АУРУХАНАНЫҢ АУЛАСЫНА ДОЛАНА ЕККЕН

Тұрарбек Төлендіұлы  «кезінде өзім басқарған «жетіншінің» жетістіктеріне қуанып жүремін», – дейді

%d1%81%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d1%82-%d0%b4%d0%b5%d0%bf%d1%83%d0%b4%d0%b0%d1%82-%d0%bd%d1%83%d1%80%d0%b6%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%bb-%d0%b0%d0%bf%d0%b9

Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. «Бұл Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ» деп Елбасымыз айтқандай,  еліміз тарихындағы егемен ел болған жылдарымыздың әр парағына үңілсек, бұл сөздің шындығына көз жеткіземіз. Сонау, тоқсан бірінші жылдан бастап күні бүгінге дейінгі кезеңде халқымыз бір кісідей-ақ талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткеріпті. Сол қиындық біздің халық денсаулығының жанашырлары – денсаулық сақтау сала­сының  да басынан өтті.  Ел экономи­касындағы қиындықтарға қарамастан, Елбасымыз халық денсаулығына қажетті жағдайларды қолға алуды бірінші кезектегі мәселе етіп қоя білді. 2002 жылды  Денсаулық жылы деп жариялап, жаңа денсаулық сақтау нысандарының салын­уын, ал құрылысы басталып, қалып қойған әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстарының тоқтап қалмауын қатаң қадағалап отырды. Міне, Елбасының қадағалауымен  тәуелсіздігіміздің ең алғашқы жылдары ел игілігіне берілген сондай нысандардың бірі – Наурызбай ауданы, Қалқаман ықшам­ауданында орна­ласқан  №7 қалалық кли­ни­калық көпса­лалы  аурухана болатын. Тәуелсіз­дігімізбен түйдей құрдас осы емдеу мекемесін 1996 – 2006 жылдар аралығында  Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Еңбек Қызыл Ту орденінің  және  «Құрмет» орде­нінің иегері Тұрарбек Төлендиев басқарған еді. Тұрарбек Төлендіұлы  Алматы қалалық мәслихатына екі рет депутат болып сайланған халық қалаулыларының бірі. Біз бүгін  Тұрарбек Төлендіұлымен «жетін­шінің» сонау жылдардағы тарихы төңіре­гінде,  Тәуелсіздіктің төл перзенті атанған аурухананың сол жылдардағы жетістіктері жөнінде әңгімелескен едік.

– Тұрарбек Төлендіұлы, сіздің  Алматы қаласындағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырудағы еңбектеріңізбен жақсы таныспыз. Сіздің қаламыздағы №2 ауру­хананы аяғынан тұрғызып, қала тұрғын­дарының денсаулығын жақсартуға дәнекер болатын  емдеу мекемесі дәре­жесіне жеткізгеніңізден де хабардармыз. Ал енді зейнетке шығып кетсеңіз де әр қадамына алаңдаушылықпен қарап жүре­тін, ертең ашылғанына 25 жыл толып отырған  №7 аурухананың кешегі тарихы туралы айтып берсеңіз.

