КӨРШІ ЕЛ КӨШБАСШЫСЫН ТАҢДАДЫ

Өзбекстан президенті болып Шавкат Мирзиёев сайланды

%d0%bc%d0%b8%d1%80

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Қазекем: «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» дегенде терең ойды меңзеген. Сол айтқандай, көршілес Өзбекстандағы саяси тұрақ­тылық пен тыныштық  біз үшін де маңызды.

Жұртшылық біліп отырғандай, бұл елде 4 желтоқсан күні кезектен тыс пре­зиденттік сайлау өтіп, оның қорытындысы  бойынша 88,61 пайыз дауыс жинаған  Шавкат Мироманұлы Мирзиёев жеңіске жетті.

Сайлаудың баламалық тәртібі бойынша президенттік билік додасына Либерал-демократиялық партияның кандидаты Ш. Мирзияёевтан басқа үш үміткер: Халық-демократиялық партиясынан – Хотамжан Кетманов, «Милли тикланиш» демократиялық партиясынан – Сарвар Отамуратов, «Адолат» социал-демокра­тиялық партиясынан – Нариман Умаров түсті. Бұлардың әрқайсысы 3 пайыз төңірегінде ғана дауыс жинады.

Өзбек жұртының ішкі жағ­дайынан, ұлттық менталитетінен хабардар сарап­шылар күнібұрын  осылай болады деп болжаған болатын. Өйткені, Ш.Мирзиёев президенттік билікке кездейсоқ қол созып отырған, «көлденеңнен келген көк атты емес», осыған дейін 13 жыл  үкіметті басқарған, Жызақ және Самарқан облыстарында әкім болған, мемлекеттік қызметтің барлық баспалдақтарынан өткен, елге танымал тұлға. Оның үстіне Ислам Каримовтың  тәлім-тәрбиесін көріп, соның шапанынан шыққан шенеунік.

Осындайда еске түседі. Бұдан тура екі жыл бұрын  «Саясаты иірімді Ислам Ка­римов» («Алматы ақшамы», 24.12.2014 ж.) деп аталатын мақала жазып, онда Мирзиёевке қатысты: «Енді біреулер ықтимал үміткер деп биліктің барлық сатыларынан өткен тәжірибелі шенеунік, бүгінде Кари­мовтың оң қолы болып, премьер-министр қызметін атқарып отырған Шавкат Мирзиёевтің есімін атайды.  Оған тек қана орынсыз көзге түсе бермей,  шыдамдылық танытып, байыр­­ғы су маманы ретінде  өмір дей­тін өзеннің  жағасында» өзінің жұл­дызды сәтін күтіп отыру керек дейді» деген болатынбыз.

Айтқанымыз айдай келіп, көп көзге түсе бермей, байырғы су маманы ретінде өмір дейтін өзен жағасында шыдамдылық танытып отыруының арқасында жұлдызды сәті туып, бағы жанды.

Әділдік үшін мынаны айта кеткен жөн.  Тау қопарып тастамағанымен, Өзбекстан президентінің міндетін атқарушы қызметінде Шавкат Мир­зиёев бірқатар оң сипаттағы жұмыс­тар­ды жүзеге асырды. Ұзақ жыл абақ­тыда отырған саяси тұтқындарды бо­сатты. Сайлау алдында  өзбек ақ­ша­сын еркін айналымға жіберу жө­нін­дегі үкімет қаулысының жобасын жа­риялатты. Бітіспестей  жер дауы бар көршілес Қырғыз­станмен және Рон­гун СЭС-ін салуға  қатысты келіс­пеушілік туған Тәжік­станмен қарым-қатынасты жақсартуға қадам­дар жасады. Сайлаудың қарсаңында «Өзбекстан Респуб­ликасында туризм саласын жедел дамытуды қамтамасыз ету шаралары туралы» арнайы жар­лық шығарып, ол бойынша келесі 2017 жылдың 1 сәуі­рінен  әлемнің  15 да­мы­ған жетекші елдерінен турис­тердің визасыз келуіне рұқсат етілетін болды.

