Ол туралы Ода

(Қосқағыс)

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

4

 

БАЙЛЫҚ-БЕДЕЛ.

 

Ол кездесті. Ашулы кейіпте кездесті. Түрі өрт сөндіргендей. Біразға дейін сөз айта алмай тұтықты. Сонда да шыдаммен күте түскем. Былай деді: «Кеше бір жерде қонақта болғам. Бірнеше кісінің басы қосылған жер. Ішіндегі жасы ересегі байқасам мен екенмін. Сосын да сыпайы сөйлеп, сырғақ отырдым. Бір кезде әлгі бізді сыйлап отырған жігіт тамаша тігілген шапан әкелді. Пенде емеспін бе, ішімнен «үлкені мен ғой, маған жабар» деп үміттеніп те қалдым. Сөйтсем… шапандыжанымда отырған қырыққа да тола қоймаған қырма сақал жігітке жапты. Ол да еш қымсынбастан «Рахмет» деп киіп алды. /Баяғыда аталарымыз «шапан киер жасқа жеткен жоқсың» деп отырушы еді, сондай жас қой мұныкі де/ Сосын басқалардан сұрамаймын ба? Аса қадірлі болатындай, бұл кім еді демеймін бе? Бақсам – бизнесі дөңгеленіп тұрған жігіт болып шықты. Дүние оған еш қат еместігін байқағам. Сонда… мына заманда бедел де байлыққа-барлыққа байлана бастағаны ма? Байлық-бедел бел алып бара жатқаны ма? Оның ғұмыры ұзақ болса жақсы-ау! »

 

***

 

Рас! Мұндай әдет көп жерде көзге ұра бастаған. Көргенбіз! Уа, бедел шіркін, сенің тұрағың қайда өзі? Мекен-жайыңнан адасып-ажырап бара жатқан жоқпысың, жарқыным-ау!

 

БОЛҒЫМ КЕЛДІ.

 

Ол айтты: «Танысым болушы еді, өзі тым қиялдағыш жан болатын. Сол жігіт бір күні ішіндегі бар сырын маған ақтарып салды. Ештеңені жасырмады. Мен де оны зейін қоя тыңдадым. Сондағы айтқаны мынаған саяды. Өзі әуелде ұшқыш болуды армандапты. Бірақ оған денсаулығы жарамай, оқуға қабылданбаған соң, басқа арманға құлаш ұрады. Енді жазушы болмаққа бекінеді. Жата қалып жаза береді, жаза береді. Бірақ одан да ештеңе өнбепті. Жазғаны сынға ұшырап, бар беделден айрылған соң, оны да тоқтатты. Сосын ғалым болғысы келді. Тарихқа үңілді. Зерттемеген нәрсесі қалмаған. Алайда, ғылым да инемен құдық қазғандай бірнеме екен, жолы болмады. Жазғаны түкке алғысыз болып шықты. Оны да тартады. Сосын инженерлікке ұмтылды. Одан да түк өнбеді. Мұнан соң да бірнеше саланы сағалап көрген. Жолы бола қойғаны шамалы. Енді басы шым-шытырық! «Болғым келіп еді»дейді маған. Болса, кім қой депті? Бола алмаса, оған кім кінәлі екен? Соны түсінбедім.!»

 

***

 

Мен оны тыңдап отырып, болғысы келген замандасты аяп кеттім. Болғысы келген-ақ екен! Оның несі мін? Кінасы қайсы? Жазығы-болғысы келгені ме? Күлмеңіздер! Күлуге болмайды!

 

 

ҚОРЛАУДЫҢ БІР ТҮРІ.

 

Оның бүгінгі өкпесі өте қызық. Айтып отырғаны болар-болмас бірнеңе! Сөйтсе де адамды ойландырып тастайды. Ол айтты: » Кісіні қорлаудың мына заманда түр-түрі жетерлік-ақ! Көбісін өзің де білесің. Мен оларды тізбелеп айтып жатпайын. Айтпағым – мүлде басқа! Мысалы, сен тәп-тәуір ой айтасың! Барлап қарағанға терең ой, тұңғиыққа бастар ойлы сөз! Мәні де, сөлі де бар. Талқыға салып, тарата айтуға әбден-ақ болатын нәрсе! Алайда, сол айтқандарың желге ұшады, құлаққа құйылмайды,жүрекке жетпейді, жарты жолда көмескіленеді. Тіпті ондай әңгіме айтылмағандай, сөз болмағандай. Күйінесің. Қажисың! Шаршайсың! Жүрегің шым-шымдайды. Содан қайтып адамдармен ой бөлісу тұрмақ, ондай терең ой ойлауға да құлқың болмай қалады. Мына біздің қоғамда дел-сал, қиялилау адамдар неге көп – міне, мәселе қайда жатыр!»

 

***

 

Ойдың өз орнын таппауы – ол да қиянат! Көзге көрінбейтін кішкене қиянат…Сіз ше? Сіз бірнеңе түсіндіңіз бе? Әлде…қиналып отырсыз ба?

 

ШЫНЖЫРЛАНҒАН ШЫНДЫҚ

 

Оның қабағы қатулы. Менімен ұрысқалы келген адамның түр-келбеті. Не жазып қалдым екен? Ол сөзін былай бастады: «Айтпайын-ақ дейсің, бірақ осы Ақиқат деген ақберен кеудеңді тырмалайды да тұрады. Сен байқайсың ба, осы күні біз Шындық деген ауылдан алыстап бара жатырмыз. Неге деп сұрарсың? Айтайын. Екінің бірімен сөз бастап, әлдене туралы талқылай бастасаң, шындықтан гөрі көңілге майдай жағар Өтірікті көп айтады. Өйткені өтірік үшін азап шекпейсің, оған сот та жоқ. Ары кетсе «әй, анау өтірікші екен» деп сыртыңнан сөз етер. Ал, Шындық…ауыр зат! Оны көтере білу үшін де бел керек. Қайрат керек. Ат басындай жүрек керек! Табанды мінез керек! Мұндайды осы күні кімнен таба аласың? Айналаңда жүргендердің бәрі, жарайды бәрі десем тым асылық болар, көбісі майырылғыш. Иілгіш! Шындық деген жолбарысты баяғыда-а шынжырлап тастаған! Сол шынжырдағы бейшараны аяйтын күн туар ма екен, қайтер екен деп ойлап жүремін ғой баяғы! Саған соны айтқалы келіп ем!» Осылай деді де, жөнімен кете барды. Менің пікір – сөзім оған түкке де қажет еместей!

 

***

 

О, тоба! Не деп кетті мына сойқан? Шынымен солай болып барамыз ба, достар?

 

ОЙМЕН ЖАСАЛҒАН ҚЫЛМЫС

 

«Саған бір құпиямды айтайын ба?» деп сөз бастады Ол. Мен тыңдауға ықылас білдірген соң, сөзін қайта жалғады. «Мен үнемі бір нәрсені ойлаймын да жүремін. Ой болғанда кей-кейде өзім де қорқып кететін бірнемелер. Әдейі ойламаймын. Бірақ мені ойда-жоқта мазалап ала жөнелетін тосын ойлар бұл! Бір танысым менен озып бара жатса, ішімнен қалай сүріндіріп жіберсем екен деп ойлап кетем. Тағы бір танысымның қызмет лауазымы жоғарылай бастаса, соңынан сөз ілестіріп жіберсем бе екен деп аяқ астынан әбігерленем. Енді бір досым су жаңа «иномарка» мініп алса, оған да қылт ете қалам. Біреу мемлекеттік награда алып жатса, маған неге бермеді деп, іштей қызғанып ала жөнелем. Қысқасы, маған ештеңе жақпайды. Ішкі ойыма құлақ қойсам бар ғой, онда мен мына әлемдегі барша жұмыр басты пенделермен айқасып-алысып өмір кешуім керек! Не істеймін? Іштегі будақ-будақ көңірсік ойды қалай қамап ұстап жүре алам?» Тыңдадым да, ойланып қалдым. Рас сөз! Кім-кімде де, қай мамандықта да, тіпті қайсыбір қарапайым адамда да кездесетін кемшілік! Кемшілік емес, әлсіздік! Өз басымызда да бар.

 

***

 

Қаламгерлер бір-бірінің жазғанын оқи сала мақтаудан бұрын қай жерінен кемшілік табуға болар екен деп азаптанады. Әрине, ішінен. Сыртқа шығармайды. Кім біледі деп ойлайды. «Ой өзімдікі ғой» деп малданады. Ал, сол кермек-қисық ой бөртіп-ісіп, түбі сыртқа шықпай тынбайды. Шығады ақыры! Ерте ме, кеш пе-әйтеуір бір күні…

 

ДАНАЛЫҚТЫҢ МӘЙЕГІ – ШЫДАМ

 

Ол бүгін менімен тағы да ойда-жоқта ұшырасты. Кездестік. Амандастық. Жөн сұрастық. Сөз осымен аяқталған болар дегем. Жоқ! Ол мені тоқтатты. Кеудесінде маза бермеген бір ой барын аңғартты. «Сен білесің бе, бүгінгі қоғам неліктен дүрлігулі? Неліктен тасаң? Неліктен тасбауыр?» деді. Иығымды қиқаң еткізіп ем, Ол риза болмай, сөзін бастай жөнелген. «Қазіргі адамдар өте кінәмшіл, кекшіл, шырт кетпе, өкпешіл, қызба! Бір-біріне кешіріммен қарауға, түсінісуге талпынуға мүлде жоқ! Міне, соның кесірінен қоғам да қатқыл тартты. Мен саған айтайын, даналықтың мәйегі – шыдамда жасырынып жатады. Шыдамды адам – төзімді адам! Төзімді адам – текті адам! Текті адам – парасатты адам! Ал, парасатты адам – данагөй адам! Айқай айқай шақырады! Ұрыс ұрысты іздеп тұрады! Төбелес төбелеске ұласады! Қан төгілсе – қан дауланады! Түсіндің бе? Жоқ, айта берейін бе?» Оны әзер ноқталадым. «Асығыс едім» деп құтылдым.

 

***

 

Құтылуын құтылдым-ау, бірақ оның кермек сөздері есімнен кетпей тұрып алды. Қайта-қайта жаңғырады санамда! Шыдам! Шыдам деді ме Ол?

 

КЕЙІПКЕРІ КӨП ҚОҒАМ

 

Ол – танысым! Жәй танысым емес, қағаз шимайлайтын танысым болады. Яғни, өз атымен атасақ- жазушы! Қандай жазушы дейсіз бе? Әзірге менен кесімді пікір сұрамай тұра тұрыңызшы! Бәріне де өз көзіңіз жетеді. Сосын менің жауабым да керек болмай да қалар! Күні кеше Ол маған келді. Келді де, сөйлеп кеп берсін. «Мен осы күнгі сыншысымақтарды еш түсінбеймін. Оларға салсаң, жазушы жазатын тақырып санаулы-ақ! Әлде отыз, әлде қырық… Жер бетіндегі қаламгерлер оны жазып тауысқан дей ме тағы да! Түсінсем бұйырмасын. Көп езіп сенің басыңды ауыртпайын. Мысалы, жер-жахандағы әрбір адам бір-біріне ұқсамай ма? Әрине, ұқсамайды. Ұқсауы мүмкін де емес. Өйткені, әр адам өзінше ойлап-толғанады, өзінше күйзеледі. Демек, әр адам-бөлек бір тақырып! Өзінше дастан! Ендеше, бұл қоғам – кейіпкері өте көп қоғам! Кез-келгенін ал да, талантыңды қамшылап, жаза бер, жаза бер. Сомда! Тұлғаландыр! Образ шығар… Ал, сыншы бауырларыма айтарым – бұдан былай тақырып туралы ойланып сөйлеңдерші! Өтінемін..» Айтқаны – осы!

 

***

 

Маған не үшін айтты – оны да білмедім. «Ау, мен сыншы емеспін ғой» демекші ем, бірақ сол сөзім оған қажет пе? Несіне жағаласам…

 

ӨЗІ БІЛМЕЙТІН АДАМ

 

«Қап!» деп күйінді Ол тағы да. «Осындайларға не істесем екен? Қазақ бұларды әу баста-ақ жақсылап тұрып сыбаған. «Өзің білме, білгеннің тілін алма!» Бұдан артық қалай айтарсың? Ау, өзі білмейді, білмей тұрғанын тағы түсінбейді, түсіндірмекші болғанды тілдейді, үндемесең ренжиді. Мына қоғамды ірітіп-шірітетін тап осындайлар. Көр де тұр, бар азап пен мехнатты осындайлардан шегеміз әлі! » Біз осы күні білмейтін «білгіштерден» шаршап жүрсек керек!

 

***

 

Солай ма? Сіз қосыласыз ба осы ойға?

 

ДІН-ҚҰДІРЕТ!

 

Оның айтқан әңгімесі еді. Былай деді: » Күні кеше ғана бір жерде қонақта болдым. Үлкен, ойлы кісімен /әуелде солай көрінген/ қатар отыра қалыппыз. Сөзі салалы. Нығырлап айтады. Ұзақ. Түбі көрінер емес. Кей тұста өз пайымымды айтайын десем, сөзге қонақ бере кісің ол ма? Жосылтып отырды. Арғы-бергіден сөз сапырды. Тек өзінікі дұрыс деп ойлайтын болса керек. Қашан үйге қайтқанша бір ауыз пікір айтуға мұрша бермеді. Сол сыбағамен үйге табан жалтыратуға тура келген. Жол үстінде кеудемді кермек сезім қысып, әлденені ойладым. «Әттең, әлгі кісі анық дін жолында болса, бір Алланың бар екеніне күмәнсіз болса, кісі мен кісі тең екенін ойласа, кемшілік екі жаққа да бірдей екенін салмақтаса, пікір қай кезде де біржақты болмауы керектігін ескерсе…отырыс та басқаша өрбитін бе енді!» Соны ойладым. Адам бойындағы Иман мен Сабыр деген сезімнің осыны ескертусіз-ақ реттеп отыратын соншалық ғажайып құдіретін, кереметтігін есіме түсірдім.»

***

Тыңдай түскем. Бітпесе екен деп тілегем. Аяқталмағанын қалап ем…

 

АДАМДЫ ТҮСІНБЕУ-БІР АҚЫРЕТ!

 

Ол! Ол! Тағы да Ол! «Мені ешкім түсінген емес!» деді Ол. «Сен де шамасы, мені тым жақсы түсіне алмай келе жатырсың.» Мен айттым: «Ойбай-ау, маған енді не дейсің? Сені аяғына дейін құлақ қойып тыңдайтын бір кісі болса, сол мен емеспін бе?» Ол айтты: «Тыңдай беру бір басқа, түсіну бір басқа! Осы күнгі адамдардан қорқатыным- ештеңенің байыбына бармайды, не барғысы келмейді, әйтпесе қасақана бармай безірейеді. Тасжүрек қоғам дегеніңіз осындайдан бастау алады. Адамы тасжүрек болса, қоғамы қайда бармақ? Адам адамды мейлінше дұрыс түсінсе екен дейсің. Бірақ… түсінбей бара жатқан соң, кеудеңді ащы өксік буады. Адамды адам түсінбеу – бір ақырет…» Оны тыңдап тұрып, жаншырылын ұққандай болғам.

***

 

Алайда, әр адам – өзінше құбылыс! Оның бәрін бір қалыпқа сала аласың ба? Мүмкін бе ол…

 

ҚАЗАҚ ҚАЗАҚТЫ ҚОРҒАЙ МА?

 

«Күйінгеннен айтамын» деді Ол. «Жаныма қатты батады қазақтың осы мінезі! Бәрі шетінен жеке батыр, сөйлесе сөздіге сөз, жүгірсе аяқтыға жол, ұрысса ұрысқаққа кезек бермей кететінін қайтерсің! Данышпандықты сондай сәтте тек қазақтан үйрену керек қой деп ойға батасың! Ал, енді сол қазақтың бірінің басына іс түссе, не болмаса қатты қинала қалса, баяғы «көсемсігендердің» бірі де жоқ! Ізім-қайым! Қайда? Тауып көр енді! Сонда ойлаймын да, бұл қазақ бір-бірін қорғауды, бір-бірін арашалауды әсте білмейді, не білгісі келмейді, болмаса әдейі білмеген болады. Бұл не? Бұл түрімізбен қалай ел болмақпыз? Осыған күйінемін ғой баяғы…» Расында да осы қазақ өзіне-өзі қалай қарайды екен? Осы жағын зерттегендер бар ма?

 

***

Менің есіме түспей отырғанын қарашы!..

 

ҚАЙТСЕК ЕЛ БОЛАМЫЗ?

 

Әдеміні әуелетпей, жақсыны жоғарылатпай, мықтыны мойындатпай, көсемді көкке көтермей, шешенді шыңға шығармай, талантты тауға теңемей, білетінді биіктетпей, естіні елемей, ақылдыны ақсатпай, талантқа табынбай, ақиқатты аспандатпай…қалай ел боламыз? Өтірікті өшірмей, алаяқты ауыздықтамай, найсапты ноқталамай, жылпосты жұдырықтамай, кесірді кес-кестемей, топасты төмпештемей, сөзұқпастың сазайын бермей…қалай ел боламыз?

 

***

 

Білмедім. Айтар сөзім жоқ.

 

НЕГЕ?

