МЕЙІРІМ ҰЙЫҒАН МЕККЕ

Жолжазба

 

SANYO DIGITAL CAMERA

Сәкен СЫБАНБАЙ

Биылғы қыркүйек айында мұсылманның бес парызының бірі – қажылықты өтеу мақсатында баяғы «сұрай-сұрай аталарымыз да тауып барған» мәшһүр шаһар – Меккеге сапар шегудің сәті түсті. Дін ислам тамыр тартқан өлкенің өзгеше тынысын сезініп, пайғамбарлар мен әулиелердің табаны тиген киелі топырақты басып, күллі әлем мұсылмандарының құбыласы саналатын қасиетті Қағбаға тәуап жасауды Алла-Тағала нәсіп етті.

 

Жалын атқан Жидда түні

Қажылық парызды өтеу кезін­де киілетін ихрамға біз Алматы әуежайында-ақ оранып алдық.

img_1978

Ихрам – үстіңді желбегей жа­батын («рида» деп аталады) және белден төмен орайтын («из­ар») еш­қандай тігісі жоқ екі ақ мата­дан тұрады екен (оны тек ер адам­дар ғана киеді, ал әйелдер үшін күн­делікті жай киім жеткі­лікті, тек етек-жеңі ұзын, беті мен қо­лынан басқа жерлерін жауып тұрса бол­ғаны). Ихрамды оран­ғанда бүкіл киім атаулы түгел шешіледі, адам анадан жаңа туғандай жала­ңаш қа­лады, ал аяққа биіктігі тобық­тан аспайтын жеңіл сүйретпе іледі. Мұны «қа­жылыққа ниет ет­кен жанның өлі мен тірінің ара­сын­дағы дүдәмал халге түскені» деп те айтады. Ра­сында да, солай секілді: «өлімін» дейін десең – кеудеңде жаның бар, «тірімін» дейін десең – тірі адамға тән дүниелік нығметте­ріңнің (атақ-дәрежеңнің, ақша-байлығыңның, абырой-айбыныңның, т.б.) белгі­ле­рін аңғартатын ештеңе жоқ. Байы қайсы, кедейі қайсы – айырып болмайды, бәрің бірдей­сің… Бұл – пенденің татар дәмі тау­сылғанда ана дүниеге ала кетер бар «іліп алары» да сол екі метр мата екенін еске түсіріп тұратын нәрсе.

Ихрам халінде дүние салған мұсылманды сол күйінде жерлейді деседі. Бұ­рын қажылыққа ниет еткен адам үй-ішімен, ағайын-туысы­мен қош­­тасып, қарыздары болса қайта­рып, ренжіскен жандармен тату­ласып, пендешілікпен өкпелетіп алған дос-жараны болса, алда­ры­нан өтіп, кешірімін алып, бір-ақ аттанатын болған. Қазір де солай.

Ихрамды әуежайда-ақ киіп алған себебіміз – қажылықты не­ме­се умраны (кіші қажылық) өте­мек мақсатпен жолға шыққан адам­ның Меккеге жай дүнияуи киіммен кіруіне болмайды екен. Мұсылмандардың қасиетті қала­сына қай тараптан жақындасаңыз да «миқат» деген болады. Ол – «әрі қарай дүнияуи киіммен өтуге болмайды, ихрам халіне кіру ке­рек» деген шекаралық белгі. Қа­зақстаннан баратын қажылар үш­ін миқат екеу: алдымен Жидда қа­­ла­сына ұшып, сосын Меккеге сапар шегетін бағыттың миқаты – «Жухфа» (Меккеге 183 шақырым қалғанда), ал ұшақпен әуелі Мединеге жетіп алатын бағыттыкі – «Зүл-Хуләйфа» (450 шақырым). Бірінші бағытпен, яғни, Алматы-Жидда бағытымен ұшқан біз миқатқа ұшақ ішінде кірдік. Са­пар­ға басшылық жасаған жауап­ты кісілер ұшақ командасының дауыс күшейткішімен: «Сәлден кейін біз миқатқа кіреміз, соған дейін ихрамдарыңызды киіп үл­ге­ріңіздер», – деп хабарлады. Ұш­ақ­қа жай киіммен мінгендердің кейбірі дереу әжетханаға кезекке тұрып, кейбірі тіпті отырған ор­нында-ақ шешініп, ихрамын кие бас­тады. 400 адамдық үлкен лай­нердің ішінде мұның қанша­лықты қолайсыз әрекет екенін жетекші­лерімізден алдын ала біліп алған біз бұл шаруаны әуежайда-ақ тындырып алғанымызға қуандық.

