АТАУЫМЫЗБЕН ҚАТАР, АТҚАРАТЫН ҚЫЗМЕТ САЛАМЫЗ ДА ӨЗГЕРДІ

1380Еркін ДҮРІМБЕТОВ, Алматы қаласы бойынша Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің директоры:

СЭС деген айбарлы құрылымның атауы өзгергеніне жарты жылдан асып кетсе де, көптеген қала тұрғындары бұл өзгерістен хабарсыз көрінеді. Жа­қында бір қала тұрғыны Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мекен-жайына барып тұрып, ғимараттың маңдайшасындағы Тұтынушылар құқын қорғау департаменті деген жазуды көріп, сол жерден бізге «СЭС қайда көшіп кеткен?» деп хабарласып тұр. Тіпті, аудандық СЭС қызметкерлерінің өздері де бұрынғы атауларынан әлі ажырай қоймағандарын аңғартып қояды. Біз СЭС-тің орнын басқан Алматы қалалық Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің директоры Еркін Ермекұлы ДҮРІМБЕТОВПЕН құрылым атауының өзгеруі жөнінде, департаментке жүктеліп отырған негізгі міндеттер мен қаланың қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы жайында әңгімелескен едік.

– Еркін Ермекұлы, санитарлық-эпидемио­логиялық қадағалау деген атау тұтынушылар құқын қорғау деген кең ауқымды атаумен өзгертіліпті. СЭС-тен бұл құрылымның қандай өзгешелігі бар?

1381– Осы күнге дейін біз санитарлық-эпидемио­логиялық ахуалға ғана жауапты болып келсек, ендігі жерде біздің атқаратын қызмет аямыз кеңейіп, тұты­нушылардың құқын қорғау міндетін атқарамыз. Біздің елде Тұтынушылар құқын қорғау туралы заң болған­мен, оның кейбір тетіктерін жүзеге асыру, күнделікті өмір-тіршіліктегі қолданысы көп ескеріле бермейтін. Тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі Республикалық агенттік қазіргі таңда бұл заңды толық жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін, оның құқықтық-нормативтік актілеріне өзгерістер енгізуді қарастыруда. Ол өзгерістер енгізілген жағдайда біз, тұтынушылардың құқын және олар­дың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жаңаша бағытта жұмыс істейтін боламыз.

– Демек, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бағыты да ескерусіз қалмайды дейсіз ғой.

– Тұтынушылар құқын қорғау деген — үлкен ауқымды іс-шара ғой, қолымызға тиісті құқықтық-нормативті құжаттар тиген күннен бастап біз, тұтынушылардың барлық өтініш-тілек, арыз-шағымдарын толық қанағаттандыратын боламыз.

– Еркін Ермекұлы, Алматы қаласының қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына қандай баға берер едіңіз? Көктем шыға жаз маусымы аяқтал­ғанша қала тұрғындары кене дегеннен қорқақтап жүреді. Шын мәнінде Алматы қаласы кене энцефалиті бойынша өте қауіпті аймақ санала ма?

– Жалпы алғанда, қаламыздағы санитарлық ахуал қалыпты деуге болады. Әйтсе де, қаланың санитарлық тазалығына бірден-бір жауапты — қала тұрғындарының өздері екендігін ескерсек, алматы­лықтарға өкпеміз қара қазандай. Неге дейсіз ғой, тазалық, көше мәдениеті деген мәселелерге көңіл бөлмейміз. Ішкен-жеген азық-түліктердің қалдығын, босаған ыдыстарын сол тұрған жеріне лақтырып тастап, жайбарақат кете береді. Жабайы сауда орындарындағы сауданы қыздыратын да өзіміз. Санитарлық талапқа сай келмейтін жерлерден алған арзан азық-түліктердің денсаулыққа зиянды екендігін қанша ескертсек те, тұтынушылар заңсыз сауда орындарынан азық-түлік және басқа да тұтыну заттарын алып, кейін өкініп жатады.

Кез келген жерден тамақтануға болмайтынын да жиі ескертіп жатамыз, бірақ, оның да нәтижесі шамалы. Дегенмен, тұрақты жүргізіліп отырған рейдтер мен тексерулердің нәтижесі шығар, қазір бұрынғыдай емес, заңсыз, жабайы сауда нүктелері­нің саны азайып келеді. Тұтынушыларға азық-түліктерді ет-сүт өнімдерін, көкөністер мен жеміс­терді зертханасы бар, күнделікті сапасы, тазалығы тексеріліп тұратын арнайы сауда орталықтары мен санитарлық талаптарға лайықты орындар­дан алыңыздар дегенді тағы ескерте кеткіміз келіп отыр. Қазір біздің департаментте жылжымалы зертхана жұмысы жақсы жолға қойылған.

