ТИБЕТТІҢ ҚАҚПАСЫНДА ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ

 

  • Руханият

 

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

OLYMPUS DIGITAL CAMERA «Қазақтар да біз сияқты көп қиындықтарды бастан өткерген халық…»

Шілде айының басында менің атыма Қытайдың Бейжің қаласы Мемлекеттік әдебиет зерттеу академиясы жанынан шығатын «Әлем әдебиеті» журналы бас редакторының орынбасары Гау Шиін мырзадан хат келіп түсті. Онда «Ардақ Нұрғазы мырза, академиямыздың ұйымдастыруымен 7-12-тамыз аралығында Қытайдың Цинхай өлкесі Синин қаласында үшінші кезекті «Цинхай көлі халықаралық поэзия фестивалі» өтеді. Біз сіздің осы мерекелік шараға Қазақстан ақыны ретінде қатысуыңызды сұраймыз…», — делінген еді. Соған дейін де мен Қытайда екі жыл сайын ақындардың осындай бір халықаралық басқосуы өтетінін басылымдардан оқығанмын. Ұсынысқа сай, көп созбай фестивальге қатысатыным туралы Гау мырзаға хабар жібердім де, сапарға шығуға сайландым. Бұл мен үшін бір жағынан журналистік сапар еді. Өзім жұмыс атқаратын «Алматы Ақшамы» газетінің басшысы Қалағаңның — Қали Сәрсенбай мырзаның «ақ жол болсын» деген батасын алып, 6-тамыз күні кешке Алматыдан Үрімшіге ұшып кеттім. Үрімшіде алты сағаттай аялдаған соң одан ары Шинің қаласына қарай ұшуға тура келді. 120 адамға лайық ұшақ Синин әуежайына қонарда алдымыздан «поэзия фестиваліне келген қонақтарды қарсы аламыз» деген жазу ұстаған студенттер шықты. Фестиваль қонақтарын Синин қаласындағы 25 қабаттан тұратын бес жұлдызды «Qinghai Hotel»-ге орналастырған екен. Үрімші бағытынан келген ұшақтан түскен біз де арнайы көлікпен сонда жеттік. Иран ақыны Паруез Бейжи және оның ханымымен мен осы қонақсарайға бара жатқан жолда таныстым. Кейін біздер фестивальге мұсылман елдерінен келген қонақтарға арнайы әзірленген дәмхананың тұрақты келушісіне айналдық. Паруез Бейжи ислам төңкерісінен кейін әдебиет майданына келген Иранның белгілі ақындарының бірі. Ұзақ жылдар әуе әскері күтерінде қызмет етіпті, 2007 жылы қарулы күштер қатарынан босанып, қазір Теһранда бір баспаға жетекшілік етеді екен.

«Qinghai Hotel»-ге жеткен соң фестивальді ұйымдастырушылар бізді тіркеп, бөлмелерге орналастырды. Тіркеу күтіп кезекте тұрғанымда өзін «Цинхай ақшамы» газетінің тілшісімін деп таныстырған бір жігітпен ұшырасып қалдым. Ол менің қай елден келгенімнен бастап суыртпақтап, біраз дүние сұрады. Бастысы, поэзия, қытай ақындары туралы айтыстық, қазақ әдебиеті қытай поэзиясынан кімдерді біледі деген сұрақ қойылды. Мен қытайдың VIII ғасырда өмір сүрген Ду Фу мен Ли Бай, қазіргі ақындардан Би Дау, Дуо Дуо және Цинхайдан шыққан белгілі ақын Чаң Яудың   шығармашылығы туралы өз ойымды айттым. Кезінде «Шетел әдебиеті» газетінде Би Дауға қатысты арнайы нөмір әзірлегенімді қыстыра кеттім. Тілші маған: «ендеше, осы жолы сіз Би Даумен танысасыз, ол кісі әлгінде сіздердің алдарыңызда ғана келіп тіркелді», — деді. Бұл мен үшін үлкен жаңалық еді. «Цинхай ақшамының» тілшісі менің де өзі сияқты кешкі газеттің тілшісі екенімді білген соң, одан ары жабысты. «Кәсіптес екенбіз, мені түсінуге тиіссің, маған шетел ақындары туралы ертеңгі газетке материал жазу міндеті жүктелді, қытай тілін жақсы біледі екенсің, маған 10 минутыңды бөл, тағы бір-екі ауыз сөйлесейік» деп тұрып алды. Қытай ақындарының бір шумақ өлеңін қазақша оқып берші деп сұрады. «Мынау үлкен залда, біреу келіп, біреу кетіп жатқан осы арада оқимын ба?» десем, «осы арада оқы» дейді. Ақыры кәсіптесімнің көңілін қия алмадым. Содан Ду Фудың бір өлеңін оқуға тура келді. Оған:  «Ендеше, «Күз бораны әкеткен қамыс лашықты» оқиын» дедім. «Қараша күздің долы бораны ұлып / Қамысын лашығымның кетті жұлып. / Өзеннен ары ұшырып, жағадағы /Ағаштың бастарына жатыр іліп. / Қалқытып қара суда қайық қылып…». Бұл Ду Фудың өмірден өтер шақта жазған соңғы өлеңдерінің біріне жатады, қытайдың бесіктегі баласынан, төрдегі данасына дейін білетін өлең еді. Қазақ тілінен дым түсінбесе де әріптесімнің маған риза болғаны соншалық, ол жүктерімді көтерісіп, 18-қабаттағы мен түскен бөлмеге дейін жеткізіп салды. Ертеңінде кешкі газетте: «Қазақстан ақыны Ардақ Нұрғазы үшін поэзия деген дәстүрді жетік білу, осы заманғы поэзияның рухын терең игеру және шындықтың жүзіне тіке қарай алу. Тарихта қазақтар да көп қиындықтарды бастан өткізген халық… Сондықтан да ол Ду Фудың өлеңдерін жанына жақын санайды, «Күз боранын..» ол залда тұрып ана тілінде оқыды» деген сөздер бар арнайы материал жарық көрді.

