АҚ ҮЙДІҢ ЖАҢА ҚОЖАЙЫНЫ

Дональд Трамп қандай адам? Одан не күтуге болады?

donald-trump-900-600

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ

Болжамдарды жоққа шығарып, жеңіске жетті

«Адамның айтқанынан гөрі, Құдайдың қалауы болады» деген рас. Талай сәуегейлердің (100 пайыз болмағанымен, 98 пайыз сенімді түрде  айтқан!) болжам­дары теріске шығып, демократ Хиллари Клин­тон емес, респуб­ли­кашыл Дональд Трамптың бағы жанды. Сөйтіп, 2016 жылғы 8 қарашада өткен кезекті сай­лауда жетпіс жастағы қалтасы қа­­лың кәсіпкер, миллиардер Дональд Джон Трамп АҚШ-тың 45-президенті болып сай­ланды.

«Қалай болар екен?» деген­дей, бұл президенттік доданың нәти­жесін Американың өзін былай қой­ғанда, әлемнің әр түк­пірінде дем­дерін іштеріне тартып, тағатсыздана күтіп отырды. Се­бебі, әлемдік саясатта жетекші (тіпті, үстем!) рөл атқаратын АҚШ-та президенттік билікке кімнің және қандай адам­ның  келетіні бей-жай қарайтын оқи­ға  емес. Оған көп нәрсе байла­нысты.

Сондықтан да қазіргі таңда саясаттанушылар, сарапшылар және журналистер су жаңа пре­зиденттің өмір жолына майшам­мен үңіліп, бүге-шігесіне дейін зерттеп, одан не күтуге болаты­ны жөнінде әрқилы болжамдар жасауда.

Дональд Трамптың басқа­лар­­дан ерекшелігі, бұған дейін ешбір мемлекеттік қызметте бо­лып, тым болмаса, кішігірім ше­неуніктік жұмысты атқарып көр­меген. Мұны біреулер «кем­шілікке» санаса, енді біреулер «бюрократтық әдет-қы­лықпен былғанбаған» артықшы­лық­қа балайды. Жалпы, Америка­ның тарихында  сонау 1940 жылы Уэнделл Уиилки деген байшы­кеш қана республикалық пар­тияның атынан үміткер болып, президент­тік сайлауға түскен екен. Алайда,  ол сол кезде атағы дүркіреп, Құра­ма Штаттарды оты­зыншы жылдар­дағы  «ұлы дағдарыстан» алып шыққан Франклин Рузвельтке есе жібе­ріп, жеңілген. Артынан оны­мен пікірлес болып, команда­сына қо­сылған дейді.

Зер салып қарағанға, су жаңа президенттің өмір жолының қызықты тұстары баршылық. Тәртібі онша бол­маған бозбала Дональдты  ата-анасы жасында түзелер деген үмітпен «Нью-Йорктің әскери ака­демиясы» деп атала­тын мек­тепке оқуға береді. Онда жүріп ол кәдімгідей жинақы­лықа үйре­неді, спортпен шұғыл­данады. 18 жасында әскери мектепті ойда­ғыдай бітіргенімен,  қолына қару ұстап,  әскерде бір күн де қызмет етпейді. Бұдан соң бала қиялмен кино мек­тебіне түсіп оқуды ар­мандайды. Бірақ та, ойлана кел­генде, оған әкесі табыс­ты жұмыс істеп отырған  жылжы­майтын мүлік бизнесі тиімділеу көрінеді.

«Алдыңғы арба қайда жүсе, соңғы арба сонда жүреді». Сон­дай дәстүрмен Пенсильва­ния универ­си­­тетінің Уортон кәсіп­кер­лік мек­те­бін оқып бітіріп, әкесінің қарама­ғына жұ­мысқа орнала­сады. Бұл  кезде әкесі Фред Крист Трамптың ком­паниясы жылжы­майтын мүлік бойынша айтулы компа­ния­­лар­дың бірі-тін.  Өзінің еті тірілігінің, икем­ді­лігінің және әкеден көрген тәлім-тәрбиенің арқасында Дональдтың алғашқы кәсіпкерлік қадамдары сәтті басталады.

