КАРИМОВТЫ ЕСТЕ ҚАЛДЫРУ ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР

cdf6d1c08eb5114d5a0d417e4aaf70fa

«Озодлик» радиосының тиісті ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлағанындай, Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов жерленген Самарқандта кесене салынбақшы. Таяуда құрамына түрлі құзырлы мекемелер орындары енген алқалы комиссияның мүшелері Ислам Каримов­тың мемориалдық кешенінің жобасын талқылады.

– Екі жоба ұсынылған. Оның бірі – күмбез сипатты кесене, екіншісі – аса ауқымды Имам әл-Бұхари кешені. Бірінші жоба бойынша марқұмның жерленген жеріне шамамен 200 шаршы метр жоба­сындағы кесене орнатылады. Бұл кесене бір қарағанда Түркменбашы С.Ниязовтың кесенесіне келіңкірейді. Ал екіншісі – түрлі архитектуралық әсемдіктер, шығыстық үлгімен салынбақшы ірі кешен. Екі жоба да ақ, көгілдір түспен көмкерілмекші, – делінген Өзбекстан көркемөнер академия­сының «Озодликке» берген мәліметінде. Олардың айтуынша, екі жоба да әлі түпкілікті бекітілмеген. Комиссияда бұл мәселе талқылану барысында түрлі пікір­лер, ұсыныстар ортаға салынған. Сөйтіп, ендігі жерде Өзбекстан діни басқарма­сымен келісе отырып,  үшінші жоба талқыға түспекші.

Бұл жұмысқа қанша қаражат кететіні әзірге белгісіз. «Озодликке» сұхбат берген қазақ мүсіншісі Ербосын Мелдібековтің айтуынша, Өзбекстан үшін бұл аса қым­батқа түспекші.

– 2006 жылы Түркіменстан президенті қайтыс болғаннан кейін оған кесене орнатылды. Оның жұмысына 170 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Әрине, бұл Каримовтың да кесенесіне осынша қаражат кетеді деген сөз емес. Егер мәрмәр, ақықтас секілді материалдар кететін болса, көздің жауын алатын көгілдір мозайкалар Исфа­ханнан әкелінсе, әрине, ол аса қымбатқа түседі. Ал құрылыс барысында цемент немесе жасанды мәрмәр қолданылатын болса, әрине, оның құны біршама арзан­дайды, – дейді қазақстандық мүсінші.

Кесенемен қатар, И.Каримовке Самар­қанд пен Ташкентте ескерткіш орнату да көзделуде. Астаналық «Журабек» мешіті қазірдің өзінде «Ислам ата» деп аталады. Мәскеуде Каримовтың атына сквер берілген. Санкт-Петерборда өзбек диаспо­расы қаладағы бір көпірді Каримовтың атына беру жөнінде ұсыныс жасаған.

 

Әзірлеген – А.ЫРЫС.