Әдебиет — поэзияның асқақ рухын бетке ұстайды…

«Кең ауқымды халықаралық қатынастар жағдайындағы ұлттар поэзиясы және оларды өзара аударуда орын алып отырған мәселелер» деген тақырыппен ұйымдастырылған «Үшінші кезекті Цинхай көлі халықаралық поэзия фестиваліне» әлемнің 55 мемлекетінен ақын шақырылып, Қытайдың іші-сыртындағы 160 ақынға ұсыныс хат жіберіліпті. Фестивальдің бас бәйгесі — «Тибеттің алтын елігі» сыйлығына соған дейін АҚШ ақыны Г.Снидер, Германия ақыны Ханс Магунс Эзенберг, француз ақыны И.Боневой, Польша ақыны А.Зажиевски, Литва ақыны Т.Венселова, т.б. әлем әдебиетінде кеңінен танымал 9 ақынның кандидатурасы ұсынылған. Соңында халықаралық сипаты бар танымал ақын, аудармашы, сыншылардан құралған қазылар алқасы осы реткі фестивальдің бас жүлдесіне литвалық ақын, «И.Бродский тобының» өкілі — Т.Венселованың (Tomas Vencilova) шығармашылығы лайық деп тапқан. Фестиваль кезінде осы сыйлық өз иесін тапты.