Бұдан әрі тәжірибе жинақтап, құрылыс жұмыстарын  тиімді жүргі­зу, Нью-Йоркте, Манхэт­тенде осы заманғы аспанмен талас­қан биік үйлер мен ғима­рат­тар, қонақүйлер салып, ірі жо­баларды жүзеге асыру  Д. Трамп­ты биік мақсаттарға жет­кізіп, жұрт­қа танымал етті. Атақ-даңқын асырды.

2001 жылы БҰҰ-ның  59 қабат­тан тұратын кеңсесінің жанынан 90 қабаттық зәулім ғимарат салып, тұрғызғанда сол кездегі Бас хатшы Кофи Аннан: «Бізге күн шуағы түспейтіндей,  мына үйдің көлең­кесінде қалдық қой» деп ренжіген деседі.

«Дональд Трамп тек құрылыс бизнесімен айналысады» десеңіз, мықтап қателесесіз. Ол 1996 жылы жыл сайын «Әлем аруы» кон­курсын өткізу құқығын өзі иеленіп, заңдас­тырып алған. Осы­ған орай 2013 жылы қара­шада Мәскеуде өткізілген «Әлем аруы-2013»  конкурсына келіп қатына­сып, бұл шараның жоғары дең­гейде өткізілгеніне алғысын біл­дірген.  Және осы ризашылы­ғы­­ның белгісі ретінде  Ресей аста­насында Нью-Йорктегідей  ас­пан­мен таласқан  «Трамп-тауэр»  бизнес орталығын салуға уәде берген.

«Кедей байға жетсем, бай құ­дайға жетсем» демекші, қалтасын қампитып, байлыққа белшесінен батқан адамның билікке ұмты­латын әдеті емес пе? Сол айтқан­дай, оған дейінгі алғашқы әрекет­терін айтпағанда,  Д. Трамп 2015 жылдың 25 қаңтарында Респуб­ли­кашылар партиясының  АҚШ-тың Айова штатында өткен жиынында өзінің осы партияның атынан кезекті президенттік сай­лауға түсуге ниеті бар екенін жеткізді. Ол ниетін сол жылдың 16 маусымында  Манхэттендегі штаб-пәтерінде ресми түрде  жариялады. Сайлау науқанында  «Американы  ұлы ел етеміз!» деген ұран  көтерді. Басқа үміткерлер секілді сайлаушылардың құлағы­на жағымды сөздер айтып, «құрғақ уәделер» беруге тырыспады. «Егер президент болып сайлансам, Ресей басшысы Владимир Путин­мен қалыпты қарым-қатынас орнатамын» дегені кейбіреулердің көңіліне жылы ұялады. Тіпті,  2015 жылғы 10 қарашадағы  пікір­сайыста Ресейдің Сирияда жүргі­зіп отырған әскери опера­ция­ла­рына қолдау білдіріп: «Егерде Путин  ДАИШ-ті талқандаймын десе, мен оны жүз пайыз қол­даймын. Осыған қарсы шығатын­дарды мен түсін­беймін» дегенді айтты. Бұған кері­сінше демократ­тар партиясының үміткері Хил­лари Клинтонның  «Ресейге бағыт­тал­ған санкцияларды кү­шей­тіп, саясатты қа­таң­дата түсе­мін» дегені жұртқа белгілі еді.

Дегенмен, республикашыл Д.Трамп­тың  сайлауалды бағ­дарламасы түгел­дей көпшіліктің көңілінен шықты деуге болмас. Мәселен, оның «Америка­дағы мұсылман­дарды түгелдей тіркеуге алып, бақылау керек, АҚШ-қа мұсылман­дар­дың келуіне тыйым салу қажет» деген сөздері талай­ларды шошытты. Мұндай ксено­фобиялық көзқарасы ел ішіндегі рейтингін біршама төмендетті.

Шынын айту керек, американдық­тардың басым бөлігі 2001 – 2009 жж. сена­тор, 2009 – 2013 жж. Мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарған әккі саясаткер, демократ Хиллари Клинтонның жеңетініне сенімді болатын. Елдің  «Нью-Йорк таймс», «Вашингтон пост» сияқты азулы басылымдары Х. Клинтонға қолдау білдірді. Бүкіл ел зиялыларының 60 пайызы Хил­лариді жақтап, елдегі атақты әртістер мен актерлер, музыканттар және жазу­шылар: «егерде Дональд Трамп президент болса, онда Канадаға кетеміз!» деп қорқытты.

