АБАЙДЫҢ МҰРАЖАЙ ҚОРЫНДА САҚТАЛҒАН 300-ДЕН АСТАМ МҰРА БАР

Бүгінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қорында Абай Құнанбаевтың өзіне тікелей қатысты 300-ден астам жәдігер сақталған. Абай мұрасы жан-жақты зерделеніп, зерттеліп, кеңінен насихатталғанымен, ол туралы айтылар ой мен зерттеулер әлі де жетерлік. Атап айтсақ, музейдің Түгендеу бас кітабында көрсетілгендей, әртүрлі жолдармен (басым көпшілігі жеке тұлғалардан сатып алынған) түскен Абайға қатысты жәдігерлердің музей қорына қалай түскендігін музей қызмет­керлерінен басқа ешкім біле бермейді. Десек те, мұндай деректер жәдігердің тарихи дереккөз ретіндегі құндылығын арттыруға және арғы-бергі тарихымыз бен мәде­ниетімізді зерделей қарауға негіз болмақ.  Мәселен, музей қорындағы Абайдың Нұрбай ақынға сыйға берген орындығы (КП 24721. 07.09.1993. №90 акті) Петропавл қаласының тұрғыны Рабиға Жаманбаевадан 100 мың сомға сатып алынса, тоғызқұмалақ тақтасы (КП 1703. 23.08.1938) Мұсажае­вадан 100 сомға, ал Ділдәнің домбырасы (КП 15294. 29.06.1978. №95акті) Ысқақтың немересі Сайда Ысқақовадан 350 сомға сатып алынған.

Қазақ халқы қашанда өзінің өскелең ұрпағына мұра ретінде қалдырған жазба деректерін саралап, оның озық үлгілерін жүйелі түрде зерттеп, сұрыптап, баспа бетіне жариялап отырған. Сондай мұралардың біріне – Aбай шығармалары жатады. Мәселен, Абай (Ибраһим) Құнанбай­ұлының  (1845-1904 жж.) 1899 жылы қазақ тілінде араб жазуымен жазылған – «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» қолжазбасы (КП 17569) 1982 жылдың 10 маусымында», – деп, №294 қабылдау актісімен қабылданса, ал музей қорында бұрыннан сақталынып келген Мүрсейіт Бікіұлы (1860-1917жж.) қолжаз­басының (КП 2705) тіпті қабылдау актісі де жоқ,  тек музейдің түсім кітабында кімнен екені белгісіз «1500 сомға сатып алынған» деп жазылған. Мүрсейіт Бікіұлының осы (КП 2705) қолжазбасына Абайдың 107 өлеңі, 39 аудармасы, 17 қарасөзі енген. Қолжазбаның тілі оқуға өте ауыр, қадым жазуымен жазылған. Мәтіннің негізгі тілі қазақша болғанымен, араб, парсы, шағатай, татар тілдерінің сөздері өте көп кездеседі. Сонымен қатар, мәтіндегі сөздердің жазылуында кейбір әріптік  қателер  кездеседі.

Сондай-ақ, аталмыш қорда Тұрағұл Абайұлының (1875-1934 жж.) 1925-1927 жылдары жазған   –  «Қазақтың атақты ақы­ны Абай Құнанбайұлы» атты қолжазбасы (КП 3119) да сақталған. Бұл қолжазбаға Абайдың 146 өлеңі, 41 қарасөзі мен көптеген аудар­малары енген. Қолжазба туралы музейдің түсім кітабында тек  «1946 жылы 250 сомға сатып алынған» деген жазу ғана бар.

ҚР МОМ қорында Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984 жж.) араб жазуымен қазақ тілінде жазылған нұсқасы да кездеседі. Қолжазба (КП 23654) 1949 жылы ақпан айында жазылған. Онда Абайдың өмірбаяны, өлеңдері мен қара­сөздері, аудармалары берілген. Аталмыш қолжазба 253 беттен тұрады. Қолжазба музей қорына 1990 жылдың 28 желтоқсан күні № 294 акті бойынша Үсембаева Рымбалы Қалелқызынан 2000 сомға сатып алынған.

