СТУДЕНТТЕР ДЕ ӨЗ ҮЛЕСТЕРІН ҚОСЫП ЖАТЫР

Рая ЕСКЕНДІР

Алматы технология университетінің оқытушылары мен студенттері ҚР Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақ­стан халқына Жолдауының орын­далу барысын халыққа жеткізу мақ­са­тында ұйымдастырылған Алмалы ауда­нының ақпараттық-насихат тобы мүше­лерімен кездесті.

Кездесуге Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы жетек­шісінің орынбасары Төлеухан Исмаилов пен «Интеллект Орда» Халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді біріктіру институтының бас директоры Саттар Мәжитов қатысты.

– Елбасымыз халыққа  Жолдауында «Әлемдік экономикалық дағдарыс жағ­дайында Қазақстан дағда­рыс үдерістерін тиімді жолмен басқара отырып, елдің тұрақты дамуын қамта­масыз ету үшін экономикаға жаңа технологияларды енгізуі қажет» деген еді.

Біздің мақсатымыз – жаңа эконо­ми­калық саясаттың мәні мен маңызын жете түсініп, осы бағдарламалық құжат­тың негізгі бағыттарының іске асырыл­уына барынша атсалысу. Ол үшін біздің жас­тарымыздың бойында рух, пара­саттылық, отансүйгіштік, терең білім сынды қасиеттер болуы тиіс, – деп атап өткен Саттар Фазылұлы жастарды жаңа техно­логияларды меңгеріп, жан-жақты, білімді маман болуға шақырды.

Осыдан соң сөз кезегін қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы жетек­шесінің орынбасары Төлеу­хан Исмаилов алып, дағдарысқа қарсы стратегиялық маңызы бар жедел шешімдер қабылдаудағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көреген­дігіне тоқталды. Осындай әлемдік дағ­дарыс жағдайына қарамастан әлеуметтік мін­деттемелердің толық орындалып отыр­ғанын айтты.

Жолдаудың орындалу барысы туралы қызыға тыңдаған жастар, әсіресе, тұрғын үйге қатысты мәселеге өз ой-пікірлерін де білдіріп отырды.

Мәселен, Қазақстанда жыл сайын 6 млн. шаршы метрге тарта үй салынса, оның 1 млн. шаршы метрі, яғни, алтыдан бір бөлігі Алматы қаласына тиесілі екен. Өткен жылға көз жіберсек, Алматыда пайдаланылуға берілген 1 млн. 300 мың шаршы метр тұрғын үйдің 2730 пәтеріне бюджеттік сала қызметкерлері – білім мен денсаулық қызметкері ие болған.

Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру аясында жалдамалы тұрғын үй салу үшін бюджеттен 145 млрд. теңге бөлініп отыр. Жастар жағы жаңа бағдарлама бойынша 29 жасқа дейінгі, кем дегенде 2 жыл неке­де тұрған жас отбасылардың жалда­малы тұрғын үйлерді 20 жыл ішінде толық өтеп, өз меншігіне алуға мүмкіндігі бар екендігін білгенде қызу қолдап, қошемет білдіріп жатты.

Жиын соңында Алматы Технология университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, Алмалы аудандық «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Қалтай Батхолдин Жолдаудың маңызды тұстарына тоқталды.

«Нұрлы жолдың» үлкен ұғымды біл­діретін, тарихтың сынынан өтетін, ұла­ғатты, төзімділік жолы екендігін түсіндіріп, еліміздің игілігі жолында бірлігімізді сақтап, нұрлы жол үстінде, адаспай бір­лесе еңбек етіп, бейбіт өмір сүруге шақыр­ды.