ҚАЙДАСЫҢ, АЙ-ЖҰЛДЫЗДЫ ТҮРКІ ЕЛІ

  • Руханият

 

000011Маусымның 20-сы күні Қазақстан БАҚ өкілдері басшыларын, ақын, жазушыларды, әдебиет зерттеушілер мен журналистердің үлкен тобы туысқан Түркия Республикасына достық сапармен аттанатын болды. «Алматы Ақшамының» журналисі ретінде мен де осы сапарға шығу орайына ие болдым. Сапарды соңғы кездері Қазақстанда белсенді жұмысымен көзге түсе бастаған «Диалог Еуразия» Платформасының басылымы «да Қазақстан» журналы ұйымдастырған еді. Осы журналдың Бас редакторы Мәлік Отарбаев бізді Түрік әуежолдарының ұшағымен Ыстанбұлға қарай алып жүрді. Таңертеңгі сағат тоғыздар шамасында шағаладай қалықтаған ұшақ «Мың бір түн» хикаясында кездесетіндей әлде бір алып шаһардың төбесінен көрінгенде, біз өзіміздің Еуропа-Азия құрлықтарын тақымына бірдей басып, қарт тарихтың куәсіндей болып көсіліп жатқан айтулы қала Ыстамбұлға келіп қалғанымызды білдік. Біздің қатарымызда Түркияға әлденеше жолы түскен азаматтар бар екен, бірақ, мен үшін бұл осынау сырлы өлкеге тұңғыш табан тіреуім еді.

Ұшақ «Ататүрік» әуежайына қонысымен жөңкілген адам тасқынына араласып, кедендік бақылау орнына қарай беттедік. Әлемнің әр түкпірінен келген, түрлі нәсіл, дін, ұлт өкілдері осында тоғысыпты. Иін тіресіп кезекте тұрмыз. «Ататүрік» әуежайы әлемдегі үшінші үлкен әуе бекеті есептеледі. Күн сайын бұл орта алты құрлықтан келген жүздеген ұшақты қабылдап, әр отыз алты секунд сайын бір жолаушылар ұшағын әуеге самғатып отырады екен. Соған қарамастан әуежайдың тыныс-тіршілігі бейбіт, мамыражай көрінді. Біз осы әуежай арқылы одан әрі Измир қаласына ұшуға тиіс едік. Келесі қонған қаламыз Измир – елдің оңтүстк-батысында орналасқан, Егей теңізіне тұмсық тіреп жатқан, төрт жарым мил¬лион халқы бар, табиғаты әсем, Түркияның үшінші үлкен қаласы екен. Біз мұнда түс әлетінде жеттік. Жолбасшыларымыз қазақстандық қонақтарын қаланың батыс жақ теңіз жағасындағы төрт жұлдызды қонақ үйге орналастырды. Біз барған күні, түскі демалыс кезінде бұл қалада үш бал көлемінде жер сілкінісі болғанын, біреуіміз білсек, біреуіміз білгеніміз жоқ. Бұл біздің осы елге келгенде алғаш кездескен жаңалығымыз болды. Соңынан тағы бір есте қаларлық оқиғаның куәсі болдық. Қонақжайда аз тынығып алған соң, көшенің қарсы жағында күтіп тұрған автобусқа беттеп бара жатқанымызда айналамыз тағы бір толқыды. Бұл жолы жер емес, көшедегі жұрт жолдың екі жағалауын бойлап тұрып алып қол соғып, шапалақ ұрып кетті. Сөйтсек, жолдан салтанатты көлік керуені өтіп бара жатыр екен. Соңынан, баспасөзден білгеніміз, ел Үкіметінің басшысы Ережеп Тайып Ердоған қызмет бабымен 6 сағаттай Измир қаласында аялдаған. Бізді елең еткізген шапалақ ұрыс сол кісіге бағышталыпты.

