Студенттер қоныс тойын тойлады

2860Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Алматы Технология университетінің Инженерлік және ақпараттық технология факультетінің студенттері №5 жатақхананың ашылу салтанатына қатысып, қоныс тойларын тойлады. Жатақхананың ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова қатысып, сөз сөйледі.

 Рая ЕСКЕНДІР

Одан кейін жоғары оқу орындары ассоциациясының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Рахман Алшанов, қалалық «Парасат» кәсіподағының төрағасы Данат Жанатаев, Алматы технология университетінің ректоры Құралбек Құлажанов сөз кезегін алып, айтулы мереке құрметіне ашылып отырған жатақхана студенттердің жайлы үйіне айналып, бұл шаңырақтан еліміздің дамуына зор үлес қосатын мақтаулы мамандардың түлеп ұшуын тіледі. Университет әкімшілігіне студенттердің саналы тәрбие, сапалы білім алуына жасап жатқан қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді. Мереке аясында пайдалануға беріліп отырған жатақхана құрылысы 1 жыл 2 ай ішінде салынған. Құрылыс жұмысы сапалы жүргізілген. Бес қабатты көркем үйдің әрбір бөлмесіне студент үшін ең қажетті жайлы төсек, киім шкафы, сабақ оқитын үстел сияқты жиһаздар қойылған. Жатақхананың әрбір қабатында ас әзірлейтін, кір жуатын арнайы бөлмелер бар. Жатақхана аумағы мен әрбір қабатқа бейнебақылау орнатылған.

Алматы технология университетінде бүгінде он мыңға жуық студент білім алып жатса, олардың 5 мыңы – еліміздің түкпір-түкпірінен келгендер. Сондықтан, олар үшін баспана – өте өзекті мәселе. Ашылып отырған жатақхана – саны жағынан бесіншісі.

Сапалы әрі сәнді жатақхана құрылысы үшін университет әкімшілігі өз қаражатынан 900 млн. теңге жұмсады. Дәл қазір университет студенттеріне арналған Спорт кешенінің жоспары жасалып бітті. Алдағы көктемде құрылысы басталады деп күтілуде. Жаңа жатақхана Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Даму стратегиясы мен Технология университетінің 2020 жылға дейінгі Даму бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр.

Университет әкімшілігі әзірге студенттердің 92 пайызын жатақханамен қамтып отыр. Келешекте де жаңа жатақхана салу жоспары – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Дәл қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 40 мың студент жатақханаға мұқтаж көрінеді. Сондықтан, жаңа жатақхананың ашылуы Алматы жастары үшін айтулы оқиға болды.