 

Менің досым бүгін тым көңілсіз екен. Кездескен сәтте-ақ маған сөз бермей, төгіліп сала бергені. Әңгімесі мынадай: » Жақыным ғой, одан жақын кімім бар деп ылғи ішіңдегіні жасырмай, сыр айтасың. Бар құпияңды жайып саласың! Сол жақын санаған адамың күндердің күнінде сенімен қырғиқабақ болады. Жанжалдасады, айтысады, тіпті өзіңді сотқа да сүйреуі әбден мүмкін. Неге? Жап-жаңа көлік аласың. Қуанасың! Шаттанасың! Жақын адамыңа барып, көрсетіп, көрімдік сұрамақ боласың! Ал, ол көрімдік беру орнына өзіңді сан сауалдың астында қалдырып, мұны қалай алдың, ақшаны қайдан таптың деп тергеп кетеді. Неге? Ұзақ уақыт ойға батып, азапқа түсіп, кітап жазасың. Біткен кезде қуанасың! Бойың жеңілдейді. Мәз боласың! Бір танысыңа қолтаңба жазып, қуана тапсырып жатасың. Сөйтсең…ол сыртыңнан сөз таратып, түкке тұрмайтын кітап деп көрінгенге айтып, келекелейді. Неге? Балаңның қызметің өседі. Қуанасың! Досыңмен сол қуанышыңды бөлісіп, бірге шай ішкің келеді. Шай үстінде досың жақсы тілек айту орнына «шамасын білем ғой баланың, мұндай қызметке жайдан-жай көтере салмайды» деп қисая сөйлейді. Неге? Мына өмірде осындай негелер тым көбейіп барады. Неге?»

 

***

 

Расында да неге? Неге осылай болып барамыз біз?

 

ДІНДІ БҰРМАЛАУ-БОЛАШАҚТЫ БҮЛДІРУ!

 

Ол дін адамы емес. Көп уағыз да айтпаушы еді. Кеше маған бір әңгіме айтты. Сөздері көңіліме қона түскендей. Ойландырады екен. Былай деген: «Осы күні байқаймын, ерінбеген екінің бірі дін тақырыбына араласа кетеді. Шетінен білгіш, шетінен данышпан! Мен білетін біздің дін – өте таза, өте мөлдір, барынша аппақ! Оған әдейілеп кір жұқтыру да еш мүмкін емес. Сөйте тұра осы дінге кейбір «білгіштер» өзінше бағыт айтып, өзінше жол көрсеткісі келетіндей ме? Дінді сол мөлдір қалпында қабылдап, жансарайыңды өзге лас ойлардан тазарт! Кеудеге кермек ой мен көмескі күдік көп ұялай бастаса, оның аяғы бұлыңғыр-бұралаңға, бағыты беймәлім бұрмалауға бастайды. Дінді бұрмалау – болашақты бүлдіру!» Айтқаны – осы!

 

***

 

Тыңдаған – мен! Ал, арғы жағы…

 

ҚҰРДАС-ҚАТАРЛАС

 

Оның өкпе сөзі маған жөн сияқты естілді. Білмедім, соңғы уақытта осыны да сөз ете бастаппыз-ау! Енді ел ішінде бар болған соң, айтпасқа, тілге тиек етпеске не шара! Ол айтқан: «Бір араласатын таныс-досым бар еді, екеуміз құрдас болып жүруші ек. Соңғы уақытта мінез шығарды. «Сен менімен құрдас емессің, білдей жарты жас кішілігің бар» деп зілдей ғып айтты. Әзілі ме десем, шыны сияқты, не дерімді білмей қипақтап қалдым. Сөзі етімнен өтіп кете жаздады. «Сен менің қасымда баласың, сосын да бұдан былай мен сөйлеп тұрғанда аузыңды жап» дегендей естілгені ғой. Міне, содан бері онымен байқап сөйлесемін, аға десем тағы да шалқалай ма деп, енді қатарласпыз дегенді ойлап таптым. Қазіргі жағдайым осылай.» Оны тыңдағалы бері мен де іштей ойланып жүрмін. Бір жас-жарты жасты елемеуші едім, байқау керек екен-ау, ә?

 

***

 

Енді байқаймын! Сауысқаннан да сақ боламын…

 

РОМАН-ҚИЯЛ МЕКЕНІ

 

Бір өндіре жазып жүрген қаламгер танысым бар. Әуелгі кезде әңгіме-повесть жазушы еді, соңғы жылдары романист болып кетті. Жыл сайын болмаса да екі жылда бір роман жазып тастау ол үшін аса қиын шаруа емес. Тағы да көлемі қандай дерсің? 400-беттен төмендемейді. Ана жолы әзілдеп: «Қазіргі уақытта көлемді шығарма оқитын оқырман азайған, сен де шағын жанрға ауыспайсың ба?» деп айта қойып ем, ит терімді басыма қаптады. «Сен өзің қандай ақылсыз едің! Роман деген проза жанрының асқақ шыңы, оның көлемді болуы да заңдылық! Өйткені романда замана жүгі жатады, ел тағдыры таразыланады, ұлт болашағы сөз болады. Тек ол ғана емес, роман деген- адамның шар тарапқа самғаған шексіз қиялының мәңгі тұрақ тапқан ой мекені! Адам неғұрлым терең қиялдай алса, соғұрлым роман да тереңге бастай береді, ол екеуінің арасында сондай дәнекер-байланыс бар, соны да түсінбей жүргенің бе?» Қапелімде не деп жауап айтарымды да білмей, мүдіріп қалғам. Қалың-қалың кітаптарды оқитындар мүлде азайғаны да рас. Бәрі шағын дүниені қолай көретіні де жасырын емес.

 

***

 

Ал, бірақ, мына танысымның сөзіне құлақ түрсек… Сөзім жоқ! Сіз бірнеңе демесеңіз, мен ештеңе айта алмаймын!

 

ҚАНДАЙ КЕМШІЛІК БАР?

 

Тағы бір әңгіме басталған. Тағы да ол әріден алып сөз қозғаған. Тыңдаушы – баяғы мен ғой. «Қазіргі замандастарымды, шынымды айтсам түсінбеймін, түсінбейді емеспін, түсіне алмаймын. Неге дейсің бе? Айтайын. Бәрі де сәл сөйлесе бастасаң біреуді жамандауға кіріседі. Оңбаған да – басқа, ақылсыз да – басқа, миғұла да – басқа! Шетінен азғын, берекесіз, дайынсыз! Тірлігі де, сөзі де, ісі де…»Ал, сен ше?» деп сауал берсем, маған оқты көзімен ата қарап: «Менде қандай кемшілік бар?» дейді. «Сенде ешқандай кемшілік жоқ па сонда?» деймін таңдана. Ол айтады: «Менде кемшілік бар деп ойламаймын, болған да емес, ал бар болса айтсаңшы!» Мен не деймін? Өз кемшілігін өзі білмеген, білуге талпынбаған жанға айттың не, айтпадың не!» Кісіні шынымен-ақ ойландыратын жағдай! Сіз ше? Сіз не ойладыңыз?

 

***

 

Осы сіздің де жеке басыңызда көзге шыққан сүйелдей болып көрініп тұрған кемшілік деген кесапаттың бар екенін бір сәт ойланып…Жә, сұрап жатқаным ғой. Жауап керек емес!

 

 

АБЫРОЙДЫ СҰРАП АЛМАЙДЫ.

 

«Қап!» деп күйінді ол. «Қап десе! Осы күнгі адамдарда ес жоқ! Ес болса өстер ме?» Мен аң-таңмын. Оның нені меңзеп отырғанын түсіне алар емеспін. Бетіме бажырая қараған. Түкке түсінбей тұрғанымды өзі де бағамдады білем, былайша сөз жалғады: «Өзің-ақ ойлашы, кісі өзіне-өзі атақ, мансап, абырой сұрай ма? Сұрайтындар-ақылсыздар, миғұлалар! Ау, абыройды сұрап алған кімді көрдің? Абыройды сұрамайды, оған қызмет ету керек. Таза қызмет етсең ғана абырой өзі іздеп келеді сені! Өкінішке орай, бүгінгі күні сұрамсақтар қаптапты. Атақ та, даңқ та, бәрі-бәрі сатылады деп ойлайтын болар! Алтын сатылады! Меруерт сатылады! Жақсы киім сатылады. Жайлы үй сатылады. Жақсы тамақ ол да сатылады. Сатылмайтын абырой! Абырой-саудаға түсетін, саудалайтын зат емес! Осыны ешкімге түсіндіре алмай-ақ қойдым!»

 

***

 

Енді маған тағы да бажырая қараған. Ең болмаса сен түсінші мені дегендей. Түсінгенімді айтқым келген. Бірақ тап оның деңгейінде түсіндім бе? Бәлкім, мен де толық түсіне алмай қалған болсам ше? Кім біледі, сөзім тым жеңіл естіліп қалса…

 

АТА ДІНІҢЕ ТАҒЗЫМ.

 

Ол – философ! Қарапайым философ! Қандай мәселеге де өз пікірі, өз ойы, өз тұжырымы бар азамат. Кей-кейде ақылың жетпей жатқан нәрселер туралы ақылдассаң, ойыңа ой қосады, қиялыңды қанаттандырып әкетеді. Сосын да онымен ой бөлісу бір ғанибет. Күні кеше де екеуміз жолығып, әңгіме-дүкен құрғамыз. Ол айтты: «Мен осы күні кейбір ойлы қазақ азаматтарын мүлде түсіне алмайтын болдым. Пікір айтудың жөні осы екен деп, оңды-солды сөйлей салады. Жәй пікір болса жақсы-ау! Кейбірі ата дініміз туралы да артық-кем сөйлеп жібереді. Дін – өте нәзік нәрсе! Оны оңды-солды талқыға салып, әр жерінен түрткілеп, даулы-даусыз әңгімелерді қойыртпақтатуға бола ма? Өте ақылды, парасаты биік, танымы терең кісі бұған он ойланып, жүз толғанып барар болар еді! Ақылдылар адаса бастаса, ақылы кемшіндерге мейрам! Сыйлы сөз иелері жаңылыс қадам жасаса, сайқымазақтарға даңғыл жол ашылады! «Аналар айтқан жоқ па, осылай деді ғой» деп ойына келгенді істеп қоюы деп-демде! Сосын оларды қалай, қайтіп, нендей уәжбен тоқтатарсың? Демек, ата дінімізге құрмет қай кезде де, қандай жағдайда да өз деңгейінен төмендемегені абзал!»

 

***

 

Деді! Деп айтты! Ойландырды! Ойымды сан қиырға самғатты!

 

ҚҰМЫРСҚА-ҚАЗАҚ

 

Оның жанайқай сөзі мынадай: «Менің жаныма аяздай бататын екі нәрсе бар. Соның алғашқысы – қазақ деген халықты жалқау, жанаяр, жатыпішер, еріншек, т.б. секілді дәлелсіз, мойынға қиып салар қиянат сөздер. Шын мәнінде қазақ соншалық жалқау ма? Әлбетте, жоқ! Қазақты шын танығысы келетіндер алдымен қазақ болып көрсін, қазақ болып ойлансын, қазақ болып толғансын, қазақ болып қайғырсын! Сосын ғана қазақ жайында кесімді сөзін айтсын! Болмаса, бәрі де сандырақ! Боссөз! Бос былшыл! Екіншісі – осы қазақтың жылдар бойғы маңдай тері мен елеусіз еңбегі кәдімгі Құмырсқаның мәңгі бітпес мимырт қозғалысы мен тырбаң тірлігі секілденеді де тұрады. Былай қарасаңыз, қазақтың қарапайым жұрты еңбек сүйгіш, таңнан кешке дейін тыным көрмейді – біреу арқадан қағып жатпаса да бітпейтін қозғалыс! Ғалымы неше түрлі жаңалық ашып жатады – сырт ел оны сөз етпейді, сонда да жұмысын тоқтата салған адам жоқ. Қаламгері әлемдік классикамен тайталаса алар көркемдік деңгейі өте жоғары дүниелер жазып жатады – оны да тілге тиек етер тірі пенде байқалмайды шет жақта! Соған өкпесі қара қазандай болған қазақ қаламгері бар ма? Сонда менің халқымды салмақтап-саралап бағалайтын ары биік кім бар? Қай ел бар? Құйтақандай құмырсқаға біз қалай көңіл аудармасақ, бәлкім қазаққа да былайғы ел тап солай қарай ма деген ой жүрегіме дамыл бермейді! Өзгелер, әсіресе әлем халқы құмырсқадай еңбекқор менің халқыма қашан назар салып, жақсысын асыра айтып, өз бағасын берер екен? Осы ой мазалайды кеудемді!»

 

***

 

Мен риза болдым. Оның сөзіне! Жо-жоқ, сөзіне емес, таза жүрегіне! Шын ықыласты ниетіне! Ау, осы күні бізге не жетпейді – таза көңілден шыққан ықылас емес пе? Әй, бірақ…

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

 

Менің әңгімешіл досым тағы да өзіне назар аударғанымды қалады. Бірнеңе айтқысы келген болар. Несі бар, көңілге ой салар әңгіме болса, тыңдағанға не жетсін! Оның әңгімесі былай басталды: » Сен білесің бе, жер бетіндегі барша жұмыр басты пенделер өздерін жалғыз сезінеді. Неге олай? Себебі – мына фәниге о баста қалай жалғыз келсең, өмірде де сол жалғыздық жағаласып қалмайды, тірлікті тастап кетер шағыңда да сол жалғыздыққа тап боласың! Өйткені досың сатады, жауыңсүріндіргенді қалайды, ал жақын туыстарың…болып кеткеніңді көре алмайды! » Осылай деді де, ол аз-кем ойланып қалған. Әңгімесі аяқталған болар деп ем, жоқ аяғы бар екен. » Бірақ, адамның тірлікте сезінер бір бақыты болады. Ешқашан өзгермес, айнымас серігің бар. Ол – өзіңнің мөп-мөлдір ойларың! Ой таза болса, жарты бақыт! Егер ойың ылайлана бастаса, онда мына фәниде түк те қызық қалмайды! Ең сұмдығы-сол!»

 

***

 

Мен расында да осы күнге дейін жалғыздық туралы ойламаған екем. Ой салды маған. Әр адам – жалғыз! Жалғыз келесің, жалғыз аттанасың! Ал, айналаңдағылардың бәрі де құрама…Осылай ма? Дұрыс түсіндім бе мен оны?

 

ТАҚ ПЕН ТАЛАНТ.

 

Ол енді мені майлы ішекше айналдырып әкетті. Өз дегеніне көндіріп бақты. Мен де осы жолы тым ділмарсымадым, тіпті аңқаудың аңқауына айналып сала бердім. /Кейде мұндай да керек/ Оның не айтқанын тыңдағыңыз келе ме? Айтайын ендеше. Былай деді: » Екі танысым бар, екеуі де өте салмақты, қоғамда өз орны бар адамдар. Оның бірі – әжептәуір қызметі бар азамат, қандай лауазымда екенін мен сұрамаппын, ол айтпапты. Ал, екіншісі – ол да бір жерде қызмет істейді. Әйтеуіркүнде-күн қолына ескі пәпкесін ұстап, жо-жоқ қолтықтап алып алшаңдап кетіп бара жатады. Қызықты қараңыз! Сол екі жігіттің біріншісін күнде 4-5 адам қолпаштап алып келе жатады. «Пәленшеке, пәленшеке» деп артына көпшік қояды. Анау басын кекжитіп шалқақтайды бір! Демек, бастық! Үлкен болмаса да кішігірім басшы, креслосы бар болғаны. Өйтпесе, бұл қазақ кімге оп-оңай бас шұлғушы еді! Екінші жігіт…осы жаңа ғана сонымен тілдесін едім. Өзі туралы сұрасам – «мен ақынмын» дейді. «Талантпын» дейді. «Бірақ…қызмет жағы ақсап жатыр, бір мекеменің ең соңғы қызметкерімін, аудармашымын, айлық үшін отырған жағдай ғой » деп мұңайғандай кейіп танытты. «Еңбегімді елеп жатқан жан жоқ, сол жаныма батады.» «Е, талант жерде жатыр ма екен? Әлі-ақ атағың дүркіреп, елге таныласың» деп оны қолпаштаған болғам. Көңілденбеді. Сөзімді әрі қарай тыңдауға да құлықсыз болды. Жөнімен кетіп қалды. Артынша ана кісі көрінді. Жанында сол баяғы 4-5 жандайшап…Бірі-алдына, бірі-артына шығады, лыпып тұр. Саған айтайын дегенім – мына өмірде қашан пенделерге ақыл кіреді? Өзің айтшы, тірлікте тақ қадірлі ме, жоқ талант қадірлі ме?»

 

***

 

Сөйлемедім. Сөйлегенде не дейін? Не айта қояйын? Ол менен біраз жауап күтіп тұрды да, күдер үзе қолын бір-ақ сілтеген! Сонда да селт етпедім. Аңқаудың образы ғой қазіргі бейнем! Ұмытып қалдыңдар ма?

 

 

ЖАСТАРҒА-СЕНІМ!

 

«Мен жастарға сенемін!» Бұны жазған – Мағжан ақын. «Жастар болар елге еге!» Бұны жазған – қайраткер азамат Сұлтанбек Қожанов! Бұлай сөз бастауымның себебі бар. Қайсыбір күні маған бір қатарлас қаламгер келген. Келді де жастар туралы өкпе сөзін ағытып берсін! Ол айтты: «Осы күнгі жастарды мүлде түсінуден қалып барам. Өздері тым максималист! Аға буынды сыйлау тұрсын, реті келсе күресінге ысырып тастай салудан да тайынбас. Мұндай тым өрескел мінез қайдан жұқты оларға? Неге осынша асқақтап сөйлеуге құмартады? Біз де жас болып едік, асып-тасып едік, бірақ дәл мұншалық емес…Әй, өзімізден де бар-ау! Тәйт сөзіміз жоқ! Соларға қой демейміз, артық сөзден тиылыңдар демейміз, ойланып сөйлеңдер демейміз, асқақтаудың арты орға жығады демейміз…»

 

***

 

Тыңдадым. Сабырмен тыңдағам. Бірақ оның өкпе сөзін бәрібір түсіне алмадым. Не үшін? Неге жастарды ауыздықта дейді? Неге тиым салайық дейді? Жастар жалындауы керек. Жастар жанбаса, кім жанады? Жастар жаңаға ұмтылмаса, кім ұмтылмақ? Жастықтың екінші аты – жарылыс! Осыны ойладым…

 

 

АЗАМАТ БОЛУ-ИМАННАН.

