УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ «НАН ОРТАЛЫҒЫ»

75Рая ЕСКЕНДІР

Үкімет отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев отандық өнімдерге басымдық беру туралы бастама көтергені баршамызға белгілі. Осы орайда дәл қазіргі уақытта сауда нарығында, дүкен сөрелерінен өз орнын ойып алып жатқан отандық өнім­дерімізге қарап, шетелдік тауарларды он орап алатындай сапалы өнім­деріміздің көп екендігін аңғарып жатқан жайымыз бар. Отандық өнім дегенде ең алдымен еліміз бойынша алдыңғы қатарлы оқу ордасы, сол отандық өнімді өндіретін мамандарды даярлай­тын Алматы технологиялық уни­верситетін айтуға болады. Алматы технологиялық университеті – тағам өндірісі, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп салалары мен сервис, қонақжайлық индустриясы үшін жоғары білікті мамандар мен ғы­лыми кадрлар даярлауды табысты жүзеге асырып отырған Қазақ­стандағы, қала берді, Ор­талық Азиядағы жетекші ғылым-білім беру орталығы ретінде танымал болған оқу ордасы. Қара шаңы­рақтың 58 жылдық тарихы оның өткен өмір жолының куәгері іспетті.

 

Білім мен еңбекті қатар ұштастырған ұжым

89Оқу ордасы өткен 2014 жылы жоғары оқу орындары арасындағы Ұлттық рейтинг бойынша 30 үздіктің қатарына еніп, 10-орынды иеленсе, тағам және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша негізгі бейінді маман­дықтары жағынан жоғары оқу орындары арасынан Қазақ­стандағы білім беру бағдарламаларының Бас рейтингісі бойынша алдыңғы орында келеді.

Алыс-жақын 90-нан астам шет елдердегі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан Алматы технологиялық университетінің материалдық-техни­калық базасы 70 мыңнан астам шаршы метрді құрайды. Университеттің 5 факультеті, 3 ғылыми-зерттеу инс­титуты, заманауи құрал-жабдықтармен жабдық­талған 11 ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Сонымен қатар университетте бірде-бір оқу орындарында кездесе бермейтін «Нан орталығы», «Ет орталығы» сияқты шағын зауыттардан тұратын технопарктер жұмыс істейді. Білім мен еңбекті қоса ұштастырып отырған университет тарихында 2012 жылдың 12 қазаны өте айрықша күн болып саналады. Бұл күні оқу ордасында оқу-ғылыми «Нан орталығы» ашылған еді.

Орталықтың ашылу салтанатына жетекші уни­вер­ситеттер мен ғылыми орталықтар өкілдері қатысқан бола­тын. Мәселен, Ұлыбритания, Чехия, Болгария, Испания, Италия, Ресей, Украина, Беларуссия, Корея, Қырғыз­стан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген қонақтар ашы­лып отырған орталықтың маңыздылығын айта келіп, оның жұмысының жемісті болатынына сенім білдірген-ді.

Осылайша Алматы технологиялық университеті қабырғасынан ашылған орталық көптеген ғылыми жұмыстар мен университеттің кәсіпорындағы тәжірибе алаңына айналды. Инновациялық «Нан орталығының» ең басты ерекшелігі, университет ғалымдары ұн өнім­дерінің адам ағзасына пайдасы бар жаңа сұрыптарына зерттеулер жүргізеді. Осы орталықта көптеген ғалым­дардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының тұсауы кесіліп, өз нәтижелерін көрсетіп жатады. Мәселен, нанның құра­мындағы адам ағзасына пайдалы дәрумендер, олардың адам өміріне пайдалы қасиеттері арнаулы зертханада тексерулерден өтіп, жүзеге асады. Орталықтың тағы бір ерекшелігі, мұнда болашақ мамандар алған білімдерін ғылыммен ұштас­тырып, сосын өндірісте жалғастырады.

 

Өз өнімдерімізді қорықпай тұтына беруге болады

Елбасымыздың индустриалдық-инновациялық бағдар­ламасын жүзеге асыру да осындай білікті мамандарға байланысты. Осы орайда инновациялық орталықта тә­жірибеден өтіп, шыңдалған мамандар күні ертең еліміздегі өндіріс саласының өркендеуіне өз үлестерін қосатыны анық.

Сондықтан болашақ мамандар өздерінің алған білімдерін кәсіпорындағы тәжірибесімен ұштастырып отырады, мұның өзі олардың сапалы білім алуларына жол ашады. «Нан орталығында» студенттер өздерінің алған білімдерін тереңдетіп, тәжірибе барысында болашақ маман ретіндегі мүмкіндіктерін де сынап, шыңдалып отырады. «Нан орталығында», сонымен қатар, Қазақстан мен Еуро­паның ең алдыңғы қатарлы компанияларымен бірлескен семинарлар, шеберлік сыныптары өтіп тұрады. Әсіресе, университеттің магистранттары, докторанттары өздерінің нан өнімдері жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын осы орталықта тәжірибеден өткізіп отырады.

