УАҚЫТ ҰЗАҚ ЖОЛ. БІЗ СОНЫҢ БІР ҮЗІГІМІЗ

1567Ұлы мәртебелі уақыт қалай-қалай зымырайды!? Халқымыздың көрнекті жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжанның өмірден озғанына да жыл толыпты. Қазақ сөз өнерінің өз биігінен түспеуі үшін (өзі айтқандай, тірі сөз жазған) өзін-өзі аямаған, аянбаған жазушымен жеке мұрағатымда қалып қойған сұхбатын рухы шат болсын дей отыра, көкейдегі көп ойға жауап берер деген үмітпен оқырман назарына ұсынып отырмын.

Медицина ғылымының докторы, профессор, ұлы Абай, Шәкәрім тақырыбына үш жүзден астам сурет салған қарағандылық оқырманымыз Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиакпаров былай деп хат жазыпты. «Достық достықты шақырады» дейді ұлы Абай. Өз басым қазақтың белгілі қаламгері Дүкенбай Досжанмен таныс-біліс болғалы біраз жылдар өтті. Жыл санап, арадағы жақсы ілтипат сезімдерді таразылап неғылайын, айтайын дегенім: уақыт өткен сайын осы адам көзіме айдыны шетсіз-шексіз дариядай әрі тереңдеп, әрі жағалауы алыстап бара жатқандай көрінеді. Бұрын білдім… таныдым… көрдім… оқыдым… сезіндім дегендерім – онымен қайтадан ұшыраса кетіп я сыр бөлісер болсам, я жаңа шыққан кітабын оқысам, баяғы білдім дегенім мүлдем естен шығып, жаңа бір жалпақ әлемнің есігін ашқандай, бұрын ашылмаған аралдың жағасына аяқ салғандай әсерге бөленемін, қиялым кеңейіп, тынысым тереңдегендей ғажайып хал кешемін».

Оқырманның осы ілтипатын еске ала отыра, бұл күндері жазушылық шеберліктің белгілі биігіне қол жеткізген Дүкенбай Досжанмен тақау күндері сырласудың сәті түсті.

Уақыт ұзақ жол секілді. Мына бізге, пенде­лерге тиесілі мерзім әлгі жолдың бір үзігі ғана. Сол үзікті қалай жүріп өтеміз, артымызға қандай із қалдырамыз, кіммен серіктесеміз – осыларды өлшеуі жоқ Жаратқан ие өзімізге өлшеп-пішіп береді. Сәл аялдап, артымызға қарайтын болсақ, Дүкенбай Досжанның тырнақалды әңгімесі «Көкпар» қазіргі «Жас Алаш», о кездегі «Ленин­шіл жас» газетіне 1964 жылы басылыпты. Осыдан бір жыл өте, яғни 1965 жылы жас жазушының тарихи тақырыпқа түрен салған «Отырар» повесі газеттің он нөміріне түгел шыққан. Содан бері арада аттай 38 жыл өтіпті. Д.Досжан осынау қырық жылға жуық уақыт ішінде ұлттық әдебиетімізді хал-қадірінше өркендетуге, тарихи тақырыптың көкжиегін кеңейтуге, ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілмен сөйлетуге, бодандық бұғаудан құтылу күресіне басын тіккен Алаш азаматтарының образын жасауға айтарлықтай толымды үлес қосты. Д.Досжан есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-томына, Ұлттық энцикло­педияның 3-томына енген. Кітаптары әлемнің 19 тіліне аударылып, кітап палатасының есебі бойынша 3,3 миллион таралыммен басылып шыққан. Күн сайын қалам мен қағазға жүгіну мінезіне, сөзбен сурет салу кәсіби шеберлігіне айналған қаламгер осы кезге дейін 11 роман, 22 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме жазыпты. Үстіміздегі жылдан бастап қалам­гердің 13 томдық үстінен қайта қаралған таңдамалы прозасы «Білім» баспасы арқылы оқырман қолына тие бастайды.

«Адам санасындағы «әуелі өзім», «өзімдікі» деген ұғым ешқашан жуылмайды»

– Бұл не сонда? Осыншалық сұрапыл еңбекке ағамызды жегіп қойған қандай мінез? Жанкештілік пе, әлде ақкөздік пе?

