Мен – АТУ-дың патриотымын

Еліміздің Тәуелсіздігі күніне орай өткізіліп жатқан шаралар легі Алматыда бір сәтке толастар емес. Бабаларымыздың арманына айналған, сан жылдар бойғы күрестердің нәтижесі болған ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне деген шынайы сезімін білдіру – әрбір азаматтың асқақ борышы және басты парызы. Сондықтан, Алматы Технология университетінің ұжымында өткен «Мен АТУ патриотымын» деп аталатын шараның түпкі мақсаты айқын. Салтанатты кештің алғысөзін университеттің бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов алып, барша қауымды еліміздегі орны ерекше Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

– Тәуелсіздікке қол жеткізу – іргесі қаланған әрбір мемлекеттің басты арманы. Осындай бейбіт аспаны мен берекелі тірлігі жарасқан жасампаз елде өмір сүріп жатқан сіздер мен біздер бақыттымыз. Тәуелсіздікке ата-бабамыздың батырлығы мен қайсарлығы, елі мен жеріне деген адалдығының, патриоттылығының арқасында қол жеткіздік. Бұл, әрине, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының саясаты мен көрегендігінің арқасы, – деп ерекше атап көрсетті.

Тәуелсіздікке қол жеткізуде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің маңызы зор. Шараға арнайы шақырылған қонақтар Аманғазы Кәріпжанов пен Болат Шарақымбай еліміздің Тәуелсіздігіне, тарихтан орнын ойып алған Желтоқсан көтерілісіне байланысты деректер келтіріп, тәрбиелік мәні бар әңгімелерін айтып берді. Тәуелсіздіктің мерейін үстем етіп, елдің ертеңіне деген жастардың сенімі мен жауапкершілігін арттыратын кештер АТУ-де жиі өткізіліп отырады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында «Отанды сүю – бабалардан мирас болған мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні осы!» деп қазақстандық патриотизмнің жаңа үлгісін айқындап беруіне АТУ-лықтар да өз үндерін қосып, алдыңғылардың бірі болды.

Шара барысында «Нұр Отан» партиясының Алмалы аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, университет тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин университеттің партия ұйымының 50 қызметкеріне жаңа үлгідегі партиялық билеттерді табыс етті. Сонымен қатар, студенттер арасында «Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік» тақырыбында брейн-ринг ұйымдастырылды.

«Мен АТУ патриотымын» сайысының үздіктері анықталып, «Сөз шебері», «Ең үздік патриоттық ән», «Ең үздік мәтін», «Ең үздік әлеуметтік бейнеролик», «Ең үздік дауыс» номинациялары бойынша дипломдарға ие болды.

Рая ЕСКЕНДІР