Университеттің Тағам өндірістері факультетінің құрамына 5 кафедра кіреді. Олар – «Астық өнімдері және өңдеу өндірістері технологиясы», «Тамақ өнімдерінің технологиясы», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және сапасы», «Химия, химиялық технология және экология», «Тағамдық биотехнология» деп аталады. Тағам өндірістері факультетінің инновациялық ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстары да осынау нан орталығында жүзеге асыры­лады. Болашақ мамандар осы орталықта алған дәрістері негізінде Ионоозонокавитациялық технология негізінде астықты өңдеу, сақтау және қайта өңдеу заманауи инно­вациялық технологиялар мен емдік-сауықтыру бағытында пайдаланылатын нан-тоқаш, макарон және кондитер өнім­дерін жасау технологияларымен танысады. Біз де уни­верситеттің нан орталығының жұмысымен танысу бары­сында исі мұрынды жарған, өмірдің құдыреті, дастар­хан­ның сәні болған нан өнімінің дайындалу жұмыс­тарымен таныстық.

«Нан орталығының» оқу-ғылыми базасы заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Мұнда студент­тердің сабақтан тыс уақытта жұмыс істеулері үшін барлық жағдай жасалған. Болашақ мамандар өздерінің алған білімдерін осында келіп тәжірибе жүзінде іске асырып жатады екен. «Нан орталығында» арнайы Италиядан әкелінген жабдықтар, пеш, сол сияқты асхана жабдық­тары бар. Нан-тоқаш өнімдерінің тұтынушыға жеткенге дейінгі барлық процестері осында жасалады. Сондай-ақ, мұнда қамырды дайындау барысында ұнды електен өткізу, ашыған қамырды сақтайтын арнайы шкаф, нан пісіретін қалыптар, т.б. қажетті бұйымдардың барлығы бар. Жұмыс орнында, ең бастысы, тазалық ережелері қатаң сақталады. Дайын болған өнім пештен шыққан соң, аздап суытылады да, нан қатып қалмас үшін сыртынан целлофанмен оралады. Сосын нан орталы­ғының өнімдері студенттердің жатақханасы мен оқу корпустарында сатылады. Бағасы мен сапасы сай келетін өнімге қазір сұраныс та жоғары.

Сонымен қатар, Алматы технологиялық универси­тетінде бірнеше ғылыми зертханалардан тұратын Тағам қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты мен Тағам техно­логиялары ғылыми-зерттеу институты бар. Алматыдағы жекелеген өндірістердің өнімдерінің сапасы келісімшарт бойынша осы жердегі Акредиттенген сынақ лаборато­риясында тексерістен өтеді. Барлық өнімдердің сапасы, құрамы, адам ағзасына тигізетін пайдасы зерттеу нәти­жесінде белгілі болады. Ең алдымен адам тағдыры тұр­ғандықтан, өнімнің сапасы қатаң түрде сүзгіден өтеді.

– Қазақстанда жасалған өз өнімдеріміздің кез-кел­генін тұтына беруге болады.

Ет өнімдері, консерві, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер. Жалпы, өз жеріміздегі отандық өндірістің өнім­дерінен келетін еш қауіп жоқ, – дейді Тағам қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының директоры Асылбек Қозыбаев.

Шыны керек, біз көп жағдайда шетелдік, сырттан келетін өнімдерді пайдаланамыз. Бізге айлап жететін, мұхит асып келіп жатқан өнімдердің сапасына емес, бағасына қарап пайдаланамыз. Табиғи қалпын сақтауы жағынан өз өнімдеріміз ең қауіпсіз әрі сапалы өнім болып табылады екен.

Бүгінгі таңдағы тәжірибелер мен зерттеулер дәлелде­гендей, бір қалбыр консерві немесе сырттан әкелінетін сүт өнімі сізге тағам ретінде емес, адам ағзасына зияны бар екендігін ескергеніміз жөн. Мысалы, табиғи жағдайда сүт өнімі бір-екі күн ғана шыдауы керек. Керісінше, шетелдік өнімдердің жылдап дүкен сөрелерінде жатса да сақтала беретіндігі, оның құрамындағы консерванттардың шектен тыс көп қосылғандығында. Сондықтан да Тағам қауіп­сіздігі ғылыми-зерттеу институты мамандары өз өнім­деріміздің сапалық құрамын зерттей келе, отандық өнім­дерді тұтынуға шақырады.

Биылғы жылы Тағам өндірістері факультетінің 3-курс студенттері Алина Жомартова мен Мәдина Расулова Білім және ғылым министрлігінің «Шет елдегі семестр» бағдар­ламасы аясында Вена қаласында білімдерін жетілдіріп қайтты. Шет елдегі оқу барысында студенттер ұнның әр түрінен әзірленген қамырдың құрамын зерттеген. Қазіргі уақытта студенттер шет елден алған білімдерін өздерінің ғылыми жұмыстарына пайдаланып, ізденіс үстінде.

Жалпы, университет қызметкерлерінің зерттеу жұмыс­тары халықаралық байқауларға қатысып, түрлі грант­тарды жеңіп алып отырады. Университеттің зерттеу орта­лықтарындағы барлық құрылғылар университеттің және ұжымның грант иегерлерінің қаржысына сатып алынған. Осылайша елу сегіз жылдық тарихы бар уни­верситеттің барлық ғылыми қызметкерлері бүгінгі таңда жан-жақты ізденіп, еліміздегі ғылымның ілгерілеуіне өз үлестерін қосып отыр.

 

Керек дерек

Алматы технологиялық университетінің материалдық-техникалық базасы 70 мыңнан астам шаршы метрді құрайды. Университеттің 5 факультеті, 3 ғылыми-зерттеу институты, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған 11 ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Сонымен қатар университетте бірде-бір оқу орындарында кездесе бермейтін «Нан орталығы», «Ет орталығы» сияқты шағын зауыттардан тұратын технопарктер жұмыс істейді.