– «Ақкөздік» деп тұрғаның фанатизм болар. Адам жаратылысында – өзімшіл. Өзімшілдік кім- кімді де өрге сүйрейді. Қоғамдық баспалдақтар өзгеруі мүмкін, ал, адам санасындағы «әуелі өзім», «өзімдікі» деген ұғым ешқашан жуылмайды. Ол қанмен сіңіп, сүйекпен кететін мінез. «Атақты кісі болсам» дейді, «байысам» дейді, «алған жарым бәрінен сұлу болса» дейді, жұрттың біразы бұрылып: «Е, мына кісі сәулелі жан, осыған жол берелік», — деп тілейді. Өзімшілдік қатты қонған кісі ауырған адамға ұқсайды. Аса дарынды, қасиет қонған адамдардың өзімшілдігі туралы жазылған қыртысты қалың кітап көп, оны ешкім түбіне жетіп тауыса алмайды. Сол өзімшілдік көреген қолбасшы Әмір Темірді салқын сарайында жас кәнизактің құшағында қызықмас етіп тыныш жатқызбай, ойға-қырға әскерін ертіп тепектетіп қойды. Сол тепектеумен жүріп жау қылышынан мерт болды. Сол өзімшілдік Наполеон Бонапартты қырғын соғыстарға айдап салды. «Өзім білем» деген ой әбден санасына сіңген Сталин қара басын жарық күнге теңеп, жыр жырлаған ақындардың мадағына майдай еріп, маңайында жүрген небір марқасқа милыларды абақтыға жатқызды, тұқымын тұздай құртты. «Өзім» деген ұлы мағыналы сөзден серпін алған күштен жер бетінде қаншама жаңалықтар ашылды, шөл далаға арықтар қазылды, қала салынды, көгілдір теңіз бу болып ұшып табаны жалаңаштанды. Ержігітті өрге сүйрейтін өзімшілдік, жақсы мағынасындағы өзімшілдік десем – қателеспеймін. Жоғарыда аты аталған алпауыттарға өзімді теңемеймін, әрине. Бала кезімнен кітапқа құмар болдым, көп оқыдым. Келе-келе сол кітаптардың авторы секілденіп «мен неге кітап жазбаймын» деген қиял санама мықтап сіңді. Шұқынып жазуды тым ерте бастадым. Мына бір суретті көз алдыңызға келтіріңізші. Қаратау аңғарында жалғыз үй. Әкем сол кездегі колхоздың төрағасы, қысы-жазы аттан түспей жортып жүретіні көз алдымда қалыпты. Шешем ағам мен әпкемді қасына алып, өзен жағасында желілеп бие сауады, қымыз әзірлеп, сондағы диқан, шөпшілерге тасиды. Соғыс уағы. Бала ғой деп өзіме көңіл бөлетін кісі жоқ. Есік алдына, іргеге, көлеңкеге текемет төсеп, мені отырғызып, қолыма екі тас ұстатып кетеді. Екі тас – ойыншығым. Бір-біріне соғыстырып отырамын. Күн ауған кезде шекемнен ыстық өтіп маужырап, құлап қалатын көрінем. Кешкілік шаруадан оралған шешем домалап ұйықтап жатқан мені үйге кіргізіп жатқызады екен. Ертеңгісін тамақтандыра салып, сыртқа, іргеге текемет төсеп отырғызып кетеді. Қолыма екі тасты ұстатады… Еркелеткен, «е» деп көңіл бөлген кісі болмады. Ата-анамның бала кезімнен бойыма сіңірген мінезі – төзім болды. Жасымыздан жұмысқа салды, еңбекке баулыды. Әкем аса қажырлы, бір орнында ешқашан тыншып отырмайтын бейнетқор кісі еді. Ол кісінің соғыс жылдарында жар жағалатып қазған арығы, құбажонға тіккен бауы әлі күнге бар. Үйдегі малды байлау, аула тазарту, отын-су әзірлеу — біздің мойнымызда. «Осымен бітірген, тындырған шығармыз» деп ентік басып, жан шақырып шамалы отырсақ қой, әкеміз келіп: «Тау өзенінің арнасын түзеп жіберейік», – деп айдалада ағып жатқан өзеннің арнасынан тас тергізетінін қайтерсің! Әлгіде жақсы мағынасындағы өзімшілдік туралы айттым. Өзімді әрдайым қатарымнан қалмауға, шаң жұтып жүрмеуге қамшылаған қасиет – намыс қой деп ойлаймын. Қайтсем де жоғары оқуға түсемін, білім аламын деп тістеніп жүріп Алматыға келдік, көп­шілік кітапханасының қуысы екінші үйім болып, оны дағы түнгі күзетшісімен қосыла жауып, шұқ­шиғаннан шұқшиып, қалың емтиханнан сүрінбей, университетке түстік. Газет, журнал редакциясы­ның есігін тоздырып жүріп жазғанымызды бастырдық. 60-жылдардың ақын-жазушылары бұрқырап ішіп жүретін, алдынан жан баласын өткізбейтін; солардың сарынына ілестік… көндік… төздік… көрдік. Сыпайы бола алмадық. Жазғаны­мызды сыншыекеңдер сынай қалса – намыстан өртеніп, ертесіне кешегіден де жақсы жазуға тырыс­тық. Қолжазба талқылау, пікіралысу, әдебиеттің ашылу-сайрау жиналысына мидай араласып, намыстың от-жалынына шарпылып, я сүйеуі жоқ, я сүйреушісі жоқ осы күнге шашылып қалмай тірі жеткенімізге о тобалап қайран қаламыз тегі!