Десек те, ҚР МОМ қорындағы Абайға қатысты жәдігерлердің көбін абайтанушы, ғалым Ә. М. Жиреншиннің ұлы Төлеген Жиреншин  2010 жылы № 41 акті бойынша сыйға берген. Бұған  оның  1940-1946 жылдары жазылған  «Абайдың жас күнінде жазған өлеңі» (КП 5800), «Musіralі aqsaqaldіn aіtunca – Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша» (КП 5905), «Абайдың Смағұл деген інісіне қиыр жайлап жүргенде айтқаны» (КП 27365/93), «Абайдың Ділдаға қайыншылап барғанда жеңгесі Айшаға айтқан мысқыл өлеңі» (КП 27365/92), «Қарамола съезі жайында Абаймен бірге болған Мүсірәлі ақсақалдың естелігі» (КП 27365/14), «Абай және оның ұрпақ­тары жөнінде кейбір жаңа деректер» (КП 27365/81) сияқты қол­жазбалары  жатады.

Нақтылай айтқанда, осы уақытқа дейінгі Абайдың басылымдарда кездесетін (өлеңдері мен қарасөздерінде кезінде жіберілген) орынсыз бұрмалаулар мен қателерді қайта қалпына келтіру үшін және болашақта Абай қолжазбаларының факсимилиясы мен мәтінтанулық анали­зін жасауда, транскрипциялау, тілдік, аудармалық сөздігіне зерттеулер жүргізуде, қолжазбаларға ғылыми түсініктемелер беруде бұл мәліметтер мен еңбектердің (түпнұсқалардың) қосар үлесі зор. Өйткені, Абай шығармалары мен оның тексто­логиялық мәселелері ешқандай өзгеріссіз сол дәуірдегі тіл, дін, дүниетаным аясында ғана қарастырылуы тиіс.

Г.ҚҰЛНАЗАРОВА,

ҚР МОМ ғылыми қызметкері.

 

16Алатаудай асқақ Абай әлемі

Қазақтың бас ақыны Абай (Ибраһим) Құнан­байұлының туғанына 170 жыл толуына орай 30 қыркүйекте сағат 15.00-де Мемлекеттік орталық музейде Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі­мен бірлескен «Абай әлемі» атты көрме ашылады.

Көрмеде ҚР МОМ қорында сақтаулы Абай Құнанбайұлына (1845-1904) қатысты қолжаз­балар, кітаптар және ол туралы шығармалар насихатталады. Солардың ішінде бүгінгі күні ғалымдар тарапынан Абайдың өзінікі деп танылып отырған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысын, ақын шығармашылығы жинақталған Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) қолжазбасын, Тұрағұл Абай­ұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнан­байұлы» деген қолжазбасын, Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғлының өлеңі» сынды басылымды ерекше атап өткен жөн.

Көрмеге қазақ тілінде латын әріптерімен жазылған «Abaіdіn cas kunіnde сazqan өlenі» (Абайдың жас күнінде жазған өлеңі), «Musіralі aqsaqaldіn aіtunca» (Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша), «Abaj Qunanbaі ulь. Tandaulь өlender» басылымын (Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдер) сынды қолжазбалар мен басылымдар да қойылып отыр. Ақынның бәйбішесі Ділдәнің домбырасын, бүркітінің балдағы мен тоғызқұмалағын, ағасы Ысқақтың бөрігін, інісі Оспанның асырап алған қызы Мансураның камзолын, музей қорына күні кеше ғана келіп түскен Азат Әрхамұлы Ысқақовтың 1987 жылы құрастырған Абай тұқымы мен туысқандарының шежіресін, бірнеше тың тарихи фотосуреттерді осы көрмеден тамашалауға болады.

Абай әлемімен жақын таныстыратын көрме 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

 Байланыс телефондары:  264-36-33; 264-46-50; 264-55-77.