Нұх пайғамбардың НЕМЕРЕСІ

немесе түрік терминінің этимологиясы туралы

 841fbe2fa127fc0cd9bd

Табиғи-географиялық құрылымына  байланысты Азия құрлығы бес аймаққа бөлінеді: Алдыңғы, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс, Шығыс және Орталық Азия. Осылардың ішінде Орталық Азия түрік тілдес этностардың ежелгі Отаны. Бұл аймақтың орналасуына байланысты  оны Орталық Азия деп атаған. Ол Еуропа мен Азия құрлығының түйіскен жерінде орналасқан.

Орталық Азия жеріне алғашқы адам­дардың бір миллион жылдар шамасында таралғанын археология ғылымы дәлелдеді. Осы аймақта автохтонды, яғни түрік тілдес этностардың бабалары мекендеген. Жергілікті тұрғындар адам баласының басы­нан өткерген  тас, қола, темір, орта­ғасыр және жаңа заман сияқты  тарихи кезеңдерде жасаған. Орталық Азияда осы тарихи дәуірлерге жататын археологиялық және сәулет ескерткіштері, тамаша жәдігерлер ашылды, оларды  жан-жақты зерттеп, түркі тілдес этностардың тарихына жаңалықтар енгізілді.

Археологиялық және жазба деректерге қарағанда, қола, темір дәуірлерінде Орта­лық Азияны мекендеген этностар ру-ру, тайпа болып, өзінің өсіп-өнген отанында жайғасып, оның байлығын кешенді пайдаланған, өздерінің алғашқы қоғамын дамытып, оның жоғарғы сатыларына эволюциялық жолмен ілгерілеп бара берген. «Б.з.б  І мың жылдықта Солтүстік Үндіс­танды, Ауғанстанды, Орталық Азияны және Қазақстанның оңтүстігін  қамтитын кең байтақ  аймақта жинақтап алғанда «сақ» деп аталатын  көптеген  тайпалар мекендеген. Геродот (б.з.б. Vғ.) сияқты және басқа да  ғұламалары оларды Азия скифтері деп атаған»  (1.Б.158).

Келтірілген сілтемеге көңіл аударсаңыз, осынша ұлан-байтақ кеңістікті мекендеген көп санды тайпалар жалпы «сақ» (скиф) деген ұғым болғанымен, олардың бастарын біріктіріп бір мемлекетке, әйтпесе, бір империяға айналдырарлық ұғым дәре­жесіне жетпеген.  Әр тайпа өз бетінше  өмір сүрген. Олардың ірілері, керек десеңіз, мемлекет пен империя құрған (ғұн және үйсін тайпалары). (І.Б.245-250).

Сонау Қара теңіздің  солтүстік жаға­лауынан Ұлы Қытай қорғанына дейінгі  ұлан-ғайыр жерді  ғұндар (хундар) мекен­деген. Олардың батыс жағын мекендеген  тайпаларды «ғұндар»   деп атаса, шығыс бөлігін «хұндар» деу кездескен (2.Б. 31-32). «Қытайдың ең алғашқы әйгілі тарихшысы Сы Машиан бұл шындықты жақсы білетін ғұлама. Ол хұн тарихын да осы тұрғыдан қарастырған. Хұн және Хунну атауларын «Империя тайпалары-император халқы»  деген сияқты кең мағынада  ұғынатын… Осы мың жыл ішінде Хұн мемлекеті бірде үлкейіп, бірде кішірейіп отырды. Кейде бөлініп, ыдырап кетті. Быт-шыты шығып, бастарын алып қашты, шалғай алыстарға кетіп қалды» (3.Б.73. І-к).

Осындай Ғұн (Хұн) тайпаларының өмірлерінде өзара бірлік бір қалыпта болмай, біресе күшейіп, біресе әлсіреп, бытырап, өзара бүліншілікке ұшыраған тарихи кездерді, Орталық Азия автохтон­дық этностары бастарынан өткеріп жатқан.  Өзара саяси, экономикалық  және мәдени бірліктің болмауынан Орталық Азия этностары жиі-жиі қиыншылыққа ұшыра­ған. Сондықтан халық арасынан ел бірлігін сақтауға айрықша көңіл бөлген Афрасиаб патша, Мете, ерте ортағасырдағы Бумын, Білге қаған, Шыңғысхан (Шығыстың ханы) және осылар  сияқты тарихи тұлғалар  шыққан. (2.Б.22-45)