– Сонда жазушылық басыңызға бақ әкелді ме, әлде сор әкелді ме? Осы күні өзіңізді бақытты адамға санайсыз ба?

– Әркім тағдырын өз қолымен жасайды. Ұлы ұстаздың айтқаны бар емес пе: жан сауыты – жүрек, жүрек сауыты – мінез, мінез сауыты – ақыл деп. Мен үшін жазушылық кәсіп. Таңдаған кәсіптің шебері болу үшін адам жылдар бойы ізденеді, күніге маңдайының моншақ терін бес сыпырып еңбектенеді, аз ұйықтап, өзгедей пендешілік қызық-шыжықтан бойын тартып ұстайды. Енді келіп қырық жылдан астам уақыт көлемінде ақ қағазға көміліп, көз майын азайтып, сұқ саусақты сүйел еткенде; көркем сөз кестелеудің кәсіби шебері санатына қосылған шақта, жоқ!.. жазушылық өзіме бақ болып қонды, я болмаса басыма сор болып жабысты деп кесіп айту – күпірлік болар еді. Өз басымның тағдыры – жазушылық. Тағдырдан ешкім қашып құтыла алмайды. Жазбай отыра алмаймын.

Осы күні нарық қыспағында қылғынып қалған ұлтымызға әдебиет керек пе?.. Қоғамдық көз­қарас­қа көркем әдебиет ықпал ете ала ма? — деген сауал жиі көлденеңдейді. Мұның сыртында «жазғаным шықпайды», «кітабым өтпейді», «оқырманға жет­пейді» деп жылап жүргендер қаншама. Өз басым үстелге отырған кезде жазған нәрсем қайда басы­лады?.. Қашан кітап болып шығады?.. оны кімдер оқиды?.. деген сауалдарды көңіл төрінен жуып кетіремін. Оншасын ойлай бермеймін. Бар ойлай­тыным: жүрек басында топ болып мазалаған сыр­ды, шерді, мұңды, сөзді (тірі сөзді) қалай да ақ қағаз­дың бетіне түсіріп құтылу. Үлкен ойлар үлкен кітап туғызады, бір пәстік сезім шырғалаңы дүниеге әңгіме әкеледі, бір пенденің пенделік мұң-қайғысы көп-көрім хикаятқа ұласады. Жүрегімді қозғаған мұң мен сыр ертеңгі күні мың сан оқырманды немқұрайды қалдырмай ойландырар болса, онда тігісі жатық көркем сөздің кәдеге асқаны. Қоғамға әдебиеттің керек болғаны.

– Жазудан басқа былайғы тіршілікте, сізді қандай ермек — хобби қызықтырады?

– Осы күні біраз жазушылар спортпен шұғыл­да­нады. Доп тебеді, атқа мінеді, жүзумен айна­лысады. Бильярд, гольф ойындары да қаламгер қауымының сүйікті ермегіне айналып келеді. Мұның бәрі жақсы. Мидағы, жүректегі жүкті жеңілдетуге себепші. Тәп-тәуір шахмат білетін едім, уақытты көп жейтін болған соң қойып кеттім, су жағалап жүгіру де уақыттың соры екен. Бір кітапты аяқтағаннан кейін өзімді босаған қап секілді сезінемін. Сөзім таусылып қалады. Содан ағайын-туысты аралаймын, ұшырасқан дәмдес-тұздас болған кісілердің әңгімесін тыңдаймын, әлгі боса­ған қапты қасуан сөзбен, оқиғамен, әсермен тол­тыр­ғанша ел кезіп тентіреп жүргенім. Сірә, менің сүйікті ермегім, хоббиім – қыдырмалап қымыз ішу шығар. Қыдыруды жаным сүйеді.

