АУРУЫН ЖАСЫРҒАНДАРҒА ЕНДІ АЯУШЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

1000Бұл жөнінде Алматы қалалық сотында өткен «Туберкулез ауруының алдын алу мен емдеу ісін жетілдіру, қоршаған ортаға ауру тарату қаупі бар науқастарды күштеп емдеу  тәсілдері» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелге қатысқан денсаулық және құқық қорғау саласының өкілдері   мәлімдеді.

 

Нұржамал  ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Жыл өткен сайын туберкулез ауруына шалдыққандар саны азайып, осы аурудың салдарынан болатын өлім-жітім   төмендеп келеді дегенімізбен де, қатерлі дерттің түп етегімізден қалмай келе жатқандығы жасы­рын емес.  Сондықтан болар,  дәрігерле­ріміздің бастарыңыз ауырып, балтырлары­ңыз сыздай қалса, дәрігерге тексеріліңіздер деп дабыл қағып жататыны. Басы ауырмақ түгілі, өзінің   жұқпалы дертке шалдық­қа­нын біле тұра, оны жасырып, болмаса, емде­ліп жатқан емдеу мекемелерінен қашып кетіп, өзінің ет-жақындарына ғана емес, жүрген ортасына да қауіп төндіріп жүрген азаматтар қазір аз емес көрінеді. Әсіресе, бір адамның өзі бір мезетте оншақты адамға ауру таратуы мүмкін туберкулездің бактерия бөлгіш ашық түріне шалдыққандардың  қаупі басымырақ болып тұрған жәйі бар.   Қалалық сотта бас қосқан денсаулық саласы мен құқық қорғау және  әлеуметтік маңызы бар жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарды әлеуметтік жағынан қорғау және құқын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдардың, күйзеліс орталықтарының өкілдері   ендігі жерде туберкулезбен ауыратынын біле тұра ауруын жасырып, болмаса, емделуден бас тартып, бас сауғалап жүрген науқастарды күштеп емдеу – емдеу мекемелері тарапы­нан түскен шағымдар негізіндегі сот шешім­дері арқылы жүзеге асырылатынды­ғын мәлімдеді. Бұл іс-шара емдеу мекеме­сінен дабыл түскен күннен кейін он күн ішінде  жүзеге асырылуы тиіс-ті. Бірақ, денсаулық сақтау саласының, туберкулезге қарсы күрес  және емдеу-сауықтыру диспансерлерінің дәрігерлері туберкулездің ашық түрімен ауыратындарды тез тауып, емдемесе, олардың қоршаған ортаға деген қаупі арта түсетіндігін айтып, мүмкіндік болса, уақытын азайтуды және сот шешім­дерінің тезірек шығарылуын өтінді. Заң бойынша, сот шешімдері бір апталық немесе он күндік жұмыс күнінде шығу тиіс болса, кейбір  сот қызметкерлері оның мерзімін тым ұзартып жіберетін  жағдайлар жиі кездеседі екен.  Өткен жылдың мамыр айында Денсаулық сақтау министрлігінің  туберкулез ауруына шалдыққан ауруларды күштеп емдеудің жаңа ережесі  бекітілген болатын,  енді туберкулезбен, оның жұқпа тарататын ашық түрімен ауыратын науқас­тар осы ереже талаптарына сәйкес қатаң тәр­тіпте жауапқа тартылып, емдеуге алына­тын болады.   Әйтседе, қатаң тәртіптің өзіне бағын­байтын, нақты мекен-жайын көрсет­пей, аты-жөнін жасыратын науқастар да кездеседі. Ал аурудың осы түрі Алматыға сырттан келгендердің арасында көп кездесетінін жеткізген Алматы қалалық  Денсаулық сақтау басқармасының орын­ба­сары Г.