Орталық Азия этностарын бірлестіруші тарихи тұлғалардың атқарған қызметтеріне белгілі шығыстанушы Л.Н.Гумилев. «Этот континент (Еуразия- У.Ш.) за исторически обозримый период  объединялся три раза. Сначала его объединили тюрки, создавшие кага­нат, который охватывал земли от Жел­того моря до  Черного. На смену тюркам пришли из Сибири монголы. Затем, после периода полного распада  и дезинтерации, инициативу взяла на себя Россия: с ХVв. русские двигались на восток и вышли к Тихому океану.  Новая держава выступила, таким образом «наследницей» Тюркского каганата и Монгольского улуса» (4.Б.291).

Ғұламаның еңбегінен алынған сілтемені сол күйінде қабылдауға болмайды. Өйт­кені, Л.Н.Гумилев Орталық  Азия этнос­тары­ның  бірігушілік тарихи процесін дұрыс көрсете алмаған. Бұл аймақтың рулары мен тайпалары, кейіннен халықтары саяси  бірліктің  қадірін ертеден  білген және оны іске асыру үшін үздіксіз күресіп келген.    Оның куәгерлері Афрасиаб, Мөте (Моде), Білге қаған және Шыңғысхан. Осы аталған тарихи  тұлғалар ел бірлігі   үшін күрескен және оның жемісін де көрген.  Олардың  ішінен Л.Н.Гумилев айтқандай, Түрік қағанаты құрылып, Орталық Азияда ұзақ жылдар бойы өмір сүрген.  «Түрік қағанаты» болғаны тарихи шындық. Шың­ғысхан құрған империя түріктердің саяси  құрамы, оның халқының 90 пайызы түрік­тер болған. Бұл империяны түрік этностары біріктіргенін естен шығаруға болмайды. Орталық Азияны ең соңғы бірлестіруші Ресей империясы  деудің өзі   шындыққа жатпайтын пікір. Көпшілікке мәлім, ХVғ. бастап Ресей Шығыс елдеріне қарсы отарлау саясатын жүргізіп, Тынық мұхитқа дейінгі жерлерді  жаулап алып, оның халық­тарын отарластырды.  Басып алған жер­лерде жүргізілген отарлау саясаты жергілікті халықты басқаруға, жерлерін бөлшектеуге мүкіндік берді. 1917 жылға дейін тек Орталық Азия жерінде Ресейдің бірнеше губерниялары пайда болды  және Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы дербес өмір сүрді. Міне, осындай жағдайда бірігушілік болуы мүмкін бе?! Ресей империясында  түрік этностары бірікті деп айту шындыққа жанаспайды. Ресейдің Орталық Азия этностарын бірлестіруге күш салмағаны анық. Керісінше, «бөліп ал да, билей бер» деген тәсілмен оларды отарластыру және халықтар бірлігін бұзуға айрықша күш салғаны баршаға мәлім (2.Б.41).

Орталық Азияның автохтондық этнос­тары  бірнеше рет бірлесіп, мемлекеттер мен империялар құрған. Солардың бірегейі – Түрік қағанаты. Бұл қағанат Шығыстағы Сары теңізден Қара теңізге дейінгі  ұлан-ғайыр жерді мекендеген халықтар бірлестігі Ұлы Түрік империясы деп аталған. Біздің негізгі мақсатымыз – осы империя атауын­дағы  «түрік» терминінің этимология­сына қатысты өз пікірімізді білдіру. Өйткені,  бұл осы күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мәселенің бірі. «Қазақстан тарихы­ның» І томында: «Әуелде «түрік» термині шонжарлардан  немесе әскери ақсүйектер­ден шыққандарды білдірген,  яғни таза әлеуметтік мәні болған деп топшыланады; кейіннен бұл сөздің семантикасы кеңейіп, үстемдік етуші  «патшалық» тайпаның және оған бағынышты  тайпалардың сим­волы болған; көршілері бұларды да түріктер деп атап кеткен». (І.Б.341).

