БИЛІК БАСПАЛДАҚТАРЫ

немесе құдыретті болудың

48 қағидасы

 48-%d0%b7%d0%b0%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%be%d0%b2-%d0%b2%d0%bb%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b84_enl

44 ҚАҒИДА

АЙНА-ҚАТЕСІЗ ҚАЙТАЛАУ АРҚЫЛЫ

ҚАРУСЫЗДАНДЫР ДА, ЕСІНЕН ТАНДЫР

ҚАҒИДАНЫҢ АРҚАУЫ

Айна — шындықты көрсетеді, дегенмен, ол алдап соғудың да теңдессіз құралы бола алады: егер сіз қарсыласыңыздың әре­кетін айнадағыдай айнытпай қайтала­саңыз, олар сіздің түп мақсатыңызды түсінбей әлек болады. Айна-қатесіз қайта­лау олардың мысын басады, өз сезімдерін жасыра алмай қалады. Жан-дүниесін айна­ға түсіре отырып, сіз олардың құнды­лық­та­рына ортақтас сияқты алдамшы сезім туғы­засыз; ал әрекеттерін айнаға түсіре отырып, оларға сабақ үйретесіз. Мұндай айна-қатесіз қайталаудың құдыретіне екінің бірі шыдас бере алмайды.

АЙНАНЫҢ ҚҰДыРЕТІ

Айнаның құдыреті де біз үшін аса маңызды, ол бізді үнемі тебірентіп, толғантады. Айнадағы өз сұл­бамызға қарай отырып, біз көп жағдайда өзімізге таныс, етене, әдеттегі бейнемізді көргіміз келеді. Ондағы әжімдерге, ұсақ-түйек өзгерістерге әдетте онша мән бергіміз келмейді. Дегенмен, байыппен үңіле қарасақ, қалың көптің ішіндегі біреуге – субъектіге емес, объектіге бөтен көзбен қараған сезімге бөленеміз.

Айна құдыретін пайдалана отырып, біз оның үрей туғы­затын қасиетін символдық тұрғыдан қалыптас­тырамыз,  айналамыздағылардың әрекеттерін бейне­леп, қимылдарын көрсетіп, мазаққа айналдырып, ашу-ызасын туғызамыз. Өздерін қайдағы бір жан­сыз заттың  пародиясы мен әжуасына айналғандай сезінген олар, ашудан жарылардай болады. Егер сіз дәл соны сәл басқашарақ қайталап — олардың дітте­гені мен қалауын дәл көрсетсеңіз —  олардың қуаныш­тан естері шығады. Айна құдыретінде алапат қуат бар, өйткені, ол ең қарабайыр сезімдерге әсер етеді.

Билік өлкесінде Айна құдыретінің төрт басты түрлері белгілі.

Бейтараптандыру құдыреті. Дұшпаныңыз не істесе соны істеңіз, мүмкіндігінше оны айна-қатесіз қайталаңыз, сонда олар сіздің айнаңызға көздері шағылысып, сіздің көзде­геніңізді байқай алмайды. Олардың жұмыс стратегиясы мен сізбен қарым-қатынасы сіздің оған қалай қарағаны­ңызға, мінез-құлқыңызға, іс жүргізу мәнеріңізге тәуелді болады: олардың мінез-құлқы мен әрекеттерін көшіріп қай­талап, бейтараптандырып тастаңыз. Бұл жеңіл-желпі қор­лау тәжірибесі, сондықтан ол кейде бүлік отын тұтандыруы да мүмкін. Бала кезімізде әрбір сөзіміз бен әрекетімізді қайталап мазақтайтын қылжақ құрдастары­мыз есімізде шығар – сол кезде ашуға булығып, жұдырығымызды ала жүгі­руші едік қой. Әрине, ересектер одан гөрі нәзіктеу қимыл­дауы тиіс, қалай дегенде де қарсыласыңның қитығына тиетінің сөзсіз. Өз стратегияңызды айна қалқан­мен көлегейлеп, көрінбейтін жерге тұзақ құрасыз немесе өздері құрған қақпанға қарсыла­сы­ңыздың өзін қақпайлап түсіресіз.

