Жастар кеңесі – жаңаның бастауы

Алматы технология университетінде Жастар кеңесінің 15 жылдығына орай «Жастар – азаматтықтың үлгісі және олардың қоғамдағы рөлі» атты қалалық конференция болып өтті.

Рая ЕСКЕНДІР

Алматыдағы барлық оқу орындарынан келген конферен­ция қонақтары Алматы технология университетінің білім кеңіс­тігіндегі шоқтығының биік екендігін ай­шықтайтын табысқа толы сәттері бейне­ленген көрмені тамашалады. Осылайша көңілді сәттен басталған конференцияның алғашқы сөз кезегін АТУ-нің бірінші проректоры, профессор Бауыр­жан Нұрахметов алып, Алматы жастарының тек оқу ордаларында ғана емес, қаланың қоғамдық өміріне де белсенділікпен атсалысып келе жатқандығына тоқталды.

– Біздің оқу ордамыздың басшысы академик Құралбек Құлажанов қашанда жастардың бастамасына қолдау білдіріп, көмек көрсетіп отырады. Сондықтан біздің университет түлектері әр салада, еліміздің экономикасының артуына өз үлестерін қосып, мемлекетті басқару ісінде табысты еңбек етіп жүр.

Әр жылдарда университеттің жастар кеңесін басқарып келген Арман Бекебаев, Жанар Төлеубаева, Гүлнұр Әмірбаева, Оңдасын Құлымбетов, Мөлдір Шаухарова, Тахир Азатұлы, Мәди Рахымбай, Талғат Қойшыбай бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолында өз үлестерін қосып жүрген жалынды жастар. Олар конференция жұмысына қонақ ретінде қатысып, өздерінің іс-тәжірибелерімен ой бөлісетін болады, – деп атап көрсетті. Осыдан соң сөз кезегін алған Алматы қалалық Жастар саясатын дамыту қорының директоры Совет Сейітов жастар кеңесінің 15 жыл ішінде атқарған жұмыстарына шолу жасап, жоғары оқу ордаларының ішінде ерекше орын алатын Алматы технология университеті студент­терінің маңызды іс-шараларға белсене атсалысатынын айтып, кеңес жұмысына жоғары баға берді. Өз сөзінде Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова дәл осыдан 15 жыл бұрын аудан әкімінің Жастар кеңесінің мүшелеріне алғашқы куәлікті табыс еткенін, сол жастар үмітті ақтап, мемлекетімізге адал қызмет етіп жатқанын, жастардың осы үрдісті жалғастыруына тілектестігін білдірді.

Конференция жұмысына қатысушы Алматы технология университетінің төрайымы Ардақ Даниясқызы «Жастар кеңесіне – 15 жыл» атты, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы, партияның сайлауалды тұғырнамасын бақылау және жүзеге асыру бөлімінің жетекші маманы Мөлдір Шаухарова «Нұр Отан» партиясының партиялық жоба­лары арқылы жастар саясатын дамыту» атты, ВТБ Банк Қазақстан сату және жеке тұлға­ларға қызмет көрсету бас­қармасының бастығы Арман Бекебаев «Түлектерді жұмыспен қамтудағы жастар ұйымдарының рөлі», «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпараттар орталығы» акционерлік қоғамының қаржы-экономикалық департаментінің бас маманы Тахир Азатұлы «Ғылым және жастар», Алматы қалалық «Парасат» кәсіподағы ұйымы төрағасының көмекшісі Мәди Рахымбай «Кәсіподақтар мен жастар ұйымдарының мақсаты бір» атты баяндамалар жасаса, жастар үлкен ыждағаттылықпен тыңдап, қолдау білдіріп отырды. Қазіргі таңдағы жастардың өзекті мәселелері, азаматтық-құқықтық, патриот­тық, инновациялық және шығармашылық әлеуетіне қатысты мәселелер ортаға салынып, оларды шешу жолдары сөз болған конференция жастардың көңілінен шықты.

Конференция жұмысын Алматы техно­логия универ­ситетінің тәрбие жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин қорытын­дылай келе:

– Елбасымыз өзінің «Нұрлы жол – бола­шаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Жастар – біздің болашағымыздың тірегі. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жол­дарды ашты» деген сөзі тәуелсіз Қазақ­станның болашағы жастардың қолында екендігін білдіреді. Осыдан он бес жыл бұрын жастар кеңесінің құрылғаны болашақтың жарқын бастамасы болды. Жастарымыздың тың идея жинап, оны үнемі жетілдіріп отыруына бағыт берді, – деп атап көрсетті.

Алматы технология университеті тек білім саласында ғана таңдаулы оқу ордасы емес, тәрбие ісі мен өзін-өзі басқару мәселе­лерінде де үнемі алдыңғы орында келе жатқан білім шаңырағы. Соның жарқын көрінісі – құрылғанына 15 жыл толып отырған Жастар кеңесі.