Сілтемеде берілген «түрік» сөзінің этимо­логиясы туралы жалпы түсінік осы. Бұл терминнің қандай шонжарлар  мен ақсүйектерді айтатыны аталмаған.  Осы кездегі түрік тілдес халықтар тарихында ел басқарған тарихи тұлғалардың аттарына қосымша «түрік» сөзі қосылмаған. Сон­дық­тан, бұл пікірді негізге алудың қисыны келмейді.

Л.Н.Гумилев барлық өмірін түріктердің тарихын зерттеуге жұмсаған ғұламаның бірегейі. Ол «түрік» сөзіне көңіл бөлген: «языки, ныне называемые тюркскими сложились в глубокой древности, а народ «тюркитов» возник в конце Vв. вследствии этнического смешения в условиях лесос­тепного ландшафта, характерного для Алтая и его предгорий» (5.Б.25).

Ғалымның осы айтқан пікірі шындық. Орталық Азияны мекендеген автохтондық этностар осы аймақтың перзенттері екені барша оқырмандарға белгілі. Олар өздерінің  даму барысында бір-бірімен жақын кешенді араласып, өзара ортақ тілді, әдет-ғұрыптарды, жалпы заттай және рухани мәдениетті ежелден қалыптас­тырған. Олар бірлестікке айрықша көңіл бөліп, жергілікті этностарды біріктіруге көмектесетін бір атаумен атап, көп тайпалардан құрылған Орталық Азияның тұрғындары V ғасырда өздеріне «түрік» сөзін қабылдаған. Л.Н.Гумилевтың қоры­тындысы: «Нет никаких оснований сомне­ваться в общепринятом положении, что население Алтая в V и VІ вв. было тюр­коязычным» (5.Б.359).

Миллиондаған этностардың  ортақ  бір атауы  «түрік»  терминінің этимологиясы әлі күнге дейін шешілмей келеді. Біршама шығыстанушы ғалымдардың пікірлеріне  негізделіп, Л.Н.Гумилев «түрік» терминінің этимологиясы туралы былай дейді:  «сле­дует также отметить, что само слово «тюрк», согласно П.Пелио и А.Н.Кононову, значит «сильный, крепкий», что опять таки подчеркивает происхождение этнонима их политического термина VІ в. А.Н.Кононов пришел к этому выводу  в результате глубокого филологического исследования. Термины «тюрк» он разъясняет как соби­рательное имя, значение которого было понятно на большой территории и которое объединяло многие племена различного расового и этнического происхождения» (5.Б.359).

Бұл пікірді Л.Н.Гумилев өзінің бұрынғы жазған мысалы, «Древние тюрки» (1993) атты еңбегінде де  келтірген болатын. Бірақ Л.Н.Гумилевтің «түрік» сөзінің этимоло­гиясы туралы жазған бұл тұжырымының ғылыми жақтан  дәлелсіз екені байқалып тұр. Әлемді мекендеген адамдардың  жалпы саны 7 миллиардқа жақын. Олар бірнеше халықтарға, ұлттарға бөлінген. Осынша этникалық құрамалардың  ешқайсысы өздерін «әлсізбіз»  деп айтпайтыны анық. Олардың ішінен түрік халықтарын  «мықты, күшті» деудің қисыны келмейді. Бұндай екіұшты мәндегі терминді  бабаларымыздың өз халқына беруі екіталай. Керек десеңіз, олар өзінің перзенттеріне есім бергенде де, ойланып-толғанып, өздеріне ұнаған есімге тоқталған. Осынша көп санды этностарды біріктіретін «түрік» атауына да бабалары­мыз ойланып-толғанып тоқталған болар.

Ертедегі  орта ғасырда (ХІғ.) әйгілі түрік ғұламасы Махмұд Қашқари  өзінің «Түрік сөздігі» еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына тоқталған «Сахара­ның ұлы ғалымы, біртуар ойшылы, тіл зергері Махмұт Қашқари «Түрік тілдерінің жинағын» барлық түрік текті ұлыс, тайпаларды аралап жинап, зерттеп, талдап барып жазған. Күллі түрік елдерінің әде­биеті мен тілін  салыстырмалы түрде зерде­леп, түзіп шыққан алғашқы энциклопе­диялық кітап» (6.Б.4).

