ДУА МЕН ДАУА

1195немесе дуадан қалай құтылуға болады?..

Күнделікті өмірде «дуа жасау, адамның жолын байлау» жайындағы әңгімелерді жиі еститініміз рас. Мұндай жағдайларды әркім әртүрлі қабылдап жатады. Дуа жасаудың, сиқырлаудың бар екенін, оның бірнеше түрі болатынын және біреу шынымен де дуаланып, қатты қиналса, дем салу, оқу арқылы оны кеселінен құтқару – сауап іс екенін исламтанушы ғалымдарымыз растайды.

Шуақты көктем келіп, айнала көңілді кейіпке бөлене бастаған уақытта Шымкентке жолым түсті. Мереке қарсаңындағы демалыста аздап тынығып қайтуды ойласам, бір жағынан бұл сапарымның өзіндік себебі де бар болатын.

1196Қауынбай қажы

Жуырда өзім жақсы араласатын дос қыздың анасы қатты ауырған еді. Үй-іші сол кезде біраз абыржып қалды. Дүниеде анадан қымбат жан бар ма адамға?! Туған анасынан ешқайсысы аянып қал­ған жоқ. Бауырлары жиналып, анасын Алма­тыдағы ауруханаларға әкеліп қаратты. Алайда, қанша тексергенмен, дәрігерлер құрбымның анасы­нан ешқандай ауру таппады. Анализдерінің бәрі қалыпты, жақсы болып шықты. Бірақ, анасының жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Жүрегі қысылып, дем жетпей қала береді. Сөйлеуі, жүруі қиындай бастады. Не болғанын түсінбеген олар енді не істерін білмей дал болды. Арада аз ғана уақыт өткенде әкесінің достарынан Жетісайда тұратын Қауынбай деген кісі туралы естиді. Амалы таусыл­ған олар cоңғы үміттерін арқалап, Жетісайға жол жүреді. Анасын Қауынбай қажыға апарады. Ол кісі сол қолының тамырын ұзақ ұстап отырып, анасына дуа жасалғанын айтады. Өзінде ғана емес, үйле­рінде де дуа бар екенін айтқан соң, Қауынбай қа­жы­ны үйлеріне алып келеді. Үйді асықпай айнала қарап, оларға «мына жерді қазыңдар» дейді. Мұн­дай нәрсеге бұрыннан мән бермей келген олар бұл жолы да онша сеніңкіремей тұрса да, айтқанын істеп, үйдің алдындағы жерді қаза бастайды. Көп ұза­май-ақ ол жерден қалташаға оралған заттар табылады. Ішінен тырнақ, ағаш, шаш, қағаз шы­ғады. Қағазда теріс жазылған дұға бар екен. Содан анасын оқып, дем салып, құстырып, ішіндегі зиянды түйінді сыртқа шығарады. Осыдан кейін құрбымның анасының беті бері қарап, қатарға қосылған болатын.

Осы жағдайдан кейін әртүрлі ойлар мазалап жүргені рас. Сол досымның анасын ауруынан айықтырған Қауынбай ата қазір Шымкентке көшіп келіпті. Қауынбай атамен жүздесіп, осындай тылсым дүниелер жайында бірқатар сауалдар қоюға ниетті едім. Шымкентке келгесін досымның берген нөмірі бойынша Қауынбай атаға хабар­ластым. Аман-саулықтан соң, өзімнің Алматыдан келгенімді, журналист екенімді айттым. Қауынбай қажы осы облыстың «Достық» деп аталатын мөлтекауданында тұрады екен.

Қауынбай атадан алдымен емшілікке қалай келгенін сұрадым. «Менің алдымдағы бала көз тиіп шетінеп кеткен екен, – дейді Қауынбай ата. – Үсті-басы қап-қара болыпты. Шешем мені қауын­ның ішінде жүріп босанған екен. Содан иттің жүнін ерніме тигізіп, көз тимесін деп білген ырымын жасапты. Әжем Гүлайым емші болған. Оның әкесі Байма молда болған, Меккеге жаяу барып келген адам екен. Түп нағашыларымнан ешкім бұл жолды ұстамапты. Бәрі ауырған. Оларды өзім емдеп жаздым. Кезінде бізді «Құдай жоқ» деп оқытты ғой. Құдайдың бар екеніне сенбейтінмін. 1985 жылдың наурызында бір айдай қатты ауырдым. Жүрегім сығылып, көзіме әртүрлі нәрселер елестейді. Ауру­ха­надан дәрі алып ішкенмен, оның ешқандай көмегі болмады, одан сайын есімнен танып қала беремін. Екі жағымнан екі адам ұстап жүретін. Бір күні мені Истамжан деген кісіге алып барды. Ол кісі мені оқып, батасын берді. Неге екенін білмей­мін, есіктен шығып бара жатқанымда бір тылсым күш мені сол кісіге қарай магнитше тартып, аяғына жықты. Осыдан кейін Жаратушының бар екеніне, оның құдыреті күшті екеніне сендім. Мұнымен қоса бұл жағдай алдымен үлкендерге жол беріп, олардың соңынан жүру керек екенін есіме салды. Оқытыл­ғаннан кейін анадан туғандай күй кештім. Басымның ауырғаны қойды, бұрынғыдай елестер көрмейтін болдым. Үйде отырып, көшеде ішкілік ішкен, темекі тартқан адамның өтіп бара жатқанын біліп отыратын болдым. Истамжан атаға екі-үш күн сайын барып, оқытылып тұрдым. Осылайша бірінші ит тиген балаларды емдей бастадым. Бірте-бірте үлкен адамдарды қарадым.