 

Таңертең көршім екеуміз қатар шықтық. Қатар келе жаттық. Ол сөз бастады. Әуелі айт мерекесімен құттықтады. Мен де сөйттім. Сосын ол сөзін әрі жалғады: «Адамның өмірі – айнасы! Бұлтаңдау мен қисаңдау – кісіні әсте әсем етіп көрсете алмайды. Әсем мінез – иманда! Иманы жоқтардан қорқу керек! Сол себептен де ораза ұстау, бір-біріңе айттау – көшелі іс! Оразада адам өзін-өзі барлық жағынан танып-біледі, ашығу, шыдау, төзім…секілді кісіге өте қажет мінездер осы кезде орнығады. Айттау арқылы туысыңды, бауырыңды, досыңды, таныстарыңды…іздейсің. Олардың жағдайымен танысасың. Бұл жаман ба? Қысқасы, кез-келген адамның Азамат болып қалуы – иманнан! Иман – инабат! Иман – ынтымақ! Иман – бәрі…»

 

***

 

Екеуміз келе жатырмыз. Қатар келеміз. Осындай көршім бар менің! Соны айтсам дегенім еді әзірге..

 

ЖЕКЕМЕНШІК АРМАН

 

Ол кенет сөз бастап кетті. Тоқтамай сөйлеген. Үстін-үстін төпеп айтқан. Тыңдаушы болдым да отыра бергем. Жақсы тыңдаушыға да зар қылған заман ғой бұл! Ол соны түсінген. Мен де мұны ұққам. Қысқасы, ол сөйледі, мен көкейге түйіп ала бердім. Былай деді: «Сендерді еш түсінбеймін. Бәріңнің айтатындарың- қазақты қойып, әлемге ұмтылу. Әлемге танылу! Әлемдік сыйлық алуға талпыну,сол жолда өлімін салу! Кімге? Өз басына, әрине! Өзінің атағы шықса екен, өзі ғана танылса екен деген қитұрқы арман! Міне, қазақ осыдан қателесіп жүр! Осындай мінезімен ешбірі өз елінен әріге бір қадам да аттап, аса алмай келеді! Ұлт тағдырын бір шетке ысырып қойып, Арман жекеменшікке айналғанда, оның құны да бағасызданып-төмендейді. Ал, ұлттық арман бар жерде, бәрі де асқақ! Мысалы, ақын-жазушыларды алайық. Олар жеке «менді» қойып, ұлттық «менге» иек артса, ұлы шаруа атқарып тастамақ! «Шетелге кімді шығарамыз» деген сауал туындағанда, әркім өзін емес, досын да емес, туысын да емес, нағыз хас талантты ұсына алса/еш қиналмастан/, сол ел түбі озады! Әлемді мойындатады! Ұлтын молынан танытады! Әзірге сендерде осы жағы кемшін! Ащы да болса, ашығы – осы!»

 

***

 

Тыңдаушы болып бастап ем, тыңдаушы болып қала бергем. Енді не істемекпін? Не айтармын қапелімде?

 

КИІНУ МӘДЕНИЕТІ

 

Бүгін мен досыммен тағы бір мәселе төңірегінде ой бөлістім. Жо-жоқ, сөзді бастаған мен емес, оның өзі! Жәй бастаған жоқ, ренжіп әңгіме айтқан. Былай деген: » Сен байқайсың ба, қазіргі кезде баспасөздежастарымыздың киім киісі, сырт келбеті жайлы біржақты айта бастаппыз. Біржақтылық – қай кезде де қателікке жетелеп алып баратын соқыр жол.» Мен әуелде сөз төркінін анық ұға алмай, таңырқай қарағам. Досым ойымдағыны байқап та қойыпты. Сөзін әрі жалғаған. Былай деген: » Сезіп жүрген боларсың, қазіргі әңгіме тек жастардың, әсіресе жас қыздардың хиджаб киетіні төңірегінде ғана. Жарайды, хиджаб туралы айттық екен, оның дұрыс-бұрыстығын талдадық екен, ендеше басқаша киініп, көзге қораш көрініп жүргендер жайлы да неге сөз етпеске! Менің қорқатыным – осы күні көшеде кетіп бар жатқан жас ұрпақтың /қыздарды айтам/ киіну тәртібі. Бірі – тыртитып /жарасса кәні/ шалбар киеді, бірі кіндігін көрсете, қарнын әйгілеп тастайды, ал енді бірі – кеудесін жауып, арқасын құйымшаққа дейін айқара ашады. Аяғы ауыр жас келіндер қарнын шермитіп, елге «көре қалыңдар» дегендей барынша арғы-бергісін сипаттайды. Ол емес, сен ұялып төменшіктейсің! Қарауға ұяласың! Киім кию, жарасымды киіну, мәдениетті киіну – қоғамдық мәселе емес пе? Бәріміз де өзіміз өмір сүріп жатқан мәртебелі қоғамның бір-бір бөлшегі екенімізді неге ғана ұмыта береді екенбіз,а?»

 

***

 

 

Міне, оның сөзі осы! Не деу керек? Қалай дауласа аласыз? Дауласа кету орынды ма осындайда? Ойланып тұрмын…

 

ӨТКЕНМЕН ОЙНАУ-ОТПЕН ОЙНАУ!

 

Қызық! Мен осы кісі туралы расымен өте аз біледі екем. Ойлаушы ем, өз қиялымен өзі жүрген жәй ғана көп қазақтың бірі болар деп. Сөйтсем… Қайсыбір күні онымен тереңірек тілдесудің сәті түсті. Ол да аянып қалмады, ағынан жарылды. Айтты: «Қарағым, саған айтпағанда, кімге айтам мұны. Өзің ойлап қарашы, бұл қазақ соңғы уақытта өткенімен ойнауды шығарды. Өткен өмір-ойыншық емес. Ол – тұтас тарих, кесек кезең, терең дастан! Ал, ол кезде өмір кешкен айтулы кісілер – ел қазынасы! Философ, жазушы, тарихшы, этнограф, дәрігер, т.б. адамдар өмірі – өнеге мектебі! Олар туралы сөз қозғағанда, атүсті әңгіме айтып, жеңіл-желпі түйін жасауға болмайды. Өйткені біз солардың өмір-жолы арқылы кейінгі жас ұрпақты тәрбиелейміз. Өкінішке орай, бүгінгі естеліктер – сын көтермейді. Арысты арыс деп, мықтыны мықты деп, ойлыны ойлы деп, данышпанды данышпан деп жаңа заман жастарына таныстыра алмасақ, бұл кімнің соры? Ешкімнің де емес, қазақтың соры! Дәл осылай кешегі кемеңгерлеріміздің өмірінен ілік тауып, көлеңке іздей берсек, бұл қазақта мақтауға тұрарлық ешкім де болмаған деген кертартпа кеселді ойды орнықтырамыз. Ұлттың түбіне жететің ең жаман кесел – қасиет деген ұлы ұғымды ұмыту! Қасиетті аяқ асты ету – отпен ойнау! »

 

***

 

Міне, онымен аз-кем әңгіме үстінде айтылған ой осылай! Ойландыра ма? Әрине, ойға бастайды. Әй, бірақ… кім қалай түсінер мұны?

 

ШЫНДЫҚ-ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШТЕ МЕ?

 

Бір жас қаламдас досым мынадай шындықты алдыма тосты: «Аға, сіз білесіз бе, осы күні қалам ұстағандардың соры бес елі! Олар туралы ешкім ештеңе айтпайды, айта қалса, атүсті, жайдақ әңгімеден әрі аспайды. Шығармасы талданбайды, насихаты мүлде жоқ, кітабы оқылмайды, жазғаны қалың оқырманға жетпей жатады. Содан…мен секілді жастау қаламгерлер жанын салып жүріп, әке-көке деп жалпақтап жүріп, шағын да болса шығармашылық кешін өткізуге құлшынады. Сондағысы- ең болмаса шығармашылық кеште шынайы шындық айтыла ма деген үміт! Ондай кештерді де көрдік. Құр бөспе әңгіме! Өтірік мақтау! Тек сол күні ғана айтылатын қолпаш сөз! Ал, ертеңіне-ақ бәрі ұмытылады. Сонда деймін-ау, бұл шындық қай кезде айтылады? Ақиқаттың үстемдік құратын күні бар ма? Туа ма ондай күн? Әлде… күте-күте мойнымыз созылып, ішегіміз үзіліп тына ма?» Жас досымның жан шырылын түсіндім. Рас, тап сол жағдайды бір кездері өзіміз де бастан кешкенбіз. Сол қалпы! Сол баяғы сан соғу! Шындықты шығармашылық кештен іздеген жаны таза бауырым-ай! Саған не десем екен! Шындық – терең зындандағы су секілді бір әлем ғой! Кім көрінгеннің қолы жете қояр ма? Оған қол жеткізу үшін ондаған-жүздеген жылдар керек болар! Бәлкім, замандар өтуі керек пе? Дәл диагнозын мен де айта алмаспын! Бірақ… бір нәрсені анық білем: талант ешқашан, ешбір жағдайда күл-қоқысқа көміліп қалған емес!

 

 

ДОСТЫҚТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ

 

«Менде дос көп болатын» деп бастады ол әңгімесін. «Олардың санын есептеп көрмеппін. Есептеп қайтейін, мен үшін достық сезім, достық ниет өмір бойы сақталып қалатын болар деп сенгем. Барынша сенгем! Шын жүрегіммен сеніп, өмір кешкенмін. Алайда…бәрі де аяқ астынан өзгеріп сала берді. Неге дейсіз бе? Айтайын. Бір күні басыма іс түсті. Төбеме бұлт үйірілді. Жағдайым күрт нашарлап кетті. Бұрынғы күніме зар болып қалдым. Тап осы тұста маған достар тарапынан үлкен көмек керек болғаны. Енді баяғы дос боп жүрген таныстарыма телефон соға бастамаймын ба? Бірі көтермейді, бірі асығыс сөйлеседі, енді бірі жиналысты сылтау етеді. Қаным қайнады. Миым солқылдап кетті! «Ау, мен кімдерді дос деп жүргенмін? Дос дегенім жәй уақытша майысып-иілген пендесымақтар екен ғой. Соларға осынша сенген өзім де кеңкелес екенмін» деп іштей қатты налыдым. Өзіме-өзім ұрыстым. «Адам танымайтын есуассың» дедім. Міне, содан бері де екі-үш жыл уақыт өтті. Осы күні әр адаммен абайлап, ойланып барып араласамын. Дос деген сөзге сенуден қалғам.» Оның сөзін тыңдай отырып, мен де қиял әлеміне сүңгідім. «Ау, расында да дос деген кім? Оның анықтамасы бар ма? Бар болса, ол қандай? Кімді дос деп, шын көңілмен араласуға болады? Әлде…адамның бәріне күдік көзімен қарап отыру қажет пе?»

 

***

 

Сіз де ойланып байқаңызшы, қадірлі оқырман! Досыңыз көп пе, аз ба?

 

ЫЗА

 

Менің әрдайым ой бөлісер ғажап досым бар. Күнде болмаса да әредік сөйлесе қалып, кей-кейде тереңге тартып кететініміз де жасырын емес. Сол досыма аз-кем құлақ түріңіз. Былай дейді: » Сен білесің бе, осы заманда мейірімді адамдардан гөрі ашулы, ызалы кісілер көбейіп бара жатқандай. Әсіресе, ызалылық…Ол қайдан туындап жатыр? Неге ол адамның бойында ыза ұшқыны өте шексіз? Ыза – адамның ең соңғы аялдамасы емес пе? Ызадан соң кек тұтанады. Кек- кісіні қандай да бір ауыр қылмысқа бастайтын баспалдақ! Атам қазақ сосын да «кекшіл болма, балам» деп үнемі айтумен болған. Менің байқауымда, осы күні екінің бірі өз өміріне көңілі толмай бара жатса, не болмаса бір кісіге кенеттен өкпелей қалса, дереу ызаға булығады. Асып-тасады. Буырқанып-бусанады! Осыны түсіне алмай келем!»

 

***

 

Мен расында да осы мағынасы тереңге бастайтын «ыза» дегенге аса мән бермей келген екем, ойланып қалдым. Көріп жүрміз ғой, қазіргі уақытта ызақорлар бар, тіпті молынан бар десек те артық емес…

 

ОЙ МИЛЛИОНЕРІ

 

Ол – ғажайып жан! Оған жете алар адам әй, бұл аймақта жоқ-ақ шығар! Рас айтам, ондай адамдар қазақ тұрмақ, тіпті жер бетінде санаулы болуы да мүмкін. Ол – өте бай! Ол – телегей-теңіз! Ол – Мұхит! Ол – шыңырау! Ол–түпсіз тереңдік! Онымен сөйлесе қалсаңыз, бәлкім сіз де менің ойымды қостай жөнелерсіз! Сөйтесіз! Мен оған шүбәсіз сенем. Шіркін, жер бетінде мұндай адамдар аяқ астынан көбейіп кетсе ғой! Әсіресе, қазақ арасында молынан табылып жатса, қандай рахат! Қазақтың бағы болар еді. Қазаққа айбар болар еді. Қазақтың мақтанышына айналып кетер ме еді, қайтер еді? Мен миллионер кісі туралы айтып отырмын. «Қаржысы қанша?» дейсіз бе? Жоқ, сіз мені түсінбепсіз. Ол, расымен миллионер, алайда дүниенің емес, ойдың, парасаттың миллионері! Осындай да жандар арамызда тіршілік кешіп жатыр. Мұны да ойлап қойыңыз, оу бауырым-м…

 

БАЛА МІНЕЗ

 

Бір кездері, өзімше ғажап, мықты талант /классик ауруы/ болып жүрген шақтарда, жаңаша ой айтқан болып, «Сәби қайнаға» деген әңгіме жазғаным есімде. Осы әңгімені оқыған жазушы Дидахмет Әшімхан ағам мені көкке көтере мақтап, талай жерге апарып тастағаны да бар-ды. Ол әңгіме ұмытылып, естен шыққалы қаш-шан! /Бәлкім, кей оқырманның есінде бар да шығар!/ Енді бүгін еске алуға себеп – менімен көрші тұратын кісінің кешегі әңгімесі болды. Ол былай деді: «Сен білесің бе, мына алмағайып заманда өзіңді-өзің жоғалтпаудың ең дұрыс жолы – таза мінезіңді сақтап қалу! Таза мінез деген немене? Оны да айтайын. Кісі неғұрлым баяғы бала мінезінен ажырамаса, ол соғұрлым таза, мөлдір, табиғи қалпын сақтап жүре бермекші! Ал, бірақ бұл онша оңай шаруа емес, кез-келген пендең бала болмысын аялап-әлдилей алмайды, оны қайтсе де бұзады, бүлдіреді, кірлетіп алады. Жер бетіндегі қтыгездік дейсің бе, жауыздық дейсің бе, тасбауырлық дейсің бе – бәрі де адамдардың баяғы бала мінезінен ажырап қалуынан! Соны жоғалтуынан! Сен, көршім, осыны ойлашы! Осы туралы бірнеңе жазуға да болатын сияқты!

»

***

Мені еріксіз ойға қалдырды. Кеудеме шоқ түсірді. Есіме «Сәби қайнаға» деген әңгімем де содан соң орала берген-ді! Бірақ… отыз жыл бұрын жазылған ол әңгіме бұл әңгіменің қасында не тәйірі? Заманға қара, бауырым! Кезеңді ойлашы! Мына дүниеде не болмай жатыр? Нені естімей жүрміз? Біз кім боп барамыз? Қайда беттедік? Қалаймыз өзі?..

 

ҚИСЫҚ АДАМ

 

«Мен оны жамандағалы отырғам жоқ! Құдай сақтасын! Жаратушы әр адамға әртүрлі мінез береді, ол сол мінезбен өмір сүреді. «Неге солайсың?» деп сұрап, бас қатырмай-ақ қой, ол сондай болған соң да сондай! Қысқасы, оның мінезін өзгелер түсініп болмайды. Қашан көрсең де, қандай жағдайда кездессең де қисая сөйлеп, қиялай тартып, бір бүйірлейді. Оған бәрі де жақпайды. Қандай іс атқарсаң да, бәрібір сыналап кемшілік табады. Қоғамдағы өзгерістер де оған аса жаға бермейді. Жершілдік, рушылдық туралы сөз басталса, тіпті өзеуреп ала жөнеледі. Сыйлық-атақ туралы әңгіме – оның делебесін қоздырады. Қызмет-лауазым дегендерді мүлде ұнатпайды.Ренжисің бе? Әрине, көңіліңе кермек ой ұялайтыны ақиқат. Бірақ оған бола шыж-быж болу керек емес. Ол – сондай адам. Оны өзгелер сыртынан қисық адам деп ат қойған. Мына біздің аласапыран, алашапқын қоғамда сондай бір адамның жүргені де керек пе, кім білсін? »

 

***

 

Міне, бұл бір танысымның айтқаны. Расында да әрқайсымыз білетін бір-бір қисық адамдар бар-ау мына жалғанда! Ол алыста емес, дәл жанымызда жүр. Ал, бірақ… сол адамның өзі қисық па, болмаса оны қисық деп сөз етіп отырған біз қисықпыз ба? Қисық мінездің анықтамасы қандай? Дәл диагноз қоя алатындар бар ма? Бұны да тереңінен ойлап қою керек-ау шамасы..

 

КҮЙГЕ МАДАҚ!

 

Ол күйші емес. Күй тартқанын көрген емеспін. Менің де күйші болып жарытқаным шамалы. Бірақ екеуміз де домбыра шертіп қоямыз. Оқта-текте. Тек өзіміз үшін! Ал, бірақ… сол досым күй тақырыбында сөз қозғалса болды, ұшар құстай қомданып алады. Екі иығы қозғалады. Кеудесі көтеріліп-басылады. Тыным таппай кетеді. Неге дейсіз бе? Күйді жақсы көргендіктен. Ол айтады: «Осы қазақ шамасы күйден жаратылған болар! Болмаса неге күймен егіз қозыдай! Қазақ десе алдымен еске түсетіні – оның тұп-тұнық, сезіміңді сілкіп тастар күйлері емес пе? Күй – біздің қасиетіміз! Күй – біздің намысымыз! Күй – біздің айбарымыз! Олай болса, бұл қазақ әлемге өзін молынан, жан-жақты танытқысы келсе, алдымен күйін жеткізсін! Күйге тіл керек емес! Күй таныстыру сөзін қажет етпейді. Күйді өзге тілге аударып әлек болмайсың! Күйге қосымша насихат жүрмейді! Күй өзі туралы өзі бастан-аяқ баяндап бере алатын тылсым да құдіретті өнер! . Қай халықтың да, қай ұлттың да жүрегіне тереңінен жете алады, ойына ойтүрткі-қозғау сала біледі, делебесін қоздыры ала жөнеледі. Күй – қазақтың өзі. Қазақтың басқаға ұқсамас тап-таза болмысы!»

