БІРІНШІ БАЙЛЫҚ –ДЕНСАУЛЫҚ

4090

Қаладағы Наурызбай батыр және Жібек жолы көшелерінің қиылысына таяу орналасқан «Сема» емханасы біраз жылдан бері елге үздіксіз қызмет етіп келе жатыр. Мұнда, негізінен, қазақстандық және түркиялық мамандар бірлесіп жұмыс істейді. Екі елдің де медицина саласындағы озық тәжірибелері әлемдік стандарттарға сай қолданылады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің квотасы бойынша, сондай-ақ,  өз қаражатымен емделуге келген науқастарды қабылдайды.

Жалпы, «Сема» емханасы туралы сөз қозғағанда, мұндағы мамандардың біліктілігі, кәсіби деңгейінің жоғарылығы және өте сапалы қызмет көрсететіндігі хақында көпшіліктің пікірі бір арнада тоғысады. Ал  емханадағы қызмет көрсету ақысына келгенде, әрине, әр түрлі әңгімелердің айтылатыны да рас.

Міне, осыған орай біз таяуда аталмыш емхананың бас дәрігері Адем Дженгчи мырзамен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз. Енді сол әңгімені сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

DSC_9853

– Адем мырза, сіз Түркиядан кел­ген мамансыз ғой. Сондықтан да, қазақстандық медицинаға деген көз­қарасыңызды, мұнда қызмет жасаған жылдары өзіңіз көріп-білген ерекше­ліктерді, өзгешеліктерді білгіміз келеді.

– Қазақстанда диагноз қою ісі өте жақсы дамыған. Оның үстіне халқы да сауатты, білімді. Өз құқықтарын жақ­­сы біледі және оның сақтала­тын­дығына, қорғалатын­дығына сенім­ді. Бұл, әрине, жаңадан дамып келе жат­қан жас мемлекет үшін өте жақсы қасиет.

Түркияда емханаға келген ем­делушілердің көпшілігі дәрігердің жазып берген рецептін алып, үнсіз кетеді. Содан соң дәріханадан қажетті дәрілерді алып, емделуге кіріседі.

Ал мұндағыдардың психологиясы оларға қарағанда басқашалау. Қа­зақстандықтар аурудың белгісі, зар­дабы туралы, дәрінің қажеттілігі, за­лалсыздығы жайында міндетті түрде сұрап, білуге тырысады. Бұл, бір жа­ғы­нан, жақсы. Екінші жағынан, дәрі­гердің біраз уақытын, энергиясын алып, шаршататын да жұмыс.

– Бәлкім, дәрігерден сұрап, біліп алған соң, өз бетінше емделуге тал­пынатындар да бар шығар?

– Ол жағын білмеймін. Бірақ, мұн­дағы медицинаның мүмкіндік­теріне күмән­данып, шет  елдерге барып ем­делетін, ота жасататын кісілердің бар екенін білемін.

Бұл өте қымбатқа түседі. Айталық, біздің емханада бес мың долларға жа­сатуға болатын операцияны ол жақ­­та отыз мың долларға жасатуы мүмкін. Бірақ, түптеп келгенде нәти­же – бір­еу.

Меніңше, қазақстандық медицина да бірте-бірте өзін әлемге таныта бастайды. Оның алғышарттары қазірдің өзінде-ақ анық байқалады. Бұдан он бес-жиырма жыл бұрын Түркиядағы емханалардың жағдайы да мүшкіл болатын. Кейін мемлекет жекеменшік емханалардың, ауруха­налардың көптеп ашылуына мүм­кіндік жасап, медицинаның дамуына үлкен ықпал етті. Медициналық сақтандыру жүйесі бойынща тұрғын­дар жекеменшік емханаларға бара бастады. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, өте сапалы қызмет көрсетуге көшті. Емделушілердің электронды кітап­шалары ашылды. Олар енді қай емханаға барса да ортақ жүйе арқылы кез-келген дәрігер электронды ақпа­ратты ашып, емделуге келген кісінің қашан, қай емханада емделгенін біліп отыратын болды. Мемлекеттік меди­циналық сақтандыру жүйесі арқылы емделу ешқандай да қиындық тудыр­майды.

– Ал  мұнда ше, «Семаға» келген кісілер емделу бағасы қымбат деп, қынжылмай ма?

– Меніңше, мына өмірдің қадірін жақсы түсінген кісі денсаулықтың да қаншалықты қадірлі, қаншалықты қымбат екенін жақсы білуге тиісті. Әр адам, ең алдымен, өз денсаулығына өзі жауапты. Айталық, темекінің, ішімдіктің, артық ас, қосымша сал­мақтың, жатып ішер жалқаулықтың зиянды екенін білмейтін жан жоқ бұл күнде. Бірақ, соны ескеріп, ойланып, сақтанып жүретіндер өкінішке қарай көп емес.