Президенттікке кандидат Шавкат Мирзиёев өзінің сайлауалды бағдар­ла­масында  Өзбекстанның  ешбір саяси-әскери одаққа қосылмайтынын және ешқандай мемлекеттің әскери база-нысандарының  орналасуына жол бермейтінін қадап айтты. Мұны­сы бірқатар жетекші елдердің көңілінен шықты.

«Той ойдағыдай өтті. Жұрт тар­қады» демекші, жұртшылықты тол­ғандыратын ендігі мәселе: «Өзбек­станның жаңа президенті Шавкат Мирзиёев  ішкі және сыртқы саясатта қандай бағыт-бағдар ұстанады?»  деген сауал төңірегінде болып отыр. Бұл жөнінде саясаттанушылар мен сарапшылар қол қусырып отырған жоқ. Олар тарапынан әрқилы пікірлер мен болжамдар айтылуда. Біреулері: «ешқандай елеулі өзгеріс болмайды. Бұрынғы қатаң авторитарлық режим сәл жұмсартылуы мүмкін. Бірақ, бәрібір Мирзиёев та Каримов салып кеткен соны сүрлеумен жүре береді» десе, енді біреулері: «заман­ның ағымы басқаша, ол саясатта, экономикада реформалық қадамдар жасауға мәжбүр болады» дейді.

%d1%81%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b9

Әрине, геосаясатта Өзбекстан ешкімнің де қолжаулығы бола қоймас. Әйтсе де экономикалық ахуал рефор­малар жасауға итермелейді. Мәселен, қаржы-ақша саласында. Мамандар­дың айтуларынша,  елдің  кең қанат жайып, дамуына бірден-бір тұсау бо­лып отырған жәйт – ұлттық ақшаның  шет ел валютасына айыр­басын үкіметтің тежеп отыруы.

Егер де  күткендегідей шет елден инвестиция тарту үшін өзбек сомы еркін айналымға жіберілсе, оның дол­ларға шаққандағы қатынасы қазір­гідей 5-6 мың сумнан – 10 мың сумға дейін құлдырап,  құнсыздану белең алып  кетеді деген қауіп те жоқ емес.

Ал, сыртқы саясатта көпвекторлық бағыт ұстанып, АҚШ пен Батыс елдерімен әріптестік қатынас жасап, Ресей, Қытай  және Қазақстанмен де екіжақты тиімді сауда-саттықты жан­дандыруы ықтимал. Алайда, Еуразия­лық экономикалық одақ  және  ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) сияқты аймақтық  альняс­тарға қосыл­майтыны айқын болған сыңайлы. Бұл орайда Өзбекстанның ұстанымын сыртқы экономикалық байланыстар вице-министрі Шавкат Толаганов: «Біздің сарапшы мамандардың  баға­лауынша, ЕурАЭО-қа қосылу бізге ешқандай да пайда да, жеңілдік те бер­мейді, тіпті, кейбір салалар бойынша зиянды» деген пікір білдірді. Өзбекстанның мұндай ұстанымы АҚШ пен Еуропа елдеріне жағымды естіледі.

Сөз жоқ, терроризмге қарсы кү­рес­те Өзбекстанға Батыстың қол­дауына сүйенген, Ресей және Қы­таймен бірлесе жұмыс істеген тиімді. Дегенмен, әлі де асығыс болжам мен тұжырым жасамағаны­мыз абзал. Сол үшін бәрін уақыттың еншісіне бе­рейік.

Президенттік сайлаудың қар­саңында Өзбекстанға Түркия прези­денті Режеп Тайып Ердоған ресми сапармен келіп кетті. Оның Ш.Мир­зиёевпен келіссөздері барысында екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелері талқыланды. Бұл Түркия тарапының Каримовтың  тұсында  суыңқырап кеткен ынтымақтастықты жақсартуға деген ұмтылысын аңғар­тады.

БАҚ құралдарында жазылға­нын­дай,  сайлау нәтижесі белгілі болы­сымен Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев  телефон арқы­лы Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан пре­зиденті болып сайлануымен құт­тық­тап, қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ, қазіргі халықаралық жағдай және аймақтың қауіпсіздігін нығайту  жө­нінде пікір алмасып, сөзінің соңында Шавкат Мирзиёевті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп қайтуға шақырды.