Әлемнің 110 еліндегі Ф.Гүлен ашқан мектептер

Измирде алғашқы ат басын тіреген орнымыз қаланың оңтүстік шетіне орналасқан он екі жылдық «Яманлар» (Дарындылар) мектебі болды. Келген қонақтарын дарбаза алдында қарсы алған мектеп директоры өзі бастап жүріп, оқу орынымен кеңінен таныстырды. Бұл мектепті бітірген түлектер соңғы бес жыл бойында Измир қаласы бойынша алға шығып, 2008 жылы Түркия бойынша бірінші орынды иеленіпті. Оқу орнының кіреберіс залына, бір қабырғаға мектеп оқушыларының әр жылдарда қол жеткізген түрлі кубок, медаль мен естелік бұйымдары қойылыпты. Екінші қабырғада үздік оқыған саңлақ шәкірттердің қолжеткізген жетістігі мен суреті түр. Бұл қатарда және математика, физика сабақтары бойынша халықаралық олимпиадалық жарыстарда топ жарған мектеп түлектерінің ел Үкіметі басшысының қабылдауында болған сәтінің көрінісі ілініпті. Мектептің назарымызды аударған тағы бір жері физика тәжірибеханасы болды. Мұнда оқушылар сунамидің, теңіз иірімінің пайда болу заңдылығына нақтылы талдау жасап, күн энергиясын электр энергиясына айналдырудың амалын көріп, білімді жұмыс негізінде бағалайды екен. Директордың айтуынша, ислам қағидаларын бүгінгі өмірге жақындатып түсіндірген, дінтанушы ойшыл ғалым Фетхуллаһ Гүленнің дәріптеуімен өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап кең көлемде құрыла бастаған мұндай мектептер бүгінде әлемнің 110 елінде жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда да осы үлгіде 28 лицей құрылған. Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы соңғы кездесуінде, Елбасының Түрік елі мен Қазақстан арасында өзге салаларға қарағанда білім саласында әлдеқайда табысты жұмыс істеліп жатқанын тілге тиек еткенін де біз осы мектепті аралап жүргенде ойға алдық. Қазақстандағы түрік лицейлері сияқты мұнда да білім ана тілімен қатар ағылшын тілінде беріледі екен. Дереккөздеріне қарағанда Қазақстандағы түрік лицейлерінің де нәтижесі жаман емес. 1995 – 2008 жылдарда осы мектептің түлектері халықаралық білім олимпиадаларында 191 алтын, 279 күміс, 267 қола медальды қанжығасына байлапты. Мектеп бітірушілердің 97 пайызы жоғары оқу орындарына түседі екен. Осының өзі қызық көрінді. Құран Кәрімде «Білім – мұсылманның жоғалтқан дүниесі, оны тауып алу – мұсылман баласына парыз» деген жолдар кездеседі. Солай десек те, бүгінгі танда ислам елдерінің ғылыми техникада өзге әріптестерінен артта қалып қойғаны ешкімге де жасырын емес.

«Қырғиқабақ соғыс» ақырласқан түста, ислам факторының үлкен саяси күш ретінде ортаға шыққаны белгілі. «Өркениеттер ара қақтығысы» дегенде, алдымен ислам дүниесі ауызға алынды. Бір мезгіл тіпті дүниенің қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған ислам дүниесі сияқты сипатталған кез де болды. Дей тұрғанмен, уақыт өте келе байқалғаны, дүниеге ислам қаупі емес, қайта, жаңарған дүние исламға қатер төндіре бастаған. Исламның бойындағы ғасырлардан ғасырларға жеткен ізгі құндылық жаңа заманда уақыттың жаңа талабынан шығуға тиіс болған. Бұл сын өз кезегінде исламның ойшыл-ғалымдарын бей-жай қалдырған жоқ. Осы барыста ислам құндылығын жаңаша паш етіп, текетіреске толы дүниеде диалогты қалап және соған өзі мұрындық болып көзге түскен тұлғалардың бірі Фетхуллаһ Гүлен.

«Біз билікке саясаткер емес, адам даярлаймыз»

Алпыстан артық кітап жазған дінтанушы ғалым Фетхуллаһ Гүлен 1938 жылы дүниеге келген түрік азаматы. Отбасын құрмаған, бірақ, дүниенің 110-нан артық елінде ашылған түрік лицейлерінде тәлім алған тәлімгерлерді осы кісінің ұрпағы деуге болатындай. Түркияға сапарымызда, өкініштісі, осынау айтулы тұлғамен жүздесудің орайы келмеді. Ол кісі соңғы жылдары шет елде, атап айтқанда АҚШ-та емделуде екен. «Яманлар» мектебін аралап шыққан соң, бізге Ф.Гүленнің өзі болмаса да, оның үзеңгілес жолдастарымен тілдесудің сәті түсті. Измир қаласының тағы бір шетіне орналасқан екінші бір оқу орынына барғанымызда, Ф.Гүленмен сонау 1966 жылдан бері қолтықтасып жұмыс істеп келе жатқан Юсуф Пекмезжи мырзамен жүздестік. Қазақстандық қонақтарын жылы жүзбен қарсы алған Юсуф мырза бізді өзінің ашық жарқын мінезімен баурады. Қазақстанда 1992 жылдан бастап жұмыс істеген, түрік-қазақ лицейлерін бас болып құрған осы кісі екен. Әңгіменің негізгі әуені қазақ-түрік достығы, қазақ елінің тәуелсіздігіне түрік елінің көзқарасы, қазақстандағы түрік лицейлері, дін, тіл мәселелері және негізгі тақырып Ф.Гүлен төңірегінде өрбіді. Бір байқағанымыз замандас, құрдас болғанына қарамастан, Юсуф мырза Ф.Гүленді әлдеқайда жоғары бағалайды. Әр сөзінде ғалымды есімімен емес, «Қожаефенди» деген сөзбен атап отырды. Мектеп ішін аралап жүргенімізде Юсуф мырза цемент төселген бір алаңқайға арнайы тоқтап «Бір кезде, Қожаефенди осы мектепте бір мезгіл тұрган. Сонда түндерде, жұрт ұйқыға кеткен кезде ол кісі осы жерлерді цементпен сылап төсеген екен, біз бұны кейін білдік» деген естелік айтты. Ф.Гүленнің бастамасымен қоғамдық қор құрып, өткен ғасырдың 70 – 80 жылдарында Түркияда діни ағартушылық бағытта жұмыстар жүрілгені туралы сөз болды. Сондай-ақ сөз арасында ұққанымыз, Түркияда биліктің биік бұтақтарында отырған адамдардың біразы Ф.Гүлен мырзаның ой-пікірлерін қолдап келеді. Бір әредікте Юсуф мырзадан: «Сіздердің діни ағартушылық, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарыңыз билік басына бүгінгі «Әділет және даму» партиясының келуіне қаншалық әсер етті?» деген сұрақ қойдым. Бұған Юсуф мырзаның жауабы дайын екен, бірақ, сол жауап маған қатты әсер етті. «Біз билікке саясаткер дайындамаймыз, қайта, адам тәрбиелейміз. Адам дайын болса, билік ешқайда қашпайды», – деді Юсуф мырза.

