НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫН ТАМАШАЛАҢЫЗДАР

45Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 20 наурызда сағат 11.00-де Наурыз мейрамына арналған «Музейдегі Наурыз» атты мәдени шара өткізеді.

 

Ізгі шара аясында көрермендер назарына киіз үй жиһазы, әрі сән беретін көркем жабдығы сан­алатын бұйымдарының бірі – бау-басқұрлар көрмесі ұсынылады. Көрмеге басқұрдың түк салып тоқыған түрі «ақбасқұр» мен кәдімгі «қызылбасқұр» қойылады. Олар өзіне тән ерекше сипаты, орындалу техникасы, ою-өрнегі, түр-түсінің үйлесімімен дараланады. Көрмеде Қазақстан­ның әр өңірінен жинақталған бау-басқұрлардың 20 шақты түрі қойылады.

Басқұр киіз үйдің уығы мен керегесінің түйіскен жерін бастырып таңылады. Ол қазақтың терісбұтақ, алақұрт, жүзтеру сияқты ою-өрнектерімен нақыш­талып тоқылатын­дықтан, үйдің ажарын кіргізіп тұрады. Киіз үйдің туырлығындағы үзіктерге тағылып, уықты орай келіп, үйге сән беретін қысқа басқұрлардан тыс (4-5 м) үйді айналдыра орап шығатын ұзын әрі жалпақ басқұрлар да болады. Мәселен, бес немесе алты қанат үйлердің басқұрының ұзындығы 22-26 метрге дейін жетеді.

ХІХ – ХХ ғ. жататын музей қорындағы бау-басқұрлар дәс­түрлі ортада қолданылған ою-өрнектің көптеген түрлерімен нақыш­талғандығымен ерекше­ленеді. Мәселен, жасалу техни­касы, композициясы мен көр­кемдік шешімі әркелкі болып келетін бау-басқұрлар бүгінгі таңдағы өнертанушылар, шебер­лер мен кәсіпкерлер үшін  тап­тырмайтын үлгі, нұсқа болумен бірге оларға шығармашылық шабыт та сыйлай алады.

Музей қызметкерлері мереке қарсаңында мұражай алаңында көрермендерге киіз үй тігу бары­сын егжей-тегжейлі көрсет­еді, сондай-ақ, киіз үй тігудің тәртібі мен кезеңдері туралы тақырыптық экскурсия жүргізеді. Киіз үйде жас жеткіншектер үшін «Әжем­нің ертегілері» атты интерактивті алаң­қай ұйымдастырылады. Аталмыш мереке аясында «Нау­рыз – жаңа күн» тақыры­бына байланысты мектеп оқушылары арасында сұрақ-жауап ойындары өткізіледі. Сонымен қатар, «Асық», «Күрес», «Арқан тарту», «Тоғыз­құмалақ» сынды қа­зақтың ұлттық ойын­дары ойнатылады.

Аталмыш іс-шара барысында музей қо­нақ­тарына Құрман­ғазы атындағы ­Қазақ ұлттық кон­серваториясы мен  фольклорлық-этнографиялық топтардың қа­тыс­уымен арнайы концерт ұйым­дастырылады. Наурыз туралы жырға толы мерекелік кешке жиналған жұртшылық әсем әндер тыңдап, қазақтың ұлттық билерін тамашалайды.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі бірлесіп «Сәндік-қолданбалы өнер мен бейнелеу өнері» атты көрме  ашады. Көр­меге аталмыш колледж оқыту­шылары мен студенттерінің қазақтың тұрмысы мен мәде­ниетін бейнелейтін тұскілем, кенеп және киізден жасалған киімдер, бейнелеу өнері мен мүсіндеудің жекелеген жұмыс­тары қойылады. Сондай-ақ, киізден жасалған бұйымдарды дайындаудың шеберлік сынып­тары ұйым­дастырылып, қазақтың ұлттық киімінің сәндік үлгілері көрсетіледі.

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі әсем қаламыздың барша тұрғындарын «Наурыз мейра­мына» арналған мәдени шараның құрметті қонағы болуға шақы­рады.

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі.

Алматы қ., «Самал-1» ықшамауданы, 44-үй.

Музейдің жұмыс уақыты: 9.00 – 18.00.

Анықтама телефондары: 264-46-50, 264-55-66.

Іс-шараға кіру ақылы (үлкендерге – 150 теңге, студенттерге – 70 теңге, балаларға –50 теңге).