УНИВЕРСИАДА-2017 ЕРІКТІЛЕРІН ІРІКТЕУ БАЙҚАУЫ АЯҚТАЛДЫ

u20171

Кеше 2017 жылғы 28-Дүниежүзілік Қысқы Универсиадаға дайын­далу мен өткізуге атсалысатын еріктілерді іріктеу байқауы аяқталды. Еріктілерді жинау кезінде 14 мыңнан аса өтінім келіп түскен. 

Еріктілер жинаудың бірінші кезеңі Алматыда 27 қыркүйекте басталды. Өтінімдер жазбаша сауалнама түрінде, сондай-ақ, Универсиада сайтында онлайн арқылы қабылданды. Барлығы 14 165 өтінім жіберіліп, көбісі алматы­лықтардан (Алматы қаласындағы оқып жүрген студенттер — 9 303) келіп түсті. Сондай-ақ, Универсиада-2017 еріктісі атанғысы келетіндердің дені жақын көршілеріміз – ресейліктер арасында көп болды, барлығы 3594 адам өтінім жіберген. Өтінімдер Қазақстан өңірле­рінен, сонымен бірге, Италия, Канада, АҚШ, Қытай, Ливан, Ұлыбритания, Гонконг, Украина, Молдавия, Өзбек­стан секілді алыс және таяу шет елден де келіп түсті.

%d1%84%d1%83%d0%bd%d0%ba%d1%86%d0%b8%d0%be%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%bd%d1%8b%d0%b5-%d0%bd%d0%b0%d0%bf%d1%80%d0%b0%d0%b2%d0%bb%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d1%8f-%d0%b2%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%bd%d1%82%d0%b5%d1%80

Еріктілерді тарту мақсатында 15 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, Алматы қаласының 27 оқу мекемесінде еріктілер бағдарламасының танысты­ры­лым­дары өткізілді. Осының нәти­жесінде аталған іс-шараларға қатыс­қандардың 96 пайызы Универсиада-2017 еріктісі атануға ниет білдірді. Өтінім­дердің көпшілігі 18 — 25 жас аралы­ғын­дағы (97,9%) жастардан келіп түскен­мен, 25 — 49 жас аралығындағы тұрғын­дар арасында да ерікті боламын дегендер табылды (86 өтінім), ал 32 өтінім 50 жастан асқан тұлғалардан түсті.

Универсиада кезінде жұмыс жасау үшін барлығы 3000 ерікті таңдап алынды. Ниет білдірген тұлғалармен бетпе-бет және skype арқылы сұхбаттасулар өткі­зілді. Қазақстан Республикасы өңір­лерінен, сондай-ақ, алыс және таяу шет елден қатысатын еріктілер саны 200-ден асатындығы қазір белгілі болып отыр.

Қазіргі таңда еріктілерді үйлесті­румен айналысатын, тиісті оқытудан – тренингтер, дәрістер мен спорт нысан­дарында квестерден өткен 150 адам таңдап алынды. Қазірдің өзінде ерікті­лердің бір бөлігі 2017 жылы Алматы қаласында өтетін 28-Дүниежүзілік Қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізуге арналған іс-шараларға, атап айтқанда, делегация басшыларының жұмыс кездесуі, Универсиада-2017 нысандарындағы сан алуан спорттық іс-шаралар, Универсиада-2017 ойындарына дейінгі 100 күнді тойлау секілді, тағы да басқа іс-шараларға қатысуда. Еріктілер­мен жұмыс жүргізудің келесі кезеңінде келісімдерге қол қойылып, оларға қажетті киім-кешек берілетін болады. Жұмыс кезінде еріктілер тамақпен, тегін жолақымен және ұялы байланыс­пен қамтамасыз етіледі.

Универсиада кезінде еріктілер 30-дан аса қызмет бағытында жұмыс жасай­тын болады. Олардың көпшілігі спорт жарыстарындағы жұмыстарға тартылып, сондай-ақ, кіріп-шығуды бақылау қызметі, көлік, баспасөз қыз­меті, медицина, Атлеттер ауылы, көрер­мендермен жұмыс жүргізу, мәдени іс-шаралар, қонақтарды жайғастыру, аккредиттеу, қауіпсіздік, бас ақпарат­тық орталық, т.б. жұмыс телімдерінде қызмет етпек.

