ЕМХАНАМЫЗДА ЖЕТІ «ДЕНСАУЛЫҚ» МЕКТЕБІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

777Маусым айының үшінші апта­сында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биылғы мере­ке­лерін  де Алматы қала­сының ақ же­леңді абзал жан­дары қала тұрғын­дары­ның ден­саулық көрсеткіштері бойын­ша, тууы мен өмір сүру жасының ұзақ­тығы көрсеткіші, ана мен бала өлімінің, жалпы, өлім-жітім көрсеткі­шінің төмен­деуімен, емдеу саласын­дағы жаңа жетіс­тіктерімен қарсы алып отыр!

Халық денсаулығы күзетінде жанкеш­тілікпен қызмет атқа­рып жүрген ақ желеңді абзал жан­дарымызды өзде­рінің кәсіби төл мерекелерімен құттық­таймыз!

«Денсаулық – зор байлық» десек, сол байлықтың қадірін басымыз ауырып, балтырымыз сыздамайынша білмейтініміз, бағаламайтынымыз бар. Дәрігерлер «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді де құлағымызға құйғанмен, оған да еренсіздік танытып жатамыз. Өзге жұрт ауруханаға ауырмай тұрып келсе, қазекем төсекке таңылуға шақ қалғанда келетін дағдысынан да әлі толық арыла қойған жоқ. Дейтұрғанмен,  Алматы қаласы тұрғындарының денсау­лық көрсеткішін саралаған мамандар соңғы бес жылда Алма­ты қаласы  денсаулық сақтау саласындағы жетістік­тері бойынша он алтыншы орыннан көш бастап тұрған ең үздік үштіктің қатарынан көрінгеніне қарағанда,  алматылық­тардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастаған­дығына көз жеткізуге болады. Ал бұл еңбекте біздің ақ желең­ді абзал жандарымыздың еңбегі ерен екендігі даусыз. Әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, аурудың алдын алуға көмектесетін емхана қызметкерлерінің еңбегі айрықша дер едік. Біз Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында Алатау ауданындағы «Ұлжан» ықшамауданында орналасқан №23 қалалық емхананың бас дәрігері, жоғары санатты дәрігер, Денсаулық сақтау ісінің үздік ұйымдас­тырушысы, «Алтын дәрігер» медалінің иегері, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының  төрайымы Сәуле Ахатқызы Әшенмен әңгімелесіп, аудан тұрғындарының денсаулық ахуалы, емхананың бүгінгі тыныс-тіршілігі төңірегінде әңгімелескен едік.

– Сәуле Ахатқызы, 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының ең басым бағыты – алғашқы медициналық көмек көрсететін және кез-келген аурудың алдын алуға, ерте диагностикалауға мүмкіндік беретін емханалардың жұмысын жандандыру мен медбике мамандарының мәртебесін арттыру  болып отырғаны белгілі. Осы бағыттар бойынша емханада атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтсеңіз.

– Өздеріңіз білесіздер,  Алатау ауданының құрылғанына көп бола қойған жоқ, дегенмен, халықтың денсаулығы мен  жас ұрпақтың білім алуына қажетті нысандар көптеп бой көтерді. Соның бірі – ашылғанына биыл  үш жыл толып отырған  осы №23 қалалық емхана дер едік. Емханамызда  есепте тұратын тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, аурулардың алдын алуға қажетті заманауи құрал-жаб­дықтардың барлығы бар. Зертханамыз толық автомат­тандырылған. Кез-келген зертханалық талдаулар жедел шығарылып, науқастың жағдайы туралы мәліметтерді дер кезінде анықтап береді. Ал біздегі рентген,  маммологиялық қондырғымыз қаламыздағы  бұрыннан қызмет көрсетіп келе жатқан  кейбір емханалардың өзінде жоқ.  Осының барлығы ең алдымен Елбасымыздың саясатының жемісі десек, екіншіден, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды жобаларының  жемісі. Жергілікті жерлердегі әкімдіктердің қолдауының арқасында жүзеге асырылып отырған игі шаралар деуге болады. Қоғам үшін ең басты байлық – дені сау адам болса, сол байлықты қорғауға қажетті мүмкіндіктердің барлығы жасалып отыр. Бұрын «Ұлжан» ықшамауданының тұрғындары «Шаңы­раққа»,  «Заря Востока» ықшамаудандарындағы емхана­ларға баруға, ал ультрадыбыстық, зертханалық талдаулар үшін қаламыздың орталықтарындағы медициналық  мекемелерге баруға мәжбүр болса, ал қазір қала тұрғындарының кейбірі біздің емханамызға келіп, дәрігерлік тексерілуден өтіп жатады. Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі негізінде  емдеу мекемелерін еркін таңдау бойынша қала тұрғындары арасында №23 емхананы таңдайтындар қатары  да көбейіп келеді.

Ал медбикелердің мәртебесі төңірегінде бөлек әңгіме айтуға болады. Біз қала емханалары арасында бірінші болып пилоттық жоба аясында литвалықтармен бес жылға меморандумға қол қойған болатынбыз. Литвалық әріптестеріміздің тәжірибесі бойынша емханадағы науқасты қабылдаудан бастап, оларға ем-шара тағайындау жауапкершілігі орта буынды медицина мамандарына жүктелген. Ал жедел медициналық жәрдем стансаларында тек орта буынды медицина мамандары жұмыс істейді екен. Олар дәрігерге науқас күрделі жағдайға тап болған жағдайда ғана жүгінеді. Қазір біз 1 дәрігерге екі медбике тәжірибесімен емделушілерге қызмет көрсетіп  отырмыз. Бір топ мамандарымыз Литваға барып,  іс-тәжірибеден өтіп келді.