– Еркін Ермекұлы, қазір Алматының бұрыш-бұрышын, көше бойларын жылдағы әдетімен ала қарбыз бен сары ала әңгелектер тағы жаулап алды. Қауын-қар­бызды еркін сатып жүрген саудагерлерге тыйым салатын ережелер, болмаса, белгіленген сату тәртібі бар ма?

– Диқан қауымның көктемгі егіс жұмысының нәтижесін көріп, жемісін жейтін уақыты – жаз мез­гілі екені түсінікті. Дейтұрсақ та, әр жұмыстың талап ететін ережелері бар. Бұл ретке келгенде, біз қауын-қарбыз сатушыларға жыл сайын бақша дақыл­дарын кез келген жерде сатуларына болмай­тынын еске­реміз. Бақша дақылдары дүкендердің маңында және базарларда ғана сатуға рұқсат етілген және қауын-қарбыз сатылатын орын арнайы жабдықталуы тиіс. Жерде жатқан, төбесі ашық жерлерден қауын-қарбыз және басқа да көкөністер мен жеміс-жидектерді сатып алуға болмайды.

– Қауын-қарбыз жейтін уақыт келді ме өзі?

– Көктемі ерте шығатын оңтүс­тік аймақтарда қауын-қарбыз пісіп-жетіліп қалғаны рас. Бірақ, бұл жеңсік астың нағыз тіл үйіріп, қауіп-қатерсіз болатын мезгілі — шілде айының 15-20-сынан кейінгі кезең дер едік. Тұтынушылардың арасын­да қарбызға белгі салдырып алатын дағды қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Кесілген жерге түрлі микроб­тар түсіп кетуі мүмкін және сату­шы­ның пышағының тазалы­ғына кепілдік бере алмайсыз ғой. Сондықтан, өнімді таңдап алыңыз, бірақ, кестірмеңіз.

Үйге келген соң қауын-қар­быздың сыртын жақсылап жуып, сүртіп барып кескен дұрыс. Жаз — өзіңіз айтқандай, қызық-рахатымен бірге, ауру-сырқау, әсі­ресе, астан ұшыну, жұқпалар жұқ­тыру секілді әуре-сарсаңы да көп мезгіл бол­ғандықтан, тазалық мәсе­лесіне қатаң болғанда­рыңыз дұрыс. Тазалық – денсаулық кепілі екендігін ұмытпайық.

Қазір жаз мезгілі, күн өте ыстық. Ал мұндай кезде күннің қызуының астында қалып қойған кез келген өнім денсаулыққа зиян. Жедел жұқпалы ішек аурулары орын алуы мүмкін. Ал енді кене мәселесіне келсек, Алматы қаласы мен төңірегі жасыл-желекті болғандықтан, кене секілді кеселді нәрселердің қаупі де көп болатыны – табиғи заңдылық.

Жыл басынан бері 1142-дей адам кене шақты деген қауіппен емдеу мекемелеріне келіп тіркелсе, кене энцефалитіне шалдыққан жағдайлар орын алған жоқ. Жыл сайын қала төңірегі кенеге қарсы дәріленіп тұрады. Биылғы жылы дәрілеу екі рет — мамыр мен маусым және маусым-шілде аралығын­да жүргізіліп, барлығы – 1300-ден астам гектар аймақ дәріленді. Дәріленген аймақтар құрамында Медеу шатқалы, Алмарасан, Бутаковка, Көктөбе бар.

– Дәрілеудің пайдасы бар ма?

– Екінші рет жүргізілген дәрілеуден кейін кенелер біржола жойылып кетеді. Кене қаупінің алдын-алудың ең тиімді жолы — кене энцефали­тіне қарсы екпе жасату дер едім.

– Жаманшылықтың беті аулақ, әйтсе де, «Сақ­тансаң сақтаймын» деген қағида бар емес пе, егер кене шаға қалса, дәрігерге жеткенше зардап шеккен адамға қандай алғашқы көмек көрсетуге болады?

– Ең қарапайым тәсілі кене кірген жерге сұйық май құйып, оны денеден мұқият шығарып алу керек. Алынған кенені сол маңайға жақын орна­ласқан жарақат бөлімінің зертханасына апарып, кене энцефалитіне қарсы зерттеуден өткізген жөн. Қала бойынша кене шаққан жағдайда алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 6 жарақат бөлімі жұмыс істейді.

– Мүмкіндік болса, мекен-жайларын атап өтсеңіз.

– Оның еш қиындығы жоқ, біздің департа­менттің сайтында мекен-жайлары толық көрсетіл­ген. Департаментіміздің сайты: www.dgsen-almaty.kz.