Адам баласының табиғаты күрделі ғой. Кейде бір күндік, тіпті, бір сәттік алдамшы қызық үшін бүкіл ден­саулығын құртып алады. Сондықтан да, денсаулық туралы түйсігі, түсінігі мол жандар дәрігердің жұмысына әрдайым құрметпен қарауға тиісті. Сапалы, өте маңызды қызметтің бағасы да соған лайықты болады емес пе. Бірақ. қазақстандықтардың табы­сымен салыстырғанда «Семаның» бағасы соншалықты қымбат деп ойламаймын.

– Өзіңіз. жалпы, медицина сала­сына қашан келдіңіз? Түркияда қаншалықты тәжірибе жинақта­дыңыз?

– Мен өзім Анталияда туып-өстім. Мектепті бітірген соң «Ақ теңіз» университетіне оқуға түсіп, медици­налық білім алдым. Одан соң Измир қаласындағы Эгей университетінде оқуымды жалғастырдым. Сөйтіп, лор маманы, яғни, құлақ, тамақ, мұрын ауруларын емдейтін дәрігер-хирург болып шықтым.

Түркияда 27 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Оның ішінде 5 жыл бас дәрігер болып қызмет ат­қардым. Қазақстанға арнайы шақыр­тумен келгеніме екі жыл болды.

«Сема» – жақсы жабдықталған, ха­лыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан емхана. Мұнда кардиология, нейрохирургия, жалпы хирургия, ги­не­кология, урология, балалар хирур­гиясы, лор, офтальмология, ортопедия және травматология бөлімдері бар. Бәрі де заманауи үздік техника­лармен, техноло­гиялармен жабдық­талған. Бізге келіп емделген кісілер, негізінен, дән риза болып кетіп жатады.

Таяуда ғана отыз үш жастағы жі­гіт­ке өте күрделі ота жасалды. Нау­қастың өкпе тамыры жабылып қалған екен. Жағдайы өте ауыр еді. Енді бәрі де сәтімен аяқталған соң, ақиқатты ашып айтуға болатын шығар. Егер отаны он бес минутқа кешіктіргенде, ол қазір бұл дүниеде болмас еді…

Міне, медицинада мұндай жағдай­лар да жиі кездеседі. Сондықтан болар, дәрі­герлердің ерлікке пара-пар жұмысының өзін әдетте күнделікті, ағымдағы нәрсе ретінде қабылдаймыз.

– Әйгілі Ақ теңіздің жағасында – Анталияда туып-өскен жанға біздің Алматы қалай әсер етті? 

– Алматы – әдемі қала. Табиғаты өте сұлу. Тауға қарасаң, таңғажайып бір картина көріп тұрғандай күй кешесің. Тұрғындары сыпайы, мәде­ниетті әрі еңбекқор, ақкөңіл. Тарихи тамырымыз бір, туысқан ел екендігіміз айқын сезіліп тұрады. Өз басым мұнда келгенде Түркияның бір ауданынан екінші  ауданына өткендей ғана әсерде болдым. Көп қиындық кездестірген жоқпын. Қазір қазақ тілін үйренуге ден қойып жүрмін. Мұнда түрік тілін жақсы меңгерген қазақ жастары көп. Мәселен, бүгін сіз екеуміздің арамызда аудармашы болып отырған  Эльмира Монтанаева қарындасымыз кез-келген түрік жігітін сөзден жаңылдыра алатынына бек сенімдімін. Кейде, тіпті, түрік қыздары­ның өзі де ана тілінде осылай сөйлей алар ма екен деп таңғаламын.

– Жалпы, қазақтармен қалай араласасыз? Достарыңыз бар ма?

– «Сема» емханасында С.Ж.Ас­фен­дияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің 15 студенті тәжірибеден өтуде. Біз оларға жалақы төлейміз. Олар кейін өте тәжірибелі дәрігер болып шығады.

Емханада, негізінен, қазақ дәрігер­лері жұмыс істейді. Сондықтан да, жергілікті халықпен танысу, білісу біз үшін үлкен қиындық тудырмайды. Құдайға шүкір, достарым, жора-жолдастарым да көбейіп келеді.

Қазақтар, жалпы, шындықты айтқанды жақсы көретін халық. Кім-кімге де ағынан жарылып, құшағын ашып, бауыр тартып тұрады. Біз оларға дән ризамыз. Қазақ ағайындар  мұндай бауырмал болмаса, біз қалай келер едік? Енді барынша жақсы жұмыс істеп, елдің ризашылығын алып, алғысына бөленсек деп армандаймыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет, Адем мырза.

Сұхбаттасқан — Нұрғали ОРАЗ