Жастар Универсиада-2017 аясын­дағы еріктілер бағдарламасына түрлі себептерге байланысты үлкен қызығу­шылық танытып отыр. Өйткені, осын­дай ауқымды оқиғаға атсалысудың арқа­сында олар шет тілі дағдыларын жақсартып, халықаралық жобада баға жетпес тәжірибе жинауға, жаңа адам­дармен танысып, өзін тату команданың мүшесі ретінде сезінуге, аса әсерлі өтетін спорт сайыстарын өз көзімен тамашалауға, т.б. мүмкіндіктерге қол жеткізбек. Ең бастысы, еріктілердің барлығы 2017 жылы Алматы қаласында өтетін 28-Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданы лайықты деңгейде дайындап, оны өткізуге шын ниетпен өз үлестерін қоспақ.

 

«Ақшам-ақпарат».

 

қонақтар ұлттық асханадан дәм татады

Алматыда ашылған ұлттық ас мейрамханасы «Универсиада ұсынған» сертификатын алды

Нұрлан СҮЙІН

Оңтүстік астанада қазақ халқының ұлттық ас мәзірін ұсынған мейрамха­наларға сұраныс артып келеді. Біздің халықтың сан ғасырлық тарихымен сабақ­тасқан ұлттық асханамызды ХХІ ғасырда заманауи тұрғыда, уақыт талабына сай ұсына білу кез-келген маманның қолынан келмесі белгілі.

Алматының Медеу ауданында ашылған «Qazaq Restaurant» мейрамха­насы барлық жағынан да бүгінгі күн талабынан шыққан нысан. Мейрамха­на­ның концепциясы мұнда тек қазақ халқының ұлттық асханасы қамтылған. «Qazaq Restaurant» мейрамханасының көлемі 650 шаршы метр, 90 кісілік. Ұлттық мейрамханада 50 адамға жұмыс орны ашылды. «Qazaq Restaurant» қазақ ұлттық асханасы бағытындағы Алматы­дағы екінші мейрамхана. Бұған дейін оңтүстік астанада «Гәкку» мейрамханасы жұмыс істеп келді. Жалпы, Алматыдағы 2076 тамақтану орнының 150-інде қазақ асханасының тағамдары беріледі.

Жоғары деңгейде ашылып, сапалы ас мәзірімен ерекшеленген «Qazaq Restaurant» мейрамханасына «Универ­сиада ұсынған» сертификаты берілді. Бұл дегеніңіз Алматыда өтетін 28-Бүкіл­әлемдік Қысқы Универсиада ойында­рына келетін шетелдіктерге осынау мейрамханадан тамақтануға болады деген сөз. Яғни, мейрамхана барлық халық­аралық, санитарлық, қызмет көр­сету талаптарына сәйкес деп танылған. Әлемдік деңгейдегі іс-шара кезінде абыройлы қызмет етіп, ұлттық асхананы жоғары деңгейде көрсетеді.

«Универсиада-2017» ойындарына дайындық барысында Алматыдағы мейрамханалар мен қонақ үйлер арасын­да сараптама жүргізіліп, халық­аралық талаптарға сай болғандарына «Универ­сиада ұсынған» сертификат берілген болатын. Сертификат алған нысандар бірнеше ай бойы арнаулы комиссия сарап­тамасынан өтіп, іріктелген. Бүкіл­әлемдік додаларға бір ай уақыт қалғанда «Универсиада ұсынған» сертификатын «Qazaq Restaurant» мейрамханасы ие болып отыр.

Керек дерек

  • 28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада-2017 ойындары 29 қаңтар – 8 ақпан аралығында Алматыда өтеді.
  • Универсиада ойындары қысқы спорттың 12 түрінен өтеді.
  • Ойындарға әлемнің 57 елінен 2000 спортшы келеді.
  • Универсиада-2017 ойындарын дүние жүзі бойынша 1 млрд. телекөрермен тамашалайды.
  • 28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада оңтүстік астанадағы халықаралық талаптарға сай 9 нысанда өтеді. Олардың арасында «Медеу», «Алматы Арена», «Халық Арена» кешендері бар.