ТҰМАУ МАУСЫМЫ КЕЛЕ ЖАТЫР. ЕКПЕ ЕКТІРДІҢІЗ БЕ?

%d0%be%d1%80%d0%b2%d0%b8

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Биылғы күздің мінезі аумалы-төкпелі болып тұр. Аяқасты күн ысып шыға келсе, енді бірде табиғат-ана қабағын салқын­датып, күн суыта кетеді. Ал табиғаттың осы өзгерістерінің адам денсаулығына кері әсері көп. Жылы, суық ауаның алмасуы  онсыз да ылғалды  Алматы қаласы тұрғындарын жедел респираторлық жұқпалы ауруға шал­дықтырып жатады.  Тұмаудың да қаупін тудыратын – осы ауыспалы мінезді ауа райы. Құдайға шүкір, доңыз, құс тұмауы деген аты жаман ауруларды әзірге құлағы­мыз шала қойған жоқ, дегенмен, жұқпалы ауруларға қарсы күрес жүргізетін дәрігер­леріміз биыл қыстың қатты болуына байла­нысты елімізде жедел респираторлық жұқпа­мен ауыратындардың саны мен тұмау қаупі жылдағыға қарағанда көп болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Ал осы қауіптің алдын алу үшін не істеуге болады?  Оған қарсы екпе ектіру қаншалықты тиімді? – деген сауалдар бойынша қаламыздағы  Тұтынушылар құқын қорғау департаментіне сұрау салған едік.

Алматы қаласындағы жедел респира­торлық инфекциялар бойынша (әріде ЖРВИ) эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ағымдағы жылдың эпидемиологиялық маусымында (1-ші  қазаннан  26 қазанға дейін) қала бойынша  ЖРВИ ауруларының 9195 жағдайы тіркелді, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші-541,0-і құрайды. Аурудың 67,6%-ы балаларды қамтиды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ғанда ауру 25,0% пайызға (11377 жағдай) төмендеді. Тұмау жағдайлары тіркелген жоқ, – дейді Алматы қаласы Тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау департамен­тінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Ахметова Алмаш Сәрсембайқызы.

 

ИММУНИТЕТІҢІЗДІ  МЫҚТАҢЫЗ

Sick Woman. Flu. Woman Caught Cold. Sneezing into Tissue

– Адам ағзасының кез-келген ауруға қарсы тұру қабілеті әркімнің иммунитетіне тікелей байланысты. Иммунитеті мықты адам тұмаудан да қорықпайды, – дейді біздің жұқпалы ауруларға қарсы күресімізді ұйымдастыруға жауапты Алматы қалалық Тұтынушылар құқын қорғау департамен­тінің эпидемиолог мамандары. Ол үшін теледидардан күнделікті беріліп жататын ауруды бір сәтте сылып тастауға жәрдемі тиер жарнамадағы түрлі дәрі-дәрмектерді қабылдап, түшкіре қалса, тұмау келіп қалды деп тұмауға қарсы қолданылатын дәрілерді өз бетінше қабылдауға болмайтын көрінеді. Өз бетінше қабылдаған дәрілердің кері әсері  болуы, оның ағзадағы иммундық қабілетті  төмендетуі мүмкін екен. Сол себеп­ті иммунитетті дәрімен емес, таза ауада серуендеп, спортпен айналысып, сала­уатты өмір ұстанымдары  арқылы ны­ғайтуға болады екен. Сондықтан, ауыр­маймын десеңіз, ең алдымен,  иммуните­тіңізді мықтаңыз.

 

ЕКПЕ АЛДЫН-АЛА ЖАСАЛУЫ КЕРЕК

 

Қала тұрғындарының денсаулығын қамқорлыққа алған  қала әкімдігі  биыл тұмауға қарсы күрес жүргізу үшін қазына­дан   70 миллион теңге қаражат бөліп, оған  80 000 доза Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» екпесі сатып алыныпты. Бұл екпелер ең алдымен әлеуметтік үйлерде тұратын қарттарға, балалар үйлері мен интернаттағы оқушыларға, адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммун жетіспеушілігі, 6 айлық жастан жоғары әлсіз және жиі ауыратын балалар, меди­цина қызметкерлері және 2-3-триместр­дағы жүкті әйелдерге тегін салынады.

Ал өзін-өзі тұмаудан сақтандырам дейтін тұрғындар тұмауға қарсы екпені ақылы негізде салғыза алады. Екпе ектіруді суық түспес бұрын, ең кемі  бір ай бұрын салдыру керек дейді мамандар. Ал суық басталып, ел арасында ЖРВИ  кең тарала бастаған кезде егілген екпенің  тұмауға қарсы  тұрар қабілеті мықты бола қоймай­ды. Сондықтан, екпені мүмкіндігінше, қазан айының екінші онкүндігінен бастап қарашаның 20-сына дейінгі аралықта ектірген тиімді.

 

ЕКПЕ ТҰМАУДАН ТОЛЫҚ ҚОРҒАЙ АЛА МА?

 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдын- ала ектірілген екпенің кеш жасалған екпеден тиімділігі жоғары болатыны сөзсіз, дейтұрғанмен, екпе ектірген адам мүлде тұмаумен, болмаса, жедел респираторлық жұқпалы ауруға шалдықпайды деп кесу айту қиын. Әйтседе, соңғы жылдарда жүргі­зілген талдауларға жүгінсек, екпе ектірген адамдардың арасында   суық тиюден бола­тын ауруға шалдығу көрсеткіштері екпе ектір­мегендерге қарағанда, әлдеқайда төмен болатындығына көз жеткізуге бола­ды. Демек, тұмаудан қорғауы  толық мүмкін болмаса да  ауру белгілерінің жеңіл өтуіне кепілдік беретіні анық.

Бүгінгі күнге қала бойынша тұмауға қарсы 82599 адам егілді, соның ішінде  57408  «осал топтағы» тұрғындар, 23298 адам әртүрлі салалардың жұмыс берушілер есебінен және 1893 басқа да тұрғындар өз қаржысына егіліпті.

 

ЕКПЕНІ ҚАЙ ЖАСТАН БАСТАП ЕГУГЕ  БОЛАДЫ?

 

Туылғанына алты ай болған нәрестеден бастап жасы жүзден асқан адамдарға  дейін егілуге болады. Әйтседе, екпе ектірмес бұрын терапевт дәрігерге жолығып, ақыл-кеңес алу артық болмайды. Ал балаларға екпе салдырмас бұрын  педиатр дәрігер­лерге тексертіп, екпенің қажетті-қажетсіз еместігін алдын-ала анықтап алған абзал. «Сақтансаң сақтаймын» деген  емес пе, екпенің бәрі қорғаныш, дәрінің барлығы ем бола бермейтінін есте сақтаған дұрыс болар.  Адамның денсаулығы өз қолында, олай болса, тұмауға қарсы күресе білу де өз қолымызда. Дәрігерлер оның ең қарапайым тәсілі қоғамдық көлікке мінген кезде, көпшілік мәдени іс-шаралар өтетін, халық көп жиналатын жерлерге барғанда   меди­ци­налық бет перде кию дейді. Бағасы да қолжетімді әрі сенімді қорғаныс.  Қыс келе жатыр, сол қыспен бірге  тұмаудың бірге келе жатқандығын ескерсек, оған қарсы күрес шараларын жедел қолға алуға асығыңыз. Тек екпе ектіру ақылы екендігін ұмытпаңыз.