Халықаралық деңгейде  жұмыс істейтін бәзбір саясаттанушылар мен сарапшы­лардың: «американдықтарды түсіну және болжау қиын» дейтіндері қисынға келеді. Олар кейде бір көңіл-күй мен әсершілдікке бой алдырады. Ешкім күтпеген және ойламаған республикашыл Дональд Трамптың жеңіске жетуі осының көрінісі.

Мүмкін, кінәмшіл да кірпияз амери­кан­дықтардың:  «бұл жолы байлықтан басы айналып, ішегі майланған, дүние-мүлікке қызықпайтын миллиардерге сенім артып көрейік, ол сірә, жемқорлық пен сыбайлас­тыққа жол бермес»  дегендей ішкі есептері болған шығар.

Әйгілі Forbes журналының мәліметінше, жаңадан сайланған АҚШ президенті Дональд Трамптың  байлығы  3,7 млрд. дол­ларға жеткен. Бұл Құрама Штаттар бойынша 113-орындағы көрсеткіш. «Өз байлығым өзіме жетеді» дегені шығар, Трамп  қызметке кіріскен бойда президент­тік жалақыдан бас тартатынын, тек ырымға 1 доллар ғана алып тұратынын жария етті.

Айтпақшы, «Трамп жеңсе, Канадаға кетеміз!» деп қорқытқан өнер қайраткер­лері мен жазушылар әзірге үнсіз. Тек қана Нобель сыйлығының иегері, жазушы-драматург  Воле Шойинке ғана өз Отаны Нигерияға кететінін мәлімдеді.

 

Жүз күндік жоспары керемет!

 Айтқандары жүзеге аса қойса,  жаңа президенттің ойға алып отырған жоспар-жобасы керемет!  (Сарапшылардың ай­туын­ша,  АҚШ-тың тарихы мен өмірлік тәжірибесінде жаңадан сайланған әрбір президент берген уәдесінің 40 пайызын ғана орындай алады екен). Әрине, уәде беру оңай да, оны орындау қиын. Осы орайда атақты американдық кинорежиссер және жазушы Вуди Алленнің: «Құдайды күл­діргің келсе, алдағы уақытта не істейтініңді айтып мақтан» деген қанатты сөзі еске түседі. Кім білсін? Бәрін уақыт көрсетеді.

Дегенмен, президенттік билікке қол жеткізген жеңістің желі мен буы ма, қазір­дің өзінде Дональд Трамп  экран арқылы отандастарына сөз сөйлеп, алдағы жүз күнде қандай жұмыстар атқаратыны туралы жоспарымен бөлісті.

Ол бірінші кезекте: «Сырт елдерге Азия мен Латын Америкасына кеткен кәсіп­орын­дарды елге қайтармын. Бұл қайтадан жаңадан жұмыс орындарын ашып, жұмыс­сыздықты төмендетуге ықпал етеді» деп отыр. Мұнысы, сөз жоқ, бұқара көпшіліктің көңілінен шығып, үміт отын оятқандай.

Трамптың талайларды таңқалдырып отырған тағы бір жаңалығы – АҚШ-тың Транстынықмұхиттық және Тран­сатлант­тық әріптестіктен бас тартатындығы. Өйткені, бұл сауда альянсын Вашингтон­ның өзі  ерекше белсенділік танытып, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 12 мемлекеттің (Австралия, АҚШ, Бруней,  Вьетнам,   Жаңа  Зеландия,  Жапония,  Ка­на­да, Малайзия, Мексика,   Перу, Син­гапур,  Чили) басын қосып биылғы 2016 жылдың басында ғана құрған болатын. Трамп: «Оның орнына біз аталған елдермен тікелей екіжақты келісімдер жасаймыз. Ол бізге өндірісті Американың өзіне қайтаруға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді» дейді.

