«АЛМАТЫ – МЕНІҢ ҚАЛАМ»

Жақында Алматы қалалық Білім басқармасы мен қалалық әдістемелік кабинетінің жанындағы ғылыми-әдістемелік зертхананың ұйымдастыруымен 5–11-сынып оқушылары арасында «Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі», «Алматы – ерекше мәртебесі бар қала», «Алматы қаласындағы менің ауда­ным» тақырыбында қалалық шығармалар байқауы өткен еді. Төменде үздік деп танылған шығар­малардан үзінділер жариялап отырмыз. 

Әмір АБДЫҒАЛЫМОВ – Бостандық ауданы №140 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы (пән мұғалімі – А.Мұхтарқұлова)

Алматының табиғаты өте керемет. Жетісудың еркесіндей елітіп, еркелей түседі. Арманыңды арманға жалғайды. Қаланың табиғаты, зәулім үйлері барлығы да бейне бір әсем әуендей. Әрқайсысының өз орны бар, әр ағашы да, үйі де жарасымды. Алайда, бұл сұлулық мәңгілік жасай бермейді. Соңғы кездері қаламыздың экологиялық жағдайы бәсеңдеп бара жатыр. Экологиялық апатты аймақтардың бірі екендігіміз де рас, егер әрбір тұрғын өзінің ауласын, жүрген жерін таза ұстап, Табиғат-Ананы естен шығармай жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Олай болса, болашақ, соның ішінде, Алматы қаласының болашағы – өзіміздің қолымызда!!!

Айжан СҚАҚОВА – Бостандық ауданы №138 гимназияның 9-сынып оқушысы (пән мұғалімі – Ғалия Байсбаева).

…Қазіргі уақытта қаламыз бұрынғысынан да әдеміленіп, көркейе түскен.

Алматы – күмістен құйған қала,

Қойнына кім-кімде сыйған қала

Алматы – құшағы қазақтардың,

Алматы түгелдей думан қала, – деп жырлаған өлеңдерден туған жерге деген сүйіспеншілікті байқауға болады. Біз де осы ақын-жазушылардың, суретшілеріміздің туған жерге деген махаббатын үйренуіміз керек. Қазірден бастап әрқайсысымыз қаламыздың абыройын асқақтатып, көркейтіп, гүлдендіре түсуге асығайық. Қалаға өз үлесімізді қосайық!

Азамат АЯЗСОФЫ – Алмалы ауданы №16 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы (пән мұғалімі – М.Есмахамбетова)

Алматы – үлкен белестерді бағындырған қала. Оның тарихына көз жүгіртсек, басынан сан-қилы тарихи кезеңдерді өткерген. Алатауы айқарыла ашылып қарсы алса, Көктөбесі жайқала құшақ жаяды. Әрбір алматылық азамат өзін қоршаған ортасына септігін тигізіп, Табиғат-Ананы да естен шығармағаны жөн. Тағы да айта кетерлік жәйт, бұл қала – ірі мегаполис. Жаңа заманға сай дамыған ғимараттармен ерекшеленіп, көркейіп, өсуде. Бизнес пен бәсекенің орталығы және болашағынан біршама биік белестер күтіп тұр.

Не айтсақ та, Алматының әсем табиғаты мен шырайлы шуағы кез келгенге туған анасы әлдилегендей сезім ұялатады.

Ақбота ӘСКЕРБЕКОВА – Гуманитарлық-коммерциялық колледжінің 3-курс студенті.

Алматы, бұл – біздің Тәуелсіздікке қол жеткізген, Қазақстанды бүкіләлемдік қауымдастыққа танымал еткен қала. Алматы – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш астанасы, қоғамдағы демократияның алғашқы тамырларының бесігі – еліміздің қоғамдық саяси және мәдени өмірінің орталығы болды және солай болып қала береді. Біз Алматыны көркейтіп, дамыту үшін білімді және білікті маман болуымыз керек.

Қуаныш ЖҮНІСҚОЖАЕВ – Заң колледжінің 3-курс студенті.

Алматы – менің сүйікті қалам. Әдемі көркімен, жанға жайлы ғимараттарымен есте қалатын Алматы, бүгінде әр адамның жүрегінен жылы орын тапқан болар, сірә! Бала кезімізде Алматыны біз тек газеттерден, теледидардан ғана көретінбіз. Сол кезде бізге Алматыға бару арман болатын. Міне, қазір сол арманмыз орындалып, Алматы қаласында студент болып жүрмін. Алатауы айқара ашылып қарсы алса, Көктөбесі жайқала жадырап құшақ жаяды. Онсыз да әсем әнмен баурап алатын Алматы, күн өткен сайын құлпыра түскендей. Бұл қаланың тарихы, табиғи және тарихи орны да ерекше екені сөзсіз.