УНИВЕРСИТЕТТЕР АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ

Рая ЕСКЕНДІР

Алматы Технология университеті әлемдегі ең ірі бірнеше оқу ордасымен тығыз байланысып, тәжірибе алмасып отырады. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгелі білім саласы әлемдік білім кеңістігіне батыл қадам басып, ең алдыңғы университеттермен серіктес болды. Аталмыш университеттің Венгр Республикасының Дебрецен университетімен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасып отырғанына да біраз уақыт болды.

Осынау байланыс аясында АТУ-дың оқытушылары мен студенттері білімдерін кеңейтіп, шет елге барып, озық іс-тәжірибе жинақтап қайтып жатыр. «Шет елдегі семестр» бағдарламасы аясында оқытушылары мен студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Жақында Алматы Технология университетінің оқытушылары мен студенттері Венгрияның Дебрецен университетімен онлайн сұхбат жүргізген еді.

Бұл жолы Дебрецен университетінің ауылшаруашылық факультетінің деканы Штундл Ласло қазақстандық әріптестеріне жаңа жобалар ұсынып, оны бірлесе атқаруды ұсынды. Мұндай ауқымды шараны қолға алғанда ең басты – қажеттілік қаржы мәселесі. Егер университеттердің бірі қаржы көзін тауып жатса, екінші университет оның серіктесі болып табылады. Бүгінгі таңда кіші және орта кәсіпкерлікті қолдайтын Қазақстан-Венгрия қоры бар.

Тікелей желі арқылы жүрген келісім-әңгімені Алматы Технология университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры М.Қизатова жүргізіп отырды. Жылы шырайлы кездесуге т.э.д. доцент Р.Уажанова, профессор Е.Медведков, профессорлар А.Витавская, М.Маемеров, Ж.Лесова қатысып, өздерінің ғылымды дамыту тұрғысындағы ой-пікірлерін білдірді.

Адамзаттың өсіп-өркендеуіне мол үлес қосатын жобалар жоспары жасалды. Әсіресе, сусамыр ауруының алдын алатын шырындар, қызыл бұрыштан алынатын пайдалы май, ұнның сапалы түрі туралы құнды жаңалықтар енді аз уақытта жүзеге асатын болады.