8-тамыз күні таңертең жалпы жиналған ақындардың қатысуымен Синхай педагогика университетінің студенттер сарайында фестивальдің ашылу салтанаты өтті. Алғашқы сөзді фестивальді ұйымдастыру тобының жетекшісі, Қытайдың Цинхай өлкелік коммунистік партия ұйымының екінші хатшысы, белгілі ақын Жеди Мажа мырза алды. Ол фестивальге қатысып отырған шетел ақындарының Отанын бір-бірлеп атап өтіп, ақындардың Цинхайға ат басын бұрғандарына өз алғысын білдірді. Шенеуніктердің құттықтау сөзінен соң, Қытай Жазушылар одағының төрағасы, белгілі әйел жазушы Те Ниңге сөз берілді. Ол тарихтан түсіп, поэзияның қытайдың ұлттық мәдениетінде алатын орнына тоқталды. «Поэзия — әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделі, бекзат түріне жатады. Мен прозаик ретінде У.Фолкнердің «Адам рухтың иесі, сондықтан ол қиындықтарға қарамастан өмір сүре береді, жығылса орнынан қайта тұра алатын қасиетке ие» — деген сөзін қайталап өткім келеді. Осында айтылған рух әуелі сонау Гомерден бүгінге дейін жеткен әдебиеттің түп атасы — поэзияның табиғатында жатқан асқақ рухты бетке ұстаған. Сондықтан да поэзия адамзатқа қашанда керек», — деді ол. Шенді жазушының сөзінен соң, фестиваль ресми басталып, әлемнің әр түкпірінен келген ақын-аудармашылар өздерінің поэзия туралы ойлары мен өлең аудару туралы көзқарастарын ортаға салды. Жарыс сөзді «Әлем әдебиеті» журналы бас редакторының орынбасары Гау Шин мырза жүргізді. Түстен бұрын сөз мінбесіне көтерілген 6 баяндамашының ішінде белгілі қытай ақыны Би Дау болды. Фестиваль кезінде және кейін баспасөз бен интернет парақшасында ең көп сөз болған да Би Даудың осы сахнадан көрінуі еді. Оған да себеп бар. Бұл 1989 жылы маусымда Қытай билігі Тяньанмэн алаңында демократияны талап етіп ереуілдеген студенттерді бір түнде қанға бөктіргенде, билікке ашық қарсылығын білдіріп, соңынан қолын бір сілтеп, шетел асып кеткен ақынның алғаш рет еліне оралып, мінберден көрінуі еді. Ресми сөз аяқталып, ақындар сөз алудан бұрын жарияланған 15 минуттық үзіліс кезінде Би Даумен жүздесіп, танысудың орайы келді. Біздер бірге суретке түсіп, естелік қалдырдық. Мен ақынға өзі туралы материалдар жарық көрген «Шетел әдебиеті» газетінің бір санын естелікке ұсындым. Екі күн өткен соң Цинхайдың мемлекеттік географиялық қорық аумағында ұйымдастырылған ақындардың өлең оқуы кезінде, оңаша қалған бір тұста ақынға өткен ғасырдың 80-жылдарында жазған поэмасының бір шумағын оқып бердім. «Ақыры бір күні / жалған сөзге ұқсас / ештеңеден жасқанбайтын жандар / алып радионың ішінен атойлап шықты / қасіретті төбелеріне көтере мадақтап…» деп келетін жолдар ұзақ жылдар шетелде жүріп, өмірдің небір ыстық-суығын бастан өткерген 62 жастағы ақынның ойына көп нәрсені салды білем, әжім басқан бет әлпетінде соған дейін көп нәрсеге елп етпейтіндей көрінген көз жанары жарқ ете түсті. Осы поэмасымен ол бір кездері, 35 жасында қытай ақындары арасынан дара шығып, Нобель сыйлығына ұсынылып, «Жазушылар одағында жоқ, қаңғып жүрген біреу  де осындай деңгейге көтеріле ала ма» дегізіп Қытай үкіметін аң-таң қалдырған еді.