Қоқаева, ауданаралық туберку­лезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Жанар Сәпиева сырттан келген­дердің сырқатты екендігін анықтаудың қиындық туғызып отырғандығын, шілде айынан басталған «Денсаулық жолы» акциясы барысында   базарларда жүргізіл­ген   дәрігерлік тексерулердің нәтижесінде базарларда сауда жасап жүрген   саудагер­лерден  аурудың белгілері анықталғанын айта келе, келешекте қаламызға сырттан  жұмыс істеуге, сауда жасауға келгендерден дәрігерлік анықтама талап етілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Қаламызда   сырт­тан келгендерді дәрігерлік тексеруден өткізіп, анықталған сырқаттары бойынша есепке алып, дәрігерлік көмек көрсететін  сегіз емхана   жұмыс істейді екен. Онда қала бойынша туберкулезге шалдыққан адамдар есепке алынып, олардың   денсау­лықтары осы емдеу мекемелерінің маман­дары тарапынан қатаң бақыланып отырады екен. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі бойынша штаттан тыс маманы, №5 емхананың бас дәрігері Г.Қамбарова қаламыздағы емхана­лар әр тоқсан сайын өздеріне қарасты мекен-жайлардағы аулаларды аралап, тұрғындардың денсаулығымен қатар, олар­дың тұрақты мекен-жайларын да анық­тап тұратындығын айтты. Осы жылдың  алғашқы жартыжылдығында  қала бойын­ша   учаскелік дәрігерлер 279105  ауланы аралап, нәтижесінде 78442 адамның пәтер жалдап тұратындығын анықтап шыққан.  Олардың 33981-і – мигранттар. 24271-і  өз ішіміздегі көшіп-қонып жүргендер болса, 9711-і – сырттан келгендер.  Емханалардың учаскелік жүйлері арқылы анықталған осы көші-қонып жүретіндердің барлығы флюорографиялық тексерулерден өткізіліп, нәтижесінде 71 адамнан туберкулез ауруы­ның белгілері табылса, 10 адам туберкулезді жаңадан   жұқтырғаны бойынша тіркеуге алыныпты.  Сондай-ақ, Projeekt HOPE жобасы бойынша жұмыс істейтін емхана­лар осы ағымдағы жылы Алматы қаласына жұмыс істеуге келген 922 еңбек мигрантын анық­тап, олардың  604-ін алгоритм бойын­ша дәрігерлік тексерулерден өткізіп, тексеру қорытындысының нәтижесінде 6 еңбек мигрантарынан туберкулез ауруын  тапқан.   Бірақ, өкінішке орай, оларды дәрігерлік тексеруден өткізіп, ауруларын анықтағанмен, өздерінің   жұқпалы ауруға шалдыққандарынан хабардар болған  – Алматыға нәпақа табуға келген келімсек­тер тұрған жерлерін тез ауыстырып, қашып кететін көрінеді.   Сол себепті денсаулық сақтау саласының өкілдері қаламызға сырт­тан келгендердің тізімі  жеке құжат­тарындағы мәліметтерімен бірге Денсаулық сақтау басқармасының базасына да өткі­зілсе  дейді. Өйткені, кейбіреулер жұмыс­сыз қалу қаупінен қорқып аты-жөндерін ауыстырып, жалған құжат жасатып алатын көрінеді.   Осы дөңгелек үстел басында сөз алған қалалық Ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы  басқармасының бөлім басшысы Манас Әбуов  қаламызға  сырттан келетіндердің санының өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда  24 пайызға артқанын айтты. Өткен жылдың жартыжылдығында қалаға 134070 адам келсе, ал биылғы жылдың жарты жылының өзінде 166729 шетелдік азамат келген.  Сырт­тан келгендердің 22324-і алыс шет ел­ден келгендер болса, 144405-і –  бізбен жақын шекаралас мемлекеттердің азамат­тары, ал 5597-сі – өз қандастарымыз. Көші-қон полициясының бөлім басшысы  соңғы жылдары елімізге Өзбекстан мен Тәжікстаннан келетіндердің қарасының көбейіп бара жатқандығын  тілге тиек етті.  