***

 

Оны тыңдап тұрып, тәтті күй естігендей әсерде қалдым. Жоқ, менің досым күй тарта алмайды емес, ол – күйші!

 

МАХАББАТТЫ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

 

Тісім ауырды. Қатты ауырды. Әшейінде шыдамды едім, осы жолы шыдам да бітті. Тіс дәрігеріне келгем. Емдеуге кірісті. Өзі сөзшең екен, әңгімесін айта жүріп, жұмысын да бітіріп жатыр. Оның сондағы айтқаны: » Сіз білесіз бе, осы күні махаббат деген сөзде ешқандай қадір-қасиет қалмады. Маған неше түрлі кісілер келеді, сөздерінен байқайтыным- махаббат деген бос нәрсе! Жап-жас жігіттер өз әйелдерін менсінбей, немесе елең қылмай, сырттағы біреулерді аузыныңсуы құрып сөз етеді. Сонысын серімінезділік деп түсіндіргісі келеді. Маған тым түсініксіз. Ал, таяуда маған бір үлкен кісі келіп тісін емдетті! Әңгімесі қандай! «Шырағым, қолың өте жеңіл екен, біздің үйдегі жеңгең де тістен азап шегіп жүр, сол апаңды да емдеп тасташы! Ол өзі сондай момын, ешкіммен таласпайды, құдайдан тілеген жан!» деп бір қойды. Сосын тағы да айтты: » Сол апаң болмаса мен кіммін? Оның маған деген шынайы сезімі ғой осы күнге дейін мені қанаттандырып келе жатқан!» Ол кісі бұдан басқа да әсерлі сөздер айтты апамыз туралы. Қысқасы, махаббатты қорғауды сол үлкендерден үйрену ләзім!»

 

***

 

Әңгіме де аяқталды. Тісім де жөнге келді. Қайтып келе жатырмын. Осы жолы тіс емдетіп емес, тамаша кино көріп қайтқан жандаймын! Жол үстінде өзім де үйдегі жарымды еске алдым. «Оның тісі қалай еді осы, а?»

 

ЖАЗУШЫЛАРМЕН ЖАҒАЛАСУ

 

Ол қарапайым ғана азамат, жаны таза, жүрегінің кірі жоқ. Не айтса да ағынан жарыла сөйлейді. Кеше бір әңгіме бастап еді, сол сөздері кеудеме тікенектей болып қадалып қалғаны. Жә, өзім үшін емес, қасиетті көркем әдебиет тағдыры үшін ғой бәрі де! Әйтпесе, не десең о де деп, өтірік елемеген боп, жайыммен, өз жөніммен жүре берсем болмас па? Ол қолдан келеді! Ең оңайы да сол мына бейопалау дәуірде! Жарайды, сонымен ол не деді дерсіз? Маған айтты: «Сендер қазақта жазушы көп дейсіңдер, сонда қолына қалам алып, барды-жоқты бірнеңелерді шимайлағандар да жазушы бола бере ме?» Жауап бердім: «Әрине, ақын-жазушы болу – Алланың сыйы! Ол талантқа тәуелді! Таланты жоқтар он жерден жанын жалдап, жүрегін шайқап, өлермендік пен жанкештілік көрсетсе де, жөні түзу шығарма туғыза алмайды.» Менің осы сөзіме қарсы жауабы да әзір тұр екен, былай деді: «Ендеше осы күнгі кітап жазғыштар мен кітап шығарғыштар кімдер сонда? Том-том кітаптарын тықпалайды да жатады көрінген ортада! Соларды ашып оқи бастасам, ақын-жазушы атаулыдан түңіліп кете жаздаймын. Не тіл жоқ, не көркемдік жоқ- өңкей сылдыр сөз! Жайдақ әңгіме…» Өзімше жауап айта бастағам: «Оларды көркем сөздің жықпыл-қатпарын меңгерген, сөз зергеріне айналған қаламгер деуге болмайды, бар болғаны – өз ішіндегі бұрқылдап-қайнаған ойды қағаз бетіне түсіріп жүрген қарапайым пенделер…» Таныс-дос сонда да тоқтамады: «Олай болса, олар неге ақын-жазушылыққа ұмтылады? Неге өздерін қаламгер деңгейінде сезінеді? Неліктен әдеби сыйлық-марапат дәметеді? Неге жазушылармен жағаласады? Осы жағын біз емес, өздерің шегелеп-шегендеп айтуларың керек еді ғой. Әй, өздеріңнен де бар. Тым солқылдақ, жалпақшешей болып алдыңдар!» Кіммен жағаласамыз, досым-ау! Олар «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы..» деп қиялайды. Сосын қайтара жауап айтып көр! Мұндайда кітап сөйлейді, кітап өзін-өзі ақтап алады. Көркемдік деген бір шың бар! Ол – тәкаппар шың!

 

ЖАЗУШЫЛАРҒА ЖАНАШЫР КІМ?

 

Тағы да сол ауылда тұрып жатқан ақын досымның әңгімесі бұл! Ол айтты: «Қазақ көркем әдебиетінің жаназасын шығарғалы жүргендер – әдебиетшілердің өзі! Неге дейсің бе? Жауабын айтайын. Ең алдымен – әдебиетшілер өз «ауласына» өздері ие болмай отыр. Қойшы қойына, егінші егініне қандай жанашыр болса, әдебиетшілер де сондай мінез көрсетуі керек болатын. Бұл жоқ! Екінші – немқұрайдылық! Қазіргі үлкенді-кішілі қаламгерлер жақсыға да, жаманға да селт етпейді. Өз пікірін білдіруге тым шорқақ! Тіпті пікір айтып жатуды міндет санамайды. /»Не болса, о болсын деген селқос көңіл»/ Үшіншісі- әдебиетте «ақсақал» қалмады. Кешегі Әуезовтер, Тәжібаевтар, Омаровтар, Әбу Сәрсенбаевтар, т.б. салған ізгі жол үзілді. Осы күні жетпістен асқан, сексенге тақаған қаламгер ағалар әлі күнге өзі туралы айта бергенді қалайды. Мақтай берсе екен дейді! Осы сөзім өтірік пе? Демек,ақын-жазушылар басқаны қойып, ең алдымен өзді-өзіне қамқор әрі жанашыр болуды үйренуі керек. Өздерін-өздері шын бағалап, жақсысын саралап, көтермелесе ғана, көркем әдебиеттің беделі өспек! » Ол мені бұл жолы да ойландырып тастады. Айналамда жүрген көптеген ағаларды есіме түсірдім. «Солар расымен-ақ не ойлайды екен? Әдебиет деген ұлы көштің өздерімен аяқталмайтынын бір сәт есіне алса қайтеді?»

 

***

 

Содан соң… өзімді ойладым. Мен ше? Мен не бітіре алдым? Өзім кімге ықылас байқатыппын осы күнге дейін? Болды ма ондай жағдай? Қиналып тұрмын…

 

ДОСЫ ЖОҚ ЖІГІТ

 

Өзі біртоға, көп ашыла бермейтін, сөзге сараң, томаға-тұйықтау жан. Мен танығалы бері солай. Өз көзіммен көріп келе жатқаным – осы мінез! Ешкімге зияны жоқ, өзгені сыртынан сөз етуге тағы да жоқ осы бір өзгешелеу танысыммен бүгін сөйлесудің сәті түскен екен. «Өзіңді танығалы біраз жыл болды, бір қалпыңнан айнымайсың, сол мінезіңе таңмын» дегем. Сөзге шорқақ жігіт осы сәтте ашыла сөйлеген. Ол айтты: «Мына заманда әбжіл, жылдам, елгезек мінезді болғандар ұта ма дедім. Оларда таныс та, дос та, жолдас та көп. Қашан көрсең, сол достарымен емен-жарқын сөйлесіп, арқа-жарқа болып жатқаны. Ал, мен болсам…» Арғы жағын айта алмады. Мұнан арғысын өзім де іштей сезіп тұрдым. Бұл танысымның досы жоқ! Ең болмаса ішкі сырын айтып, көңіл құсасын азды-көпті сыртқа шығарып қояр бірде-бір досы болмауы деген қандай қиын! Ішімнен ойлағам: «Ау, бізде де сыр бөлісе алар дос қалды ма осы күні? Кімге сенгендейміз? Сенуге болар жан бар ма айналамызда!»

 

***

 

Осы ойдан өзім де шошып кеттім..

 

ӘКЕМ БОЛСАҢ ҚАЙТЕЙІН…

 

«Құдай-ау!» деп күйінді Ол. «Мұндай заманды да көреді екенбіз-ау! Баяғыда… бәрі де басқаша болатын. Үлкен тұрып, кіші сөйлемейтін. Шеше тұрып, қызы білгішсінбейтін. Әке тұрып, баласы өзеуремейтін. Ал, бүгін… Не боп барады мына заман? Таяуда бір танысым мынадай сұмдықты айтты. Әкесі баласына жөн сөз айтып, жіберген ағаттығына аз-кем ескерту жасайын десе, баласы бет бақтырмапты. «Өзім білемге» басады ғой баяғы! Әке әрі айтады, бері айтады, тіпті болмаған соң «Оу, балам, сөзіме қонақ берсеңші, құлақ қойып тыңдасаңшы, мен әкең емеспін бе?» деп тоқтатпақ болса керек. Сонда ұлы айтыпты: «Әкем болсаң қайтейін, соны да міндетсінесің бе, кім кімге әке болмай жатыр мына заманда! Әкесіз де өсіп-жетіліп жатқандар да жетерлік! Әке болу – биологиялық заңдылық! Одан өзге не болушы еді?»

 

***

 

Мен оны тыңдап отырып, жағамды ұстадым. Әке мен бала деген асыл ұғым да аяқ асты бола бастаса, ендігі заман не болар? Қорқынышты-ы…

 

ӘРЕКЕТСІЗДІК

 

Ол маған әңгіме айтпаққа бекінді, ал мен тыңдауға мәжбүр болдым. Тыңдамай кетсем көңілі қалар деп мүдіре бергем. Сөзі былай басталды: » Саған айтайын ба, оу достым, осы күнгі көптеген жастарды мүлде түсіне алмай бара жатырмын. Жас кезде жалындау орнына шала секілді бықсып бара жатқандай. Қашан көрсем де селқос, сүлесоқ, мимырт, баяу, еріншек, тартыншақ! Ау, жас адам жалындамай ма? Жастың орны алғы шепте, не нәрсені де алдымен байқап, алдымен сезіп, алдымен айтып, алдымен дабыл қағуы керек емес пе? Бірақ осы күні бәрі де басқаша қиюласа бастағандай! «Әй, маған қарап тұрған не бар?» деп, не болмаса «Мен қозғалмасам дүние қирап қалар деймісің?» деп, әлде болмаса «Алға шығып, оза шапқанда біреу маған сыбаға әзірлеп отыр дейсің бе?» деген сықылды кертартпалық пиғыл-мінез көп жастарда молынан байқалып келе жатқаны жаныма батады. Әрекетсіздік – кісіні алға жетелемейді, керісінше құрдымға құлатады. Талап – адамның алға сүйрейтін негізгі қаруы емес пе? Талапсыз болу түптің-түбінде тақырға отырғызарын да біліп қойғаны жөн-ау!» Айтқанымен келіспеске шара жоқ, оған тек бас изеп қана жауап қаттым. Расында да, адамның негізгі қаруы, қозғаушы күші – осы қозғалыс болмас па? Әрекет тоқтаған жерде қандай үміт болуы мүмкін? Егер расымен-ақ жастар арасында осындай бойкүйез мінез орын ала бастаса, онда мықтап ойлану керек-ақ! /Шынымды айтсам, өзім оның айтқандарына илана қоймай, соншалық сене де алмағам// Алайда ішімнен әртүрлі сезімге түсіп, түсініксіздеу ойлармен кетіп бара жаттым…

 

БӘРІН ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЙМЫЗ!

 

Менімен қатарлас ақын жігіт бар, ол ел жақта тұрады, баяғыдан бері! Қалаға да, Астанаға да еш қызыққан емес. Өзі тәп-тәуір ақын! Бірақ сол өлеңдерін кітап етіп шығарсам-ау, оған сыйлық дәметсем-ау деп сөз қозғағанын да өз құлағыммен естімеппін. Бір қалыпты қоңырқай тірлік кешкен жан! Қашан көрсем де бірнәрсені қызғанып, біреуге тіс қайрап сөйлегенін де байқамаппын. Сол замандасыммен таяуда елге барғанда тағы жолыққам. Осы жолы оның бойынан үлкен өзгеріс байқадым. Ол маған былай деді: «Қазіргі кейбір жастардың іріленіп сөйлеген сөздеріне қарным ашты, олар неге өзінен бұрынғы ақын-жазушыларды сызып тастап, бәрін өзімізден бастаймыз дейді? Солай ету тұрмақ, солай сөйлеудің өзі асылық қой. Сендер неге үндемейсіңдер, а? Жастар озуы керек, әрине! Жастар жаңалыққа ұмтылуы керек, әрине! Жастар жаңа бағыттың, жаңа жолдың ізашары болып жатса, қандай ғажап! Бірақ, өзінен бұрынғыны жоққа шығаруды мақсат-мұрат етпеуі керек емес пе? Өткенге қанша көңілі толмай жатса да, үрке қашып, тапырақ мінез танытып, дереу топырақ шашу – тектілік белгісі ме? Өйткені бүгіннің арғы атасы – кешегі тарих болмас па? Атадан безген ұрпақ қашан бақытты болып еді?» Ішімнен ойладым. «Ақын жігіт те өзгерген екен, қарашы, жаны сыздап, жүрегі ауыра бастапты. Бәсе десе, елде жүрсе де жан әлемі біздің үйірде екенін білуші ем, соны ақыры байқатты.» Бұл – ол туралы ойым ғой, ал жаңағы әңгімесі ше? Қалай-қалай төгілдірді мына момын ақын? Әй, тегінде парасаттылықтың екінші аты – сабыр! Сабырлы, үндемес жандарды қашан түсініп, қашан салмақтап, қай уақытта бағалар екенбіз, беу дүние!..

 

ПЫСЫҚ БОЛУ

 

Менің бір жақсы танысым бар. Онымен әңгімелесу – рахат! Екі сөзінің бірі – күлдіргі әңгіме десем қателеспеспін. Сол себепті де оны ылғи көргім кеп тұрады, іздеп отырам. Кеше бірақ ол маған тым салмақты сөз айтты. Мені ойландырып тастады. Әңгімесі былай: «Мына өмірде кісіге пысық болу – аса қажет деп ойлаймын. Істі тезірек тындыру үшін, бір жерге тезірек жету үшін, біреуге жақсылық жасап тастау үшін…асыққан абзал-ақ! Алайда, осы сенің ағайындарың ше, жазумен айналысатындарды айтам, неменеге асығады, а? Неге өзі жайлы көбірек айтыла берсе екен деп әлекке түседі? Өзін-өзі жарнамалау, өзі туралы біреуге айтқызу, атаққа ұмтылу, марапатқа асығу… неменеге керек екен! Жазу өнерімен айналысатын ағайындардың қадір-қасиетін өзі емес, өзге де емес, ешкім де емес, ана жазған шығармасы айтса ғой! Хас талант қайтсе де оны сүйреп шығатынын білмей ме? Осыған ақылдары жетпеуі қалай?»

 

***

 

Міне, осы жолы ғана екеуміз күлмей, салмақты қалыппен қоштасып тұрдық. Ол мені де ой теңізіне лақтырып кеткендей, күні бойы ауыр сезімнен ажырай алмағам! Қарапайым ғана адамның сөзі…

 

ЖАҚСЫЛАР

 

Ол маған әңгіме айтты: «Қай ұлт, қай халық болмасын, оның жақсылары мен жайсаңдары болады, ақылдылары мен парасаттылары болады, көрегендері мен байқампаздары болады. Онымен қабат қисықтары мен қыңырлары, пасықтары мен жасықтары, ойсыздары мен мисыздары тағы да болады. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» деп сондықтан да айтқан емес пе? Мені қинайтыны – осы қазақ деген елдің неге ғана түкке тұрмасты әуелетіп, оның есесіне өз жампоздарын, өз асылдарын өздері жерге тыға беретіні! / Тіпті солардың қандай деңгейде екенін де, қаншалық қадірлі жан екенін де ажыратып-ақтап болмай жатып, өз қиялымен өзінше бағалап-бағамдап, білгішсініп, қисая сөйлегіштігін айт!/ Қызғаныш па? Көре алмаушылық па? Жоқ! Бұл, асылы, ақылдың кемістігі! Өзін-өзі сыйлай білмейтін көрсоқырлығы! Көзің қашан ашылар екен, оу қазағым! Өзіңе-өзің ор қазып, одан не опа таппақсың, а?» Тыңдадым. Аяғына дейін сабырмен тыңдағам! Ал, ол кеткен соң өзімнен-өзім қорландым! Қазақ болғаным үшін де жаным сыздап берді! «Біз неге осындаймыз?» деп ішімнен қан жылағандай болдым!

 

***

 

«Қазағым-ау, расында да қандай елсің сен?» Көмейімде осы сауал кептеліп тұрып алғаны…

 

ПАТРИОТ КІМ?