Сапардың екінші күні, таңертеңгісін біз Түркияның айтулы саяхат орыны «Куш адасына» («Құс аралы» деген мағынада) қарай жолға шықтық. Алдымыздан алғаш кездескен елдімекеннің аты Селжүк болып шықты. Қаланы жарып өткен жолдың екі жағасын ортағасырлық құрылыстар мен осы заманғы үйлер иелепті. Қала көшелері асфальтталған, таза, ретті. Қалашықтың іргесіндегі жотада мүлгіген Византия дәуірінен қалған ескі қорған бір карағанда ойынды ереуіл аттар мен егеулі найза заманына сүйрей жөнеледі. Қызғылт жалпақ тастардан қалап тұрғызылған үйлер жиі кездеседі. Сондай ескі құрлыстардың біреуінің ұзын мұржасында, ұяда маңғаз таранып төрт тырна отыр. Қалашықты кесіп өтіп бара жатқанымызда көліктің алдыңгы жағында отырған Бауыржан Жақып артына бұрылып Болат Шарақымбайға қарап: «Селжүк Болат, ата-бабаңның жеріне келдік» деп, жаңа бір қалжыңды бастап жіберді. Бұған Ыстанбұл – Астана бағытымен ұшып келіп бізбен «Ататүрік» әуежайында түйіскен халықаралық «Диалог Еуразия» қорының жетекшісі Салих Акчай мырзаның араласуымен ұзақ бір әңгіменің тиегі ағытылды да кетті.

