АБАЙ МҰРАСЫНАН МОЛ МАҒЛҰМАТ БЕРЕТІН КӨРМЕ

6Мемлекеттік орталық музейде ашылған Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толу құрметіне Семей облыстық тарихи өлкетану мүзейінің бірлескен «Абай әлемі» атты көрмесі жыл соңына дейін жалға­сады. Көрменің ашылу салтанатында Мемлекеттік орталық музей директоры, этнограф-ғалым Нұрсан Әлімбай, Халықаралық «Абай» қорының президенті Жұмабек Ашуұлы, Семей облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Шынар Садықова, Абайдың шөбересі Қасира Исраилова көпшілік алдында сөз сөйлеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Абай­тану» институтының дирек­торы, профессор Жанғара Дәдебаев Абай­дың «Сегіз­аяқ» поэмасының зерттелу қырлары туралы лекция оқыды.

«Абай әлемі» көрмесіне Мемлекеттік орталық музейі қорында сақталған Абай Құнанбайұлының қолжаз­балары, кітаптары мен ақын туралы жазылған шығар­малар қойылды. Ақынның «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы» атты туындысы, Абай мұрасын жинақтаған Мүрсейіт Беке­ұлы қолжазбасын, Тұра­ғұл Абайұлының «Қа­зақ­­тың атақты ақыны Абай Құнан­байұлы» деген қол­жазбасын, Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петер­борда бастырып шы­ғарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғлы­­ның өлеңі» атты сирек басы­лым­дар бар. Латын әрпімен жазылған өлең­дерін, ақынның бәйбішесі Ділдәнің дом­бырасын, тоғыз­құ­ма­лағын, ағасы Ысқақ­тың бөрігін, Ос­панның асы­рап алған қызы Ман­сураның кам­золын, Азат Ысқақов құрас­тырған ататек шежіресін, көне сурет­терді кезік­тіруге болады.

Ұлы ойшыл мұрасын зерттеп жүрген жас ғалымдар, Абай әлеміне ден­деп енгісі келген оқырман көрмеден өздеріне қажетті де құнды деректерді таба алады.

 

«Ақшам-ақпарат».