Нарцисс құдыреті. Біздің өз-өзімізге деген сүйіспен­шілігімізде шек жоқ. Нарцисс құдыреті осы бәрімізге тән сүйіспеншілікті пайдаға асырады: сіз адам­дардың жан дүниесіне терең бойлайсыз, оның жүре­гінің түбіндегі құпия ойлар мен аяулы арман-мақсаттарды байыптайсыз. Сіз соларды айна-қатесіз өз бойыңызға сіңіріп, олардың алдына қайта тоса­сыз. Сіздің осындай адамдардың жан дүниесіне  кіре білу қабілетіңіз қарсыласыңызға деген өз үстемдігіңізді орнатады, олар, тіпті, сізге ерекше сүйіспеншілікпен қарайтын болады.

Моральдық құдырет: Өздерінің у дәрісін алдымен өздеріне ішкізе отырып, сіз айналаңыздағыларға сабақ үйретесіз. Олардың сізге жасаған зиянкестігін алдымен өздеріне сынатып, олардың сізге жасағанын сіз дәл сондай етіп оларға қайтара жасап отырға­ны­ңызды түсінетіндей  жағдайға жеткізесіз. Сіз олардың жамандық жасағанын терең сезінуге мәжбүрлейсіз. Егер сіз олардың істегенін ауырлап, қыңықылдай бастасаңыз, оларды өршелендіре түсер едіңіз. Ал егер олар өз істегенінің зардабын дәл сондай болып қайтып келіп өздері тартып көрсе, өз жамандықтарының басқаларға қалай әсер еткендігін ет жүректерімен жандары ауыра терең сезінетін болады.

Елес туғызу құдыреті. Қорқыныш туғызатын айнаңыз да алдамшы, өйткені, ол сізге әлемнің шын бейнесін көрсетіп тұрғандай әсер береді. Ал шын мәнінде сіздің алдыңызда бір кесек жылтыр әйнек қана тұр, оның бүкіл әлемнің бейнесін толық көрсете алмайтындығы баршаға белгілі. Айнадағының барлығы құбылған елесті көріністер.

Елес туғызу құдыреті әлдебір заттың, орынның, адамның тамаша көшірмесін жасаған кезде туындайды. Мұндай көшірме бейне бір макетке ұқсайды – адамдар оны шынайы қабылдайды, өйт­кені, ол сырттай қарағанда түп­нұсқадан аумайды. Бұл – дүниенің шынайы елесін туғы­затын көшірме жасап, адамдарды жасанды жаңғырт­па­лармен, “қуыршақтармен” шебер алдайтын алаяқтардың, сиқыршылардың сүйікті тәсілі. Мұндай “құдыретті” алдаусыратуды, бетперде киюді қажетсінетін барлық жерде пайдалануға болады.

Бейнелеп айтқанда. Персейдің қалқаны. Оның жылтырлығы сондай, айнадай жарқырайды. Медуза одан арғыны көрмейді, тек өзінің айнаға түскен қорқынышты ұсқынын ғана байқайды. Мұндай айнаны қалқан етіп сіз қарсыласыңызды қалағаны­ңыз­ша алдап, мазақ етіп, жындануға дейін жеткі­зесіз. Содан кейін барып қорғансыз қалған Меду­за­ның басын бір сермеуден қалдырмай қағып түсіресіз.

Бедел сөз: “Әскери жорықтың міндеті – алдам­шы жолмен жаудың діттеген мақсатымен үндес әрекет жасау…  алдымен олардың қалағанын алуға дес беру, содан кейін ептілікпен олардың алдын алу. Тәр­тіп сақтап, сақтықпен жауыңмен теңес… Мұн­дайда олар іштегі қызметкер қызға ұқсайды, сізге есікті өзі ашады, ішке кірген соң сіз еркін қимыл­дайсыз, енді жауыңыз сізді ауыздықтай алмайды.”