«Селжүктер» тамыр тартқан қаңлы тайпасы

Тарихқа көз жіберсек, «Селжүк» деген тайпаның енді бір аталуы Қаңлы екен. XIII ғасырдың басында Сыр бойынан көшкен қаңлылар бүгінгі Түркия жеріне жетіп, ілгеріде кеткен қандастарымен қосылып «селжүктер» деп аталған. Осы селжүктер 1299 жылы Османия мемлекетін құрып, 1453 жылы Византиядан Константинопольды (бүгінгі Ыстанбұлды) тартып алады. Өзін қазақтың қаңлы тайпасынан тарататын Болат Шарақымбайға ақын ағасының «Селжүк Болат» деп әзілдегені осыдан екен. «Түбі бір түркіміз» деген сөздің мән-мағынасын да міне осындайда жете сезінесің. Байқалдан Егей теңізіне дейін, Сары теңізден Дунайға дейінгі алапты тұтас алып жатқан қайран түркілер! Ыстанбұлда Түркиядағы ең беделді басылымдардың бірі «Заман» газетінің директоры Абдулхамид Билижи мырзамен кездесуде Орталық Азиядағы түрік тілді елдер мен Түркияның байланысы мәселесіне тағы бір оралып соғуға тура келді. Сонда Абдулхамид Билижи мырза Тұрғыт Өзал (1927 — 1993) мен елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған түрік-қазақ достығына көңілі толатынын айта келіп, бұл достықтың тіпті де берік тамыр тарататынына сенім білдірді. Сөз арасында директор «Біз Орталық Азиядағы елдердің бәрімен қазақтармен арадағыдай татумыз деп айта алмаймыз. Айталық, тәуелсіздік алған осы 18 жылдан бері Өзбекстан президенті бір рет те Түркияға сапарлап келген жоқ» дегенді айтып қалды. Бұл сөзде жатқан сырдың ұшығын біз Селжүк қалашығынан өтіп бара жатқанда шешкендей болдық. XIII ғасырда Шыңғысхан әулеті империя құрғаннан кейінгі дәуірде, Еуразия құрлығында, бүгінгі қытай, үнді жерінен орыс жеріне дейінгі алапта бірнеше түркі текті халықтар құрған қуатты мемлекеттер пайда болған. Бұл басымдылық XV ғасырдың ортасына дейін сақталған. Кейін Орталық Азияда билікті қолға алған Ақсақ Темір түркі текті болғанына қарамастан, іргесіндегі түрік текті мемлекеттер  Алтын Орда мен Османия түріктеріне соғыс аша бастайды. Мұның ақыры соған дейін орыс армиясын тас талқан етіп жеңіп, Мәскеуді екі рет өртеген Алтын Орда ханы Тоқтамыстың өліміне барып тіреледі. Осыдан кейін Алтын Орда мемлекеті ыдырайды да, есесіне ес жия алмай отырған орыстардың еңсесі көтеріліп, қуатты империяға айналып Кавказды, қазақ даласын, тіпті күллі Орталық Азияны жаулап алуға мүмкіндік туады. Ақсақ Темірдің Осма¬ния мемлекетіне жасаған жорығы Ыстанбұлдың Византия қолынан босауын алты жылға кешіктірді деп жазады түрік тарихшылары осы туралы. Жүрекке шер болып құйылар осынау тарихи әңгімеге құлақ түре отырып Селжүк қалашығынан ұзап кеткенімізді байқамай қалыппыз. Тарихты артқа тастап кетуге болады екен, бірақ, түркінің бүгінгі ұрпақтары өткен сол тарихтан дұрыс қорытынды шығарып, лайықты сабақ алса екен, қателіктерді қайталамаса екен деген ізгі үміттен тіпті де қол үзе алмайды екенсің.

Селжүктен шыққан соң, жолдан бұрылып аты әлемге мәшһүр түрік фарфор бұйымдарын жасайтын өндіріс орнына аялдадық. Сосын Иса Мәсіхтің анасы Мәриямның туған жеріне атбасын бұрдық. Бұл қыратты өлке екен. Орманмен көмкерілген жотаның қолтығынан төмен түскен жол тұмсық айнала барып тоқтады. Сырттай қарағанда жым-жырттай көрініп еді, көлік тоқтап табанымыз жерге тигенде құжынаған қалың адамға кез болдық. Көбі еуропалық нәсілдегі жұрт екені байқалады. Біразы топтасып шайханада отыр. Теңге-моншақ, христиан құдайларының суретін сатқан шағын базар кездесті. Одан ары бетке өрлеген шағын жолдың бойында біреулер жұртты жиып уағыз жүргізіп жатыр. Содан кейін Мәриям ана туған делінетін тас үй көрін-ді. Мұнда кірген адамның суретке түсіруіне немесе бейне камера алуына болмайды екен. Үш бөлмелі үйдің кіре беріс бөлмесінде зіңгіттей екі жігіт кіргендерді қадағалап тұр. Екінші — негізгі бөлме, іші тар, күңгірт, әлсіз жарық төбеден түседі. Тас қабырғадан жартылай ойылып жасалған текшеде қолын жайған Мәриям ананың мүсіні түр. Оған жақындауға немесе қол тигізуге шек қойылған. Мүсіннің екі жағында рамкаларда бірнеше Рим Папасының осы мекенге арнап жолдаған хаттары мен соған қатысты дүниелер түр. Шыға беріс үшінші бөлмеде, есіктің оң жағындағы қабырғаға жиналған тас бетінде әлде бір адамның бейнесі салыныпты. Суреттің бетіне қол тигізбеу үшін әйнекпен қалқалап қойған. Бұл енді Иса Мәсіхтің бейнесі еді. Сарайдан шыққан соң айналма тас баспалдақ арқылы төмен түсіп, шүмектен ағып жатқан тау бұлағына бетімізді жуып, аузымызды шайқадық. Қайтар жолда көзімізге ерекше түскені, жол жиегінде осы мекенді таныстырған үлкен тақталар болды. Араб, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде жазылған тақталармен қатар корей тілінде де тақта түр. Басқасы ғой түсінікті, айналада отырғандар солар, мұнда корей тілі қайдан жүр деген сұрақ туды. Мұның сыры мынада жатса керек. 1950 — 1953 жылдардағы корей соғысынан кейін АҚШ-тың шет елдегі ең ірі әскери базасы (30 мың әскері бар) да осы Корея түбегінде тұрды. Содан кейінгі отыз жылда 45 миллион корей халқының 70 пайызы дәстүрлі будда дінінен бас тартып, христиан дінін қабылдап кеткен. Сол жылдарда Оңтүстік Корея Шығыс Азиядағы экономикасы дамыған елдердің біріне айналып шыға келеді. Демек, дәстүрлі дінінен христиан дініне бет бұрған кәрістердің Мариям ананың туған мекенін көру үшін осында ат терлетіп келуіне әбден мүмкіндігі бар деген сөз. Мәриям ананың туған жерінен аттанып, Құс аралына жеткенімізде әлдеқашан түс ауып кеткен еді.

