БІЗ САЛАУАТТЫ ӨМІРДІ ҚОЛДАЙМЫЗ

Нұржамал БАЙСАҚАЛ  

 

7 шілдеден  басталған  қалалық «Ден­саулық жолы» іс-шарасының басты ұраны осы. 

Бүгінде  қаламызда Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бастамасымен  «Денсаулық жолы» кең ауқымды іс-шарасы қолға алынып отыр. 31 тамызға дейін жалғасатын  бұл іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының мамандары тұрғындарды «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге» үндеп, салауатты өмір сүруді насихаттайтын қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары  қала тұрғындарына, әсіресе, апта бойы жұмыстан қолдары босамайтын қала базарларында жұмыс істейтін тұрғындардың денсаулығын  тексеруді қолға алып отыр.

«Сәлем» көпсалалы базарынан басталған «Денсаулық жолы» шарасы қазіргі кезде   Жетісу, Алатау аудандарына қарасты  ірі  сауда орындарында жалғасын табуда. Іс-шара барысында базарда жұмыс істейтін саудагерлер   тегін флюоро­графия­лық тексеруден өтіп, қанның құрамындағы қант пен холестерин мөлшерін  тексертіп, АИТВ және Гепатит ауруына қарсы тексеріліп, қала емханаларында қызмет атқаратын білікті  маман-дәрігерлерге қаралып,  анықталған ауруларына қарай дәрігерлік ақыл-кеңестер алуда.

«Денсаулық жолы» іс-шарасы басталған осы 10 күн ішінде  300-ден астам адам   дәрігерлік тексеруден өтіп, өздерінің денсаулықтары жөнінде толық анықтама алып үлгерді. Жиырмаға жуық әйелден сүт безі қатерлі ісігінің алғашқы белгілері анық­талып, олар  тиісті емдеу мекемелеріне жолданды.   Қан айналымы қызметінің бұзылуы мен жүрек  қызметінің кемістігі, ас қорыту мүшелерінің ауруы базарларда қызмет істейтін әрбір екінші адамға тән дерттердің бірі болып  тұр дейді осы іс-шараны ұйымдастыруға жауапты  Жетісу ауданына қарасты №11  қалалық  емхана­ның бас дәрігері Майра Жүнісова.

– «Денсаулық жолы» іс-шарасының ең басты мақсаты – биылғы жылдан бастап қолға алынып отырған   2016 – 2019 жыл­дарға   бағытталған «Денсаулық» мемлекет­тік бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады. Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл бағдарлама – тұрғындарды өз денсау­лығына деген жауапкершілікке дағдылан­дыруды, қатерлі аурулардың алдын алуға және салауатты өмір сүруге дағдыландыра отырып, еліміздегі аурушаңдық деңгейін төмендетуді көздесе, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының қол­дауымен  өткізіліп отырған бұл іс-шараның    басты мақсаты – адамдарды денсаулықты күтуге, ең басты байлық – денсаулық екендігі түсіндіруге бағытталып отыр.

Алғашқы онкүндіктегі нәтижелерге қарап отырып, біз тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай­тындықтарына көз жеткіздік. Дегенмен де, әлі жұмысты, бос уақытының жоқтығын сылтау етіп, денсаулығына мән бермей­тіндердің де аз еместігіне көз жеткізіп отырмыз. Біздің ендігі мақсат – сол ең басты байлық – денсаулықты екінші кезекке ысырып қойып, жұмысбасты болып жүрген азаматтарға, әсіресе, Алатау, Жетісу, Наурызбай аудандарына қарасты ірі базарларда жұмыс істейтіндерге денсаулықтың қадірін  және алдын алған, дер кезінде анықталған ауруды емдеудің  тиімділігін түсіндіру, – дейді Алматы қалалық Салауатты өмір салтын қалып­тастыру орталығының директоры міндетін атқарушы  Жадыра   Мұханбетқызы Агишанова.

«Денсаулық жолы»   енді Алатау ауда­нына қарасты   «Болашақ», «Кенжехан», «Қазына» базарларына жол тартпақ.   Дә­рігерлер базарларда көбіне әйел адамдар­дың жұмыс істейтіндігіне, олардың денсаулықтарының сын көтермейтін­діктеріне алаңдаушылық білдіруде.  Жүк тасып жүрген азаматтардың да денсау­лықтарының сыр бере бастағандарын дәрігерлер жасырмайды. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бұл іс-шараның Алматы  қаласын дамытуға бағытталған «Алматы-2020» бағдарламасы­ның басым бағыттарының бірі болып отырған «Дені сау қала» бағытын жүзеге асырудың бір тармағы деп бағалайды.