 

Ол да қолына қалам ұстаған, өз шама-шарқынша азды-көпті дүниелер жазып келе жатқан, айтары бар, асқақтамайтын, асықпайтын, айқайламайтын… көп қаламгерлердің бірі. Қашан көрсем де бірқалыпты жүрісінен айнығанын көрмеппін. Ешкімге де, ештеңеге де аса көп ренжи бермейтін. Кеше жолыққан сәтте абыржып, маған бірнеңе айтпақшы болып, күйгелектенді. Онысын дереу байқай қойғам, сосын да асықпадым. Сөйлегенін күттім. Ол айтты:» Мен осы күні бірнәрсеге еш түсіне алмайтын болып барам. Не дейсіз бе? Мәселен, мен қызмет қуғам жоқ, билікке тағы да таласпадым. Ешкімнің алдына барып бірнеңе сұрап тізе бүкпедім. Бар болғаны – Алла-тағала берген азғана талантымды қамшылап, өмір бойы бірнеңелер жазумен әуестеніп келем. Оным сәтті шығып жатыр ма, болмаса орта деңгейлі дүние ме– анық бағасын да айта алмаймын. Өкінішім ол емес, осы күні көп мазалайтыны – кейбір белсенді дос-таныстарым мені көрсе болды, «сен неге белсенділік көрсетпейсің, неліктен көпшілік жиналған жерден табылмайсың, үндемей, тым-тырыс жүріп те ұлтты сүйе ме екен»деп мұқатады. Сонда қалай? Ұлтты сүюдің басты шарты – белсенділік пе? Үнемі ел алдына шығып, айтарыңды айқайлап жеткізіп, құлағына құйып қана ұлт патриоты болу керек пе? Сонда менің күн-түн демей ойға батып, қиялға беріліп, жазған дүниелерім ұлтқа үлгі, ұрпаққа тәрбие тәрбие емес пе? Жазуыңды таста дей ме мына белсенді топ? Шығарма жазудың құны көк тиынға айналып бара жатқаны ма, шынымен-ақ? » Өмірінде бірінші рет ағынан жарыла сөйлегенін көріп, мен де аң-таңмын. Жанына батып-ақ кеткен екен де. «Жоқ, сенің жазғандарың ұлтқа молынан қызмет етеді, оқитындар саны әлі көбейеді, ол үшін тым қапа бола берме» деп жұбату сөздерін айтқым келген. Тілімнің ұшында тұрған. Момын қаламгер менің жауабымды күтпеді, жауаптың керегі де жоқ секілді, кетіп бара жатты. Мен оның соңынан ой сонарын түсіп, ұзақ қарадым…

 

АСЫҒУ КЕРЕК ПЕ?

 

Осы жақын күндердің бірінде сапарға жиналып, вокзалға келіп отырмаймын ба! Поездың келуіне әлі біршама уақыт болған соң, жайлы орындықтардың біріне жайғасып, ала шыққан кітапты парақтай бастағам. Жаныма екі жігіт келді, екеуі де тап-таза киінген, үсті-басы мұнтаздай. Кітап оқып отырғаныма қызықты ма, болмаса жәй әңгіме іздегені ме: «Сіз бос уақытыңыздың бәрінде кітап қарайсыз ба?» деп сұрады жігіттердің бірі. «Жоқ, кей-кейде» дедім. Екінші жігіт айтты:»Ағаның бұл шаруасы өте құптауға тұрарлық, кісінің әрбір сәті босқа өлмегені қандай жақсы, онсыз да қысқа уақыт..» Сонда екінші жігіт былай деді:» Немене, қысқа өмір деп адам өзін-өзі азапқа салуы керек пе, жан рахаты деген де бар!» Мен сөз астарын ұға алмай:»Жігіттер, сендер не үшін дауласып жатырсыңдар?» деп сұрағам. Бірінші жігіт айтты:» Аға, адам өмірі онсыз да өте қысқа, сондықтан да барлық нәрсеге асығу керек, үлгеру керек, бітіру қажет деп ойлаймын мен». Екінші жігіт айтты:» Аға, өмір қысқа екен деп сонша алқынып, өзіңді азапқа салып, ақ тер-көк тер болып, өкпеңді қолыңа алып жүгіру де тіршілік пе? Маңдайыңа не жазылса, сол болады, мен соны айттым!» Жігіттер мұнымен де тоқтамады. Бірі «өмірдің асу-белестері әлі алда деп аузың ашылып жүргенде бәрінен құр қаласың» десе, екіншісі «ұзын арқан, кең тұсау – түптің түбінде опындырады, бармақ тістетеді» дейді. Мен өз ойымды түйіндеп болғанша поезд да келіп қалды, әңгімеміз осы тұста үзілді. Қалай түйіндеуім керек еді? Қайсысы дұрыс?Қай істе де жұмыр басты пенде асығуы керек пе, жоқ асықпағаны абзал ма?

 

ҚАЗАҚТЫҢ МІНЕЗІ

 

Менің бір көршім бар. Өзі – философ! Кезінде талай-талай тосын ойлар айтып, жазып, ерекше көзге түскен жандардың бірі. Қазір – үндемес! Ол кісіні еш жерден де көрмейсің-естімейсің! Бірақ, ойлары өлген деуден аулақпын. Кеше екеуміз кешкілік кездесе қалғанбыз. Философ ағам ағынан жарыла сыр айтты: «Мен қанша зерттесем де осы қазақты, осы қазақтың мінезін еш түсіне алмай-ақ қойдым» деді ол. «Білесің бе, бұл қазақтың мінезі – көмулі жатқан алтын сияқты! Алтынның көмбесі! Қонақжай болудан, қонағын төбесіне қойып құрметтеуден әлемде біздің елдің алдына еш ел түсе алмас. Әдет-ғұрып туралы сөз қозғасаң да қазақтың дәстүріндей дәстүр некен-саяқ! Талант–қабілеті ше? О-о, ол туралы күн-түн айтсаң да тауыса алмассың! Жүз томдық жыр-дастаны бар екен! Әлденеше мыңдаған әні мен күйі тағы бар. Айтпақшы, қазақтың осы күй өнері теңдессіз байлық! Мұндай музыка байлығы болса, басқа елдер осы күні әлемге паш етіп, бүкіл халық назарын осыған аударып әкетер еді. Тіпті сонысымен-ақ әлем өркениетінен ойып алар орын іздеп жатар еді! Жазушылары мен драматургтері де ешкімнен кем түсе қоймас. Бар айыбы–қазақша жазады, қазақтан басқа ешкім түсінбейді онысын! Басқа тілге аудауға еш құлықсыз халық бар болса, сол халық–қазақ! Айтпағым–бұл қазақ қашан серпіледі? Қашан өзінің ұлы байлығын әлем назарына молынан ұсынады? Қашан әлемдік өркениетке үн қосып, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп жар салады? Тұйық мінезден қашан арылар екен менің талантты-тымырсық қазағым-м». Мен не дейін! Тыңдап тұрып ойлағам:

«Оу, сол қазақтың бірі өзіңіз емессіз бе? Сіз неге үнсізсіз? Бәрін өзіңізден бастамайсыз ба?»

 

***

 

Дегім келген. Демедім. Дей салғаным жөн бе еді, әлде үндемегенім жөн болды ма? Білмедім. Білсем өстем бе! Әй, мен де қазақпын ғой…

 

ПЫСЫҚ БОЛУ

 

Ол маған былай деді: «Мен бүгінгі қазақты еш түсінбеймін, неге десең, бұлар өздеріне өздері қарсы болады да жүреді. Мысалы, бір жазушы кітап жазып, оны жар құлағы жастыққа тимей жүгіріп, кітап етіп шығарып, сосын ол кітабын арқалап жүріп насихаттап, мақала жаздырып,әлек-шәлегі шығып жатса, мына жақтағы бір қазақ оны мұқата «әй, тым пысық екен» деп қисая сөйлейді. Пысық болса, пысық шығар! Пысықтық – жаман әдет пе? Керек десең, осы заманда қазаққа жетпей жатқаны пысықтық! Мен әлем жазушыларының бірсыпырасын білем. Қазіргі көзі тірілерін айтам. О, олардың тірлігіне таң қалмасқа шараң жоқ. Неге дейсің бе? Айтайын! Олар кітап жазып жатқанда насихаты басталып кетеді. «Пәленше деген жазушы мынадай романын аяқтауға жақын» деп шуласады. Ал, шыққан соң, насихаттың көкесі басталады, дереу өзге тілдерге аударылады, неше түрлі насихаттық мақалалар жазылады. Міне, бұның бәрін де олардың насихатшы-достары іске асырады. Рахат! Тіпті кім пысық деп сұрауға да шамаң жетпейді. Бізге, қазақтарға, тап осы кезде пысық болу – тіпті де керек деймін!» Бұл – оның айтқаны. Менің сөзім емес! Әйтпесе, бұл қазақ маған алакөзденіп, «қайдан шыққан білгішсің» деп жабыла кетер! Ал, білгіңіз келсе, менің ойымша… Әй, сол ойымды әзірше іште бүге тұрайыншы! Кейін айтармын!

 

ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ТІЛ

 

Оның сөзінің жаны бар, ағайын! Оны тыңдаған кезде мен де қатты ойланып қалғам. Рас-ау, тәуелсіздік ұғымы тар көлеммен өлшене ме? Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына тек билік мүдделі болуы керек пе? Ол айтты: «Сен өзің ойлап қарашы, тәуелсіздік алғалы бері міне, 24-жылға аяқ бастық, демек сол жылы дүние есігін ашқан сәби бүгінде 24-те! Аз уақыт па? Әрине, аз емес. Алайда… Біз неге Ана тілімізді әлі күнге өгейсітіп, әлі де сүріне сөйлеп келеміз? Неге бүгінгіжастар өз тіліне мүлде шорқақ? Ау, бұрынғыларға яғни жасы осы күні 40-50-ге шыққандарға өкпе артпай-ақ қоялық, заман, саясат солай болды делік, ендігіміз не? Кім бізге ана тілінде сөйлеме, оны қадірлеме, үйренбей-ақ қой деп төбемізден төніп, дікектеп тұрған? Қит етсе, бәріне билік кінәлі деуге әбден етіміз үйреніп кетті. «Өкімет қайда қарайды» деп сөзбұйдаландырамыз! Сонда өз ана тіліне жанашыр болар отбасы қайда? Олар өз перзентіне, тәуелсіз жылдары дүние есігін ашқан перзентіне неге ана тілін үйреткісі келмейді? Бесік жыры қалай жырланды? Былдырлаған тілі қандай сөзбен басталды? Егер осы 24-жылда 2,4-млн отбасы кішкене сәбиінің тілі қазақша шығуына ықтиярлы болғанда, кім біледі, тап бүгін қазақ елі мейлінше молынан қазақша сайрап тұрар ма еді! Арман-ай, арман..»

 

***

Мен ойлана тыңдадым. Бір ауыз сөз қосуға жарамадым. Не айтармын? Недеп өзеуретіп-жақауратуым керек еді, достар! Қалай деу керек еді мұндайда?

 

ДҮНИЕЖАРЫС

 

Ақсақалдың маған айтқан әңгімесі. Бұны сіздер де тыңдай отырыңыздар. Ол кісі былай деді: «Шіркін, баяғыда, біздің жастау күнімізде жарыстың нешелеген түрін білуші ек. Атжарыс, жаяу жарыс, сөз жарыс, ойжарыс, мақал жарыс, өлең жарыс, жұмбақ жарыс… болып кете беретін. Бір тамашасы – осының қай-қайсысы да аса қызғылықты еді, қатысқымыз-ақ келіп тұратын. Бүгінде ол жарыстар ұмытыла бастады. Кейінгілер ондай жарыстың өзі тұрмақ, атын да білмеуге айналған. Есесіне қазіргі кезде басқа, адам қорқатын жарыстар пайда болғанға ұқсайды. Мәселен, дүниежарыс…Бұл жарыстың қорқыныштысы – мұнда шектеу деген жоқ, аяғы қайда барып соғарын да бір Алла біледі! Көршісі жаңа үй салса, одан қалмауға, одан да асырып салуға тырысады. Тағы бір танысы «Джип» мінсе, бұл да дереу сондай көлік сатып алуы керек! Анау шетелге қыдыруға кетсе, бұл да қопаңдайды, одан да әріге баруға қам жасайды. Енді қазіргі кезде адамдар жердегі көлікті қанағат тұтпай, жеке самолет сатып алуға әуестеніп жүр деседі. Бір күндері төбемізде төніп тұрған әуеде бос орын қалмай, аспан үшін талас-тартыс басталып кете ме деген қауіп бар менде!» Міне, Ақсақалдың әңгімесі осы! Бұған алып-қосарым да жоқ! Не қосармын?

 

АР МЕН АҚША

 

Ол бүгін де мені көре сала күйініп әңгіме бастасын. Асығыстау едім, амал жоқ, сәл кідіріп, оны тыңдауыма тура келген, әйтпесе сыйламаған болмаймын ба! Ол айтқан әңгіме мынадай: » Баяғыда ардың құны болмаушы еді, оны сатуға да, сатып алуға да болмайтын, ол дүниедегі ең асыл зат секілденіп тұратын. Ал, қазір ше? Ардың орнын Ақша алмастырып бара ма? Қай жерге барсаң да, кіммен сөйлесе қалсаң да алдымен тілге тиек болатыны – кісінің дүниесі! «Ана кісі өте бай екен»деп таңдай қағып тұрғаны. Байлығы көптер дүниедегі ең жақсы адамдар… Ау, сонда кісінің кісілік келбеті, азаматтық бейнесі мен ар биіктігі қайда қалмақ? Оны кім жоқтайды? » Менен жауап күткені ме, танысым сәл-пәл кідіріп, тоқтап қалған. Айттым:» Мына заманда кім жаман өмір сүргісі келеді, сосын дүние табуға, бай болуға талпынады-дағы!»дегем. Ол жатып келіп ашуланды. Былай деді: «Есіңе түсірші, баяғы ашаршылық жылдарында да, соғыс кезінде де біздің Әже-апаларымыз ең алдымен Арды биік ұстады, соны көкке көтерді, әуелетті! Ал, бүгінгілер ше? Ар қайда, адамшылық қайда? Дүние мен байлыққа әсте тоймайтын бұл қандай ұрпақ? Бәрі астаң-кестең болған түсініксіз әлем! Жалғыз білетінім – қазір Ар деген асыл сөз аяқ асты болғаны!»

 

***

 

Асығыстау едім, әңгімеміз аяқталған жоқ, тағы бірде жалғастырмаққа уәделестік. Сонымен қоштастық!

 

АҚСАҚАЛДАР

 

Досымнан әңгіме тыңдаңыз. Маған айтқаны ғой, соны сөзбе-сөз сіздерге де баян етейін. Ол былай деген болатын: » Бір нә Бір нәрсеге басым жетпей-ақ қойды. Осы күні Ақсақал деп кімді айтуға болады? Оның жас мөлшері бар ма, жоқ әлде ондай өлшем өлген заман ба? Мен неге бұлай деймін! Таяуда бір егде кісімен /жасы жетпістен асқан болар/ поезда бірге жолаушылап келе жаттым. Сөз арасында ол кісіге «ақсақал» деп ем, шалқасынан құлай жаздағаны. «Әй, бала, сен мені тым қартайта берме, әзір еңкейіп тұрған жоқпын мен» дегені. Содан соң қашан қоштасқанша «аға,аға» деумен болдым, оған да осы ағалағаным ұнап тұрды. Ал, енді кеше ғана емханада бір егде кісімен қатар отыра қалғаным бар емес пе! Өзі алпыстың жуан ортасында ма, әйтеуір соншалық қартайып тұрғаны байқалмаған. Мен өзімше ақылдысынып, оған «ағалай» бастап ем, тап осы сөзімді мүлде жақтырмады. «Сен менен кем дегенде 20 жас кішісің, маған ақсақал десең де жараспай ма?» дегені. Онымен қоймай «осы күнгі жастар үлкенді үлкен деп айтуды да білмейді, ондай сөзді ұмыта бастаған» десін! О, тоба! Жағамды ұстадым. Мен не бүлдіріп қойыппын, қандай көргенсіздік танытыппын сондай-ақ!»

 

***

 

Міне, досымның әңгімесі осы! Мен баға беруден аулақпын, өздеріңмен ойласқан шаруа ғой! Әйтеуір білетінім – ақсақалдар қазына екендігі…

 

ӨЗ ӨМІРІМ…

 

Көп жыл ұстаз болған аға-дос еді бұл кісі! Ара-тұра кездесіп тұрамыз, шүйіркелесеміз, ой бөлісеміз. Ойы жүйрік, қиялы терең! Әңгімелесу де –бір бақыт! Сол аға-дос кеше маған мынадай әңгіме айтты: «Сен білесің бе, осы күнгі жастардың бәрі демей-ақ қояйын, көпшілігі сын сөзді көтере алмайды, бірнеңе айта бастасаң, сөзіңді бөліп «Бұл менің өмірім, өз тіршілігім, өз билігімдегі шаруа, сіз оған килігіп- араласпаңыз» дейтін болыпты. Өз өмірі,өз тағдыры екені рас, оған дауым да жоқ, тек…» Осылай деп мүдіріп қалып еді. Мен «тек дедіңіз, сонда онымен не айтпақшы едіңіз?» дедім. Әңгіменің әлі де аяқталмағанын сезіп тұрғам. Ойының жалғасын білгім келген-ді. Айтты: «Тек…өз өмірім –өзімдікі дегенге малданып жүріп,, сол жастар өзгенің өміріне, басқалардың тағдырына мол зиянын тигізбесе дегенім де. «Өзімдікі» деген жерде жылт етіп қылаңдап эгоизм деген кесапат бой көтермес пе! Ойлап қарашы! Кез-келген адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамнан тыс бола ала ма, тәуелсіз бола ала ма, бөлектеніп-бөлініп тіршілік ете ала ма, ол мүмкін бе өзі?»

 

***

 

Осы әңгімеден соң мен де іштей ойланып, өз өмірім-өзімдікі ме, әлде басқа жұмыр басты пенделермен де іштей желілесіп-жалғасып жатыр ма деп, сан түрлі соқпақ-қиялға ерік беріп қоятын болдым!