Ыстанбул — естеліктер шаһары

Егей теңізіне шомылып, үш құрлықтың түйіскен тұсының ауасымен тыныстап екі күн тыныққан соң, сапардың бағытын Ыстанбұлға қайта бұрдық. Измирден көтерілген ұшақ қырық минут шамасында Ыстанбұл әуежайына жетеді екен. Ұшақ терезесінен Түркияның осынау ұлы теңізге тұмсық тіреген батыс өлкесінің табиғатымен таныс болдық. Биік тауы болмағанымен, адырлы, жоталы, кең сулы алқапқа бай өлке биіктен қарағанда сауыт-сайманымен сұлап жатқан батырдың бейнесіндей елестейді екен. Мұндайда қарт тарихтың қатпарынан сығаламай тұра алмайсың. Соңғы он ғасыр бойында өздеріне Бейіш бағындай көрінетін осы мекенді қорғап қалу жолында түрік бауырлар не күй кешпеді дейсіз. Оңтүстікте тұтас бір шеп болып араб дүниесі тұрды, шығыста қашанда қап тауынан асуға дайындалған ирандықтар менмұндалайтын. Терістігінде бөрін жалмап, жұтып келіп, қара теңізге етігін жуып бері қарап тұрған орыс елі қылаң береді. Батысында тұтас түрік жеріне таласуға бар батыс дүниесі тұрған. Мұндайда бей-жай қалып көріңіз. Содан да бұл топырақтың әр бір мысқалы түрік бауырлардың қаны мен көзінің жасына суарылған деуге әбден болады. Түріктер үшін ең бір қиын кезең  1920 — 1923 жылдары Республика құрған тұсқа тура келген. Османия мемлекеті жойылған сол өтпелі кезенде, түріктер бүгінгі жерін сақтап алу үшін айналасындағы көршілерімен бір уақытта 20 майданда соғысқан екен. Осы шайқастарда 6 миллионнан астам түрік азаматы жанын қиған. Бұндай ерлік Ыстанбұл қаласының тарихымен де біте қайнасып жатыр деуге болады. Ұшақ «Ататүрік» әуежайына қонар алдында қаланы тағы бір рет жоғарыдан тамашалау мүмкіндігіне ие болдық. Сондағы назарымызды ерекше аударғаны, ай-жұлдызды қызыл тудың қаланың әр жерінде бой созып, мен мұндалап тұрғаны болды. Биік бағаналарға ілінген үлкен ту қаланың әр 500 шаршы метр жеріне қадалып отырған. Содан да болар бүкіл Ыстанбүл қаласы ай-жүлдызды қызыл жалаудың желбіреуімен бірге толқып тұрғандай көрінді бізге. Бұл бір жағынан маған қашанда қалғымай, бей-жай қалмай, сақ отыратын түрік рухының бір көрінісіндей әсер етті.

Ыстанбұл қаласында 16 миллион халық тұрады. Еуропа мен Азияға бөлінген қаланы екі үлкен аспалы көпір жалғап тұр. Біреуі өткен ғасырдың 70 жылдарында, екіншісі 90 жылдарда салыныпты. Қазір Босфор бұғазының 70 метр астынан үшінші өткел — тунел салынып жатыр екен.

«Қара кітап» немесе «Галатасарай» мен «Тобыл»