Осы сияқты  Ақ үйдің ендігі қожайыны елдегі электр қуатын өндіру саласындағы, шельфтегі энергоресурстар мен көмір өндіруді қоса алғанда жұмыс орындарын қысқартуға бағытталған шектеулерді жойып, еңбек министрлігіне американдық  қызметкерлер мен жұмыскерлердің  жағдайына нұқсан келтіретін визалық бағдарламаларды жан-жақты тексеріп, зерттеу жөнінде нұсқау бермекші.

Бұған қатысты сарапшы мамандар: «Трамптың бұл саясаты АҚШ-ты оқшау­лануға  апарып соқтырады. Мұның елге пайда беруі екіталай» деген пікір білдіруде.

Д. Трамп өзіне дейінгі АҚШ әкімшілі­гінің Таяу Шығыста жүргізген  саясаты мен іс-әрекетін қатты сынға алады. Оның пайымдауынша, шұғыл да төтенше шара­лар қолданып, Ирактағы Саддам Хусейн, Ливиядағы Муаммар Каддафи режимдерін құлатқаннан келер пайда аз. Керісінше, ондай жағдайда елде берекесіздік пен тұрақсыздық белең алып, оны террористер  пайдаланып кетеді. Дәлірек айтқанда, Х.Клинтон  сыртқы істер ведомствосын басқар­ған тұста  Ақ үйдің  жүргізген  қате саясатының кесірінен Парсы шығанағы елдері тұрғындарының тыныштығы бұзыл­ды. Миллиондаған адам босқынға айна­лып, сырт елдерге көшуге мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде көрші мемлекеттерге, Еуропаға едәуір қиындық пен ауыртпалық тудырды. Ал,  федералдық  бюджетке анау-мынау емес, 6 трлн. доллар шығын әкелді. Осынау мол қаржы-қаражатты Құрама Штаттардың  өз игілігіне жұмсауға болар еді. Сондықтан да Ақ үй әкімшілігіне Таяу Шығыстағы  іс-әрекетті барынша  абайлап, қалыптасқан жағдайды ескеріп, асқан сақтықпен жүргізген жөн.

Сондай-ақ, ол әдеттегідей тұрақтылық­ты қамтамасыз ету, федералдық билік пен өзінің ықпалын күшейту үшін күштік құры­лымдарды нығайтып, өзінің айнала­сы­на ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңес­шілер мен көмекшілері қызметіне ең білікті  де кәсіпқой мамандарды топтастырмақ.  Сол себепті де өзінің әкімшілігін жасақ­тауды осы саладан бастап, Орталық барлау басқармасына  АҚШ конгресс өкілдері палатасының мүшесі Майк Помпеоны, қорғаныс министріне Джеймс Мэттисті, әді­лет министріне Алабама штатынан сайланған сенатор Джефф Сешнсті, қаржы министріне Стивен Мнучинді, сауда министріне Уилбур Россты ал, ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілік қызметіне отставкадағы генерал-лейтенант Майкл Флиннді ұсынатынын жариялады.

Консерваторлық пиғылдағы әрбір республикашыл саясаткер сияқты Трамп та  әлемде күшпен тәртіп пен бейбітшілік орнатып, сол арқылы Американың айбы­нын асыруға болады деп ойлайды. Сон­дықтан да ол өзі билікке келгеннен кейін құрылықтағы  жаяу әскер санын 540 мың адамға, теңіз жаяу әскерін 12 батальонға дейін көбейтіп, әскери-теңіз күштерін ең жетілген 287  су бетінде және су астында жүретін кемелермен қамтамасыз етпек. Әскери-әуе күштері бюджетінде 1170 шабуылдаушы ұшақ қарастырылған болса, оны   қосымша 30 ұшаққа арттыр­мақ. Бұған қоса АҚШ-тың ЗҚҚ (зымы­ранға қарсы қорғаныс) жүйесі, теңіз-әскери күштерінің эскадралық мина­тасушы кемелері  кез-келген ықтимал  қарсы­ластың  КБЗ (континентаралық баллисти­калық  зымыранының) шабуы­лына тойтарыс бере алатындай деңгейде болуы керек дегенді айтады.