 

ОЙ-ПІКІР ЕРКІНДІГІ

 

Ол маған сырын айта отырып, ара-тұра көңілі де босап, көз жасын сығып-сығып алды. «Осы еркіндік, демократия дегенді ойлап тауып жүргендер кім?» дейді даусы дірілдеп.»Осыдан сен де, мен де, тіпті ешкім де түбі пайда көрмес!» Онымен келіскім келмеген, мен де өзімше жағаласып бақтым. «Достым-ау, кісінің ойы азат болмаса, онда оның өмірі де өтірік!» Ол менімен мүлде келіскен жоқ. «Енді мені тыңда» деді сөзін жалғап.» Бүгінгі заманда баласы әкесін тыңдамайды, сенің осы тірлігің қалай дей бастаса, бұл менің өз өмірім деп бет бақтырмайды, қызы шешесіне шекелеп сөйлеседі, қысқасы қым-қиғаш кері кеткен тірлік, аяғы не боларын бір Алла білер!» Мен бұған да келісе қоймай: «Бұл енді үйдегі тәлім-тәрбиенің көрінісі емес пе?» деп ем, Ол одан бетер қызараңдады. «Қоғамдық орындарда кіші үлкенді сыйлауды ұмытты, жөн сөз айтсаң, оны мазаққа айналдыру басталды, ә десең, мә дейтіндер көбейді, кім дұрыс, кім бұрыс–оны ажыратып болмас заман туып келе жатқанын да байқамағаның ба?» деп тоқтамай сөйлеп берсін. «Демократияңа да белгілі бір шек болмаса, аяғы қайда барып соғарын да ойламайсыңдар ма сендер!» деп одан бетер өршеленді. Мен амалсыз жеңілдім. Жеңіле салдым. Кімнен жеңілмей жүр едім. Кімге ізетті болып, жол бермей жүр жоқ едім! Көп болса, соның бірі болар! Мына заманда «жеңемін» деген сөз қол жетпес арман…

 

ҒАЛЫМ

 

«Бүгінгі ғалым кім? Ол қандай қасиетімен ерекше? «деп сауал берді бір танысым. Мен не дейін! «Ғалым дегеніміз белгілі бір ғылым саласында елді елең еткізер жаңалық ашушы» дедім қысқа қайырып. Ол менің жауабыма қанағаттанбады, тіпті қанағатты айтасыз, сөзіме күлкісі келіп тұрғанын байқадым. Сосын айтты: «Ғалым болу бүгінгі заманда оп-оңай, қалпақпен қағып ала беретін шаруа болып кетті, екінің бірі– дардай атағы бар ғалыммын дейді, ал бірақ бітіргені аз, жаңалығы жоқ, бір саланың ішіндегі бір саласының түймедей ғана мәселесін көп жыл қаузап, атақ алған, сонысын ерлікке балаған, даңкеуде…» Мен онымен келіспейтінімді айта бастадым. «Ғылым деген телегей-теңіз, оның барлық саласын түп-түгел меңгеру еш мүмкін болмайды, түймедей болса да, бір пұшпағын жеріне жеткізе зерттей алса, ол аз еңбек пе?» деймін. Ол тағы да қызбаланып сөйледі. Былай деді: » Ендеше неге бір саланың ішіндегі тырнақтай шаруаны тақырып етіп, соны ғана зерделеген, содан атақ алған адам артынша профессор, тіпті академикке айналады? Сен сол туралы ойланып көрдің бе?» Талас алысқа бастайтын түрі бар. Бұдан әрі тереңдеуге мен де құлықсыз едім. Үнсіз құтылдым танысымнан. Бірақ әлгі сөзі бәрібір санамда ойнақ салып, есімнен кетпей тұрып алғаны…

 

ТЕКТІЛІК

 

Бірінші сәт. Бір қаламгердің жаңадан шыққан кітабы туралы талқы өтіп жатты. Әркім әртүрлі сөйледі, нақты сөз болған жоқ. Осы кезде ол орнынан ұшып тұрды да:» Түкке тұрмайтын нәрсе, осыған да уақыт жоғалтып отырмыз, әй бізде де ес жоқ, өңшең нақұрыстар!» деп айтып салды, сосын кетіп қалды. Артында қалған тобыр «нағыз тектілік» десті! Екінші сәт. Бір суретші жігіттің жаңадан салған суреті талқыға түсті, тағы да әркім әртүрлі сөзге басты. Ол үндемеді. «Сіз не дейсіз?» дегендерге иығын қиқаң еткізіп «не деуге болады, не дейін» деп құтылды. Аузынан артық сөз естілмеді. Ол кетісімен «нағыз текті адам ғой» десті көп нөпір. Үшінші сәт. Ол әлдебір жиында кезексіз мінбеге көтеріліп алып, ұзақ сөйледі, қатты-қатты пікірлерге барды, тоқтамай қойды, айтары көп-ақ екен. Өзгелер күбірлесіп «текті кісі ғой» десті. Төртінші сәт. Ол көп адам бас қосқан жиналысқа келіп, көбіне тыңдаушы болып отырды. Тіпті сөз бергенде де сол биязы, біртоға мінезін жоғалтпады. Мәдениет арнасынан асып-төгілмеді. Тыңдағандар «міне, тектілік белгісі» десті! Тектілік? Уа,тектілік! Сені түсінбей-ақ қойдым! Сен қандайсың, осы? Сені қалай бағалаған жөн? Сенің шын мінезің қалай? Соны… біле алмай, бағамдай алмай келеді ғой бұл пақырың…

 

КІМДІКІ ДҰРЫС?

 

Мен екі ақсақалды /енді жетпістің жуан ортасындағыларды осылай атасақ артық па?/ өте жақсы білем. Екеуі де елге бір кісідей еңбек сіңірген, атақ-дәрежесі де өз басына жетерлік, сыйлы ағалар. Ана бір жолы сол кісілердің ортасына ойда-жоқта түсе қалмасым бар ма? Мен тыңдаушымын, ал олар қып-қызыл болып, қызылкеңірдек айтысып жатты. Сондағысы не дейсіз бе? Түсіндірейін. Бірінші кісі айтады: «Мен кешегі кеңестік кезеңдегі алған бар мақтау қағаздары мен марапаттарды керексіз деп таптым, бәрін де жиып-теріп, апардым да күресінге лақтырдым, түкке де қажеті жоқ нәрселер ғой қазірде!» деді. Ал, екінші кісі оған қарсы дау бастады: «Әр уақыттың өз сыйы мен тиісті марапаты бар, оның даңқы да өз кезінде, мәңгі ештеңе жоқ, соны біле тұра өткенге бұлайша тас атсақ, ертең бізге не істейді, соны неге ойламадың?» деді. «Мен уақытқа алданған екем» деді бірінші аға. «Ал, қазіргі дұрысыңды ертеңгі ұрпақ бұрысқа шығарып жатса ше, оған не дейсің?» деді екінші аға. Қысқасы, бұл ағаларымның дау-дамайы жуық арада бітпесін сездім, сездім де сыпайы қоштасып кете бардым. «Әй, бала, сен ойыңды айтпадың ғой» деп артымнан екеуі бірдей жарыса айқайлап жатты. Не дейін? Не деп аралық сөз айтпақпын? Бірнеңе айтуға бола ма осындайда?

 

АҚША

 

Ол екеуміз құрдаспыз, рас айтам, кәдімгі құрдаспыз! Тетеміз! Бір жыл, бір ай, тіпті туған күніміз де жақын! Бірақ кісінің бір уақыт, бір мезгілде туғаны оның мінезінің көрсеткіші емес. Оған әбден көзім жетті. Таяуда ол екеуміз жата қалып айтыстық. Не туралы дейсіз бе? Ой, сөз етуге тұрмайтын мәселе! Бәлкім, мен қателесем бе? Тыңдаңызшы! Ол айтады: «Кісі ақшаға қатты болмауы керек, барыңды шашып жүріп, өмір сүр, шалқып жүр, сараңдық танытпа, кеткен шығынның орны толады, оған бола бас қатырма!» Мен айтам: «Қалтаңдағы ақшаңды үнемдеп жарат, ол таусылмайтын кен емес, бар кезде де, жоқ кезде де бірқалыпты бол, есепті, есебі бар адам бола алмасаң, түбі опық жейсің!»

 

***

 

Құрдасым мені түсінбеді, мен оны түсінбеген сыңайлымын! Қазір де осы күйдеміз! Кімдікі дұрыс, оны ашып айтып бере алатын жан әзірге табылмай тұрғаны!

 

БҰЛ КІМ?

 

Өзі бола алмаған, бірақ болатынды болдырғысы келмейтін, өзі жете алмаған, бірақ жете алатынды желкеден қиятын, өзі озбайтын, бірақ озып бара жатқанды омақаса құлатқысы келетін, өзі көтеріле алмайтын, бірақ көтеріліп бара жатқанды көк желкеден ұратын, өзі талпынбайтын, бірақ талпынғанды тобықтан шалып жіберетін, өзі жүйрік емес, бірақ жүйрік көрсе жиіркене қалатын, өзі өткір емес, бірақ өткірді көрсе керги түсетін, өзі талант емес, бірақ талант көрсе тыжырына қалатын, өзі шешен емес, бірақ шешен көрсе, шынтақтай кететін, өзі алғыр емес, бірақ алғырды көрсе алақтап кететін, өзі, өзі, өзі… Бұл кім, ағайын? Бұндай кісіні танушы ма едіңіз?

 

БАЛАЛАР.

 

«Біздің өміріміздің мәні не?» деді бір танысым. Сосын өз сауалына өзі жауап бере бастады. Былай деді: «Мына фәни деген дүние есігін ашқан күннен бастап ұлы соқпақ басталады, ал сол соқпақтың ең ұлысы – балалық шақ! Біздің балалығымызды қойшы, өтті ғой ол күндер, есейдік, ес тоқтаттық, елді білдік, жерді білдік, елді сүйдік, жерді сүйдік! Қазақ деген қабырғалы елге махаббатымыз кеудеде маздап жатыр. Ал, бүгінгі балалар ше? Олар қалай өсіп келеді? Оларға не білдіріп, неүйрете алдық? Бүгінгі бүлдіршіндердің әкесі де, шешесі де – ғаламтор! Өзі әлі былдырлап, сөйлей білмесе де, компьютері, айпадты шемішкедей шағады. Компьютермен кеңесіп, айпадпен ақылдасқан балақай ертең кім болып өспек? Оның қазақ деген халыққа махаббаты бола ма? Осы жай мені көп мазалап келеді!». Танысым тынысы тарыла сөйледі. Мен оған «қазір технология заманы..» деп жауап айта бастап ем, қабағы құрыстанды. «Ой, сен де атүсті ойлайтындар тобынан болдың ғой» дегені! Әңгімеміз осылай аяқталған. Сөз түйінделмеді. Кеңкеуде қазақпыз ғой, ертеңіне-ақ бұл әңгімені ұмытып кетіп ем. Жылма-жыл балаларды қорғау күнінде неге екені белгісіз, сол танысым еске түседі! Ойланып қалам. Расында да Айпадпен ақылдасып, компьютермен кеңескен ұрпағымызға қандай жол сілтесек екен?

 

***

 

«Оны қой, жап бәрін де» дей алмасымыз анық. Ендеше, не істемек керек? Не істейміз,а?

 

ЖАҚСЫЛАР ҚАЙДА?

 

Ойпырмай, бір досымның күні кеше ғана айтқан әңгімесі түнімен дөңбекшіткенін көрмеймісің! Көзімді жұмсам да, ашсам да соны ойлаймын. Тіпті ойламасыма қоятын емес! Кеудемді әлдебір кермек сезім орап алғандай. Жүрегіме зіл батпан тас байланғандай. Осыны мен де, сен де – бәріміз де ойладық па? Әй, қайдам! Ол маған былай деген: «Сен байқайсың ба, осы күні қазақта жөні түзу қайраткер қалмапты, бір министр теледидардан сөйлеп жатса, оған мұрын шүйіріп «әй, бұл парақор адам» дейміз, ал депутат мінбеге көтерілсе «бұл адам жершілдік, рушылдық ауыруымен ауырған» дейміз, тағы бір әкім ел жайын қозғап сөз бастаса, «е, бұның деңгейі белгілі ғой, не істеп жарытар екен» деп кеңірдектейміз, сонда бұл қазақта дені түзу лауазым иесі жоқ па?» Ештеңе дей алмадым. Не дерсің мұндайда? Оның сөзінің жаны бар. Расымен-ақ, біз майда әңгімеге, бұралқы сөзге, жеңіл мысқылға, парықсыз бағалауға тым құмар болып барамыз! «Өз елі өз ерлерін елемесе», онда барар жеріміз қайсы?Басар тауымыз кәні? Шығар биігіміз қайда? Жалпы, біз өз биігімізді аңсап, арманымызды аспанға іліп, деңгейімізді шарқ ұра іздеген елміз бе, жоқ әлде көрінген көлбей өтіп кете беретін төбеде тұрақтап қалған тобырмыз ба? Жақсыларың қайда? Жайсаңдарың не бітіріп жүр? Бар ма олар? Бар болса, неге әуелетпейсің? Неге мерейін асқақтатпайсың, беу қазағым! Түнімен мені ар азабына салған – осындай кермек те ащы ойлар! Сен ше? Сені ойландыра ма осылар? Әлде…менікі құр сандырақ па? Түкке тұрмасты сөз етіп сенің басыңды ауырттым ба, а?

 

ЖАЗУШЫЛАРДЫ ЖАҚТАУ

 

Уа, достым! Саған бір сыр айтайын, тыңдашы! Қазіргі заманда қолына қалам ұстаған жандардың беделі де, абыройы да жоқ. Мүлде түсіп кеткен! «Жазушы келе жатыр» дегенді естісе, баяғыда ел елең етіп, оны көруге асығатын еді, бүгінде басқаша. Ондай сөзді естігендер енді ынтығу былай тұрсын, қайта мұрын шүйіріп «Е, әлгі қияли ма тағы да» деп салады. Деп салып тоқтай қалса жақсы, одан да зорын айтады, одан да тереңдеп кетеді, мен ол жағын көп қазбалай бермейін! Қаламгер боламыз деп қазір қияли атандық! Болмайтын істің соңында салпақтаған әпенді бейнесіндеміз! Мазақ болдық! Күлкіге айналдық! Осы жаныма батады. Бұл – бір! Екіншіден, өз арамыздан шыққан «ғұламалар» да жыныма тиіп болды. Олар не дейді дейсің бе? Айтайын. Қалам ұстағандарды қойға ен салғандай, санамалап, топқа бөліп, сорттап, електеп, екшеп, саты-сатылап, салмағын өлшеп, бойын бағамдап, адымын аңдып, қысқасы ара-жікті ашуға ұмтылып бағады. Ойбай-ау, кім жаман жазушы болғысы келіп жүр? Кім біріне-бірі оза шапқысы келмейді екен? Талант не бар, не жоқ! /Жоқтар жайлы сөз де жоқ!/ Ал, енді кеудесінде азды-көпті сәулесі бар адамға төбеден ұрғандай етіп, «ол халтурщик» десе, бұнысы қабырғаға тұрғызып атып тастағанмен бірдей емес пе? Сол «ғұламалар» санаға салқын ой ұялатып, сезімін салмақтап, айтпағын өлшеп-пішіп,демегін шайқап, білдірмегін бағамдап, ойланып пікір айтса деп едім. Бұл – екі! Ең соңғысы – қайсыбір қаламгердің де жазған дүниелері барлық уақытта шедевр емес, немесе барлық уақытта халтура емес. Сәтті көркем дүниелер үнемі, үздіксіз, зауыттан шыққандай мінсіз болып туындап отырады дегендер қателеседі! Ал, түкке тұрғысыз деген әлдебір шығармадан да жанашыр сезім болса, ықылас-ниет болса, сәулелі ойлар табылып қалады. Мен де аздап жазамын ғой, достым! Өзімді алға тартқым келіп отырған жоқ, мені қойшы! Жаныма бататыны˜–бүкіл ғұмырын осы жазу өнеріне арнаған, арнап та келе жатқан қайсыбір аңқылдаған ағалар туралы атүсті, әулекі, асығыс, апыл-ғұпыл пікірлер айтылып кетсе, жаным шырқырайды. Өз үйірін өзі ойрандауға, өзі ылаң салуға құмарту- ақылдың ісі ме? Маған осы туралы айтшы, ақылды досым? Әлде мен жөн сөйлемей отырмын ба? Менікі қателік пе? Тура айтатын мінезің бар еді ғой қай кезде де!

 

АҚЫЛ АЙТПАЙМЫН

 

Жасы менен сәл үлкен, сөзі салмақты, ойы орнықты бір ағаймен көрші болып тұрып жатқанымызға бірнеше жыл! Қатты араласып кеткеніміз де шамалы, бірақ қай кезде де сәлеміміз түзу! Өзі мені көрсе болды, дереу бас изеп, алыстан амандаса бастайды, сосын да «еңкейгенге еңкей» демекші мен де елп ете қалам. Әңгімесі де орнықты, сөздері мағыналы. Сол ағаймен кеше де кездестім. Бұл жолы алыстан амандаспады, маған қарай жүрді. Мен де қарсы жүріп, қолын алуға ыңғайландым. Қолымды алар-алмаста көршім қабағын түйіп, әлденеге ренжулі екенін байқатты. «Сізге не болған?» дедім. Ол көңілсіз ғана «енді ешкімге де ақыл айтпаймын» дегені. Әуелде сөз астарын ұқпадым. Ақылы несі? Кім ол кісіден ақыл сұрап мазалап жатқан? Ойымды сезді-ау деймін, енді нақтылады. «Осы күні жасымыз алпыстан асқан соң, әртүрлі басқосуларға шақырыламыз, жастармен кездесеміз, олардың алдында сөз сөйлеуге тура келеді. Сол жерде өмірден түйгенімізді, көрген-білгенімізді айтамыз, ақыл-кеңес береміз, мынадайдан сақ болыңдар дейміз, сөйтсем…» Ренішін енді түсіне бастағандаймын. «Қазір ешкім де ақылға аса зәру емес» деп қалып ем, ол ашуланып кетті. «Міне, сен де солай ойлайды екенсің» деді. «Айтайын деп айтам ба, кеудеге кептелген қыжылды шығарасың сыртқа, ал ол ешкімге керек болмаса, сөйлеп не керек!». Мен ойланып қалғам. Көршімнің енді ақыл айтпаспын деген сөзі кеудеме қадалған қанжардай! Ол кетіп бара жатыр. Ал, мен… Ол кісіге недерімді де білмедім. Не деуім керек еді? Сен айтшы, ойлы дос? Мұндайда қандай ақыл Берген дұрыс өзі?