Сунь-цзы, (б.д.д. VІ– V ғасыр).

 

45 ҚАҒИДА

ӨЗГЕРІСТІҢ ҚАЖЕТТІГІНЕ КӘМІЛ СЕНІҢІЗ,

БІРАҚ, РЕФОРМАҒА АСА ӘУЕС БОЛМАҢЫЗ

ҚАҒИДАНЫҢ ҰСтанымы

Өзгерістің керек екендігін іштей әркім түсінеді, бірақ, бір күнмен өмір сүретін адам­дарды күнделікті тірлікте қалып­тасқан үйреншікті әдет билейді. Олар ауқымды өзгерістерді өте ауыр қабыл­дайды, ал оны күшке салсаңыз, ақыры бүлікке алып келеді. Егер сіз билік биігін­дегі тұмса тұлға болса­ңыз немесе соған талпынып жүрсеңіз, бұ­рынғы үйреншікті жұмыс әдістеріне құрмет көрсетіп, өзінше ойын ұйымдастырыңыз. Егер өзгеріс қажет болатын болса, өткенді аздап жетіл­діріп жатқандай қалып таны­тыңыз.

БИЛІКТІҢ КІЛТІ

Адам психологиясына көп жағдайда тұрақсыздық, айнымалылық тән болып келеді. Оны біз мынадан көруі­мізге болады, мәселен, өзгерістің керек екендігін түсіне отырып, жаңарудың қоғамдық институттар мен жеке тұлғалар үшін қаншалықты маңызды екендігін   біле тұра, біз бәрібір осы үрдіс өз басымызға төнген кезде жүрексініп, мазасыздана бастаймыз. Біз өзгеріссіз болмайтынын, оның  жеңілдік әкелетінін, тоқырауды сейілтетінін жақсы білеміз, бірақ, бәрібір жан жүрегімізбен ескіге жармасамыз. Біз, атүсті өзгерістерге, “жеңіл-желпі жөндеулерге” әрқашан әзірміз, ал қалыптасқан тәртіпті бұзып, дәстүрлі өмір салтын түбегейлі өзгертетін төңкеріске келгенде кірпідей жиырыламыз.

Әрбір төңкерістің соңы дүрбелеңге алып келеді, өйткені, жойылған тәртіптің орнындағы бос кеңістік адам сана­сында өлім мен хаос арасындағы вакуумды елестетін,  шыдам­ды тауысатын жағдай туғызады. Өзгерістің мүмкін­дігі адамдарды қанаттандырады, төңкеріс жағына шыға­рады, бірақ, алғашқы толқын өткеннен соң құлшыныс азаяды, дүниенің бәрі бос қалғандай сезім пайда болады. Өткенге көз сала отырып, біз ескінің қайтып оралатын саңлауын тапқандай боламыз.

Макиавеллише айтқанда, өзгеріске үндеп жүрген пайғамбар қаруын қолынан тастамауы керек: тобыр қайта­дан өткенге лап қойғанда ол қару қолдануға дайын болуы керек. Бірақ, пайғамбар қанша қарулы болса да ұзаққа шыдас бере алмайды, сондықтан ол өзінің жағ­дайын жете түсініп, жедел арада өзгерістен үрейлері ұшып, жандәрмен жанталасып жүргендерді сабасына түсіру үшін, ескінің орнына жаңа ғұрыптар мен құндылықтар жүйесін қалыптастыруы тиіс. Оның қантөгіссіз, ең қарапайым тәсілі, былайша айтқанда, желбуаздық. Жаңғырту мен реформаны қалағаныңызша жасаңыз, бірақ, оған  ескі мен қалыпты дәстүрді үйлестіре жүргізуге барынша ден қойыңыз.

Қарапайым ғана әрекет, мәселен, ескі бір атауды пайда­лану немесе әлдебір топтың рет санын сақтаудың өзі де сізді өткенмен байланыстырады, тарихтың беделін пайдалануға мүмкіндік береді.