– Бір дәрігерге екі медбикенің бекітіліп берілуінің тиімділігі неде?

– Бұл тәсіл науқасқа да, дәрігерге де тиімді. Екі жақ та уақыттарын текке жоғалтпайды және дәрігер  уақытын тиімді пайдаланады. Емханаға келген  науқасты  алдын ала қабылдау бөлімдерінде мейір­бикелер қабылдап, науқастың денсаулығымен толық танысып шыққан соң оларға тиісті дәрігерлерге жолдама беріледі.  Ал диспансерлік есепте тұратын науқастардың денсаулығын қадағалап, оларға берілетін тегін дәрі-дәрмектердің уақтылы беріліп тұруын қадағалау толығымен медбикелерге жүк­телген. Үйге барып дәрігерлік көмек көрсету, учаске аралау, тұрғындармен денсаулық тақыры­бында дәрістер жүргізу сияқты жұмыстардың барлығын қазір мейірбикелер атқарып жүр.

– Сәуле Ешенқызы, қазір қаламыздағы емхана­лардың барлығы отбасылық дәрігерлер жүйесімен жұмыс істеп жатыр емес пе, ал сіздердегі бұл шаруа қалай жүзеге асырылуда?

– Біздің емханамыз да толық отбасылық дәрі­герлер жүйесіне көшірілген. Қазіргі кезде  22 отбасылық дәрігер жұмыс істеп, олар салалық мамандардың қызметін ойдағыдай  атқарып отыр.

– Тұрғындардың отбасылық дәрігерлерге деген ықыласы қалай?

–  Бастапқыда түрлі пікірлер болғаны рас, ал қазір тұрғындар бұл жүйенің отбасы мүшелері үшін тиімділігіне толық  көз жеткізе бастады.  Тиімдісі тиімді ғой, бір дәрігер сіздің бүкіл отбасы мүшеле­ріңіздің туылған күнінен бастап, өмірінің соңғы сәтіне дейінгі денсаулығын қадағалап отырады.

– Емханаға қанша адам тіркелген?

– Қырық сегіз мың, үш жүз алпыс бір тұрғын тіркелген.

– Аудан тұрғындарының арасында аурудың қандай түрлері жиірек кездеседі?

– Ересектер арасында  қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары, тыныс жолдары аурулары, қант диабеті, ал балалар арасында жүйке аурулары мен гемотологиялық аурулар  жиі кездеседі. Осыған байланысты емханамызда 7 Денсаулық мектебі, дені сау бала кабинеті жұмыс істейді.

– Алатау  Алтын, күміс алқалы аналарымен мақ­та­на алатын аудандардың бірі ғой, туу көрсеткіші қалай?

– Жаман емес. Осы  жылдың бес айында  575 нәресте өмірге келді.

– Қырық сегіз мыңнан астам адамға дәрігерлік көмек көрсету үшін мамандарыңыз   мықты болуы керек шығар, кадр жағдайы қалай?

– Дәрігерлермен қамтамасыз етілу 92 пайызды құраса, орта буынды мамандармен қамтамасыз етілу 96 пайызды құрап отыр. Әйтседе, мамандардың  тапшылығы жоқ деп айта алмаймыз. Эндокринолог, невропатолог, құлақ-мұрын дәрігері, кардиолог, жұқпалы аурулар дәрігері керек.

– Сәуле Ахатқызы, ертең – Медицина қызметкерлерінің күні ғой, осы төл мерекелерінде дәрігерлеріңіздің арасынан кімдердің еңбегін айрықша атап өткенді жөн көрер едіңіз?

– Осы медицина қызметкерлері күні қарсаңында  аудан әкімдігі,  «Нұр Отан» партиясының  Алатау аудандық бөлімі аудан дәрігерлеріне үлкен құрмет көрсетіп, олардың көп елене бермейтін еңбектеріне жоғары баға берді. Алғыс алғанды, рахмет деген жылы сөзді естігенді кім жек көрсін, осы жиында біздің де бір топ қызметкерлеріміздің аты-жөні аталып, құрметтеліп, аудан әкімдігі мен «Нұр Отан»  партиясының Құрмет грамотасы,  Алғыс хаттарымен марапатталды.  Атап айтар болсам, олар «Үздік мейір­бике» атанған Г.Берікбаева, «Мейірімді мед­бике» мәртебесін иемденген С.Айтжанова,  дәрігер­леріміз Б.Бихалиева, Ж.Майшенова, Г.Нұр­мұханбетова, Н.Әубәкірова.

– Сәуле Ахатқызы, қызмет  көрсетудің заманауи әдіс-тәсілдері мен түрін толық игерген ұжымыңызды төл мерекелерімен біз де шын жүректен құттықтай­мыз. Бүгінгі жұртшылықтың  «Мың алғыс саған, дәрігер» деп шын жүректен айтып жатқан алғыстары сіздерді қуанышқа бөлесін. Әншейінде анау дейміз, мынау дейміз, ал жан қысылғанда тек өздеріңізге жүгінетініміз ақиқат. Аман болайық.

– Рахмет.

 

Әңгімелескен  – Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.