– Еркін Ермекұлы, өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, бұрын Алматы самсаған самсахананың мекені болса, ал қазір донер мен кебабтың қала­сына айналып бара жатыр. Бір Абай даңғылының бойында қанша донерхана бой түзеп тұр. Ал солардың кейбірінің санитарлық жағдай­лары сын көтермейді. Сіздер өз бюеттеріңізбен тексеру жүргізе аласыздар ма?

–Жоқ. Биылғы жылдың 2 сәуірінен 2015 жылдың 1 қаң­тарына дейін орта және шағын бизнес саласы бойынша жүргізілетін барлық тексерулерге мораторий жарияланған.

– Өткен жылы Таиланд пен Вьетнамға барған туристердің арасынан 6 адамның ауырып қайтқанын құлағымыз шалған еді.

– Иә, алты адам қызба ауруына шалдыққан еді, әйтеуір, дер кезінде сауықтырылып, ешқандай қауіп-қатер орын алған жоқ. Шет елге шыққысы келетін туристер баратын жерлерін таңдаған кезде, оның табиғи ерекшеліктерін де ескергендері жөн. Әсіресе, тропика­лық аймақта орналасқан елдерге барғанда сақ болғандары абзал.

Ауру маса – шіркейдің сол жергілікті түрлері арқылы адам ағзасына жұғады, сондықтан маса – шіркейдің шағуына қарсы қолдан келген амалдарды жасаған жөн.

– Еркін Ермекұлы, Алматы тұрғындары алаңдай­тын тағы бір мәселе, ол – қаңғыбас иттер деуге болады. Миллиондап қаражат бөлінсе де, қаланы неге қаңғыбас ит пен мысықтан құтқара алмай отырмыз?

– Құтқара алмай отырмыз деген пікірмен келісе алмаймын. Өздеріңіз байқап жүрген шығарсыздар, қазір қалада бұрынғыдай емес, кезбе ит пен мысықтар саны биыл едәуір азайды. Осыны нақты айтатын себебім – былтырғы жылдың қазан айынан бастап бұрынғыдай жеке кәсіпкерлер құзырынан алынып, қаңғыбас иттерді аулау – жою жұмысы әкімдік қасынан құрылған «Ветеринария орталығы» атты мемлекеттік қазыналық мекемесіне жүктелген. Яғни, биыл қаңғыбас иттерді аулап жоюға қала бюджетінің қаражаты талам – таражға түспей, тек қана осы мекемеге бөлінуде. Салыстырмалы статистикалық сандарға сүйенсек, ауланып жойылған кезбе иттер саны былтырғы жылға қарағанда төменде­геніне қарамастан сол иттерден зардап шеккен адамдар саны жылда еселену қарқынымен келген, биыл күрт төмендегені байқалады. Мысалы, статистикалық есеп беру деректері бойынша 2013 жылдың 6 айында 9557 қаңғыбас ит жойылса, биылғы жартыжылдықта 9322 ит жойылған, ал сол қаңғыбас иттерден зардап шеккен адамдар саны керісінше былтыр 2494 болса, биыл 2140 – 354 адамға кеміген. Бұл нақты деректердің қайшы­лығы айтпаса да түсінікті. Осы қарқынмен жаңа құрыл­ған мекеменің жұмысы жылдың қорытындысы бойынша екі еселенеді деуге болады.

Екінші мәселе – зардап шегушілердің 40 пайызы белгілі, иесі бар иттерден жарақат алуда. Бұл дегеніміз иттердің иелері тарапынан иттерді ұстап асырау Ережесі сақталмайды деген сөз. Бұл мәселені тиісті органдар қолға алғаны жөн.

– Жаз маусымы – шомылу маусымы екені даусыз. Балаларын субұрқақтардың суына шомылды­рып жүрген ата-аналарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Субұрқақтың суы тұрмақ, қала маңындағы Сайран, Бірінші май көлдерінің өзіне шомылуға болмайды. Біз су қоймаларының мониторингін жүргізіп тұрамыз. Аталған су қоймаларының суы өте лас. Сол себепті жазғы демалыста Қапшағайға барып шомылған ең дұрыс шешім болар еді. Ал субұрқаққа баласын шомыл­дырып жүрген ата-ана өз қолымен баласын жұқпалы ауруларға итерме­леген болып табылады. Жылдағы ауа райымен салыстырғанда биыл күн қызуы айрықша болып тұр. Сондықтан, далаға шыққанда бастарыңызға күннен қорғайтын бас киім, ұзын жең киім киіп шыққандарыңыз дұрыс. Түс мезгілінде күн көзінде көп жүрмеу жөнінде ақыл-кеңес берер едік.

– Ақыл-кеңестеріңізге рахмет! Қала тұрғындары өздерінің тұтынушылық құқы бұзылған жағдайда өздеріңізден көмек күте алады деген сенімдеміз. Әңгімеңізге рахмет!

– Әрқашан халық мүддесін қорғауға мүдделіміз!

Әңгімелескен – Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.