– Уақыт шіркіннің доңғалағы тез зырлайды екен, жақында аурухананың бас дәрігері  Әнуар Тұрсынжанұлы хабар­ласып, «аурухананың ашылғанына 25 жыл толады, соның құрметті қонағы болыңыз»  деп шақырғанда кәдімгідей толқып қалдым. Әрине, ең алдымен еңбегімізді  ұмытпай, құрметтеп шақырып отырған жетінші аурухананың басшылығына,  шаңырағы өз үйімдей, ондағы қызметкерлері ет-жақы­нымдай болып кеткен ұжымыма рахмет дегім келеді.  Ал енді  «өткенсіз бүгін жоқ» деген сөз тіркесін қазір  жиі қолданатын болдық, мен де сол тіркеске сүйенсем,  №7 аурухананың іргетасы қаланып, құры­лысының салынуында мемлекет қайрат­кері, еліміздің  кеңес кезеңіндегі басшысы марқұм Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еңбегі зор. Димекең  Алматының жер сілкінісіне бейімділігін ескеріп, қаланы  батысқа қарай ұлғайтуды, сол жоспарымен ең алдымен қалада жер сілкіне қалса, дәрігерлік көмек көрсету жолы жеңілдеу  болсын деген оймен аурухана салуды жобалайды. Ол уақытта басқа мәселе тұрмақ, бір тал шеге алу үшін Мәскеуге жәутеңдейтін уақыт. Димекең   қайтпас қайсар мінезінің арқасында аз ұлттың пікірімен санаса бермейтін Мәскеуді көндіріп, аурухана салуға рұқсат алады. Бірақ,  аяқ астынан қоғам өзгеріп, он бес одақтас республиканың уығы ыдырап, әр мемлекет өз алдына жеке ел болуға белді бекем буғаны белгілі. Енді, тарих туралы көсіліп әңгіме айтатын тарихшы емеспін, дегенмен,  аурухананың салыну тарихынан ептеп хабарым бол­ғандықтан, №7 аурухананың іргетасында Димекеңдей халықтың біртуар азаматының да қолының табы барын айтып отырғаным ғой.  Сол Димекең бастап берген аурухана құрылысының толық аяқталуына қам­қорлық жасап, халықтың игілігіне ұсынған – Елбасымыз Н.Назарбаев болды. Аурухананы бастапқы кезде Т.Тоғандықов, А.Смайылов секілді денсаулық сақтау саласының білгірлері басқарды.  Дей­тұр­ғанмен,  елдегі экономикалық қиындықтар бас дәрігерлерге жаңа аурухананың  жұ­мысын тіктеп әкетуге көп мүмкіндік бере қойған жоқ. Олар ауруханалар  шамның жарығымен ота жасап, жарақат таңатын таңғыш зат таппай, төсеніштерді пайда­ланған нағыз қиын-қыстау кезеңдерді бастарынан өткерді. Оңай болған жоқ. Мен басшылыққа келген 1996 жыл да  эконо­микалық, әлеуметтік ахуалымыз көп оңала қоймағанмен, алдыңғы жылдармен салыс­тырғанда елдің ес жиып қалған кезеңі еді. Қала басшылығы сенім артып жіберген соң ауыл мен қаладан алған тәжірибеммен «қалауын тапса, қар жанар» деген тәмсілді ұстанып, білек сыбана  жұмысқа кірісіп кеттік. Мен таяғыма сүйеніп, тыным таппай жүргеннен бе, жоқ сол кезде адамдардың жұмысқа, елге қызмет етуге деген ықыласы айрықша болды ма, әйтеуір,  жұмыла жұмыс істегеннің арқасында айналасы бір-екі жылдың ішінде, республикада теңдесі жоқ, 1000 орынды, 1400 адам қызмет істейтін аурухананың қызметі біртіндеп жақсара бастады. Қарамаса тозбайтын зат бар ма, мен келгенде ауруханалардың бөлімдеріндегі еденге төселген төсеніш­тердің тозғаны соншалық, шаңы шығып жататын. Төсек деген аты болмаса, оған жатқан науқастың жамбасы жерге тиетін. Ал ауруханаға келушілер  жардан өтіп, сайға түсіп, әрең жететін.  Аурухананың қазіргі орман-тоғай, гүл бағына оранып тұрған орнында ши, қалақай мен алабота өсіп тұратын..

– Сіздің ауруханың ауласына раушан гүлі мен долана әкеліп еккеніңізді білемін.