Жергілікті уақытпен кешкі 10 шамасында қонғанымызбен (біз­дің елде бұл кезде түнгі бір еді, айы­р­машылық үш сағат екен), Жидда бізді тандыр аузындай жалын бү­ріккен қапырық ыстық­пен қарсы алды. Тамыздың аяғы, қыр­күйек­тің басы Сауд Арабия­сындағы ең аптапты шақ екенін естігеніміз­бен, дәл осындай қапырық болар деп ойламаппыз. Лезде терге мал­шы­нып шыға келдік. Қызыл теңіз­ге жақын болған соң шығар, Жид­дада соққан желдің өзі ыс­тық. Араб түбегі – Жер бетін­дегі ең құр­ғақ өңірлердің бірі екенін, күннің қатты ысыған шағында ауа тем­пературасы 50 градусқа дейін жете­тінін ғаламтордан оқыған­быз. Алайда, оқыған бір бөлек те, сезінген тіптен басқа екен.

 

Қағба – тіршіліктің қан айналымы

Ел  астанасы Эр-Риядтан кей­ін­гі екінші ірі шаһар, Сауд мем­лекетінің «экономикалық астана­сы», Қызыл теңіз жағалау­ын­дағы маңызды порт саналатын Жиддада біз ұзақ бөгелген жоқпыз. 90 шақырымнан астам қашықтықты бір жарым сағатта жүріп өткен автобус көп ұзамай бізді Меккенің «Гранд Резиденс» қонақүйіне әкеп түсірді. Орналасып, жайғасып алған соң бірден умра қажылығын өтеуге қала орталығындағы әйгілі «әл-Харам» мешітіне бардық.

Бұл – әлемдегі ең үлкен мешіт. Мұнда бір мезетте 1 мил­лион 200 мың адам намаз оқи алады екен! Мешіттің ортасын­дағы қасиетті қа­ра тас – Қағбаны айналып, тәуап жасаушылар легі жыл он екі ай және тәулік бойы бір толас­тамайды. Яғни, Қағба салынғалы қанша заман өтсе, сонша уақыт­тан бері оны айналушылар бір сәтке де тынған жоқ, тіршіліктің қан айналымы секілді дәйім үздіксіз қозғалыс үстінде деген сөз. Егер үлкен қажылықтың бел­гілі бір мерзімі болса (Құрбан айт­тың кезі, зүлхиджа айының 8-і мен 13-інің аралығы), умра қажы­лы­ғын­да ондай нақты мезгіл жоқ, оған ниет еткендер Меккеге жыл­дың кез- келген айында, кез-келген күнінде келе береді. Сондықтан да Қағба маңындағы қарбалас ешқа­шан тоқтамайды. Ал қажылық ке­­зінде оған тәуап етушілердің са­ны 4 миллионға дейін жетеді деседі.

Умраның міндетті амалдары төртеу – ихрам халіне кіру, Қағ­баны жеті рет айналып, тәуап жа­сау, сосын Сафа және Мәруа төбелерінің арасын жеті рет жүріп өту және осының бәрін атқарып болғаннан кейін шаш алдыру. Әрине, мұның бәрі іштей де, дау­ыстай да дұға оқып, мінәжат жа­сай жүріп атқарылады. Тәуап жасағанда ер кісілер ихрамда­рының бір ұшын қолтығының ас­тынан өткізіп, оң иығын жалаң­аш­тап алады. Мұның себебін сұ­рағанда: «Біздің бұл құлшылық амалдарымызды жауларымыз да көріп тұруы мүмкін, соларға сес болсын, ерлер оң иықтарын ашып, бұлшық еттерін бұлтың­датып жүр­сін, мүшріктер мұсыл­ман­дардың күшін көріп, үрей­ленсін деп пай­ғамбарымыз Мұхам­­мед с.ғ.с. сүннет еткен», – десті жанымыз­дағы діни сауаты мол жігіттер.

Осы амалдарды өтеп болған­нан кейін, ерлер шаш алдырады (немесе жай қысқартса да болады), әйелдер шашының ұшын ғана қыр­қады. Бұл – кіші қажылық біт­ті деген сөз. Енді ихрамды ше­шіп, жай киім киюге болады.

Қазақстанда қажылық сапа­рын ұйымдастырумен айналыса­тын оншақты фирма бар екен. Бізді алып барған «Кәусар-Сая­хат» фирмасының (басшысы – Аза­мат Қадыров) қызметі көңілі­мізден шықты-ақ. Құрамымызда «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлімұлы, республика­лық «Айқын» газетінің жетекші журналистері Ермахан Шайхы­ұлы мен Есей Жеңісұлы, фило­логия ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова, К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық маман­дандырылған мектеп-интернат колледжі директорының орын­ба­сары Мақсат Мыхыбаев, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры Жадыра Тойбай, ай­тыс­кер ақын Жандарбек Бұлға­қов және т.б. елге белгілі аза­маттар болды. Осы орайда ұлы сапарды ұйымдастырған, Мекке төрінде елімізден барған қажы­ларға арнайы ас берген, Арафатта «Бір мезетте бір ниет» акциясын өткізген Қазақстан мұсылман­дары Діни басқармасына, сондай-ақ, қажылық барысын тікелей эфирден көрсеткен, қажет сәт­терде бізге көмек қолын созған «Асыл арна» телеарнасы өкіл­деріне айтар алғысымыз зор.