1990 жылы КСРО Экстрасенстер қауымдас­тығының қазақ емшілер мектебінде оқыдым. Бітір­гесін диплом, лицензия алып, адам емдеуіме рұқсат берді. 1994 жылы Халықаралық емшілер қауым­дастығы ашылып, ол жерден де арнайы диплом алдым. 1995-1996 жылдары Америкаға, содан соң Мәскеуге жолдама берді. Бірақ, қонақ үйде ішімдік қойылатын болғасын екеуіне де бара алмадым».

Қауынбай атаның әңгімесін ұйып тыңдап отырып, екінші сауалыма көштім.

– Алдыңызға неше түрлі тағдыр иелері келеді. Солардың ішінде есіңізде ерекше сақталып қалғаны бар ма? – дедім мен.

– Әрине, көп қой. Алматыдан Мұратбек деген жігіт келді. Астма болған және үстін қап-қара қотыр жара басып кетіпті. Емдеп, шөп дәрі бердім. 14 күн өткен соң келді. Үстіндегі жарасының бірі де қалмапты.

1992 жылы Жетісайдан Қамар деген келіншекті алып келді. Қылтамақ деген ауруға ұшырапты. Аурухананың бәрі қайтарған екен. Үйіндегілері «дайындалып» жатып, мен туралы кенеттен естіп қалыпты. Құры сүлдері қалған әйелді көрпеге орап алып келді. Ол келіншекті емдеп, ішіндегісін түсіргесін, жағдайы оңала бастады. Бір күні басқа төңірекке қоныс ауыстырған едім. Сөйтсем, әлгі келіншекпен көрші болыппыз. Келіншек мені көре сала, «енді өлмейтін болдым» деп қуанғаны әлі есімнен кетпейді. Сол кісіні көрген сайын өзім де қуанып қаламын. Сонымен қатар, жатырында қатерлі ісік пайда болған, ішіне жын кірген адамдар да келеді. Оларды да емдейміз. Мысалы, біреу дуа жасаған кезде «жын қасында бірге жүрсін, оған кедергі жасасын» деп істейді екен. Адам оны байқамай жүре береді. Қатты ашулан­ғанда, қатты қуанғанда жын ішке кіреді екен. Содан іште түйін пайда болады. Жүре келе түйін жары­лып, қанға өтеді. Содан қатерлі ісік пайда болады екен.

– Неге адамдар мұндай қадамға барады, жалпы, дуаны қандай адамдар жасайды? – дедім әңгіме қызықтыра бастаған соң.

– Дуаны Құдайдан қорықпайтын адамдар жасайды, – деді Қауынбай ата. – Мұхаммед (салалла һу аләй һи уә сәлләм) пайғамбарымызға да дұшпандары дуа жасаған екен. Ол кітапта бар. Қазіргі таңда адам баласында мейірім, шапағаттың азайып бара жатқаны ащы да болса шындық. Біреудің адал еңбегімен тауып жатқан дүниесін көре алмай, оған дуа жасап, жолын байлайды. Басқа да оймен жасауы мүмкін. Мұндай қадамға көбінесе қызға­ныш, көреалмаушылық, менмендік себеп болады.

1999 жылы қажылыққа барған едім. Келгесін бір айдан кейін ауыра бастадым. Тек өлгім келіп тұрды. Өз-өзіңе қол жұмсау – күнә. Сол кезде біраз қиналған едім. Бір зиян жасалғанын өзім сездім. Бірақ, миымда бір кедергі тұрды. Бар күшімді жинап, әрекет қылайын дедім. Басқа адам арқылы үйімнің үш жеріне көмілген дуаны алдырттым. Қайтара оқытылған соң, дуаны жасаған адам қайтыс болды.

Дуа жасаған адамды, өзіне қарсы келгенді Алла кешір­мейді екен. Мұндай қадамға барғандардың баратын жері тозақ дейді. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейді ғой Абай атамыз. Адам болған соң, бәріміз бұл өмірге қонақпыз. Адам деген ардақты атқа лайық болып, бойымыздағы мейірімділікті, жанашырлықты жоғалтпай, қолдан келгенше бір-бірімізге жақсылық жасауға асығып тұрсақ екен, – деп, Қауынбай қажы әңгімесін аяқтады. Терең ойға батқан күйі іштей Қауынбай атаның тілегіне қосылдым.

 

Эльмира ОРАЛБАЕВА.

1197ЕЛ НЕ ДЕЙДІ?

Алуан түрлі пікір бар

Айжан ІЗБАСАРОВА,

мұғалім:

— Дуа туралы естігенмін. Бірақ, оған онша мән бермеппін. Оның не екенін толық білмеймін.