– Ауруханада жатқан адам далаға шыққанда оның көңіліне әсер ететін,  жақсы нәрсе болуы керек қой, шырша мен ақ қайыңды, гүлді жақсы көрмейтін адам кемде-кем. Сол еккен ағаштардың, гүлдердің күтімін әр бөлімшеге бөліп беретінмін. Өздері күтіп-баптап, қарайтын.  Қай бөлімнің гүлдері мен еккен ағаштары жақсы өссе, оларды марапаттап отыратын­быз. Қаламыздағы емдеу мекемелерінің арасында «Отан»  партиясының (қазіргі «Нұр Отан»)  бастауыш ұйымы, «Қазақ тілі» қоғамының  алғаш біздің ауруханада құ­рыл­ғанын айта кеткім келеді.  Қаламыз­дағы емдеу мекемелері арасында іс қағаз­дарын қазақ тілінде жүргізу де осы жетінші ауруханада  бірінші болып қолға алынған болатын. «Науқастың  ауруы жөніндегі анықтаманы, сырқатының түрін қазақша жаздың» деп таяқ та жегеніміз бар. Қазақ тілі кабинетіміз қалалық байқауларда үздік танылып, қазақ тілін денсаулық сақтау қызметкерлері арасында оқыту тәсілі бойынша  әдістемелік  орталық болатын. Ал маған қазір кітапханасы бар аурухананы айтып беріңізші, «жетіншіде» кітапхана бар. Қазір де жұмыс істеп тұрғанына сенімдімін.

– Кітапхана демекші, сіздің  газетіміздің  жанашыры болғаныңызды да ұмыта қойған жоқпыз.

– Батыр екенбіз, әкімдіктен, болмаса партия тарапынан нұсқау күтпей-ақ, 500-700 дана жаздыртып алатынбыз. Адамдар өздері ашқұрсақ жүрсе де осы «Алматы ақшамы» газетіне жазылғанды қалайтын.

– Ауруханадағы қазіргі кейбір бөлім­дердің ашылуында сіздің еңбегіңіздің көп екендігін  әріптестеріңіз үнемі айтып жүреді. «Жетіншіде» қандай қолтаңбаңыз бар ?

– Жаңалықтарымыз көп болды ғой. Ең негізгілеріне тоқтала кетсем, екі инсульт бөлімін, қосымша ота жасайтын бөлім, ақылы бөлімдерді ендіріп, ақылы түрде қызмет көрсетін хирургия, терапия, неврология, нейрохирургия бөлімдерін  аштық. Елімізге белгілі нейрохирург Серік Ақшолақовтың ұйымдастыруымен төрт нейрохирургиялық бөлім аштық.  Бүйрек қызметі бұзылған науқастарға арналаған гемодиализ бөлімшесі де қалада бірінші рет осы №7 ауруханада ашылған болатын. Қалқаман жақтағы жұртшылыққа қолайлы болсын деген мақсатпен  аурухана жанынан емхана аштық.  Мұның барлығы бір адамның қолынан келмейтін шаруа. Ең алдымен бізді  сол кездегі қала басшылығы, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшылары қолдап, көмектескенінің арқасында осындай жетістіктерге жеттік деп ойлаймын. Еңбегіміз еш кетпей, 2004 жылы ең үздік аурухана мәртебесін иелендік.  Қаланың қазіргі басшысы Бауыржан Байбектің де денсаулық сақтау саласына жанашырлықпен қарайтындығын байқап жүрмін. Алматы қаласының  денсаулық индикаторы бойынша еліміздегі алдыңғы үштіктің қатарында келе жатқандығына қуанамын.  Аймақтардағы ағайынның Алматының дәрігерлеріне деген сенімі мықты. Бәрінің де осында келіп ем алып, перзенттерін осында өмірге әкелгілері келеді. Халықтың осы сенімі біздің  дәрігерлеріміздің жауапкершілігін арттыра түседі деп ойлаймын. Қазір өзіміздің тұрғындармен бірге  алыс-жақын шет елдерден келіп, Алматыдағы қалалық ауруханалардың өзінде ем алып жатыр. Дене мүшелерін трансплантациялауға қол жеткіздік. Мұның өзі осы Тәуелсіздік алған жылдардағы ірі жетістіктеріміз.