 

АЙҚАЙ МЕН САБЫР

 

Екі танысым бар, екеуі екі түрлі. Қалай дейсіз бе? Айтайын. Біріншісі – сәл нәрсеге шап ете түсіп, дереу айқай шығарып, бас-көзге қарамай төпелеп, қарсыласының есін шығарады. Тіпті оған қарсы сөйлеп, уәж айтуға да мүмкіндік бермейді. Бұл қалай десең, солай дейді! Ешкімді де басындырмаймын дейді. Ә десе, мә деймін дейді дірілдеп. Ал, екінші танысым мүлде жайбарақат, оның үстінен түйе өтіп бара жатса да, мыңқ етпейді-ау сабазың! Кейде оған қарап отырып өзімніңде зығырданым қайнайды. «Ау, осынша төзімді болуға бола ма?» Ол болса күле сөйлеп: «Бәріміздің барар жеріміз біреу, оған несіне асығамын» дейді! Ойлап көрсем, оныкі де жөн! Қайсысын жақтарыңды білмей қиналасың осындайда! Кімдікі дұрыс? Менің ақылым жетер емес, оу достым! Сен не ойлайсың? Кімді қостауымыз керек? Әлде…екеуінікі де дұрыс емес пе? Бәлкім, басқа жолды айтарсың?

 

ҚЫРТ

 

Осы күні қалам ұстаған қайсыбір әріптесімнің жазған-сызғанын оқи бастасам, осы сөзді ауыз толтыра айтып, оңды-солды қолдана беретін болыпты. Басында анау айтқан көңіл аудармасам да, енді тіпті көбейе түскен кезде амалсыз көңіл аударуға тура келді. Қырт – кез-келген жерде, кез-келген кісіге қолданыла беретін сөз бе? Біздіңше, жоқ! Қырттық- ақылдан ада, сөзі берекесіз, ойы нақты емес, айтары маңызсыз, езбе, көбік ауыз, т.т. болып кете беретін анықтамамен айқындалатын адамдар тобы. Ендеше, анау да қырт, мынау да қырт дей салу не өзі? Қазіргі уақытта кімді мұқатып, кімді мазақтап жүрміз, оу достар! Бұл – сөзді мазақ ету! Бұл – сөзбен ойнау! Сөз қадірі – өз қадіріміз екенін ұмытпаған да абзал-ау! Ойланып қоялықшы осы жағын да…

 

ҚАЗАҚ КІМДІ ҚАДІРЛЕЙДІ?

 

Күн сайын жайсыз хабар естіп жатамыз. Әсіресе жаны таза, өресі биік, ұлт үшін аса қадірлі жандардың өмірден тез-тез өтіп кеткенін білгенде қабырғаң қайысады. Солардың біразы елеусіз ғана пәниді артқа тастап барады! Ешкімге өкпесі де жоқ, ештеңесін міндетсімейді де! Жақсылар! Жайсаңдар! Көшелі кісілер! Елдің айбары! Ұлттың ұстыны! Біз соларды көзі тірісінде көзге іліп, танып-біліп жүрміз бе? Егер танитын, білетін болсақ, солардың қадіріне жете алдық па? Қазіргі қазаққа кім қадірлі? Кімді көкке көтеріп, әуелетіп жүрміз? Кіммен мақтанып жатырмыз? Мақтанатын кісілеріміз қайда жүр? Бар ма олар? Олардың деңгей-дәрежесін, парасат-биігін кім айтып-ашып бермек? Кімсің, уа бүгінгі қазақ! Кімің бар ауыз толтыра айтатын?..

 

ОЙДЫҢ ҚАНАТТАНУЫ

 

Енді бір танысым бар. О-о, онымен сөйлесіп-әңгімелесу аз, оның жанында болу ләзім! Егер қолың бос болып, онымен асықпай ел араласаң ғой, нағыз рахатқа бөленіп қайтар едің! Әңгіме дейсің бе – ал тыңдай бер! Әзіл-қалжың дейсің бе- ал құлағыңды тос! Ақыл-кеңес дейсің бе – тағы да оның сөздеріне назар сал! Қысқасы, бесаспап! Нағыз бүгінгі заманның сал-серісі! Оның қасында жүргенде қиялың қанаттанады! Ойың өріс ашады! Сол жігіт қайда дейсің бе? Бар! Бар ғой ол! Ол менің аулымда! Мен туған жерде! Өзім де көптен бері оны көре алмай келем! Іштей сағынатыным да бар! Ал, сағыныш… ол да қанатты арман! Сағына білмегендер қанатын кең сермеп, қомдай алмайды!

 

ОЙДЫҢ ТІРІЛУІ

 

Тағы бір танысым бар. Қашан кездесе қалсаң да, есе сөйлеп, арғы-бергіден сөз қозғап, делебеңді қоздырып, кеудеңе шоқ үрлеп, сезіміңді сілкілеп, өзіңді әп-сәтте дел-сал етіп тастайды. Оның білмейтіні жоқ, қай салаға сөз басталса да, тоқтата алмайсың! Жо-жоқ, сен ойлағандай көкмылжың емес, айтары да, ойға жетелері де бар тәп-тәуір жігіт! Ең қызығы – онымен болған сәттерде саған кенет қанат бітеді, қомдана бастайсың, қиялың қияға самғайды, ойыңа ой үстемелейді!»Мен неге сылбырмын, тіршілік кешкен соң міне осылай алғыр, батыл, жүректі, ең бастысы өзіңе-өзің сенімді болғанға не жетсін» деп ой жетегіне еріп кете барасың! Ойың тіріледі! Қиялың қомданады! Бойыңа алдағы күндерге деген ұмтылыс ұялай бастайды! Міне, мен онымен әлгінде ғана кездескен болатынмын. Қазір ғана онымен қоштасқан сәтім! Содан… ой оянды! Бірнеңе жазсам ба дедім! Сондықтан да шимайлап жатқаным ғой! Түкке тұрмайтын нәрсе дейсің бе? Мүмкін! Өз жазғаныма өзім де түсіне алғам жоқ! Әй, бірақ…ойымның қайта оянғаны рас! Менің ұтқаным сол! Ол ақиқат!

 

ОЙДЫҢ ӨЛУІ

 

Бір танысым бар. Өзі қашан көрсең де бірнеңеге ренжіп, қабағын түйіп, сөзіңе сынай қарап, тырнақ астынан кір іздеуге әбжіл! Не айтсаң да жақпайды оған. Дұрысың да даулы, бұрысың да даулы! Қыбын табу қиын-ақ! Сол танысым… көптен бері көрінбей кеткен. Жақында кездесе қалмаймын ба? Баяғыдай емес, аз сөйлеп, көп тыңдайды. Тіпті сылбыр! Пікір айтуға мүлде жоқ! Даусы да өзгерген, жәй шығады. Қарап отырам ба, енді жөн сұрадым. «Бұл өзгергенің қалай?» деймін таңдана. Олжайбарақат. «Бұдан былай тереңдеп ой ойлауды доғардым» дейді!Е, неге?» Оның жауабы: «Бүгінгі адамды сөзден, уәжден жеңу қиынның қиыны, ең абзалы – үндемеу!» Міне, танысымның қазіргі түр-сипаты осылай. Ол бұл күнде анау-мынауды ойлап, бас қатыруды доғарған. Тіпті ойланбайтын болғам дейді өзі! Оның сөзін тыңдап отырып ойға қалдым: «Расында да мені ешкім бағалап-тыңдап жатқан жоқ» деп бәріміз де ой ойлауды қойып кетсек… Масқара! Өмір не болар екен сонда? Болашақ қалай болмақ? Замандасым, сен де ойланшы! Ойды өлтіру дұрыс па? Оймен бұлай ойнауға бола ма өзі?

 

ШЕШЕН МЕН СӨЗШЕҢ

 

Қазіргі уақытта мына біздер шешен мен сөзшең ұғымын мүлде шатастырып ала беретін болдық білем! Екеуі бір нәрсе емес пе дейсіз бе? Былай қарағанда солай көрінуі де мүмкін, алайда… Қалай түсіндірсем екен? Қайтсем дөп түсе алам? Міне, мен де қиналдым! Өйткені біз осы күні бұл ұғымдарды біріктіріп-кіріктіріп, достастырып-ағайындастырып жіберген сыңайлымыз! Мұнымыз ұят-ақ! Сөзшең болу деген – бас-көзге қарамай, төпелеп сөйлей беру,тамаша тіркес таптым деп тоқтамай айту, сөзді оңды-солды, ерсілі-қарсылы қолдана беру…Тағы не? Рас, сөзшең де тоқалдан туған жоқ, оның да көңілге қона кетер қолайлы, оңды, ойлы тіркестері бар болар? Бірақ… шешен басқа! Шешен керек десеңіз көп жайтты аз сөзбен түсіндіріп береді, тіпті сөйлемей-ақ көл-көсір ойды сізге ыммен сездіруі де ықтимал. Ымның көкесін осы шешендерден үйренген ләзім! Ең бастысы – шешен сөз қадірлейтін адам! Сөзді сыйлай білетін адам! Сөзбен ойнамайды! Сөзбен қалжыңдаспайды! Оның себебі… Қой, мен де тоқталайын! Әйтпесе, сол көбік ауыз сөзшеңнің тап өзіне айналып кетіп жүрем бе?

 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТІ

 

Біздің тап қазіргі, бүгінгі күнгі басты да ең үлкен кемшілігіміз- өзгеге көп еліктеу болып барады. Еліктеме деуден аулақпыз, бірақ он ойланып, жүз толғанып барып, еліктесек ше? Қазақ «Әсіре қызыл тез оңар» депті! Қандай көркем сөз! Қалай дөп айтқан? Еліктеудің ең ақырғы аялдамасы – өзіңді жоғалту! Өз қасиетіңді ұмыту және өзге бейнеге ауысу! Сол қажет пе бізге? Әрине, жоқ! Демек, енді не етпек керек? Алдымен ұлт қасиетін аяла, соны көкке көтер, соған ел назарын аудар! Ел болудың басы – осы! Ал, одан соң…әлемге құлақ түр! Олар не істеп жатыр? Озығы бар ма? Бар болса несімен? Салыстыр! Салмақта! Ара-жігін ажырат! Қай елдің де болмасын ең үлкен байлығы – Адам! Адамы азғындаған қоғамда Әдеп, адалдық, тазалық туралы сөз қозғау мүмкін бе?

 

КЕМШІЛІК ЖӘНЕ ӘДЕП

 

Осы пәни жалғанда міні жоқ тірі пендені тауып берші, кәне! Таба алмаспыз! Өйткені пенденің аты – пенде! Үлкенде де, кішіде де кемшілік жетерлік, әйтеуір қаза берсең, сүттен ақ, судан тазаны кездестіре алмасың кәдік. Бұл кемшілік деген кесіріңіз ойлап қарасаң, әркімде әртүрлі, біреуде үлкен, біреуде кішірек дегендей… Бірақ кемшіліктің аты – кемшілік! Оған үлкен-кіші, көп-аз деп анықтама беріп жату да орынсыз. Ал, енді пенденің кемшілігі айтылып, сыналып-мінеліп,салмақталып, бағасы беріліп, ақ-қарасы аршылып, арғы-бергісі түгенделіп, анығы айқындалып, тиісті қорытынды шығарылып отырмаса тағы да болмайды! Кемшілік тілге тиек болмаса, ақиқатқа есік ашылмаса, дамудың жаңа сатысына да жол жоқ! Бұны әркім-ақ білетін болар! Алайда айтудың да айтуы, сынаудың да сынауы, бағалаудың да бағалауы бары ақиқат! Айтылған ескертпе, сын пікір, берілген баға әдеппен жетпесе – ол да көргенсіздік! Демек, не етпек керек? Сөйлеу мен сын айту мәдениетін, барынша меңгеру мен өмір бойы үйренуіміз қажет болар-ақ! Бұл бір! Енді мынаны да ойлап қою артық болмас: кіші өзінен жасы әлдеқайда үлкенге бас-көзге қарамай, сын айтқаны әдеп пе? Сөйлеме деген сөз емес, бар гәп қалай сөйлеуде! Ойыңды қалай көркем де жатық түрде айта білуде! Бұл – екі! Енді мынаны да айта кетелік . Жөні осы болады деп, баласы әкесіне, қызы шешесіне ақылгөйсіп, жөн сілтеп, ақыл айтып тұрса, жараса ма? Әке мен бала, шеше мен қызы түбі жоқ таласқа түсіп, қызылкеңірдек болып жатса… Өзге елді қайдам, қазақ үшін бұл жағдай аса тиімді, оңды, орынды болар деп ойласақ, қателестік! Әдеп деген әлем қай заманда да қазақ үшін, қазақ баласы үшін ең асыл, ең қымбат қазына болған, бола да бермек!

 

ҚАРТТАР МЕН СӘБИЛЕР

 

21-ғасырда өз сәбилерінен туа салып түңіліп, жат пиғыл танытып, қашан құтылғанша асығып, апыл-ғұпыл қимылдап, жылдамдата сағырханаға жөнелтуге еш қымсынбайтын «Аналар» көбейді! Сұмдық! Осы ғасырда өзіне әкелік мейірімін аямаған, әкелік парызын шама жеткенше орындап баққан, алайда өмірінің аяқталар тұсында қалт-құлт еткен шарасыз қарттарын еш ұялмастан «Қариялар үйіне» апарып тастай салатын «Ұрпақ» өсіп-жетілді! Масқара! Екеуі де бұрын қазақ үшін жат әрекет еді, қазір арланбайтын болдық осындай қылығымызға! Неге? Жауабы жоқ Сауал! Анығында жауап іздегіміз келмейді! Оны ойлап, бас қатыру ешкімге де қызық емес! Сонда қадір тұтар қасиеттілеріміз қайда қалмақ? Әй, осы сабақты кесел түбі бізге де таяп келе жатқанын, түбі бізге де құрық саларын, сөйтіп шыбын жанымызды шырқыратарын өткен ғасырда-ақ сезген сияқты едік. 90-жылдары жазған көркем шығармамызда тірі жетімді де, ұрпағы бар жалғызбасты қарияны да кейіпкер етіп алған болатынбыз. «Сұмдық заман, сұм заман енді ғана табалдырықтан аттап келе жатқаны ма? Қазақ қай уақытта өз әкесін, өз шешесін қарттар үйіне апарып өткізіп еді? Қилы-қилы кезең болған, қыл көпір үстінде қалтылдаған да екен бұл халық! Ата жұрттан амалсыз безіп, ауа көшсе де, бір жұтым суға зар болып, қаталап күн кешсе де, бір тойып ішер тамаққа зар болып, бұратылып жүрсе де ұлы әкесінен,қызы шешесінен безбеген ел екен бұл халық! «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мына заманда бұл қалай болды өзі?..» /»Ұмытылған ұрпақ» романынан/.

 

***

 

Айта алмаппыз! Айтқанымыз тым әлсіз шығыпты! Ел жүрегіне жетпепті! Уа, енді не істе дейсің маған? Менің қолымнан не келеді, бауырлар!

 

ӘЙЕЛ

 

Бір танысым бар, оның өте көп айтатын сөзі мынадай: «Әйелді жеңген ешкім жоқ!» Ойсыз тыңдағанға жап-жақсы-ақ! Жырқылдап күлуге де қолайлы сөз тіркесі! Бірақ… өзің-ақ ойлап қарашы, жер жүзінде әйелмен тайталасып, алысып-жұлысқан кімді көрдің?Әйел о бастан талас-тартысқа жаралмаған, ол өзінше бөлек жаратылыс! / Бетпақтар туралы сөз басқа/ Демек, әйелді жеңу туралы сөз қозғау – ақылдың әңгімесі ме? Жоқ, бұл еш ақылға сыймайтын нәрсе! Әйел кім? Ол – анаң! Ол – әйелің! Ол – қызың! Ол – келінің! Енді ойланыңыз: Сіз кіммен алыспақсыз? Кімді жеңбекшісіз? Кімнен жеңілмекшісіз? Танысыма былай дегім келген: Әйелді тек қана сыйлау керек! Әйелді құрметтеу ғана орынды! Әйелді аспанға көтере марапаттау қажет! Әйелмен керек десең мақтану ләзім… Осы ойлар көкейімде кептеліп тұрған. Бірақ айта алмадым. Ол түсінер ме? Қабылдар ма менің іңкәр көңілден шыққан шынайы ойларымды?

 

***

 

«Міне, сен де әйелден жеңіле бастапсың, оларды мақтауың-жеңілгенің емей немене «десе…Үндемегенім де содан! Ал, саған, ойлы оқырманым,оңашалап қана айтып жатқан сырым ғой! Ең болмаса сен мені дұрыс түсінші! Терең бойлай білші менің жансарай-сырыма!

 

ҚОҢ

 

Осы күні байқаймын, бір қазақ қоңдана бастаса, екінші бір қазақтың ішін қыжыл тырналап ала жөнеледі. Содан соң басталды дей бер! «Ол қалай қоңданып кетті, бұрын шидей арық болушы еді, әй шамасы осы тегін емес, бұны бұлайша елеусіз қалдырмау керек». Енді соңыңа шырақ алып түседі, мәселеңді майшаммен қарағанша асығады. Қыжыл ма? Қыжыл! Қызғаныш па? Қызғаныш! Көре алмаушылық па? Тап солай. Неге біз осы…болғанға қол шапалақтап, «Бәрекелдені» айтуға тым шорқақпыз? Неге біз демеп жіберу орнына аяқтан шалып жіберіп, сосын сақ-сақ күлуге аса құштармыз? Неге біз қазақ болып қазақты қадірлеуге тым селқос елміз? Неге біз осы…Ары қарай несіне соза берейін. Онсыз да уақыты аз қазаққа көп сөйлесең де жақпайсың! Бұл неге осынша білгіш болып барады деп тағы да менің соңыма түсіп алса… Ту-у, өзім де қорқып кеттім ғой! Неге мен осы… тым білгіш болып барам? Әй, «Мен», тоқта деймін саған, кімсің өзің? Қайдан пайда бола кеткен данышпансың,а?