 «60 сөзбен әңгіме жазып»

– Ізденіс дегенді қалай түсінесіз?

– Әдебиет те адам санасының нәтижесі, ылғи өсіп, өзгеріп, жетіліп отырады. Өткен ғасырдағы үздік математиктер ықтимал теориясы мен орнықтылық теориясының өмірдегі қолданыс көкжиегін зерттеумен шұғылданды. Ал, қазір бұл құбылыстар толық шешілген. Ендігі гәп я газ, я сұйықтың жабық құбыр ішімен жүргендегі ортақ заңдылығын табу болып тұр. Сол секілді әдебиеттегі тәсілдердің бәрі игеріліп, зерттеліп бітті деуге болмайды. Дүниеде жүз жазушы болса – жүз түрлі жазады. Әр жазушының сөз бояуы, көруі, сезінуі әрқалай; оны оқитын оқырманның да талғам түйсігі әр алуан. Сондықтан пәленше Толстойша жазады, түгенше Әуезовше төгілдіреді дегеннің бәрі бос сөз. Осыдан келіп, ізденіс аясының кеңдігі, шексіздігі келіп шығады. Суретшілерде «жарықты сезіну» деген термин бар. Мысалға, Төлепбаев сезінген Сарыарқаның саумал самалын Дүзел­ханов басқаша қабылдауы мүмкін. Төлепбаев: Сарыарқаның сарыжелі деп сары, шикіл бояуға ұмтылады. Ал, Дүзелханов: Сарыарқаның селеу басын шайқаған ақшаңқан аңызағын ғана сезінеді. Бір тақырыпты екі суретші екіұдай етіп салады. Осы секілді жазушы ағайындар бір тақырыпты алуан түрлі тәсілмен қағазға кестелеп әуре. Бір жазушы: «Алыстан тау тізбегі көрінді», – деп жазады; келесі жазушы: «Алып таулар қарсы беттен иықтасып түрегелді», — деп жазады. Осы орайда жас қалам иелеріне қаратып айтатын сыр бар. Сөзбен сурет салудың, я болмаса басқаша айтсақ — жазушы болудың ең төте жолы – ай­тайын деген ойыңды ақ қағазға әрі әдемі, әрі нәрлі етіп түсіре білу ғой. Жапон ғалымдарының септеуінше, мектеп оқушысы өз ойының 7 пайызын ғана қағазға түсіре алады екен, ал, жоғары білімді пошта қызметкері «әу» дегеннен діттеген ойының 13 пайызын, аузымен құс ұстаған пәлсапашыл ғұлама ойының 30 пайызын қағазға түсіре білген. Бальзак, Диккенс секілді майталман жазушылар ойға алған нәрсесінің 33 пайызын ғана қағазға түсіріп үлгерген. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шық­қанда түсі қашады дегеннің кері бәріміздің басымызда бар.