– Сіз басқарған кезде ауруханада маман тапшылығы  болды ма?

– Болған жоқ деп айта алмаймын, бірақ, №7 аурухана мықты мамандар қалыптасқан үлкен шеберлік мектебі болды дегенді қорықпай айтуға болады.  Серік Ақшолақов, марқұм Мейман Көжеков, Ақылбек Тобылбаев деген азаматтар   мықты дәрігерлер еді ғой. Қазір де «же­тіншінің»  шаңырағына кілең мықты ма­мандардың  топтасқанын олардың қазіргі еңбектерінен көруге болады. Қала дең­гейінде адам ағзасын трансплантациялау отасының осы ауруханада жүзеге асырыл­ғаны да аурухананың осы 25 жылда қол жеткізген жетістіктері. Қаншама иннова­циялық технологиялар ендірілді. Маман­дарымыздың білім-біліктілігін арттыру бағытында қолға алынып жатқан жұмыс­тары  қаншама.

– Жетінші аурухананың қазіргі  қызме­тінен көп хабардар екенсіз…

– Адам баласы өзі суын ішкен құды­ғын, еңбек етіп, оның жемісін көрген  ортасын ұмытпайтын шығар. Өз басым «жетіншінің» әрбір жетістігіне қуанып, кем­шілігі бола қалса, «әттеген-ай» деп отырамын

– Қазір  дәрігерлердің атына айтылатын рахметтен гөрі, сын көбейіп барады. Сіздің кезіңізде де сын көп айылатын ба еді?

– Жағдайымыз жақсарып, қас-қаба­ғымызға қарап, басымыз ауырып, бал­тырымыз сыздай қалса, аялы алақандарына салатын адамдардың қатары көбейген сайын міншіл болатын шығармыз. Адам пенде жүрген жерде  сын да, сөз де көп болатындығы заңдылық сияқты. «Оған мойымаңдар» дегім келеді менің  жетістігі көп, халық алдында мәртебесі биік №7 аурухана ұжымына. Осы ретте мен ауру­хананың шаруашылық жұмысында жүрген азаматтарға алғысым шексіз. Сол бір қиын кезеңдердің өзінде отын өшірмей, суын суалтпай, науқастардың алаңсыз ем алуына  күні-түні жағдай жасаған  аурухананың коммуналдық-шаруашылық саласының жұмысшылары болды. Біз көбіне өзімізді дәріптеп кетеміз де, қарапайым қызмет иелерін ұмытып жатамыз.  Науқас адамдар­дың ауруынан айығып, аман-есен отбасына оралуындағы мейірбикелеріміз бен күтушілеріміздің еңбегі  де ұмытылмауы керек. Мен Наурызда, өзіміздің төл мере­кеміз болғанда құттықтауды да, мара­паттауды да осы қызметкерлерден бастай­тынмын.

– Тұрарбек Төлендіұлы, жетінші ауру­ханаға деген ілтипатыңызды байқап отыр­мын, өлең  жазатыныңыз бар еді ғой…

– Өлең жазып, ән шығаратын, ептеп әзілдегенді де ұнататынымыз бар.

– «Жетіншідегі» әріптестеріңізге  деген өлең сәлемдемеңіз де бар шығар?

– Енді соншалықты көркем дүние болмағанмен, жүректен шыққан шын ықыласым, сіздердің арқаларыңызда  жігіт жасы 25-ке келіп отырған ауруханадағы әріптестеріме жолдайын.

Есімде әлі бәрі де,

Ыстықсың маған бәрің де.

Ұрпақты болсын отбасың,

Қуаныш толып әр үйге,

Сіздермен бірге жүрегім,

Барлығыңа әріптес,

Бақ-береке тіледім.

 

Әңгімелескен –

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.