Үлкен ақындарға тән таңдау

Осы кезекті Цинхай көлі халықаралық поэзия фестиваліне қатысты назар аударарлық бір жай — фестивальдің бас бәйгесіне Литва ақыны Т.Венселованың ие болуы және Би Даудың Цинхайда төбе көрсетуі деуге болады. Егер фестивальдің бәйгесіне жоғарыда аты аталған өзге ақындардың бірі ие болса, онда Би Даудың бұл басқосуға келер-келмесін кесіп айту қиын еді. Себебі, бұл жерде үлкен ақындарға тән үлкен таңдау тұр. Бүгінгі дүниеде әлемнің әр түкпірінде поэзияға қатысты халықаралық түрлі басқосулар өтіп жатады. Оған әлемдік әдебиеттің сахнасында аты бар тұлғалар шақырылады. Былтырдың өзінде Қытайда үкіметтік емес әдеби ұйымдардың бас болуымен екінші кезекті «Жуыңкын поэзия фестивальі» өтті. Қазылар алқасы қытай және шет тілде жазатын екі ақынға бәйге берді. Шетел ақыны ретінде сириялық Адыностың, қытай ақыны ретінде Би Даудың аты аталды (бұл екі ақын 1993 жылы Нобель сыйлығының ақтық айналымында тағы бір кездескен еді, ол жолы ақындардың жолы болмай, АҚШ жазушысы Т.Морисон сыйлықтың иегері атанған — А.Н) Алайда, бұл басқосуға соңғы жылдары Гонкогта тұрып жатқан Би Дау келген жоқ. Іргеде жатып, тек фестивальді ұйымдастыру алқасына өзінің алғысын білдірген хат қана жолдапты. Әне, сол бас бәйге бергенде (12 мың АҚШ доллары көлемінде) Қытайға баспаған ақын енді, міне, өз аяғымен келіп тұр. Бұл жерде әлемдік үлкен әдебиеттің өзіндік ішкі заңдылығы рөл ойнағанын байқаймыз. Осы реткі фестивальдің бас бәйгесі Т.Венселоваға берілетіні күні бұрын-ақ дабыралы түрде жария етілді. Литвалық бұл ақын әлем әдебиетінде ерекше орны бар «И.Бродский тобына» жататын ақындардың ішіндегі қазір көзі тірі жалғыз тұлға екені белгілі. Оның үстіне әдебиеттанушы ретінде 1977 жылдан бері АҚШ-та тұрып келе жатқан Т.Венселованың зерттеу еңбектерінің дені «басқаша Еуропа» аталған ерекше әдеби құбылысты пайымдауға бағытталған. Содан да оны И.Бродский мен С.Милосиз ілгерінді-кейінді өмірден өткеннен соң, жоғарыдағы рухани құндылықты бір басына сыйдыра алған, ескіден қалған бірден-бір көз деуге болады. Би Дау болса, Шығыстан шыққан жоғарыдағы ақындардың ізін баса әдебиетке келген және өзі тұрғысынан жоғарыдағы рухты жалғап келе жатқан қаламгер. Олардың арасында берік рухани байланыс жатыр. Сондықтан Т.Венселова марапатталған жерде Би Даудың төбе көрсетпей қалмайтыны белгілі. Бұл алдымен Би Дау үшін қажет. Соңғы он бес жыл көлемінде Қытайдың берісі бес-алты ақыны халықаралық әдеби ортада жиі көзге түсіп, шығармалары Еуропаның негізгі тілдерінде жарық көріп, марапатталып, жоғары бағаланып келеді. Дегенмен, өлеңінің халықаралық әдеби ортадағы ықпалы және азаматтық ұстанымы тұрғысынан осылардың ішінде Би Даудың алдын орай алғандар некен саяқ. Ондағы түп себеп — Би Даудың биікте тұрып, алысты болжай алған, аты затына сай ұстанымы берік қаламгер бола алуынан деуге болады. Айталық, басқа қытай ақындарының дені бүгінде тасы өрге домалаған қытайдың мемлекет қуатын арқа тұтуға бар, Би Дау бұл мәселеде басқа көзқарас ұстанды. 2009 жылы қытай зиялы қауымына жазған ашық хатында ол: «Батыс елдерінің өмір сүру талғамын көзсіздікпен қабыл алған бүгінгі жағдайымыз бізді бақыттың құшағына батырғандай көрінгенімен, шындығында, ертеңгі күніміз адам аяйтын жағдайда. «Байыған үстіне байи түсу» дегенді бетке ұстаған біздер салиқалы қоғам құруға қажетті рухани құндылықты мүлдем ұмыт қалдырдық. Ежелден заттық байлықты басты орынға қойған қоғамның түбінде оңғаны жоқ. Қазіргі беталысымызбен біздің келешектегі адамзат мәдениетіне үлес қосқан ұлттардың қатарынан көрінуіміз екіталай. Бізге үлкен рухани өзгеріс қажет. Онсыз адасқанымыз-адасқан!» — деген.

«Швед тіліне аударылмаса, Нобель сыйлығы берілмейді»

Фестиваль мінберінде ақындардың жарыссөзі кезінде басты талқыланған түйіннің бірі — поэзияның аударылу мәселесі болды. Қытай ақыны И-Са: «Осындағы жұртқа белгілі, өлең аударылмайды дегенді алдымен бастарына көтере дәріптеген ағылшын тілінде жазған ақындар. Егер өлең аударылмаса, ағылшын тілін білмейтін, мына, біздер Гомер, Данте, Шекспирден тартып бүгінге дейінгі батыс ақындарын қалай танып-біліп жүрміз? Өз басым, оларды таудай ат-атағына қарап бас изеп жүрмін деп айта алмаймын. Әлгі ақындар расында жақсы дүние жазды.  Біз де оларды аудармадан дұрыс қабыл алдық. Әсілінде, поэзия деген әр тілде жазылғанымен, бөліп-жарылмайтын адамзаттық құндылық. Сондықтан да онда ортақтық қасиет болады. Мен поэзия деген басқа тілге аударғаннан кейін де өзін жоғалтпайтын өнер туындысы дер едім. Аудармашы екі тілге де жетік болса, поэзияның табиғатын толық игерсе, екі ұлттың тілі сөздік қор жағынан өз деңгейінде болса, поэзия неге аударылмайды? Аударылады! Мен басқа тілге аударылған соң, өлең болмай қалатын дүниелерге сын көзбен қараймын. Ондай өлеңнің қандайда бір кемістігі бар деген сөз. Біз «Менің өлеңімді қытайлар ғана дұрыс түсінеді, басқа тілге аударылса бұзылады» деген жалған намысшылдықтан арылуымыз керек. Өзгенің артықшылығын үйрену намыс емес, өзіңнің әлсіздігіңді мойындамау — намыс. Әсілінде, ағылшын тілінде жазатын ақындарға аударманың қажеті жоқ. Сондықтан олар сондай бір табалдырық жасайды да, өзге тілде жазатын ақындарды өздерінен төмен ұстауға тырысады. Рас, ағылшын тілінде жазатындар да өлеңін аудартады, бірақ жалғыз ғана тілге аудартуға бар, себебін сіздер де жақсы білесіздер, швед тіліне аударылмаса, олар Нобель сыйлығын алмайды ғой (күлді!)…» — деген ой айтты. Бұл күнгі сөздің түйіні — қазіргі заманның поэзиясы түсінуге қиындады, алайда, аударудан бас тартпауға тиіспіз деген оймен сабқталды.