Ғұламаның осы еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына төмендегіше тоқталған: «Түрік;  Тәңірі жарылқаушы Нұқтың ұлының есімі.  Бұл Тәңірдің Нұқ­тың ұлы Түрік бабаларына берілген есімі. Оның әулеті де, «түрік» деп аталады… «Түрік» сөзі Нұқ ұлының есімі болып кел­генде, жеке бір кісіні білдіреді, Нұқ әулетінің есімі болып келгенде, «бешеч – бешер» сөз сияқты жалпылық мәнді, көптеген адам тобын білдіреді. Бұл жеке де, жалпы да мағынада да қолданылады. Мәселен:  «Рум» сөзі  Тәңірі жарылқаушы Ысқақтың ұлы Иусуға және Иусу ұлы Румге есім болған­дықтан, рум әулетінің де  есімі болып келеді. «Түрік» сөзі де осындай.

Ұлы тәңірі: «Менің бір тайпа қосыным бар, оларды «түрік» деп атадым, оларды күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді соларға қарсы саламын» депті.

Бұл жай олардың (түріктердің) басқа жұртқа қарағанда үстем екендігін көрсе­теді.  Сондықтан да Тәңірдің өзі оларға ат бер­ген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең ауасы таза шұрайлы өлкеле­ріне орналас­тырған да, оларды «өз қосыным» деп санаған. Оның үстіне түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік және тағы да сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге  ие.

Осы қасиеттер мына жырда да жырланған:

«Қашан көрсін оны түрік,

Айтар оған ел мұңы;

Соған тиер ұлылық,

Содан кейін үзілер!»

Түрік:  уақыт мағынасын білдіретін бір сөз. Бүкіл жеміс-жидектің пісіп жетілген, уылжып толысқан маусым­ның ортасы дегенді білдіреді:

үзімнің піскен уақыты; күн ортасы; жігіт жасына толған жігіт…» (6.Б.407-410).

Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі»  кітабындағы «түрік» сөзі туралы жазғанын әдейі түгел келтірдік. Өйткені, ғұлама «түрік» сөзінің мағынасы мен этимологиясына  терең тоқталған. Оның сілтемеде  берілген «түрік»  сөзі туралы  жазғандарына қарағанда, Орталық Азияның автохтондық этностары өзара бірлестік үшін күресіп жатқан кезде, көп санды тайпалардың бастарын біріктіруге қолайлы есім (этникалық атау) қажет болған. Олардың талабына сәйкес келетін Нұқ пайғамбардың ұлының есімі Түрк (Түрік) терминіне тоқталған.

«Нұқ» (Інжілде – Ной) – христиан  дінінің пайғамбары,  Інжілде топан су туралы аңыздың кейіпкері…Құдай өзіне жаққан  тақуа Нұққа қайық жасап, оған өз семьясын, әрбір хайуанат пен жәндік тұқымынан бір ұрғашы, бір еркегін алуға әмір етеді. Осы қайықпен жүзіп, олар аман қалады. Күн ашылып, су тартылған соң Нұқ қайықтағы жануарлар мен жәндіктерді жер бетіне босатып жібереді, тіршілік атаулы солардан қайтадан өсіп-өніп, көбейе бастайды» (7.Б.414). «Ной родился по еврейскому тексту в 1056 году от С.М., а по Славянской библии в 1662г» (8.Б.20-21). Міне, осындай мазмұнда Нұқ пайғамбар туралы аңыз әлемге жайылған. Солай болса да, Нұқ тарихта есімі қалған, шынайы жасаған қасиетті адам болғанға ұқсайды. Нұқтың Түрік есімді ұлының болғаны туралы М.Қашқаридан үзінді келтірдік.

V ғасырда Орталық Азияны мекендеген этностардың арасында  бірігу процестері жүрген. Біріктіру саясатын басқарған тарихи тұлғалар өзара келісіп, осы «түрік» терминін қабылдаған.   Біріншіден, «Түрік» сөзі қасиетті Нұқ пайғамбардың ұлының есімі болғандықтан, екінші­ден, бытыраңқылықта жасап, өзара қырғи-қабақ  болып жүрген Орталық Азия этностарын  біріктіріп, құдыретті кемеліне келген Түрік қағанатын құруда бұл термин үлкен мәнге ие болған. Осы тұрғыдан қарағанда Махмұд Қаш­қаридің «түрік» сөзінің жалпы Орталық Азия  этностарына берілген ортақ атауы деген тұжырымын қолдаймыз.