Өзгерісті құбылтудың тағы бір стратегиясы: сіздің өткеннің құндылықтарын құрмет тұтатыныңызды барынша айғайлап, көпшілікке әйгілеп көрсету. Дәстүрге берік адамның кейпіне еніңіз, оның шындыққа қаншалықты сәйкестігін ілуде біреу ғана байқайды. Флоренция Қайта ояну дәуірінде ғасырлар бойына республикалық дәстүрді ұстанды және бұл — құрылымның шаңырағын шайқалтады деген ой ешкімнің санасына сыймайтын. Козимо Медичи өзін республиканың жарқын қолдаушысы ретінде бейне­леді, ал шындығында қаладағы билікті өз әулетінің қолына өткізуге жанын салды. Сырттай қарағанда Медичи Фло­рен­цияда республиканы сақтап отырғандай болды, ал ақиқатында ол жойылған болатын. Медичи дәстүрді сақтаймын деген желеумен астыртын реформалар жүргізді.

Дәстүрге сөзбен құрмет көрсете отырып, мұндай табиғи ымыраластықты өткізуге болады. Өз төңкерісіңізде өткенмен байланыстыратын элементтерді анықтап алыңыз. Олардың дәстүрге негізделетінін ашық жариялаңыз. Өзіңіздің келісімпаздығыңызды көрсететін ойға қонымды сөз айтыңыз, сонымен қоса, өзіңіздің жаңашыл теория­ңызды өмірге шым-шымдап ендіріп, оны іліп алып кетуге ықпал етіңіз.

Енді ең соңғысы: Уақыт рухын жоққа шығаруға бол­майды. Егер реформа өз уақытынан озып кетсе, реформа­тордың тағдыры трагедияға айналады – ондай адамды түсінетіндер аз болады, оның әрбір қадамы қате түсіндірі­ліп, жұрттың наразылығын туғызады. Сіз енгізетін жаңалықтар, өмірдегі шындықтан гөрі өткенге жақындау болуы керек.

Уақыт әуеніне құлақ қойыңыз. Егер сіз буырқанған толқулар мен өзгерістер заманында өмір сүріп, жұмыс істесеңіз, онда өткенге оралуды желеу етіп, тыныштық пен дәстүрді сақтауға тырысқан адам ғана билікті қолына алады. Дегенмен, тоқырау заманында негізгі көзір реформа мен төңкерісшіл жаңару болады, бірақ, жынды құтысынан шығарарда өте абай болған жөн. Әдетте, төңкерісті бастағандар емес, мүлде басқалар аяқтап жатады.

Бейнелеп айтқанда. Мысықтар. Тыныштыққа ымы­рашыл хайуан үйдің жылылығы мен жайлылығын қалайды. Егер оның осы жайлы өміріне араласып, мазасын алсаңыз, оның ашу-ызасында шек болмайды. Одан да оның ыңғайына жығылып, ызаландырмауға тырысыңыз. Егер бөлмеге  өзгеріс жасағыңыз келсе, оның үйреншікті иіс-қоңысын сақтап, көрнекті жерге бауыр басқан заттарын қойыңыз.

Бедел сөз.“Кімде-кім әлдеқандай бір қаланың мем­лекеттік құрылымын өзгерткісі келсе және ол құрылымды барлығы құлшына қолдасын деп ойласа, онда ол жоқ дегенде бұрынғы салт-дәстүрдің жосығын сақтауы тиіс, шын мәнінде жаңа ереже бұрынғыға мүлде ұқсамаса да, халық тәртіптің түбегейлі өзгерістерін сезбей қалуы тиіс. Шындығында, қарапайым жұртшылық болып жатқан дүниенің байыбына бойлай бермейді, оларды тек сыртқы көрінісі ғана қызықтырады.”

Николо Макиавелли, (1469-1527).

Аударған — Кенжехан Ісләмжанұлы.

Басы өткен сандарда.  Жалғасы бар.