«АЛТЫН ЖҮРЕККЕ» ҮМІТКЕРЛЕРДІ ТІРКЕУ БАСТАЛДЫ

18«Бауыржан» қайырымдылық қоры қайырымдылық аясын­дағы Х «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық жүлдесіне байқау өткі­зетіндігін жариялады. Осыған орай аталған қор үміткер­лерден өтініштер қабылдауды 3 тамыздан бастап кетті.

 

Әсел ДАҒЖАН

Шын мәнінде жанашырлық танытып, өзгенің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ерікті түрде қайырымдылық жасаудан жарысып жүрген қоғамдағы ізгі жандар үшін «Алтын жүрек» иесі атануға мүм­кіндік мол. Ол үшін www.altynzhurek.kz сайтында өтініштер 30 қыркүйекке дейін қабылданады.

Жүлдені ұйымдастырушылардың ай­туын­ша, бүгінгі қоғамда жақсылық жасау­шы жандар өте көп. «2007 жылы қор «Ал­тын жүрек» сыйлығын тағайындағанда, мейірімді жандардың көп екенін қоғам білсе екен дедік. Қазір қайырымдылықпен тек байлар мен меценаттар ғана емес, табысы орта қарапайым адамдар, волон­терлік орталықтар да айналысуда», – дейді ұйымдастырушылар.

–       «Алтын жүрек» сыйлығына 11 номи­нация бойынша жүлде тағайындай­тын боламыз. Осы жүлденің 9 жылдық тарихында Қазақстан бойынша мыңдаған қайырымдылық іс-шаралар өткізілді. 100 мектеп, 300 спорттық және балалар алаңы салынды, жүлдегерлеріміз жүздеген адамдардың өміріне арашашы болды, – деді «Алтын жүрек-2016» жүлдесінің бас үйлестірушісі Гүлзат Сахова.

Өткен жылы әділқазылар алқасында болған журналист Полина Шиманская:

–       Небір байқаулар өтіп жатады. Жасырып қайтеміз, қандай да бір ақша төлеп, сатып алатындар жоқ емес. Журналист ретінде бұл жүлдеге адамдар қандай жолмен қол жеткізетіндерін сырттай бақыладым. Үміткерлер арасында мен танитын қаншама адам болды. Таңқалға­ным, «маған дауыс берші» деген ешкім болған жоқ. Өзімнің құқымды пайдаланып, қоғам әлі танымайтын, бірақ, қайырымды­лықпен айналысып жүрген қарапайым адамдарға дауыс бердім, – дейді.

Айта кетейік, үміткер ретінде жеке тұлға, қайырымдылықпен айналысатын ком­пания, тіпті, шет ел азаматтары да жо­ғарыда көрсетілген сайтқа өтініш қалдыра алады.

Биыл осы жүлденің 10 жылдық мерей­тойына орай «қайырымды істер керуені» акциясы өткізілмек. Яғни, жүлденің осыған дейінгі лауреаттарымен бірге, Қазақ­стан бойынша 100 тұрғын үй аула­лары жетілдірілмек. Жыл соңына дейін балалар алаңы, ойын алаңдары мен аулалар жаңартылмақшы.

Екі жылдан бері 50-ден аса мүгедек балаға, жалпылай алғанда, 130-дан аса мұқтаж жанға Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет елдерден қаржылай ақша жинап, түрлі қайырымдылық жәрмеңкеле­рінің өтуіне мұрындық болып жүрген Эльмира Әлиева – «Алтын жүрек» жүлде­сінің өткен жылғы лауреаты. 5 баланың анасы, алматылық тұрғын қайырымдылық жасаймын деген жанға шекара, ұлт немесе жас кедергі еместігін айта келе:

–       Қазақстаннан ем таба алмай, шұғыл түрде шет елге шығуға мәжбүр мүге­дек балаларға, әсіресе, онкологиялық аурумен ауыратын балалар мен ДЦП диагнозы бар науқас балаларға көмектесіп келеміз. Одан бөлек, аз қамтылған отбасыларға да азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек алуға көмектесеміз. Тіпті, дарынды балалардың оқуын да төлейміз. Біз мұндай ақшаларды қайырымдылық концерті мен жәрмеңке өткізу арқылы жинаймыз. Қаржы жинауда бізге шет елде тұратын қазақстандықтар, шет елде оқып жатқан студенттер көп көмек­теседі. «Болашақтықтардың» да көмегі зор. Ақша аударатын ресейліктер де бар, – деді.

«Қайырымдылықты жүлде алсам деп жасамаймын. Оған бір Алла куә ғой» деген алматылық белсенді ана  фейсбук желісін­де «Корпорация добрых дел» деген парақ­шасы бар екенін де жеткізді. Айтуынша, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда қалала­рындағы волонтерлік орталықтармен тығыз байланыста.

«Алтын жүрек» жүлдесі бойынша үздік деп танылғандарды марапаттау салтанаты 27 қазан күні Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.