«НАДАНДЫҚ БҰЛТЫН СЕРПЕ БІР ҚУЫП, НҰРҒА ЕНГЕН…»

44тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановтың талайлы тағдырынан сыр шерткен  «Қапасқа қамалған рух» атты музей сабағынан сыр-толғау

Жуырда Орталық мұражайда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ғұлама тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қапасқа қамалған рух» атты музейлік сабақ болып өтті. Оны ҚР МОМ ғалым-хатшысы Ғалия Садықова ашты.  

Іс-шара аясында Ш.Смағұлов атындағы дарынды балаларға арналған маман­дандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты  мен  №17 мектеп-интер­натының оқушылары қатысып, белсенділік танытты. Сабақ өткізу барысында Бек­махановқа арналған шағын көрме ұйым­дастырылды. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына белгілі тарихшы тағдырының ауыр кезеңдерінен көрініс беретін слайд-шоу, «Тағдыры ұқсас тұлғалар» атты деректі фильм көрсетілді. Шәкірттер бұл шағын көрме аясына дарабоз тарихшының отбасылық жағдайы мен қызмет жолдары, әріптестері туралы сыр шертетін  музей қоры мен кітапханасынан алынған фотосуреттер мен еңбектер экспозиция­сын көріп, тамашалады. Сондай-ақ, музейлік сабақта тарихи-танымдық тақырыптағы сөзжұмбақтар шешіліп,  ойын, жарыс түрінде қызықты өтті.

Саналы ғұмырын тек  ғылым жолына арнаған ғұлама ғалым, қазақтың Герадоты атанған Ермұхан Бекмаханов небәрі 51 жыл ғана өмір сүрді. Әйтсе де,  жарық жұлдыздай ағып өткен қас-қағым өмірінде орасан мол қазыналы  еңбек қалдырып, Қазақстан тарихына елеулі үлес қосып кеткен дара тұлғаның баға жетпес еңбегі халқымыздың қайталанбас байлығына айналғаны аян.

Талай қиын-қыстау кезеңдерді артқа тастап, егеменді ел болып,  Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымыздың талай жыл бойы сақталған ақтаңдақ беттері ашыла бастады. Сондықтан да соңғы жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінде «Бекмаханов оқулары» атты ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтуде. Өткен тарихымызға зер салған өскелең ұрпақ үшін Ермұхан Бекмахановтың өмірі өлмес өнеге, ол жас буынды ерлікке, елдікке тәрбиелейтіні мәлім.

Арай НҰРЕКЕНОВА,

Гүлжан АХМЕТОВА,

ҚР Мемлекеттік орталық музейі экскурсиялар мен экскурсиялық қызметтерді  ұйымдастыру тобының мамандары.