МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

39438811

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Кеше Республика сарайында Қазақ­стан мұсылмандары Діни басқармасының ұйымдастыруымен жылдағы дәстүрлі ғалымдардың мақтаулысы, адамзаттың ардақтысы, көркем мінездің өшпес үлгісі, сүйікті Мұхаммед (с.ғ.с.)  Пайғамбары­мыздың туылған күніне орай Мәуліт мерекесі аталып өтті. Бірнеше ғасырлардан бері тойланып келе жатқан бұл мерекенің басты мақсаты — Мұхаммед (с.ғ.с.) Пай­ғамбарымыздың іс-әрекеттерін насихат­тау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отан­сүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгерші­лік­ке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру болып табылады. Мәуліт —  араб сөзі, қазақша «туылған күн» деген мағынаны білдреді. Бұл атау Алла тағаланың ең сүйікті пендесі әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне берілген. Биылғы Мәуліт мерекесінің ерекшелігі — Алла тағаланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың қарапайымдығы мен ұлылығын насихаттайтын театрланған көріністер мен ән-жырдан, ғибраттық әңгімелерден тұрды.  Құран сүрелерін, оның ішінде Исламның бастапқы қалыптасу кезеңіндегі оқиғаларға, Пайғамбары­мыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуіне байланысты түскен аяттар оқылды. Әсіресе, имандылық жолында сан мыңдаған қиындықтардан жол тауып шығатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін сырлы монологтар, бейнероликтер, діни ән-термелер тыңдаушының рухани тынығып, ой топшылауына ықпал етті.  Мәуліт мере­кесін тойлауды қазақтың ұлттық дәстүріне жақындату үрдісі осы күні еркін байқалып тұрды. Діни ғибадаттарды ұлт аспапттар оркестрінің сүйемелдеп отыруы, сырнай мен домбыраға қосылып орындалған әндердің шынайылығы тыңдарманның талғамынан шығып жатты. Жастарымыздың жаппай имандылыққа бет бұрып, ниет ету көрініс­терін де Мәуліт мерекесінің барысынан бай­қа­ғандай болдық. Мерекелік шара аясында қасиетті Құран аяттары оқылды, жастарға арналған уағыздар айтылып, әншілердің орындауында діни әндер шырқалды.