 

Айбар СӘРСЕНБАЕВ,

кеңсе қызметкері:

— Біреудің жолын байлау, дуалау дегенге сене­мін. Мұндай жағдайлардың орын алып жатқанын күн­делікті өмірде жиі естимін. Теледидардан да көр­генмін. Жалпы, мұны үлкен күнә деп есеп­теймін. Адамдар бір-бірін көре алмағаннан дуа жасап, өзінен асып бара жатқан адамның жолын бөгейді. Сонымен қатар, қыздар да осындай қадамға жиі барады, өзіне қарамаған жігітті осындай жолмен қаратып алғысы келеді. Біреуге қиянат жасаған адам түбінде соның зардабын тартатыны сөзсіз.

Кәмшат ҮМБЕТОВА,

білім саласының маманы:

— Өз басым мұндайға сенемін. Бір туысымыз сап-сау жүріп, ауру болып қалды. Емшіге апарған уақытта оған дуа жасалғанын айтыпты, бірақ, ұзақ уақыт өтіп, әбден сіңіп кеткендіктен, оны қайтара алмады. Ол кісіге қарап қатты таң­қаламын. Кезінде сау адам болған, қазір мүлдем басқаша, өз-өзімен жүреді, есін білмейді.

 

Айнара ӨТЕГЕН,

сатушы:

— Біреуді сиқырлау, дуа жасау арқылы оның жолын байлап немесе басқа жымысқы ойларын қалай жүзеге асырады екен? Осындай жағдайлар мен үшін жұмбақ.

 

1198ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Дуа жасау, сиқырлау жөнінде дінімізде не айтылған?

Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ, Алматы орталық мешіті­нің бас имамы

Сиқырлаудың бар екен­дігі ақиқат. «Бақара» сүре­сінде Харут пен Марут атты екі періштенің адамдарға сиқыр үйреткендігі («Бақара» сүресі, 102-аят), алайда, оны жамандыққа қолданбауды ескерткендігі айтылады. Тек адамдар оны жамандыққа пайдаланып, әсіресе, ерлі-зайыптылардың арасын ажырату үшін пайдаланып кеткендігі жөнінде баяндалған. Сонымен қатар, барлық дертті дуаға сілтей берген де дұрыс емес. Әр дерттің себебін дұрыс анықтай білу де маңызды.

Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (салалла һу аләй һи уә сәлләм) өзіне сырттай дуа жасалғанын сезген сәтте (сахабалардың айтуынша, Алла һ елшісінің бойынан сол кезде дуаның кейбір белгілері көрінген), «муаууизатайн» деп аталатын «Фәлақ» пен «Нас» сүрелерін оқып, Алла һқа сыйынған. Осы сүрелерді оқыған сайын сиқырдың әсері азайып, тынысы кеңейе бастаған. Ендеше, біз де мұндай жағдайға душар болсақ, «Фәлақ», «Нас» сүрелерімен қоса, «Фатиха» сүресін, «Аятул-Күрсіні» және хазірет Мұхаммедтен (салалла һу аләй һи уә сәлләм) келіп жеткен қосымша дұғаларды оқып, Алла һқа сыйынғанымыз жөн.

Шипа тауып, ем қонудың бірден-бір шарты – адамның рухани жағынан қуатты болуы. Ал рухани қуаты жоғалған адамның сілкініп есін жинауы, өз-өзіне келуі өте қиын.

Пайғамбардың (с.ғ.с) сахих хадистерінде сиқырланып (дуаланып) ауырған адамды емдеу жайлы амалдар бар. Ол үшін дуадан ауырған адамға үш рет былай деп айтылады: «Иә, Алла һ! Адамдардың раббысы! Жамандықты кетір, сен шипа берушісің, шипа бере гөр, сенің шипаңнан басқа ауыруды қалдырмайтын шипа жоқ!» (Азхибиль ба-с раббиннас, ишфи әнтәш Шафи лә шифа иллә шифә-ук, шифә-ән лә юғадиру сақама).

Сондай-ақ, ел аралап, жатпай-тұрмай дуаның бетін қайтаратын, үшкіріп пайда табуды әдетке айналдырған адамдарды сабыла іздеп, олардың құрықтарына ілігудің зияны дуалаудың зиян-шығынынан көп болмаса, аз емес. Ал иықтан түкіру, ағашты ұру, саусақты тістеу секілді ырымдар да көмектеспейді.

Сонымен қатар, аузы дуалы жандардан бата алу да дуадан тазаланып, шипа табу жолдарының бірі екенін есте ұстаған абзал. Халық арасында сыйлы, дінге берік, жан дүниесі пәк тақуа адамдардың батасын алу қашан да игі дәстүр саналған.

Қазіргі таңда адам баласында мейірім, шапағаттың азайып бара жатқаны ащы да болса шындық. Біреудің адал еңбегімен тауып жатқан дүниесін көре алмай, оған дуа жасап, жолын байлайды. Басқа да оймен жасауы мүмкін. Мұндай қадамға көбінесе қызға­ныш, көреалмаушылық, менмендік себеп болады.