Өзінің айтуынша, Трамптың  талай­лар­ды әбігерге салып отырған  «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына ашу-ызасы қара қазандай. Қызметке кіріскен бойда  әскери генералдарды шақырып алып, отыз күн ішінде осы ДАИШ ұйымын тас-талқан етіп құрту жоспарын талап етпек. Тіпті, шиеленісіп тұрған осы мәселені шешу үшін Таяу Шығысқа аме­рикан қарулы күштерінің әскери құра­маларын жіберіп, оған қарсы киберне­тикалық, қаражаттық және идеологиялық соғыстар жүргізу де ойында бар.

Ендігі президент Трамптың НАТО туралы айтқандары да жұртшылықты елең еткізді. Оның түсінігінше, бұл әскери-саяси ұйымға мүше мемлекеттер бар салмақты Америкаға артпай, өздері де шығын шығаруға міндетті. Сонда ғана  НАТО-ның  қуаты артып, ықпалы тегеурінді болмақ.

Осындай агрессивтік ойларын айта отырып, жұртты алдаусыратқан түрі ме екен, «сыртқы саясатта біз күш қолда­нудан гөрі дипломатияға көбірек ден қоятын боламыз» дейді.

Трампты  алаңдататын ендігі бір жәйт – мигранттар мәселесі. Бұл   елдің ұлттық қауіпсіздігіне кәдімгідей қатер төндіреді. Жаңа президенттің түсінігінше мұны да қатаң бақылауға алып, АҚШ заңдары мен талаптарына мойынсұнатын, құндылық­та­рын бағалайтын, жылы да жақсы көзқарастағы шетелдіктердің ғана келуіне рұқсат етілуі керек. Мигранттарға деген осындай саясат ұлттық қауіпсіздік стратегиясының өзегі болуға тиіс.

Әйтсе де кейбір мәліметтерде АҚШ-та 11,3 млн.  еңбек мигранттары заңсыз  жұмыс істейді. Заңсыз болса да олар елдің эко­номикасын көтеруге елеулі үлес қосады. Мамандардың есебінше, ондай­лар елден шығарылатын болса, онда ЖІӨ 1,6 трлн. долларға азаяды.

Бүгінде Ақ үйдегі биліктің тізгінін жаңа президент ұстағалы тұрған өтпелі кезең, өліара тұста  жұртшылықты алаң­датып, мазалайтын бірден-бір сұрақ: «Вашингтон мен Мәскеудің  қарым-қатынасының қалай болатындығы».

Баяғы сайлау алдындағы «Ресеймен байланысты жақсартамыз!» дегендей қызу қарқын  мен екпін біршама бәсеңсіп қалды. Десек те, Дональд Трамп  сайлау­дан соң бір апта өтісімен Владимир Путинмен телефон арқылы тілдесіп, өзінің оң ниетте екенін растады. Бірақ та, тым жақындасатындай «жылылықтың» бол­майтынын  аңғартты. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, 2009 жылы  Барак Обама бастаған АҚШ әкімшілігі де сондай ынтымақтастыққа қадам жасаған. Соның нәтижесінде ядролық қаруларды шектеу  және НАТО-ның әскери жүктерін Ауған­станнан Ресей жері арқылы тасымалдап, алып кету келісімдеріне қол жеткізілген. Алайда, артынан геосаясаттағы көзқа­растар алшақтығы мен Украинадағы  жағдайға байланысты АҚШ – Ресей қатынасы ушығып кетті.

Әрине, оптимист Д.Трамптың  айт­қан­дарының бәрі жүзеге асады деп үміттенуге болмас. Олай дейтініміз, АҚШ-та әуелден қалыптасқан және тепе-теңдік пен тежеу мүмкіндіктері ескерілген саяси жүйе жұмыс істейді. Оған қоса, биліктің жуан тармағы саналатын конгрестің де мақұлдауы мен қолдауы қажет.

Бұрын-соңды мемлекеттік қызметте болмаған тәжірибесіздігінен болар,  Дональд Трамп жақында Тайвань әкім­шілігінің басшысы Цай Инвэнь ханым­мен телефон арқылы сөйлесіп, қолайсыз­дыққа тап болды. Ресми түрде Тайвань аралы Қытайдың  әкімшілік ауданы саналатындықтан,  ҚХР Сыртқы істер министрлігі бұған наразылық білдірді. Осы сияқты телефонмен Литва президенті Даля Грибаускайтемен сөйлесуі де сәтсіз аяқталды. Жап-жақсы басталған олар­дың екеуара әңгімесіне кенеттен Латвия мен Эстония президенттері  килігіп кетіп, олар: «Ресей жағының агрессиясына» шағым айтқанда мұндай өресіздік пен әдепсіздікке шыдай алмаған Трамп: «Ауыздарыңды жабыңдаршы!» деп телефон тұтқасын қойып қойды.