«Ататүрік» әуежайына қонған соң, Ыстанбұлдың Еуропа жағындағы теңізге шығар мүйісіне орналасқан төрт жүлдызды «Golden Horn» қонақ үйіне түстік. Бұл жерден әйгілі Сұлтан Ахмет мешіті мен Айя София шіркеу-мұражайына екі тұмсық айналсаң болды, жаяу жетуге болады екен. Ол араға біз келесі күні таңертең аяқ бастық. Мені куантқаны, Ыстанбұлдағы кітап саудасымен шұғылданатын дүкендердің дені осы түбекке орналасыпты. Түскі аз-кем демалыстан соң «Саманйолы» (Құсжолы) телеарнасы мен «Заман» газетіне баруға тиіс едік. Осы аралықта көшеге шығып кітап дүкендерін аралауға уақыт таптым. Тас баспалдақты тар көшенің екі қапталын бойлай орналасқан кітап дүкендеріне жағалай бас сұғып келемін. Түрік дүкендерінде кітаптың түрі көп әрі дені жұмсақ тысты болып келеді екен. Қағаздары жұқа, сапалы көрінді. Діни кітаптар ғана қатты мұқабамен шығатын түрі бар. Бір дүкенге кіріп «Орхан Памуктің «Қара кітап» романы бар ма?» деп сұрап едім, сатушы :    қазақшамды салған жерден түсінді білем, бірден «біз Орханның кітаптарын сатпаймыз!» деп, жауап қайырды. Содан көшенің қарсы жағына өтіп, баспалдақ арқылы төмен түсіп екінші бір дүкенге кірдім, алдымнан шыққан түрік жігітіне әлгінде айтқан сөзімді тағы қайталадым. Ол да сөзімді бірден түсінгендей болды, кітап көріп тұрған кісілерге әлде нені айтып, мені дүкеннің ішіне қарай бастады. Орхан Памуктің кітаптары осында екен. Кітап ақтарып тұрғанымда, қасыма балаң түрік жігіті жақын келді, не деп тұрғанын анық түсіне алмаған соң, «мен Қазақстаннан келдім» дедім. Ол күліп иығымнан қағып ары кетіп қалды да, қайта оралып «Галатасарай», «Тобыл» дегенді қайталады. Мен сонда ғана түсіндім, «Иә, иә 23-маусымда Қостанайдың «Тобыл» футбол командасы «Галатасараймен» кездеседі» дедім. Жігіт күлімсіреп басбармағын шығарып, қолымды алды. Түрікше түсіне алмасам да осы арадан Орхан Памуктің төрт кітабын, VCD дискасын және «Қар» романының ағылшын тіліндегі нұсқасын сатып алдым. Дүкеншілермен еменжарқын қоштасып, қонақжайға келсем, жұрт аттануға сақадай сайланып тек мені ғана күтіп отырыпты.

Түріктер қазақтар жасаған бұйымдарға қатты қызығады

«Саманйолы» телеарнасы Түркиядағы ірі ақпарат таратушы орындардың бірі, құрамында алты арна жұмыс істейді екен. Қазақстандық қонақтарды телеарнаның әлеуметтік істерге жауапты басшысы шығып қарсы алды. Бағдарламалар дайындайтын студиялар мен бағдарламалар жасайтын бөлмелерді аралап көрдік. Бір бөлмеге кіріп барсақ Мәжілісте жүріп жатқан хабарды тіке таратып жатыр екен. Оншақты экранның бетінде Түркия оппозициясының көсемі, «Республикалық халық партиясының» жетекшісі, белгілі саясатшы Дениз Байкал сөйлеп жатыр. Бізге билікті қолдайтын телеарнаның қақ жүрегінде оппозция көсемінің долдана сөйлегенін көрудің өзі қызық сезілді. Біз арна қызметкеріне түрлі сұрақтар қойдық. Содан түйгеніміз телеарна әлі де сандық жүйеге көше қоймапты, бұл жағынан қазақстандық әріптестерімен бір деңгейде жұмыс істеп жатқаны байқалды.

Менің сұрағым келгені Ф.Гүлен мырзамен тікелей катысы бар телеарнаның дінге қатысты хабарды қалай, қанша уақытпен беретіні еді. Арна қызметкерінің айтуынша эфирде діни хабарлар тіке жүрмейді, оның орнына қойылымдардың бәрі діни сенімнен ауытқымайды. Алдыңғы бір жылдары Атырауда қазақ-түрік ағайындар ортасында көңілсіз жағдай орын алғанда, түріктің басқа хабар таратушы орталықтары бірыңғай түріктерді жақтап ақпарат бергенде, осы «Саманйолы» телеар¬насы Қазақстанмен арада тікелей эфир ұйымдастырып, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан түрік азаматтарын сөйлетіп, шындыққа бір табан жақын ақпарат тараткан екен.

Телеарнадан шыққан соң, «Заман» газетіне жолымыз түсті. Қазақстандық қонақтарды «Жиһан» хабар агенттігінің бас директоры Абдулхамид Билижи мырзаның өзі қарсы алып түскі аста бірге болды. Екі жақтылы тілдесуде Түркиядағы алдыңғы ірі 300 кәсіпорынының бірі саналатын, күн сайын 850 мың данамен тарайтын беделді басылымға қатысты қазақстандық әріптестер біраз сұраулар қойды. Біз барғанда газет өзінің жаңа қонысына жайғасып жатыр екен.