Жазушылық тауқыметтің аса зор төзімді, күн санап тер төгуді қажет ететін кәсіп екеніне көз жеткізе білмеген базбір іні-қарындастарымыз биттің қабығындай бірер хикаят жаза салысымен, о, кеңес дәуірінің бар қаламгерлерінен асып, Алаш ардагерлерінің қатарында тұруға толық мүмкіндігі­міз бар деп ұшқары сөйлейді, өзінің бір тұстасын «магикалық прозаның шебері», енді бірін «лирика­лық психологизммен жазады» деп көтермелейді. Әлгілердің сондағы ауыз толтырып айтқалы отыр­ған дүниесі 6-7 беттік сөйлемі тұрып-жығылған қарадүрсін, қарабайыр әңгімесі ғана. Сонда дей­міз-ау, әлгідей майын алған пісілген айран секілді сұйқылтым «магикалық, лирикалық» прозамен кеңес дәуірінің бар қаламгерлерінен қалай қара үзіп шығандап шығып кететініне тегі қайранмын. Осындайда баяғы Қасым Аманжоловтың «Пуш­кин болам дегенше, Баймұханша басташы» деген әзіл өлеңі еріксіз ойға оралады. Күпіну бар, ойла­нып сөйлеу бар. Кеңестік дәуірдің барша жазу­шысын әйкәпір атандырып күстәналау бар, қиғаш ой айтсам, оқырманды елең еткіземін ғой деген есек дәме бар. Сұқ саусақты сүйел етіп, көз майын азайтып, үлкен тақырыптарды түбірінен қозғау бар. Тәкен Әлімқұловша айтқанда, «60 сөзбен әңгіме жазып», әр нәрсенің бетінен қалқып, әр нәрсеге бір соқтығып, арзан атақ көксеу бар. «Жазушылық — карьера емес» деп, ойбайын салып төсті сабалау бар, сағаттар бойына тапжылмай отырып жалғыз кітап­ты оқып шығарлық шыдам шеңберін таппайсыз. Айта берсең, қасқырды жамандаған­дай боласың. Қасқырды жамандап, қай ұшпаққа шығасың, сірә!

Жасыратыны жоқ, осы кезде кітап толқы­нының астында қалдық. Қазір қолына қалам алған кез келген студент, кез келген зейнеткер 50 мың теңге тапса, жазғанын кітап қып шығара алады. Түртінектеп не жазып жүрсің?., Осыны кім оқиды?.. Кәсіби жазушыларға оқытып пікірін білдің бе?.. дейтін құдайдың, бір пендесін таппайсыз. Жүз беттік мемуарын өгіз сатып алтындатып кітап қып шығарып алып, көлең­кеде төсін сабалап: «Мағауиннен қай жерім кем» деп көсіліп жатқан журналист ағайынды көрдім. «Шыңғысханның тікелей тұқы­мымын» деп шежіре басқызып, сол шежіресін удай қымбатқа сатқы­зып, жортып, жүрген інішекті ұшыраттым. Гәп, кітаптың көп шығуында да болмас. Түйсігі бар оқырман нені таңдап оқиты­нын өзі біледі. Ең қорқыныштысы: оқырман қауым қартайып кетті. Жастар, студенттер «күн көрудің қамында жүрміз» деп кітап бетін ашпауға айналды; ғұламалар, ғалымдар тар шеңберлі маманды­ғының соңынан шам алып түскелі бері әдебиеттен ат тонын ала қашады. Онсыз да мұрнына су жетпей жүреді, шаруа адамының кітап сатып алатын ақшасы жоқ, кәсіпкерлер, бизнес иелері шетелдік шытырман оқиғаны ғана іздейді… сайып келгенде, әркім өз кітабын өзі ғана оқитын халге жеттік.

 «Жұрттың аузын күзетсек – күн көрмейсің…»

– Сізге әрдайым «қолжазба жырт­ты», «кісіге стакан лақтырды», тағы осы секілді қаңқу сөз ілесіп жүреді, тұзыңыз жеңіл ме, немене!? Осыларға бір түйіп жауап бере кетсеңіз.

– Сайып келгенде, қазақ, әсіре­се, сөз қорыған ақын-жазушылар қаңқу сөзге араша үймелейді. «Абақты» кітабын жазарда 60 жыл бойына жабулы қазан болып келген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде алты айға жуық отырып Байтұрсынов, Жұмабаев, Дулатов секілді Алаш ардагерлерінің іс-қағаздарын, хаттама тергеу істерін алып сүзіп шыққаным бар. Мысалға, 7093 нөмірлі Мағжан Жұмабаевтың іс қағазы қатталған қалың папкі үш мәрте беттелген, соғыстың алдында болуы керек, қағаздар қара сиямен беттелген, одан біршама кейін қара қарындашпен қайта беттеліпті; арасында біраз жауаптау, айыптау қорытындысы жыртылып алынған; алпысыншы жылдардың аяғында іс қағаздары қызыл қарындашпен қайта беттеліпті. Әуелдегі қалың папкі жүнін жұлған тауықтай жұқарып-ақ қалған. Алаш азаматтары­ның ақырғы сөзін, ұрымтал жауаптарын жыртып алып тастаған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өз адамдары деп ойлаймын. Сол кезеңнің ащы шындығын бүрке­мелеп, өшірмек ниетімен жыртқан. Ал, пәленше архив қағаздарын құртты, жыртты деп шығарып жүрген сол салпаңқұлақ үндеместердің өзі.

