Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ: МАЖАРМЕН ТАМЫРЫ БІР ХАЛЫҚПЫЗ

%d0%bc%d0%b0%d0%b6%d0%b0%d1%80

Халықаралық Түркі академиясының және Қазақстандағы Мажар елшілігінің қолдауымен «Ғылым» баспасынан мажар халқының аңыз-ертегілері жарық көрді. Кітапты қазақ тіліне аударған Сегед университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫНЫҢ бұл жайында айтары да аз емес екен. 

– Мажар халқының аңыздары мен ертегілерін аударуға не түрткі болды?

– Мажарстанға келіп, тіл үйренген соң, әрине, мені мажар әдебиеті қызықтырды.  Бала  күнімізде ертегі, батырлар  жырын тыңдап өстік. «Осы мажарлардың бір замандарда көшпенді халық болғаны шын болса, бұл халықтың эпостары да бар болар» деп ойладым. Себебі, мажарлармен туыс дейтін халықтардың ауыз әдебиетін алып қарасақ, даңқты карель-фин эпосы «Калевала» керемет қой. Сонан кітаптарды, ғылыми зерттеулерді оқысам, «эпос жоқ» дейді. Бірақ, мажарлардың бір кезде эпостары болғаны туралы ғалымдардың пікірі бар. Олар бүгінге аңыз-ертегі түрінде жеткен секілді. Жазба әдебиеті ерте дамыған, көшпенділіктен отырықшылыққа ерте ауысқан халық болған соң, мажар­лардың эпостары сақталмаған. Мен аудар­ған аңыздар — жылнамалардың негізінде туған. Оларды орта ғасырлардағы мажар жылнамашылары жазып қалдырған. Бұл жылнамаларды жазғандар кімдер? Олардың бірі — Аноним, немесе Анонимус Бела корольдіктің (ІІІ Бела) аты белгісіз жазушысы. Шамамен XІІ ғасырдың аяғы мен XІІІ ғасыр­дың басында өмір сүрген. «Gesta Hungarorum»  атты еңбегінің жалғыз түп­нұсқасы Иштван Сечени атындағы Мажар­стан мемлекеттік кітапханасында сақтаулы. Шимон Кезаи (Кезалық) – XІІІ ғасырдағы ең атақты мажар жылна­машыларының бірі. Ғұн-мажар туыстығын халықтық тарих етіп   тұжырымдап, оған сен­діре білгені сонша, 19-ғасырдағы ма­жар­­дың ұлы ақындары оның жазғанда­рынан шабыт алған. Осы және басқа атақты жылнамашылардың жазғандарын қазіргі мажар тіліне бейімдеп, аңыз қылған – атақты мажар жазушысы Денеш Лендьел. Мен сол жазушының жинағынан аудар­дым.

– Сіздіңше, мажар халқының аңыз-ерте­гі­лерінің ерекшелігі неде?

– Аңыздардың тарихилығында. Аудар­ма кітап екі бөлімнен тұрады: мажардың тарихи аңыздары мен халық ертегілері.  Бұл аңыздар мажардың Азиядағы тарихы мен Еуропаға қоныстануы туралы. Осы аңыздарға қарап ортақ тарихымыз, тамыры бір халық екенімізді аңғаруға болады. Аныздардағы сақтар мен ғұндардың, мажарлардың өмір-салттары, көшпенді­лер­дің  әдет-ғұрыптары қазақ халқының ерте­дегі тірлігіне етене жақын. Қазақ оқырманы бөтен халықтікі емес, өз аңызын оқып отыр­ғандай күй кешері анық. Себебі, мажар мен қазақтың көне тарихы ортақ, дәстүрі ұқсас. Аударылған аңыздар мыналар: «Мажарлардың шығу тегі туралы аңыз», «Ғажайып бұғы», «Аттила – ғұндар патшасы», «Құдай қылышы», «Аттиланың тойы», «Аттиланың жорықтары», «Атти­ланың тұтқындары», «Аттиланың өлімі және жерленуі», «Жаңа Отанға көшу», «Ақбоз ат туралы аңыз». Әрине, біздің тарихымызды тек эпостарымыздан құрап жазбайтынымыз секілді, мажар халқы да тарихын осы аңыздардың негізінде жаз­байды. Алайда, тарихи сананың  күштілігі аударылған аңыздардан анық көрінеді.

Ертегілер мажарлардың христиандыққа дейінгі наным-сенімдері, шамандыққа байланысты және түркі халықтары мен қазақ ертегілеріне ұқсайды, мәселен, Ер-Төстікке. «Басы көк тіреген ағаш» (шаман ағашы), «Құмай»  (негізі, мажар ертегісінде «гриф» деп айтылады, біздің ертегілерде «самұрық», «ал қара құс» деп кездеседі)  және басқа осы секілді ертегілерді аудардым.

– Қазаққа, қазақ балаларына берері не?

– Мажарлар өздерінің мажар екендерін мақтан тұтады. Аңыздарда ғұндардың, сақ­тардың ұрпақтары екендігі мақтанышпен айтылады. Қазақ балалары да қазақ эпоста­рынан  дәл осындай тәрбие алатыны сөзсіз. Ғұндар мен сақтар туралы аңыз­дардан да батырлық пен ерлікке тәрбие­лейтін рухты көреміз. Аттиланың бейне­сінде тек ержүректілік қана емес, көшпен­діге тән барлық ізгі қасиеттер жинақталған. Сонымен қатар, мәдениеті жақын мажар­лардың тарихы мен дәстүрін танып- білгеннің артықтығы жоқ деп ойлаймын.

 

Әңгімелескен –

Аягүл МАНТАЙ,

Мәскеу.