Келесі қадамда марқұм Тұргұт Өзал мырзаның басына барып құран оқуды жөн санадық. Соңынан түрік азаматы Мәуліт Өзкиши жетекшілік етіп отырған Ыстанбұлдағы қазақ-түрік мәдениет қауымдастығына бас сұқтық. Мұнда қазаққа, Қазақстанға қатысты көптеген дүниені кездестіруге болады екен. Көгалға кигіз үй тігіліпті. Үйдің іші де әдемі безендірілген. Мәуліт мырзаның айтуынша орталыққа келген түрік ағайындар мұндағы бұйымдарды «сат» деп қолқалайтын көрінеді. «Бір жолы осында министрлердің әйелдері келді. Біреуі ақ кигізден жасалған түйеге қатты қызықты, «ақшасын ал!» деп болмады. «Мұндағы дүниелер сатылмайды!» деп ол кісіге қалай айтамын, ақыры, ақ түйемді әлгі ханымға беріп қоя бердім» дейді Мәуліт мырза. Қауымдастық Түркияда қазақ елін, мәдениетін насихаттаумен айналысады, түрік жастарына қазақ тілін үйрететін курстар ашады екен. Соңғы кездері Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» спектаклін түрік сахнасына шығаруға дайындап жатқанын білдік.

Бүкіл түрік жұрты үшін ең қастерлі мұражай

Ыстанбұлды түрік тарихымен біте қайнасып жатқан қала десек, Сұлтан Ахмет мешіті мен Айя София шіркеуін (бұл күнде музей) сол тарихтың өзі деген жөн. Жоғарыдағы екі орынды аралаудан бұрын Мәлік Отарбаев пен Салих Акчай мырзалар бізді таяу күнде ашылған «Панорама» мұражайына бастап барды. Білетіндердің айтуына қарағанда «Панорама» мұражайының ашылу салтанатында, қатты толқыған бүгінгі Түркия Үкімет басы Ережеп Тайып Ердоған көзіне жас алған деседі. Солай болатын да жөні бар. Өйткені, мұражайды аралап шыққан адам 1453 жылғы соғысты өзі бастан өткергендей күй кешеді екен. Себебі, мұражай түріктердің санасында 1453 жылы ЬІстанбұлды Византияның қолынан босатып алатын сол бір айтулы шайқасты қайта жаңғыртатынында жатса керек. Бұл түріктерді бір тудың астына топтайтыны анық. Сондықтан да Түркияда барлық мектеп оқушыларына осы мұражайға келу міндеттеліпті. Мұражайдан шыққанда маған түптің түбінде Алматыда да осындай бір мұражай болады-ау, ол — «Желтоқсан көтерілісіне» арналады деген ой келе қалды. XX ғасырдың тарихын өзгертіп жіберген айтулы бас көтеруге қазақ бәрібір қайта айналып келіп бас иер. Себебі тарих дәуір бөлгіш сәттерді әсте ұмытпайды екен. Бүгінде Түркия президенті Абдуллаһ Гүлдің осы мешітке жұрт қатарлы келіп намазға жығылатынын халық жыр қылып айтады екен. Осы ұрпақтың 1453 жылғы шайқаста қайта жаңғыртатын тағы бір себебі, билікте және парламентте басымдылық алып отырған «Әділет және даму» партиясының ислам құндылықтарына иек артатынында жатса керек. Ертеңінде Сұлтан Ахмет мешіті мен Айя София шіркеуін аралағанда, кешегі бойды билеген бөлекше сезімнің не екеніне көз жеткізгендей болдық. Тегінде бүгінгі түрік билігі өзіне ерекше бір тарихи міндет жүктеп отырғандай. Ол — исламды қайтадан мемлекетті ұстап тұрудың басты күшіне айналдыру. Бұл түйінді көрнектілендіруде Ыстанбұлды алу шайқасының алар орны ерекше. Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбар айтыпты дейтін «Ыстанбүл исламға қарауға тиіс. Қайсы қолбасшы, қайсы әскер Ыстанбұлды алса, сол қолбасшы, сол әскер мен үшін сондай қастерлі» деген сөз болған. Міне осы сөздің құдіретінен сонау VIII ғасырлардағы араб әмірлерінен бастап, түрік сұлтандарына дейін Ыстанбұлды исламға қайтаруды басты мұрат еткен. Өсиетті орындау мақсатында арабтар Византия қолындағы қаланы 19 рет қоршап, шабуылдап ала алмаған. Кейін Ыстанбұлды (кешегі Константинопол қаласы, оны византиялықтар 399 жылы салған) 1453 жылы 19 жасар түрік сұл¬таны Мехмет қан кешкен ұрыс салып жүріп басып алған. Содан бастап ЬІстанбұл исламның қолында. «Панорама» мұражайы міне осы сұрапыл ұрысты бейнелеген. Қаланы алған соң, түріктер әйгілі Айя София шіркеуін бір мезгіл мешітке айналдырады. Оның қасына шіркеу тұлғасынан бір мысқал да кем еместей етіп Сұлтан Ахмет мешітін тұрғызган.

Орхан Памуктың романдары қазақ тіліне аударыла ма?