60-жылдардың аяғында чех журналисінің Солженицын туралы «фашистерге сатылған, де­зертир болған, Власовты қолдаған» деген құбы­жықтай кітабын оқығам. Кейінше білсем, Алек­сандр Исаевичті күстаналау үшін КГБ-нің тапсыр­масымен әдейі жазылған кітап болып шықты.

Жазушылар құрылтайында ашу үсті стаканның лақтырылғаны рас. Әйтсе де лақтырылған стакан ешкімнің ар-ожданына тиген жоқ, қайта керісінше, аяққа тапталып бара жатқан ар-ожданды арашалау үшін лақтырылған болатын.

Біреу: «Сұмдық бай екен» деп өсек өрбітеді, келесісі: «Жыл сайын әйел ауыстырады екен» деп желпілдетеді; енді үшінші біреу: «Ойбай, несін айтасың, жылда бір кітап жазамын деп қияли болып кетіпті» деп дүңкілдетеді. «Жұрттың аузын күзетсең – күн көрмейсің, өзіңді өзің күзет, кел шырағым» деген Абай аузы дуалы. Мемлекетіміздің іргетасын берік етіп қаласып, тәуелсіздікті ұлылап ұстап, баяғы Сизиф секілді күніге маңдайтерін мың тамшылатып қадау-қадау тақырыптарға қалам ізін салып жүрген қаламдастарыма ризамын. Соларша еңбек етсем, соларша белімді бүксем деймін. Бар байлығым: республиканың түкпір-түкпірінен хат жазып, я жазбай-ақ, іштей тілеуімді тілесіп жүрген оқырман қауым, шын елжіреп сәлем беретін інілерім мен қарындастарым дер едім. Халық көзінде жүрген адаммын. Халық көзінде жүрген адамға ұшқары сөйлеуге, жалған атақ үшін дабыра жасауға, жұрттың көзіне құбылып көрінуге болмайды. Жақында Павлодар қаласында болып, дарынды ғалым Ерлан Арын басқарып сүттей ұйып отырған университетте мың сан студенттер алдында сөз сөйлеудің сәті түсті. Сол кездесуде менің шығар­­маларымнан кандидаттық диссертация қорғаған келіншек шығып: «Сіз халыққа керексіз!» — деді. Осы сөз маған үлкен награда секілді сезілді, кеудеме алқалы орден қадағандай әсер алдым. Халыққа қажет адам болғаннан ғанибет ештеме жоқ қой деп ойладым!

– Кейінгі жылдары Абай, Әуезов, Есенберлин туралы ғұмырнамалық көркем кітаптар жаздыңыз. Көркем болған соң Әуезов те, Абай да, Есенберлин де сіздің кейіпкеріңіз саналады. Қызық үшін сол кейіпкерлеріңіздің өзіңіз көз жеткізген ең ұрымтал, өзіңізге ғана белгілі мінез қыры туралы бір ауыз сөз айтсаңыз.

 «Ұлы ұстазға кәпірдің асын ішкізіпті» деп шулады

– Бір-бір ауыз айтайын. Көп айтсам, мақтанды, білгішсінді, мардымсыды деп ойлап қаларсың.

 Абай туралы

Абай өлең жазған кезде көзі жасаурап, теңселіп, маңайындағы дүниені көрмей отыратын болған. Тірі сөз – кісі өлтіреді дейді екен. Мағауия өлген соң тіл-ауыздан қалып, тірі сөз ішіне толып кетіп, ақырында жүрегі жарылып өлген. Дәрігер Лосовский ұстазды семіздіктен өлді дейді, Тұрағұл, Шәкәрім – қайғыдан дейді. Өзім айтар едім: Абайды сыртқа шыға алмай қалған өлеңнің от-жалыны өлтірді деп. Кейінгі кезде Абай туралы көптеген соны деректер табылды. Соның бірі — Тұрағұлдың естелігі. Ол аз ғана тиражбен шыққан «Абай» журналына басылды. Сол естелікте Тұрағұл жазады: «Ағам (Абайды – аға деген – Д.Д.) Пушкинді, Лермонтовты аударып жүрген кезінде Семейге жол тартып барып, банкир Әниярдың үйіне түсетін. Әниярдың татар әйелі көрікті, ас-суы таза, үйін күтіп ұстайтын, ұқыпты кісі еді. Әнияр дастарқанға еуропаша арақ-шарап, тағамның неше түрін қойғызатын. Ағам әңгіме үстінде бірер шөлмек арақ ішсе-дағы сөзінен жаңылмайтын, ал, біздер екі-үш саптыаяқ сырадан бас-аяғымызды білмей қалушы едік…». Дәп осы естелікті барынша кеңейтіп, қанатын жазып келтірген тұсымда бірер солақай сыншылар, несін айтасың, Досжанов ұлы ұстазға кәпірдің асын ішкізіпті деп, шулыған көтеріп, күстаналап бақты. Әрине, айта берсе – әңгіме көп.