Алайда, Трамптың  Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевпен  30 қара­шадағы телефон арқылы сөйлесуі өзара түсіністік жағдайында өтті. Олар қазіргі халықаралық жағдай, Орталық Азияның қауіпсіздігі, АҚШ-Ресей қатынасы тура­лы пікірлер алмасты. Демек, мұның өзі  ең бір мазасыз аймақ саналатын Ауған­станға жақын жатқан, сондай-ақ, Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан Қазақстанның  әлемдік геосаясатта айтарлықтай орны бар екенін аңғартады.

 

«Ақшамның» анықтамасы

Дональд  Трамп  14 маусым 1946 жылы Нью-Йорктің Джа­мейка ауданында дүниеге кел­ген. Әкесі – Фред Крист Трамп пен шешесі – Мэри Энн Маклауд. Атасы – Фредрик Трамп  пен әжесі – Элизабет Крайст ХІХ ғ. аяғында неміс жерінен ауып барған имми­гранттар. Өз анасы Мэридің де арғы тегі шотландтық. Трамп төрт ағайынды: бір ағасы мен інісі, бір апасы мен қарындасы бар. Апасы Мэриэнн Трамп-Бэрри федеральдық аппеляция­лық соттың судьясы. Ол – АҚШ-тағы танымал нейро­психолог әрі жазушы Дэвид Дезмонд­тың анасы. 1964 жылы Нью-Йорк әскери академиясын, 1968 жылы Пенсильвания университетіндегі  Уортон бизнес мектебін эконо­мика бакалавры мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын әкесінің жылжы­майтын мүлік бизнесімен айналысатын компа­ниясында бастаған. Кішігірім үйлер салудан бастап, алып та биік ғимарттар тұрғызатын құ­рылыс бизнесінің «жілігін шағып майын ішкен» магнат деңгейіне жеткен. Жұмысы кейде сәтсіз болып, банкроттық жағдайларды да бастан кешкен. Ең алғаш 2000 жылы реформалар партиясының атынан прези­денттік сайлауға түсіп, өзін саясатта сынап көрген. Егер президент болып сайланатын болса, вице-президент етіп әйгілі теле­жүргізуші Опру Уинфриді, ал әкімшілігіне Колин Пауэл мен Джон Маккейнді алатынын айтқан.

Кейбір қылық-әдеттеріне қарап жұрт оны  актерлік өнерімен де танылған АҚШ-тың (1981 – 1989 жж.) қырқыншы пре­зиденті болған Рональд Рейганға ұқса­тады. Өйткені, Дональд та комедиялық актер ретінде «Нью-Йоркте жоғалған 2 үйдегі біреу», «Күтуші», «Беверли Хиллзден келген ханзада», «Біздің өміріміздің күндері» деген сияқты күлкілі кино­фильм­дерге түскен. Оны 2013 жылы түсі­рілген ресейлік әзірбайжан әншісі Эмина Агаларованың  «Іn Another Lіfe» музы­калық клипінен де көруге болады.

Үш рет үйленген. Бес баласы, сегіз немересі бар. Қазіргі әйелі словениялық Ме­ланья Кнавс өзінен 24 жас кіші. Алғашқы жұбайы Ивана Зельничковадан көрген үлкен ұлының да аты Дональд. Екінші  зайыбы Марле Мейплздан туған қы­зының есімі Тиффани. Ал, Меланья тапқан ұлы  Бэрронның өзі он жастан асты.

Жұмыстан қолы босағанда бір ауық гольф ойнағанды ұнатады. Қиялшыл да арманшыл Дональд: «Егерде сіз шын­дыққа сай армандайтын болсаңыз, онда  арманыңыз сөзсіз  шындыққа айналады» дегенді жиі айтады.