Сапардың бесінші күні кешке «DA Қазақстан» журналына иелік ететін Түркия Жазушылар мен журналистер қауымдастығы қазақстандық қонақтарына арнап қонағасы берді. Басқосуға жоғарыдағы Қауымдастықтың төрағасы, «Диалог Еуразия» Платформасының тең төрағасы (Палатформаның енді бір төрағасы Қазақстан Жазушылар одағы төралқасының басшысы Нұрлан Оразалин) Харун Токак, Платформаның хатшысы Исмайл Тас мырза және түрік ақын-жазушылары, әдебиет зерттеушілері қатысты. Кездесуде Қазақстан-Түркия елдері арасындағы айнымас достыққа көпір салған марқұм Түрғүт Өзал мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты есте қаларлықтай өнегелі сөздер айтылды. «Диалог Еура¬зия» Платформасы аясында түрік — қазақ қаламгерлері арасындағы байланысты арттыру туралы мәселе көтерілді. Қазақ жазушыларының түрік елінде жарық көрген кітаптары туралы сөз болғанда, жазушы Асқар Алтай қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы түрік тілінде әлі жарық көрмей отырғанын айтып, Харун Токак мырзадан осы іске қолдау көрсетуін сұрады. Төраға М.Әуезов шығармаларын түрікшеге аудару мәселесінің ойда екенін айтып, «біз бірлесіп 5 түрік қаламгерінің кітабын қазақшаға, 5 қазақ қаламгерінің шығармасын түрікшеге аударсақ, осыған ат салыссаңыздар» деді. Дегенмен, қазақ тіліне аударылатын осы 5 кітаптың ішінде түрік тілді әдебиеттен тұңғыш Нобель сыйлығының иегері атанған Орхан Памуктің шығармалары болмайтыны басқосуда анық байқалып тұрды. Жазушы Нұрғали Ораз осы заманғы түрік қаламгерлерінен «кімдерді қазақтар оқуы ке¬рек деп ойлайсыздар» дегенде, отырғандардың бірде біреуі Орхан Памуктың есімін ауызға алған жоқ. Содан да екі ел жазушылары бас қосқан осы дастархан басы түрік әдебиетін толық емес, қайта, жартылай қамтып, сөз етіп отырғандай әсер қалдырды.

Сапардың ақырғы күндері Ыстанбұл қаласындағы тарихи-мәдени орындарды аралаумен қатар, Қазақстандағы түрік лицейлерін ашуға ұзақ жылдар қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқан түрік кәсіпкерлерінің «Ивилд» қауымдастығында кездесу болды. Соңынан Ыстанбұлдағы беделді оқу орны Фатих университетін аралап көрдік.

Сапардың соңғы күні жетті. Алматыға қайтқалы тұрмыз. «Ататүрік» әуежайында «DA Қазақстан» журналының жігіттерімен қоштасып, жүгімізді тапсырысқа беріп жатырмыз. Осы тұста абайсызда Толымбек Әлімбек мырзаның атына берілген естелік бұйым — иесінің аты-жөні жазылған әсем түрік фарфор ыдысы қолдан түсіп кетіп қирады да қалды. Бір жетінің алдында Алматы әуежайында Толымбек Әлімбек мырза кедендік тексерістен өтіп тұрып, ұшаққа шықпай сапардан бас тартып артына жалт қайрылған болатын. Ол кісіге арналған сауғаның да әуежайда мінез көрсетіп, сапарға шығудан «бас тартқанына» бір сәт таңқалуымызға тура келді.

Ыстанбұлға қош айтып, әуеге көтерілген ұшақтың терезесінен Қап (Кавказды) тауын көруге мүмкіндік болар деген едім, бірақ, ол ой жүзеге асқан жоқ. Біз жеткенде Қап тауы мінез көрсетіп, бұлттан арыла алмады. Ұшақтың қолайсыз ауа-райынан теңселгенін сезіп отырдық. Дегенмен, Қап тауын көре алмасақ та, Қап тауының төбесінен ұштық. «Қара кітап» романында бір топ құс Самұрық деген алып құсты іздеп Қап тауына қарай сапарға шығады. Соңында олардың ішінде аз ғана құс сол тауға жетеді. Бірақ, құстар Самұрықты таба алмайды. Сөйтсе, тауға жеткен барлық құс жиылып барып Самұрыққа айналады екен. Ұшақ тербелгенде мен осы ойдың құшағында отырдым.

Ұшақ ақыры бес сағат ұшып келіп Алматы әуежайына қонды. Түннің бір уағы болса да сергек едік. Ұшақтың жерге аман қонғанына жұрт дүркіретіп қол соғып жатты. Жүрегімізде қуаныш бар. Бұл туған елге деген сағынышымыз бен шаттығымыздың үніндей сезілді маған.

Ардақ Нұрғазыұлы

АЛМАТЫ — ЫСТАНБҰЛ — ИЗМИР -ЫСТАНБҰЛ — АЛМАТЫ.

Алматы Ақшамы, 11 шілде, сенбі 2009 жыл