 Әуезов туралы

Әуезовтің ұлттық әдебиеттің кәусар бұлағынан мейлінше мейірі қанып сусындағаны сонша, баяғының билері секілденіп дестелеп төгіп сөйлеуі діттеген ойына, межесіне жетпей қоймайтын – мінезділігі туралы көп жазылды. Осыған қосып айтар едім: ұстаздың қаны аса ыстық болған, сұлулыққа, сұлу әйелдерге, сұлу сөйлеуге бүйрегі бұрып тұратыны сол – бойындағы әлгі ыстық қаннан. Ұстаздың сүйіспендік, әйел, махаббат туралы жазған кезде жанып кететіні, тайпалған жорғадай теңселуі — осы сөзіміздің дәлелі. Ендігі бір жазылмай жүрген нәрсе – Әуезовтің сүйіспендігі – аз ба, көп пе, бір шығармаға татитын жүк. Дәрігер келіншек Құтымова, мұғалім ұстаз Фатима Ғабитова, сыншы, әдебиетші Кедрина арасындағы жазушымен жазысқан хаттардың өзінен үлкен жүректің «әйел заты» деп соққан ұлы лүпілін сезінуге болар еді.

 Есенберлин туралы

Жазушылар одағының фоэсінде «Алмас қылышты» жазып беріп отырып айтқан сөзі. Айтпақшы, ол кісі ешқашан кісіге кітап сыйла­майтын, біздер кітапты өзіміз сатып алып, қол қойдырып қана алатынбыз.

– Ілеке, осы кітапта төрелердің, хандардың әйелдері кілең көңілшек, ыңғай берген кісіге келісе салады. Шындығында солай болған ба, тарихи фактіге сүйеніп жаздыңыз ба?

– Ой, шырағым-ай, шығарманың негізгі сүйегі ғана тарихқа табан тіреген. Өңгесі өзімнің қиялым емес пе. Әлгі әйел, қыздарды қызықмас етіп су­реттеуімнің мәнісі – оқырман қауымды қызықтыру үшін әдейі сөйттім. Әйтпесе ханзадалар, бекзадалар әйеліне қарауыл болмай, итімді бітіріп жүрді дейсің бе?

Шынтуайтына үңілсек: Есенберлин нағыз тра­ге­диялық фигура. Жастай жетімдік. Жерге қарап жүру. Алғашқы өлеңдер жинағының быт-шыт болып сыналуы. Соғыс отына түсіп жарақат алуы. Халық жауының қызына үйлендің деп жазушылар арасында мүйіздеу. «Филармонияның ақшасын жеп қойдың» деп төрт жылға соттап жіберу. «Жазушы» баспасының директоры бола салып үстелге шегеленіп отырып, түн ішінде ұйықтамай, қонаққа бармай, өзін-өзі пендешілік көп қызықтан тежеп роман жазуы… осының бәрі көзі тірісінде бағаланбай, өлгенде барып жұртты елең еткізгені, «е» дегізгені – жылап отырып айтар тарих. Осы тағ­дырдың шет жағасын «Жас Алаш» газетінде басылған «Есенберлиннің көз жасы» деп аталған тарауда біраз тәптіштеген едім. Жалпы, жазушы­лардың қалам сілтесі, сөз саптасы, дүниені көруі, сезінуі әрқалай болғанымен, тағдыр жазуы көбіне ұқсас болып келеді. Сол ұқсастықты осы жүрген біраз қаламгер ағайыннан түстеп таныр едім.

– Сұхбатыңызға рахмет, бейнетқор көке! Сөзіңіз өлмесін, Дүке!

Әңгімелескен – Қали СӘРСЕНБАЙ.