МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚАРУ АСЫНУМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ

Алматыда экстремизмнің алдын алуға арналған халықаралық конференция өтті

%d0%bc%d1%83%d1%81

Алматыда қала әкімдігі  мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Мегаполис жағдайын­дағы дін атын жамылған экстремизмнің алдын алу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Өз кезегінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған конференцияға еліміздің белгілі дін сарапшыларымен қатар Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Мысыр елдерінің ғалымдары қатысты.

Басқосуға арнайы шақырылған Алматы қаласының Бас имамы конференцияға қатысушыларға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының арнайы сәлемін жолдады.

Өкіл имам өз сөзінде «Біз бүгін тек Алматы қаласы үшін емес, бүкіл еліміз үшін маңызды жағдайларды сөз еткелі отырмыз. Әсем Алатаудың баурайында өтіп жатқан бүгінгі келелі кездесуде Сіздердің тараптарыңыздан айтылып жатқан парасатты пайымдар мен мазмұнды баяндамалар, түйінді тұжырымдар қаламыздағы дінаралық татулық пен келісімді тағы да нығайта түседі деген сенімдемін.

Дін адамды Алланың даналыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуда өмірдегі мақсаты мен міндетін айқындап беретін, Құдайға құлшылық етуге тәрбиелейтін ұлы жол.

Ислам адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелейтін тура жолды көрсетеді. Адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды.

Біз экстремизм мен терроризмнің дінге, ұлтқа, нәсілге бөлінбейтінін ұмытпауымыз керек. Алайда, адами құндылықтарды мойындамайтын экстремистер «бейбітшілік» дейтін ұғымды қамтитын Исламды үрей мен қорқыныштың діні ретінде танытуда.

Діншіл адам дінге әсте зиянын тигізбеуі тиіс. Біреуге себепсіз қару кезеген мұсылмандар, өкінішке қарай, зұлымдықтың құрбанына айналуда. Мұсылмандық қару асынумен өлшенбейді, – деді.

Алла Тағала күллі жер бетінде тыныштық орнап, тату ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі.