«АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ»

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Осыдан бірер жыл бұрын денсаулық сақтау сала­сында өзіндік қолтаңбасы бар, қатардағы дәрігерден басқарма басшысы, министр тағына дейінгі қызметтерді атқарған Талапқали Ізмұхамбетов «Денсаулық» қоғамдық денсаулық комитетін құрған кезде, «оның не қажеті бар, қоғамдық негізде денсаулықты қалай жақсартуға болады?» деушілер болған еді. Бірақ, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын Талапқали Әбішұлы бастамасына сенімсіздікпен қараған және «дәрі ішпесек ауыруымыздан қалай арыламыз?» деген замандастарына аз уақыттың ішінде денсаулықты жақсартудың кілті – дәрігерлердің ғана емес, әр адамның өз қолында екендігін өз тәжірибесі арқылы дәлелдеп берді.

Мамандығы дәрігер болғанмен, ауыра қалса, дәріге емес, таза ауа, дене қозғалысы мен дұрыс тамақтану жүйе­сіне жүгінетін Тәкеңді жақтаушылар қатары күн өткен сайын артып келеді. Оған бейсенбі күні №5 қалалық клиникалық ауруханада Медеу аудандық әкімдігі мен Алматы қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының, қоғамдық денсаулық комитетінің ұйымдастыруымен өткен денсаулық комитеттерін құру мәселесіне арналған бір күндік семинар-тренинг дәлел бола алады.

Семинарда алпыс бес жастан асқан қарт кісілердің денсаулығын жақсарту, қоғамдық денсаулық комитет­терін құрудың мақсаттары мен міндеттері жан-жақты талқы­ланып, Медеу ауданы бойынша «Думан» және «Самал» ықшамаудандарында денсаулық комитеттері құрылып, оның жетекшілері тағайындалды. Бұл коми­теттер қала тұрғындары арасында денсаулықты жақсарту мен өмір сүру жасын ұзартудың жолдарын насихаттай­тын болады. Олар әсіресе, денсаулықтың ең басты кепілі – дене қозғалысының белсенділігі мен дұрыс тамақтану қағидаларын көбірек насихаттайтын болады.

– 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі – профилактикалық іс-шараларды жақсартып, аурушаң­дықты азайту болып отырғаны белгілі. Аурушаңдықты аурухана, емханалардың, денсаулық сақтау саласы қыз­меткерлерінің санын көбейту арқылы азайта алмаймыз. Ол үшін әр адамның өз денсаулығына деген жауапкер­шілігін арттыру керек. Ал оған белгілі бір қозғаушы күш қажет десек, ол осы жаңадан құрылып, өзінің өміршең­дігін дәлелдеп отырған «Денсаулық» қоғамдық коми­теттері дер едім.

Біз аудандағы денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесе жұмыс істей отырып, тұрғындар арасындағы аурушаңдық көрсеткішін азайтуды, тұрғындарға «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің» тиімділігін түсіндіріп, осы бағытта бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, біздің бұл бастамамызды Медеу ауданы әкімдігі, ауданның денсаулық сақтау мекемелерінің жетекшілері қолдап отыр. Әзірге, қоғамдық Денсаулық комитеттері Медеу ауданы бойынша құрылып отыр. Ал алдағы уақытта мұндай комитеттер басқа аудандарда да құрылатын болады, – дейді Медеу аудандық «Денсаулық» қоғамдық комитетінің төрағасы Талапқали Ізмұхамбетов.

Семинарға қатысушы зейнеткерлер «Денсаулық» мектебіне жазылып, сертификат алды. «Думан» ықшамау­даны қоғамдық «Денсаулық» комитетін Амантай Шынқожаев, ал «Самал» ықшамауданы бойынша құрыл­ған комитетті Наталья Капутина басқаратын болды. Төрағалар өз замандастарына салауатты өмір сүру қағида­ларын, тәулігіне 6 мың қадам жүруге, дұрыс тынығып, дұрыс тамақтану жүйелеріне шақырып, Алматы қаласы тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығын жетпіс бес жасқа жеткізуге өз үлестерін қоспақ.

Денсаулық төңірегінде жан-жақты терең талдаулы әңгіме айтқан Талапқали Ізмұхамбетов Оразаны – «Жарат­қанның адамдар үшін жариялаған «Денсаулық» айлығы» дей келе, Оразаның денсаулыққа кері әсері болмауын да ескертіп өтті.