ИНСУЛЬТ ЖАСАРЫП КЕЛЕДІ

%d0%b8%d0%bd%d1%81%d1%83%d0%bb%d1%8c%d1%82

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Осы мәселеге алаңдаған дәрігерлеріміз қаламыздағы жетекші клиникалардың бірі — №4 қалалық ауруханада  жыл сайын қазан айының 29-ында әлемнің 40 мемлекетінде аталып өтетін Дүниежүзілік инсульт күніне орай, «Инсульттің алдын алу және оны емдеудің жаңа тәсілдері» атты тақырыпта  халықаралық конференция өткізді.

Денсаулық сақтау және әлеу­­меттік даму министрлігі жанындағы Инсульт проб­лемалары жөніндегі Республи­калық үйлестіру  орталығы мен «Неlp» инсультке шалдыққан науқастарды  қолдау қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  өткен бұл басқосуға Ресейдің,  Татарстанның, басқа да бірқатар алыс-жақын шет елдердің және еліміз аймақтарының невро­логтары мен инсультологтары, нейрохиругтері, реабилитолог, нейрореабилитолог маман­дары­ның қатысуымен өткен  басқо­суға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық көмекті ұйымдас­тыру департаментінің директоры Бауыржан Байсеркин, «Ұлттық нейрохиругия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, елімізге танымал нейрохирург, медицина ғылымдарының докторы, про­фессор Серік Ақшолақов,  Қазан қаласындағы медицина орта­лығының нейрорентгенология бөлімінің меңгерушісі Михаил Володюхин, Республикалық кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының директоры Сәлім Беркінбаев, Инсультке қарсы күрес жөнін­дегі Қазақ ұлттық ассоциация­сының төрайымы, С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің невро­логия кафедрасының меңгеру­шісі Салтанат Кәменова, Инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығының дирек­торы Ержан Әділбеков, осы орталықтың бас маманы Айгүл Құдайбергенова, №4 қалалық аурухананың бас дәрігері Манат Сейдуманов және басқа да осы саланың жетекші мамандары қатысып, бүгінде жасы алпысты алқымдағандармен қатар, жас­та­рымызға да ауыз сала бастаған инсульт ауруының алдын алу, сауықтыру, қайта қалпына кел­тіру мәселелерін кеңінен талқы­лап, осы дерт бойынша әлемнің озық тәжірибелері негізінде  өзекті  мәселелерді талқыға сал­ды. Адамның жүйке жүйелерін, бастың ми қызметін зақымдай­тын бұл дертке жылына әлемнің 15 миллион халқы шалдықса, оның 5 миллионы осы дерттің салдарынан  қайтыс болып, қалға­ны мүгедектікке ұрынады екен.  Инсульт ауруы  біздің тұрғындарды да айналып өтпей тұр. Жылына осы ауруға 38 мың адам шалдықса,  бүгінде 200 мың адам осы аурудың салдарынан мүгедек атанып,  әлеуметтік қол­дауға мұқтаж болып отыр.  Көбі­нің еңбекке жарамсыз, біреудің көмегінсіз жүріп-тұра алмайтын­дығын ескерсек, бұл ауруды да әлеуметтік қолдауды қажет ететін аурулар тобына жататындығын ескерсек, бұл дерттің алдын алу  маңызды болып тұрғаны белгілі. Инсульттің соңғы кезде көбеюі­мен қатар, жасаруына  темекі тарту, ішімдікке ішу, қимыл-қозғалыстың аздығы және дұрыс тамақтанбау, артық салмаққа бой алдыру және әр адамның өз денсаулығына жете көңіл бөлмеуі себеп болып отыр  деген маман­дар тұрғындарды денсаулыққа кері әсер ететін жаман  дағды­лар­дан арылып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.  Ең бастысы, жүрек-қан тамырлары, қан қысымының жоғарылауы сынды сын қатерлері басым  сыр­қаттардың алдын алу керектігін ескертті. Инсульттің  жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқастардың арасында жиірек кездесетіндігін  айтқан дәрігер­лер, жыл сайын  кардиолог дәрі­герлерге тексеріліп тұру жөнінде кеңес берді. Басқосуда  дәрігер­лер сондай-ақ, аурудың алғашқы белгілері, науқасқа шалдыққан жандарды қайта бейімдеу, оларға үйде күтім жасау  тәсілдерінің әлемдік тәжірибелерімен таны­сып, өзара тәжірибе  алмасты. Алматы қаласы бойынша инсульт ауруына шалдыққан­дарға  көрсетілетін медициналық және реабилитациялық көмек­тер­дің барысымен танысты. Конференция аясында   арнайы «Ашық есік» күні өткізіліп, қала тұрғындары  кардиолог, невролог, терепевт, нейрохирург, травма­толог дәрігерлердің тексеруінен өтіп, қан құрамындағы қант пен холестерин мөлшерін тегін анықтау мүмкіндігіне ие болды.