада «мұздағы би» түрінен Дмитрий Казарлыга мен Елизавета Стекольникова жұбы қола жүлдегер атанды.

Сұлу спорт – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасы «үйдегі Универсиа­дада» әдемі өнер көрсетеді деген үміт басым.

2012_rostelecom_cup_01d_618_denis_ten

Денис ТЕН

  • 1993 жылы Алматыда туған.
  • ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері.
  • Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2014).
  • Әлем чемпионатының күміс (2013), қола (2015) жүлдегері.
  • Төрт құрлық чемпионатының чемпионы (2015).
  • VІІ Қысқы Азиада чемпионы.
  • ҚР бес дүркін чемпионы.
  • 0717d82e7aad1609f02451b328eea4cb_resize_w_520_h_

Айза ИМАНБЕК

  • Мәнерлеп сырғанаудан ҚР спорт шебері.
  • Қазақстан чемпионатының 2014, 2015, 2016 жылдарда күміс жүлдегері.
  • ҚР Қысқы Спартакиадасының жеңімпазы.
  • Мәнерлеп сырғанаудан ҚР құрама командасының мүшесі.

 

Құралай ҰЗҰРОВА,

ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Айзаның бағдарлама­сының ерек­шелігін атап өту керек. Оның бағдарла­маларының барлығы да өзгеше, қы­зықты. Айзаның ұлттық айшықтағы бағ­дарламасын, әсіресе, Еуро­па көрермен­дері қызыға тамашалайды. Ол ұлттық нақыштағы бағдарламасын барынша таза жеткізуге тырысады. Универсиада-2017 ойындарында Айза Иманбек алғаш­қы ондықта болады деп сенемін.

керек дерек

Универсиада ойындары қысқы спорттың 12 түрінен өтеді.

Ойындарға әлемнің 57 елінен 2000 спортшы келеді.

Универсиада-2017 ойындарын дүние жүзі бойынша 1 млрд. телекөрермен тамашалайды.