Өзбек жұрты біздің тіл, дін, салт-дәстүр, әдебиет, мәдениет, өнер жағынан, сондай-ақ, сауда-саттық жөнінен тарихи тамырласып жатқан ең жақын көршіміздің бірі.

Ресми тұрғыдан алғанда, қазақ-өзбек қатынасы  1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы және 2013 жылғы 14 маусымдағы  Стратегиялық әріптестік  туралы  келісім-шарттардың негізінде дамып келеді. Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 100-ден астам құжатқа қол қойылған.

2015 жылдың қорытындысында  Қазақстан мен Өзбекстанның өзара тауар  айналымы 1,67 млрд. долларды құрады. Оның ішінде экспорт 942,2 млн. доллар болса, ал импорт 725,6 млн, доллар көлемінде. Өзбекстанға біз мұнай және оның өңделетін шикізаттарын, ұн-жарма өнімдерін, дәнді дақылдар, қара және түсті металл, неорганикалық химия өнім­дерін және азық-түлік шығарамыз.  Ол жақтан газ, мақта талшықтарын, химия өнімдері мен пластмасса, тыңайтқыштар, жеміс пен көкөністер сатып аламыз.

Мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарымыз да шама-шарқынша өркен жаю үстінде. 2013 жылы  Таш­кентте  қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевқа ескерткіш ашылды. 2014 жылдың мамыр айында Өзбекстанда Әйтеке бидің туғанына 370 жылдық мерейтойына орай:  «Біз – бір халық­пыз!» достық фестивалінің аясында бірқатар мәдени-спорттық шаралар өткізілді.

Өзбекстан басшылығымен кез­десулер барысында  Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев  қай салада болма­сын екіжақты ынтымақтас­тықтың әлеуеті мен мүмкіндіктері мұнан да зор екенін және оларды бауырлас жұрттың мүдделері үшін өркендете түсу қажеттігін үнемі айтып оты­рады.

Ендеше, өзбек елінің жаңа көш­басшысы Ш.Мирзиёев бастауымен  туыстас мемлекетпен  ынтымақтас­тығымыз бұрынғыдан да қарқын алып, тереңдей түседі деген үміттеміз.

«Ақшамның»  анықтамасы:

Шавкат Мироманұлы Мирзиёев 1957 жылы 24 маусымда Өзбекстанның Жызақ облысы Заамин ауданында (кейбір деректер бойынша Тәжікстанның Оратөбе ауданындағы Яхтан қыстағында) дүниеге келген.

1981 жылы Ташкент ирригация және мелиорация институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын осы оқу орнында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. Кейіннен институттың комсомол және партия ұйымдарын басқарған. Техника саласынан кандидаттық диссертация қорғаған. Институттың бірінші проректоры қызметіне жоғарылатылған. 1990 жылы Өзбекстан Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайлануымен оның саяси қызметі басталды. 1992 жылы Ташкенттегі Мырзо Улукбек ауданының әкімі болып тағайындалды. 1996 – 1999 жж. Жызақ облысының, 2001 – 2003 жж. Самарқан облысының әкімі қызметтерін атқарды. 2003 жылғы 12 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының премьер-министрі қызметіне бекітілді.  Содан  бері  13 жыл бойына ел президенті Ислам Каримовтың сеніміне ие болып, үкіметті абыроймен басқарып келді.

Әкесі Миромон Мирзиёев фтизиатр-дәрігер. Жызақ облысындағы  Заамин аудандық туберкулез диспансерін басқарған. Үш апа-қарындасы және бір інісі бар. Зайыбы Зироатхан Хошимова өзі сияқты Ташкент ирригация және мелиорация иниститутының түлегі. Екі қызы – Шахноза мен Саида бойжетіп, тұрмыс құрған. Ұлының аты – Даврон.

Шавкат Мирзиёев қазірше посткеңестік Орталық Азиядағы ең жас президент. 59 жаста. Ол Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімухамедовтен бір  айдай   кіші.