ҚАРБЫЗ БЕН ҚАУЫН ЖЕУГЕ АСЫҚПАҢЫЗ!

205Нұржамал  ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Жаз  маусымының ас төресі – жеміс-жидектері мен көкөністері десек, қазір базарлар мен сауда орталықтарында жеміс-жидек саудасы қыза түскен. Тіпті, көше бой­лары да алма-өрік, шие, шабдалы сататындардың сауда орындарына айналып үлгерген. Енді жеміс пен көкөністердің қатарына  жаз мезгілінде шөл басар қауын мен қарбыздар қосылды. Бағалары былтырғы жылмен салыстырғанда  қымбат­тау, дегенмен, жаз бойы ағзаларын дәру­мендермен байытып алғысы келген қала жұрты жеміс-жидектердің бағасымен санасып жатқан жоқ, тек сол жегеніміз  бойымызға жұғымды болып, нитраттармен уланбасақ болды дейді.

Міне, осы мәселеге алаңдаушылық білдірген қала тұрғыны Мұратжан Келген­баев деген ақсақал телефон шалып, «қауын-қарбыз  жей беруге бола ма екен, соның анық-қанығын біліп берсеңіздер» деп өтініш білдірген еді. Біз осы сауалға орай Алматы қалалық Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің  мектепке дейінгі балалар мекемелері мен мектептер және тамақ­тандыру нысандарын қадағалау бөлімінің басшысы  Әнел Мұсаеваға хабарласып, Мұратжан ақсақалдың өтінішін жеткізген едік.  Әнел  Мұсаева  қауын-қарбыздардың қаламыздың сауда нүктелеріне маусым айының соңына қарай  түсе бастағандықтан олардың сапасын қадағалау жұмыстарының енді қолға алына бастағанын жеткізді.

Сауда нүктелеріне жеткізілген қауын- қарбыздардан нитраттарға қарсы зертха­налық сынама алу осы аптада  басталыпты. Бірақ, талдау нәтижесі бір аптадан кейін жарияланады дей  келе, тағамдардың сапасын қадағалайтын бөлімнің басшысы  қауын-қарбыз  жеуге әзірге  асықпау жөнінде кеңес  берді.  Әнелдің айтуынша, қауын-қарбызды шілде айының  жиыр­масынан ары қарай еш алаңсыз жей беруге болады екен. Өйткені, диқандар дақылдан  мол өнім алу үшін тыңайтқыштар қос­қанмен, қарбыздардың толық пісіп-жетілу кезеңі жеткен мерзімде нитрат­тардың күші жойылатын көрінеді. Шілде айы да келіп қалды емес пе?  Сондықтан мамандардың кеңесіне құлақ түріп, қарбыз бен қауын жеуге  қазірше асықпағанымыз  дұрыс болар.