Жыл басынан бері 8457 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1443 адам көші-қон заңын өрескел бұзғаны үшін әкім­шілік арестке алыныпты. Қазақстанға нәпақа табамыз деп келіп, қылмыс өртін де өршітіп жүрген шетелдік келімсектердің арасында туберкулез, мерез секілді ауру таратып жүргендердің жоқтығына кім кепіл? Дөңгелек үстел басындағы денсау­лық сақтау саласы өкілдерінің, туберкулезге қарсы күрес диспансерлері мен қоғамдық ұйымдардың, аудандық соттардың судьяла­рының сөздерін мұқият  тыңдаған Алматы қалалық сот алқасының төрағасы Бақыт Мәлік­тегі,  әкімшілік  істері бойынша маман­дандырылған ауданаралық соттың судьясы Руслан Жамалбеков    2014 – 2020 жылдарға арналған туберкулезге қарсы күрес жөніндегі кешенді бағдарлама мен HOPE  жобасын, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің туберкулезге  шалдыққан­дарды күштеп емдеудің тәртібі жөніндегі ережесін жүзеге асыру мақсатында  және дөңгелек үстел басындағы денсаулық сақтау саласы өкілдерінің ұсыныс-тілек­терін ескере отырып, алдағы  уақытта  туберкулездің алдын алу мен оған шалдық­қандарды емдеу бағытында  бірлескен ортақ іс-шаралар жобасын  қолға алу қажетті­лігін  айтып, дәрігерлердің ұсыныстарын қабыл алды.  Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін учаскелік полицейлерді жұмылдыру қажеттілігі де айтылды. Денсаулық сақтау қызметкерлері құқық қорғаушыларға өздері алдын-ала дайындап келген ұсыныстары мен ой-пікірлерін жазбаша түрде ұсынды. Қалалық сот осы ұсыныс негізінде ауруын жасырғандарды күштеп емдеудің жаңа іс-шаралар бағдар­ламасын  қарастыратын болады.  Сонымен бірге, сот шешімдерін мерзімінен кешіктір­ген сот төрағаларының жұмыстары  да арнайы қаралатын болды.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір  9 туберкулезге шалдыққан науқас емдеуден бас тартып, қашып жүрген көрінеді.  Ал   өкпе құртына шалдыққан бір адамның өзімен қоса он адамға бір мезетте кох таяқшасын жұқтыратындығын ескерсек, туберкулезге шалдыққан науқастың  қоршаған ортаға, адамдарға келтіретін залалы мен зияны есірткіден де қауіпті   болып тұрған жәйі бар.   Дәрігерлердің дабы­лына құлақ түрсек, еңбек мигрант­тарын айтпағанда, базарларымызды еркін жайлап, көкөніс, кептірілген жеміс-жидек­тер сатып, сүйсіне жейтін тандыр нанымыз бен самсамызды пісіріп беріп жүрген    өзбек, тәжік  ағайындарымыздың қолда­рында  денсаулығы туралы анықтамалары бар ма екен? – деген сауал еріксіз маза­лайды.  Ал  базарға сауда жасауға келген сауда­герден денсаулығы туралы  анықта­маны талап ету базардың әкімшілік қыз­мет­керлерінің жауапкершілігінде болса керек. Бірақ,  қала базарларының  басшы­ларына біреудің денсаулығы туралы анық­тамадан гөрі,  қалтасына түсер қаражат қымбатырақ екені даусыз.  Туберкулездің тек ауа тамшылары ғана емес, қолданылған заттары арқылы да жұғатыны ескерсек, дәл қазіргі уақытта қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйым­дастыруымен өткізіліп жатқан «Денсаулық жолы» акциясының маңызы зор деуімізге болады. Акция басталғалы бері дәрігерлер  флюорографиялық тексерудің нәтижесінде базарларда  сауда жасап жүрген 49 адам­ның  ағзасынан   туберкулездің белгілерін анықтап үлгеріпті. Бұл – екі апта  ішіндегі тексерудің нәтижесі. Акцияның тамыз айына дейін жалғасып,  Жетісу, Алатау, Нау­рызбай аудандарында орналасқан қаламыздағы ең ірі базарларын қамтиты­нын ескерсек, Денсаулық сақтау басқар­ма­сының халық үшін пайдалы іс-шараны қолға алып отырғандығын атап өткен жөн.

Сырттан келген келімсектердің арасында өзінің ауру екендігінен қаперсіз жүргендер мен дертін жасырып жүргендері қаншама десеңізші.  Ойлаудың өзі қауіпті. Олай болса, туберкулезбен күрес шара­ларына немқұрайлы қарамауымыз керек. Дәрігерлер  бұл әңгімені қауіп еткеннен айтып отырғандарын ескерейік.