ҚҰТЫРУ АУРУЫНЫҢ ПРОФИЛАКТИКАСЫ

Құтыру – адам мен жануарларда кездесетін вирус ауруы. Орта­лық жүйке жүйесінің зақымдануымен сипатталатын сырқау әрқашан өліммен аяқталады. Құтырудың негізгі қоздырушысы жабайы жыртқыштар, иттер, мысықтар болып табылады. Қалалық жағдайларда жануарлар негізгі тарату­шылары қаңғыған және қадағалаусыз, бақылаусыз жануарлар болып келеді. Аталған ауру қоздырушы ошақ көзімен бай­ланыс жасаған жағдайда, шағып немесе тістеп алудың нәти­жесінде, зақымданған тері қабатына және сыртқы шырышты қабыққа сілекей түскенде адамға және жануарға жұғады.

Құтыру – әлемдегі жүз елде шамамен үш миллиардтан астам адамға қауіп төндіретін жалпы дүниежүзілік проблема. Жыл сайын әлемде құтырудан 50 мың адам және 1 миллион жан-жануар өледі. Жауарларға жасалған ауқымды және жүйелі түрдегі вакцинация ғана ит-мысықтарды ғана емес, сондай-ақ, олардың иелерін де құтыруды жұқтырудан қорғайды.

Жануарлардың алғашқы вакцинациясы олардың екі айлық мерзімінен бастап «Рабивак» вакцинасымен, ал үш айлық мерзімінен бастап поливалентті вакцинамен өткізіледі. Жануарларға жыл сайын ревакцинация жасалады.

Ветеринарлық-санитарлық ережелерге сәйкес кәсіпорын, мекеме  басшылары мен жан-жануарлардың иелері иттер мен мысықтарға күтім жасау жөніндегі жергілікті әкімшілік орнатқан ережелерді сақтауы тиіс. Сондай-ақ, олар  өздерінің ит-мысықтарын мал дәрігерлік емдеу-профилактикалық мекемелерге тексерілуге, зерттелуге, диагностикаға және вакцинацияға апаруға, үй жануарларын басқа жыртқыш жануарлар шағып немесе тістеп алған жағдайда мал дәрігеріне жануарлардың құтыру ауруына шалдыққанына байланысты өздерінің күдіктерін айтуға міндетті.

Қазақстан Республикасының барлық елді-мекендерінде иттер мен мысықтар құтыруға қарсы иммунизациялануға міндетті. Бұл аталған аурудың профилактикалық жалғыз әдісі болып табылады.

 

Өмірхан БАЙЖАНОВ,

Наурызбай ауданы мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық қадағалау мен бақылау мен бөлімінің бас маманы,

Алматы қаласы ауылшаруашылық басқармасы.