 

Мұсылман еместер кіре алмайтын қала

Жыл он екі ай ауа райы өзгер­мей, қыс мезгілі тіпті болмай­тын­дықтан ба екен, әйтеуір Меккеде уақыт біздегіге қарағанда әлде­қайда баяу жылжитындай әсер қалдырды.

Күннің қысқарып-ұзаруына байланысты бізде намаз уақыт­та­ры да ілгері-кейінді ауысып отыр­са, ол жақта аса құбыла қоймай­ды. Мұнда мешіт өте көп, тіпті, әр көше, әр бұрылыс сайын біреуі кездеседі. Азан шақырылғаннан жаппай абыр-сабыр басталады. Сатушылар дүкендерін жауып, асхана-дәмхана қызметкерлері ауқаттанып отыр­ған­дарды асық­тырып, жаяу жүргін­шілер жан-жағын бағдарлап, бәрі жақын маң­дағы мешітке бет тү­зейді. Бұл жақтың халқы намазды, негізінен, үйінде емес, мешітте оқуға бейілді тәрізді. Орналасқан мейманхана­мыздың дәл алдында да мешіт бар екен, біз үнемі соған барып жүрдік.

Умрадан соң үлкен қажы­лық­қа дейін біраз бос уақытымыз болды да, біз сәл реті келсе-ақ «әл-Харамға» тартып отырдық. Өйткені, біріншіден, ол бізге аса алыс болған жоқ, екіншіден, онда оқылған әрбір намаздың сауабы басқа жай мешітте оқылған на­маздың сауабынан жүз мың (!) есе артық екен. Мұны білген соң Мек­кеде жүрген тірі жан атаулы қолы қалт етсе-ақ «әл-Харамға» тұра шаппай қайтеді? «Меккедегі мұсылман» демей, «тірі жан» деген себебіміз – Мекке мен Ме­динеге онсыз да тек мұсылмандар ғана кіре алады, басқа діндегі адам­дар үшін бұл қалалардың қақпасы жабық.

Мешітті әдетте «Алланың үйі» дейміз ғой, бірақ, ол – «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед Он­ың елшісі» деген әрбір мұсыл­ман­ның да үйі секілді. «Әл-Ха­рамның» қай қабаты, қай түкпірі болсын, топтанып мінәжат етіп тұрған, намаз оқып жатқан, тәспі тартып, дұға жасап отырған қа­лың адам; ол аз болса, кейбірі жұ­қа төсеніш төсеп, кейбірі жалаң еденге жы­ғыла сап, жайнамазын жамылып, аяқ киімі салынған қап­шығын жастанып жата кет­кен, алаңсыз ұйқыға кіріскен нөпір жұрт… Бәрі де өз шаңы­ра­ғында, қазақы түсі­нікпен айтқан­да, «на­ға­шысының үйінде» жат­қандай еркін. Және бұл мұнда әб­ден көз үйреніскен қалыпты жағдай сияқты.

Бірде «әл-Харамға» түнде бар­дық. Түнгі сағат екі жарым шама­сында қонақүй алдынан жүретін автобусқа отырып, 3-тен өте үл­кен мешіттің ішіне кірдік. Тәуап­ты мешіттің бірінші қабатында жа­сап, яғни, Қағбаны тура жа­нынан жеті рет айналып болған соң («әл-Харамға» бас сұққан адамның нешінші рет болса да тәуап жасауы – уәжіп), эскалатор арқылы ең үстіңгі – ашық аспан ас­­тындағы төртінші қабатқа шық­тық. Мұнда да ығы-жығы адам. Қағбаның айналасында кісі тым тығыз болған соң, көпшілік оны екін­ші, үшінші, төртінші қа­баттардан да айнала береді. Қағба мен оның алаңы жақсы көрінетін оңтайлы жерге орналасып алдық та, таһажут намазын оқып (мұнда оған да азан шақырылады екен), сосын таң намазына шейін дұға жасадық, тілеу тіледік. Күндізгі көрінісі де керемет қой, бірақ, «әл-Харамның» түнгі салтанаты тіпті ғажап екен! Қонақүйге әбден жарық болғанда қайттық.

(Жалғасы бар)