 

ОЙДЫҢ ӨЗГЕРУІ

 

Кісі туабітті ақылды, көсем,көреген, данышпан, шешен, білгір, байқампаз, т.б. болады десеңіз қатты қателесесіз! Бәрі де уақытқа, кезеңге, жасқа байланысты өзгеріп, дамып, жетіліп отыратыны дәлелдеуді қажет етпес қағида! Осы күнгі оқырман менің «Оянған ұрпақ» деген романымды оқыды ма, жоқ па-білмедім. Айтпағым – сол романның ең соңында студент Алтайбек те тап осындай қиялға беріліп, оңашада ой толғайтыны бар. «Маған не болған? Күні кеше ғана тебірене айтқанәр сөзіне тамсанып, терең ойына бас шұлғып, өзін өзгеше құбылыстай көріп, ұқсауға ұмтылып, шіркін осы кісідей бола алсам-ау деген балаң армандар мен тәтті қиялдардың желге ұшқаны қалай? Бұдан бес жыл бұрынғы ерікті билеп, есті алған ерек тұлғалы данышпан профессор енді келіп, бүгінгі күні жәй, қарапайым ғана, көп ғалымның біріне айналып сала бергеніне таңмын! Өзгеретін кісі ме, жоқ әлде кісі сезімі ме, болмаса болмыс па? Болмыстың формуласы қандай? Оны ақыл тезіне салып, ақ-қарасын жіктей алған жан бар ма мына пәниде? Өзгеру! Тағы да өзгеру! Өмір деген сол өзгерулердің жиынтығынан құралған ба сонда? «/»Оянған ұрпақ»романынан/

 

***

 

Ой деген-ай, ой өзгерсе өзгерсін, тек жаманшылығына бастамаса екен дейсің! Қиялыңа жаман, кесір ой кіріп алса, сұмдықтың көкесі сонда болмақ!

 

АТАҚ

 

Пендеміз-ау бәріміз де! Әй, пендеміз! «Адам» деген атты азсынамыз, атақ іздейміз, атақты болсақ екен деп шарқ ұрамыз. Тіпті соның жолында кейбіреулерді баса-көктеп, басып-жаншып, тұрмастай етіп таптап, езгілеп, есеңгіретіп, көзіне көк шыбын үймелетіп…қысқасы, басқа түк те керек емес, атақ керек! Атақты болсақ, адамдық бейнеміз де асқақтап, аспандап, биікке беттеп, қияға тырмысып, шығандап, шыңға өрмелеп кетеді деген теріс ой…Уа, теріс ой дейсің бе, жоқ шатаспа сен, дұрыс ой, оңды сөз, ойлы сөз, көшелі сөз…Мына заманда атағың болмаса, сен кім екенсің,а? Сені кім елейді? Кім саған құрметпен қарап, ізетпен сый жасайды? Атақ-даңқыңа қарап қалған заманың, әне! Әй, пендеміз.. Айтпақшы, осыны жазып отырып, есіме қонаққа барған Қожанасыр түсті! Ескі киіммен келгенде елемегендер, жаңа шапанын киіп келгенде құрметтеп төрге оздыратыны ше? Сондағы Қожекеңнің «Же, шапаным, же» дейтіні…Сонда бұл не? Біз қалай етсек жөн болар? Салпақтап- сабылып, шапқылап-шабылып, шам алып Атақтың соңына түсеміз бе, әлде..кеудеге намыс деген асыл сезімді қондырып, Адамдық соңына ілесеміз бе? Айтпақшы, бір пысықтау досым айтпақшы, екеуі де болып жатса ше? Әй, бірақ оны кім беріп жатыр? Кім кімді түсініп, кім кімнің қадіріне жеткендей…Жалғыз ғана сүйенерің бар, жақсы іні, жақсы дос, жақсы таныс! Сен – Адамсың! Адам деген асқақ атың бар өз жаныңда! Соны ұмытпашы! Әй, бірақ… пендеміз ғой бәріміз де…Пендеміз-з…

 

ТУҒАН ЖЕР

 

Осы өзің туған топырақты қалай қадірлеу керек? Оның қадір-қасиетін пенде болып сезіне аламыз ба? Сезініп жүрміз бе? «О, менің мәңгі мекен, нық тұрағым, қалайша махаббатымды ұқтырамын, мен сенің шаңқай түсте ақ төсіңе, көлеңкем түспесін деп тік тұрамын!» /Айбергенов/ Өмір бойы кеудеңе жыр қонақтатып, өлең арнап өту керек пе? Болмаса оның қасиетін әрбір сәтте аузыңнан тастамай, сағат сайын-сәт сайын айналып соғып, айта берген абзал іс пе? Бәлкім туған жерге деген мөлдір сезім жан дүниеңнің бір бөлшегіне айналуы жөн бе? Қалай ой тербей алдым мен? Не айта алдым? Әлгі романда не деп едім? «Нарша бай: – Балам, абақтыдан, басқа бір тар қапас жерлерден артыңа қарамастан сытылып қашуға болар, бірақ туған жерден өз перзенті өгей мінез көрсетіп, бой жасырып қаша ма? Қашпаған, қашпауға тиіс, қашпайды да! Туған жерді қандай жағдай болсын мейлі, тастап шығып, жат жерде бой тасаласаң, атажұрт та саған қайтып қойнын ашпай қоюы бек мүмкін! Елді топырағымен қосып сүю ләзім! Оны сезіне алмай, бетіңмен ылақсаң, кіндік қаның тамған қасиетті мекенге қайтып орала алмассың! Орала алмай қаласың ба деп қорқам! Осыны ойла, осыны өмір бойы естен шығарма, құлыным!..» /»Күлкі мен көз жасы» романынан/

 

***

 

Ойланасың! Өз елін оп-оңай, бір-ақ күнде тастап кете беретіндер көбейе бастаған кезде еріксіз ойға қаласың! Киең ұрып кетпесе екен, Туған топырақ!

 

ТАЛАНТ

 

«Ол өте талантты еді» деп танысым бір азаматты қинала есіне алды. Мен әңгімеге қызыға түстім. Әрі қарай айта берсе екен дедім. Ол жалғады. Әңгімесін жалғады деймін. Сондағы айтқаны: » Оның таланты мына кеуде қағып жүргендерден он, тіпті жүз есе артық еді. Қай-қайсысы да оның қасында өздерін таланттымыз деп айта алмайтын. Айту қайда, оған да жүрек керек! Әсіресе сонымен тең түсе алар талант керек! Сол құрғыр бойында болмаса не істемек?» Қызыға тыңдай түсіп, әңгіменің аяғын күткем. Содан немен аяқталды екен деп… Ол тағы да жалғады. Әңгімесін. «Талантты болғаны өзіне сор болды ма, кім білген, түк те жазбады. «Жазам,көрерсің ешкім жазбаған шедевр туады» деумен пәниден өтті де кетті! Жазуға уақыты жетпеді ме? Жазғысы келмеді ме? Тіпті жазуды шын мақсат етпеді ме? Бәлкім мына дүниедегі шимайшылдармен жарысқа түсуді намыс көрді ме? Осы жайлы сұрағым келген. Сауалым тілімнің ұшында-ақ тұрған. Танысым асығыс екен, тез-тез кетіп қалғаны. Сұрақтың астына көміліп мен қалдым. Мыңсұрақтың…

 

ҚЫЗҒАНШАҚТЫҚ

 

Ол бүгін күйініп сөйледі! Сөздері түйдек-түйдек! Көкейінің арғы түкпірінен ағыл-тегіл ой төгілді. «Болды, мен енді сурет салмаймын, жетер, қойдым бәрін де». Мен айттым: «Ойбай-ау, талант ше? Оны қалай ауыздықтамақсың? Оның обалы кімге?» Ол айтты:»Таланттың обалы күңшілдерге, көре алмайтындарға, қызғаншақтарға!» Сонда барып түсіндім оның жан жарасын. Ол солақай сыншылардан шаршаған екен. Қызғаншақтардан, көре алмастардан әбден зәрезап болған екен-ау! Енді қайтсін! Оған мынаны айтқым келді! «Барлық ерліктер мен жетістіктерге бастайтын тас қайрақ- ол қызғаныш пен көре алмаушылық! Сын болмаған жерде өсу де жоқ. Демек, мейлі солақай сын, мейлі көкмылжың сын, мейлі көпірме сөз, мейлі дәйексіз пікір, мейлі шалағай әңгіме – бәрінде де дән бар! Соны дөп таба біл, керегіңе жарат, керексізін ұмыт!»

 

***

 

Әлі айтқан жоқпын! Айта жатам ғой келесі кездескенде! Сосын өзіме-өзім үн қатып былай дедім:»Жасасын, солақай сын! Жасай бер, қызғаншақтық!»

 

ДЕСЕМ…

 

«Бұл қазақ ақыл айтса асқақтап, сынаса сілікпеңді шығарып, ойнаса төбеңді ойып, әзілдесе әкеңді танытып, жөн сілтесе жұлыныңды үзіп, қызғанышқа шапса, кеңірдегіңді қиып, көре алмаса, көрге тығып, мақтаса мақтамен бауыздап, күлкі қылса көзіңнен жас ағызып, таласса табаныңды тіліп, жағаласса жағаңды жұлып барып-барып… ақылды алаңғасарлыққа, парасатты пендешілікке, дарынды даңғазалыққа, сенімді сергелдеңге, достықты дауға, асылды жасыққа, кемеңгерлікті келеңсіздікке,сабырды суайттыққа, ұятты ұрдажықтыққа, көсемді келімсектікке, байыптыны берекесіздікке… айырбастап алып, шарадай басы шақшадай болып, әрі-сәрі күйде, есі кіресілі-шығасылы жағдайға тап болғанын аңғара алмай…» деп айтып-айтып тастайын дедім де,кілт тоқтадым. Өзімді аядым. Өзімді ойладым. Өйткені сол Қазақтың ішінде мен де бармын. Жүрмін ғой, міне! Қасыңдамын ғой, Қазағым-м…

 

ЖАЗУШЫ

 

Бір танысым бар. Екеуміз жиі кездесіп тұрамыз,мен оны іштей іздеп жүрем, шамасы, ол да сондай секілді. Өйткені көрген кезде қатты қуанып сала береді. Маған оның әңгімесі қызық! Ал, оған…менің тыңдаушы болғаным қымбат шығар? Қысқасы, ол-жазушы. Кітап жазады. Маған өткен жолы абыржып отырып: «енді ештеңе де жазбаймын» дегені. Сөзін тыңдасам – қазір оқушы жоқ, кітабы елеусіз қалып жатыр екен! Осындай оқырманы жоқ қоғамда қаламгер болып не керек? Сонда…жазушы тек оқырманын ойлап отырып жазуы керек пе? Оқи ма, оқымай ма деп…Онда өз ойын өзі жоғалтады ғой. Жазушы, менің ойымша, өз жанын сыздатқан,көңілін күпті еткен, ойына маза бермеген асыл сезімдерді қағаз бетіне түсіруші! Сөйтіп болашаққа хат қалдырушы. Ал, ол хатты кім оқиды, кімге арналған, кімге қымбат,кімге асыл дүние – бұл сіз бен біз ешқашан білмейтін, біле алмайтын құпия…Осылай деп ағымнан жарылып сөйлемекші ем. Айта алмадым, жеткізе алмадым ойымды! Өйткені мен тыңдаушымын ғой. Сіз мені түсінсеңіз, айтыңызшы әлгі жазушыға! Осыны жеткізіңізші!

 

БІЛІМ МЕН МІНЕЗ

 

Біздің заман – білімділер заманы болды. Осы күні қазақ деген ұлт шала сауатты деп бір адам ауыз ашып көрсінші! Жо-жоқ, олай дей алмайды, оны айтуға кімнің аузы барсын! Бүгінгі қазақтың жастарының бәрі білімді: тіпті екі-үш диплом алғандары да жетерлік. Саясат дейсіз бе, экономика дейсіз бе – қай салаға бастасаңыз да тосылып қалмас-ақ! Ал, мәдениет-әдебиет мәселесін қозғағанда есіңнен тана жаздайсың! Білімді, білімнің түбіне жете жаздаған бұл қазағың! Ал, бірақ…Осы қазақта мінез бар ма? Өз мінезін айтамын! Қиқарлық –қисықтық туралы емес әңгіме! Қазаққа тән өр мінез…Ұлтқа тән кесек мінез…Міне, біз ақсасақ, осы тұста ақсаймыз. Осы тұстан сүрінеміз! «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден!» Әлихан Бөкейханов тегін айтпаған болар-ақ!

 

БАР МЕН ЖОҚ

 

Бір жақсы танысым бар, өзі керемет адам, алайда қызметте жолы болмаған жан. Қызмет істемеген жері жоқ, ылғи босап қала береді. Қазір бос жүр. Тағы бір танысым бар, әйелі бар, бірақ баласы жоқ. Сөйте тұра өз әйелімді сүйемін деп басқаға еш мойын бұрған емес.Тағы бір танысым бар, өзі барынша ақылды, алайда махабатта жолы болмады, екі рет үйленіп, екі рет ажырасты. Осы күні үшінші рет үйленгелі жүр деп естідім. Енді бір танысым бар, өзі өте талантты, жазса, қасындағыларды шаң қаптырар түрі бар-ақ! Бірақ осы күнге дейін мандытып ештеңе жаза алған жоқ, қашан көрсең де керемет дүние жазуды ойлап жүрмін, күте тұр дейді. Тағы бір танысым айтады…Ой, несіне соза берейін осы әңгімені! .Мына дүниеде жоқ дегеннен гөрі бар деген аса қымбат па деймін! Жоқ дегенді аузына алмайтындар да бар. Бәрі де бар жігіттер аз емес! Алайда…ақылы кемшін түсіп жатса, не етпек керек? Бар жақсы, жігіттер! Бар болғанға не жетсін! Әсіресе ақылың бар болса, қандай ғанибет!

 

ИНТЕРАДАМ

 

Ол кім? Оны бір сөзбен бағалай алмайсың! Өйткені оның қырлары көп. Сансыз көп. Ол қазақ болғысы келеді, сосын орыс болсам дейді, содан кейін ағылшын, содан соң…тағы кімдер бар еді жер бетінде? Соның бәрі болғысы кеп тұрады. Қысқасы ол өзін Интерадаммын деп есептейді. Былайша айтқанда, ол үшін жер бетіндегі ерекше жаратылыс! Өз ойынша сондай. Тіл жағы ма? Ол бұны да ойластырып қойған. Кейде қазақша, кейде орысша, ал тағы бірде ағылшынша, сосын…французша, немісше, жапонша сөйлеп кете береді. Қысқасы ол үшін тіл мәселесі мүлде шешілген, көңілі қалай құласа, сол тіл оған ыстық! Оған ұлттық құндылық деген ұғым-шартты нәрсе! Өйткені, құндылық қай ұлтта да бар. Қай құндылықтың қайсысына басымдық бермек? Ал, өзі кім дейсіз бе? Ол – Қазақ! Қазақ отбасында туған, қазақша тілі шыққан болар, бәлкім басқа тілде шықты ма- сонысын анықтамаппыз, тіпті аса керек десеңіз оны да анықтай жатармыз, әйтеуір нақты білеріміз-оның ұлты қазақ екендігі! Айтпақшы, ол соңғы кезде осы ұлтына да күмән көзімен қарай бастады. Ойлайды: «Қазақпын деп несіне кеуде ұрамын, қандай ұлт екенім сонша маңызды ма? Менің ұлтым кімге қажет? Кім сұрап жатыр оны?..» Ол-Интерадам! Онымен сіз жақын арада жолығып та қаларсыз!

 

 

БАЙ МЕН КЕДЕЙ

 

Екеуінің де шегі жоқ.Мүлде шексіз ұғым! Қазақ дәл айтқан. «Кедей бай болсам дейді, ал бай құдай болсам дейді». Кедейдің ұмтылысын түсінуге болар. Нашар өмірді өзгертпек. Жақсыға ұмтылып, болашағын нұрлы еткесі келгені. Бірақ шексіздікке құлаш ұрса, бір күні ол да сол байдың бас киімін киеді. Ал, бай ше? Оның шексіз баюға қызығуы – аса қауіпті! Өзіне-өзі ор қазуы. Болашақпен ойын ойнауы…Қысқасы былай деп ой түйейін. Шектен тыс баю да, шектен тыс кедейлену де өте қауіпті! Қожа Ахмет Иассауиден қалған өсиет сөз; «Адам адамнан артық та, кем де болмауы керек, әйтпесе санаға кір сезім ұялайды»

 

БІЛІМ МЕН ПАРАСАТ

 

Кісіге екі нәрсе аса қажет болса, сол қажеттіліктің алғашқысы – осы білім мен парасат! Білімсіздік – надандықтың қосарлы атауы.Демек, білуге, білім алуға ұмтылу ауадай қажет нәрсе! Бәрін білем емес, бір саланы болса да жете меңгеру! Бір бағытта зор жетістіктерге жетуге ұмтылу, жету, жеңу.Ал, парасат ше? Оны қайдан аласың? Оның оқитын кітабы бар ма? Әлбетте, парасат – кісі бойындағы ақыл, ой, кемелдік! Әрбір адамның парасатты болуға, бола алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін – өзіңе сын көзбен қарау, өзгені бағалау, талантты тану, жақсыға ұмтылу… кете береді осылай! Адам парасатқа ұмтылмаса, жақсы біліммен де ештеңе бітіре алмауы бек мүмкін!