Өткен ғасырдағы қазақ халқының ғұламаларының бірегейі Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабында «түрік» сөзінің этимо­логиясына айрықша тоқталған. Белгілі шығыстанушы М.Мырзахметов  бұл еңбектің ерекшелігіне тоқтала  келіп: «Ал Шәкәрім кітабы нақтылығымен, ғылыми негізде жүйеленуімен жалпы түркі елдерінің ата тегін, түп төркінін  қамти отырып, негізінен қазақ  халқының шежіресіне баса назар аударғанымен ерекшеленеді» деді (9. Б.5).

Осындай құнды еңбекті жазуда Ш.Құдайбердіұлы  араб, парсы, қытай және орыс тілдеріндегі деректерді жинап, оларды ой елегінен өткізгені анық. Шәкәрім өз  еңбегінде «түрік» сөзіне тоқталып, оны Нұқ пайғамбармен байланыс­тырады: «Осы күнгі барша адам балалары сол Нұқтың үш баласы: «Сам, Хам, Яфастың нәсілі… біздің түрік  нәсілі Яфас нәсілінен…» (9.Б.7). Осылардың ең соң­ғысы Яфастың сегіз баласы болған. Олардың арасындағы тұңғышы Түрік деген атпен белгілі. Ол Нұқтың немересі. Солай болса, Орталық Азияны мекендеген  бір тілдес этностар осы түрік сөзін қабылдап, өздерінің жалпы есімі етіп алған. Ш.Құдайбердіұлының  пікірі Махмұд Қашқа­ридың айтқа­нымен үндес.  Айырмасы, тек, М.Қашқари «түрік» сөзі Нұқ пайғамбардың баласы десе, Ш.Құдайберді  оның немересі екенін айтады. Жалпы алғанда, «түрік» Нұқ пайғамбардың ұрпақтары екенінде дау жоқ.

«Түрік»  этнонимін  алғаш рет атауы қытай жылнама­ла­рында кездеседі және ол 542 жылға жатады. Қытай­лықтар түріктерді сюннюлердің (ғұндардың)  ұрпақтары деп санаған (І.Б.296). Бытырап кеткен Орталық Азия этностарын қайтадан бірлестіру  VІ ғасырда Бумын қаған уақытында басталып, өзінің қол астындағы этностарды түріктер  деп атаған. 603 жылы Орталық  Азия тұрғындары  екіге: Шығыс және Батыс  түрік қағанатына бөлінген. Бұл қағанаттардың шарықтап дамып, Ұлы Түрік қағанаты аталып, Шығыста Сары өзеннен Қара теңізге дейінгі жер­лерді билеп тұрған кезде Білге  қаған (683-734) басқарған. Ал Шығыс Түрік қағанатының он жетінші қағаны – Қаптаған қағанның баласы. 716 жылы ол қаған болып,  Ұлы Түрік қағанатын құрып, оны 50 жылдан астам уақыт басқарады. Білге қаған халқына сүйеніп, сеніп,  игілікті бағалай білетін  және өзінің халқына шексіз сенетіндігін төмендегідей тұжырымдаған: «Ей, Түрік! Жоғарыда аспан құламай, төмендегі жер тесілмей, сенің мемлекетіңді, әдетіңді кім жоя алады?!» (10.Б.7).

Ежелден түріктер халықтың, елдің қадірін жақсы білген және елін бірлікте сақтау үшін тарихи тұлғалар бар күшін, ақыл-ойын аямаған. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қасиетті сезім халқымыздың сүйегіне сіңіп кеткен.  Осын­дай қастерлі ұстанымның арқасында бір тектес Орталық Азия   халықтарын  біріктіруде «түрік» терминін қабылдаған. Орта­лық Азияны сонау Қара теңізге дейінгі  ұланғайыр жерді мекендеген  бір текті этностар өздерін «түрік халқы­мыз» деп атаған. «Түрік» термині уақытты білдірген жалпы мәнге де ие: «Кемеліне келген ел» деген ұғымды білдіреді.  Бұл этностардың жалпы атауы болуымен қатар, оның даму дәре­жесін де білдірген.  Білге қаған басқарған құдыретті түрік империясы, яғни өсіп, өніп жетілген  Түрік елі екенін білдірген.

 

У.ШӘЛЕКЕНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР  Ғылым академиясының Құрметті мүшесі, соғыс және еңбек ардагері.