АУДАН ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

img_5495

Балнұр АХМЕТ

Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқы­баев Ұлы Отан соғысы ардагерлерін мерейтойларымен құттықтады. Бір ғасырдың куәсі болған Ұлы Отан соғысының ардагері Күреңтай Әубәкіров 1917 жылы 1 қаңтарда Семей облысы, Шұбартау ауданында дүниеге келген. Мектептен кейін Семейде педагогикалық училищені бітіріп, 18 жасынан бастап Алматы облысы, Қоғалы ауданындағы мектепте бастауыш сыныпта дәріс берген. Кейіннен Қара-Еспе ауылында физика-математика пәнінен сабақ бере жүріп, директордың орынбасары қызметін қоса атқарған. 1940 жылы Өзбекстан шекара­сындағы Термез қаласында 430-атқыштар полкінің 2-батальон  командирі болды. 1941 жылы Мәскеудегі шайқасқа қатысқан. Соғыстан оралғаннан кейін Алматы облысы, Жамбыл ауылында ферма меңге­рушісі, 1950 жылы Талдықорған облысы, Қызыл-Октябрь ауданында бастауыш мектептің меңгерушісі қызметін атқарған, Қаз КСР білім беру ісінің үздігі. Осылайша 32 жылдан астам шәкірт тәрбиелеумен айналысып, зейнет жасына шыққаннан кейін де ұстаздық қызметін атқарған Күреңтай Әубәкіров бүгінде 8 баладан 17 немере, 20 шөбере сүйіп отыр.

ҰОС ардагері Саид Жылқышевтің жұбайы еңбек ардагері Нұржихан Жыл­қышева биыл 1 қаңтарда 100 жасқа келді. Ол Ұлы Отан соғысына дейін мемлекеттік банкте, 1941– 1945 жылдары облыстық партия комитетінде және 1962 – 1978 жылдар аралығында «Алматы» мейрамхана­сының кадр бөлімінде қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысының мерейтойлық медальда­рымен марапатталған ардагер бүгінде 4 баладан 7 немере, 13 шөбере сүйіп отыр.

1927 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген Василий Клевцов Өскемен ауыл шаруа­шы­лығы  техникумын бітіріп, 36 жылдан астам Шығыс Қазақстан облысында халықаралық телефон стансасында және Қаз КСР Министрлер кеңесінде  механик болып жұмыс жасаған. 1945 жылы Ав­стриядағы және сол жылы Жапониядағы шайқас­тарға қатысып, оншақты медаль­мен марапатталған. Тоқсанның төріне шыққан қария қазіргі күні 1 қызынан үш шөбере сүйіп отыр.