«Ата-жұртым — Самархан…»

9-тамыз күні фестивальді ұйымдастырушылар қонақтарды Цинхай көліне қарай бастады. «Тибеттің табалдырығы» деп аталған, теңіз деңгейінен 2500 метр биікте жатқан Синин қаласы екі жағасы таз-тақырланған құмды, керіштің ортасындағы аңғарға орналасыпты. Қаланың ортасынан өзен өтеді. Ауа райы қуаң, анда-санда батыстан соғатын құмды бораны бар қала соңғы жылдары күрт қанат жайғаны байқалады. Жаңадан салынып жатқан көп қабатты үйлердің қарасы мол көрінді. Аңғарда тұрғандықтан қала қолдан тұрғызылған бау-бақшаның ортасында тұрғандай сезіледі екен. Қалада жыл сайын түрлі халықаралық мерекелер өтіп тұрады. Соның бірі 8-мәрте өткелі тұрған «Халықаралық Цинхай көлі веложарысы». Бұдан тыс соңғы бірнеше жылдан бері халықаралық құзға өрмелеушілер мерекесі де осы қалада өтіпті. Қытайдың теңізден шалғай, орта тұсына орналасқан қала өзін осындай шаралармен әлем халықтарына жақындатып жатқан түрі бар. Дүниенің ең биік өлкесін Бижіңмен жалғаған Тибет тас жолы мен темір жолы да осы арадан өтеді. Цинхайда 33 ұлт өмір сүреді. Синин қаласынан мұсылмандардың мешітін де, тибеттіктердің монастрын да кездестіруге болады. Мұндағы мұсылмандардың ішіндегі Салар деген халық өздерін Орталық Азиядан, Самарханнан келгенбіз, атамекеніміз сол жер деп қарайды екен. Фестивальде өзін «Атым — Мартин, ұлтым — салар, дінім — мұсылман» деп таныстырған ақын жігітпен танысып қалдым. Ол салған жерден маған Қытайдағы дүңген ұлтынан шыққан Жаң Цинзы атты қаламгердің шығармалары туралы айта бастады. Мартиннің айтуына қарағанда, жазушының «Рухтың тарихы», жаңа жарық көрген «Сақ даласы» деген кітаптарында қазақтарға қатысты дүниелер бар екен.

«Ақынның өлеңдері елінің қайғы-қасіретке толы тарихының ескерткіші сияқты»

Цинхай көлі Синин қаласынан батысқа қарай 130 шақырым жерге орналасыпты. Көлдің жағасына поэзия фестиваліне арнап арнайы алаң жасалған. Ұзындығы 150 метрлік тас қабырға орнатылып, оған фестивальдің әлем ақындарына үндеу хаты ағылшын, қытай және тибет тілінде жазылыпты. Тас қабырғаның үстіңгі бөлегіне әлем әдебиетіне белгілі Ли Бай, Ду Фу, Данте, Шекспир, Гете, Йейтс бастаған 18 ақынның қара мәрмәр тасқа ойылған портреті қойылған. Тас қабырғаның алдындағы алаңда ағылшын және қытай, тибет тілінде «Цинхай көлі халықаралық поэзия фестивалі» деген жазу бар үлкен қой тас тұр. Фестивальдің бас мінбері осы ара екен. Алаңның екі жағына әлем әдебиетіндегі «Гельгамош жыры», Гомердің «Илиадасынан» бастап, қырғыз ағайындардың «Манасына» дейінгі 12 эпостың сарынымен салынған 12 тас мүсін тұрғызылған. Бұл мүсіндер поэзияға қатысты басқосуды ерекше рухтандырып, өзгеше күш беріп тұрғандай сезіледі. Осы жерде Литва ақыны Т.Венселоваға «Тибеттің алтын елігі» сыйлығын тапсыру шарасы өтті. Фестивальді ұйымдастыру тобының жетекшісі, белгілі ақын Жеди Мажа мырза Литва ақыны туралы баяндама жасады: «Т.Венселова шындықтың бетіне тура қарай алатын ақын, ол поэзияны баса-көктеген қаратүнекке қару етіп ұстанған қаламгер… Т.Венселова өз елінің күштілер жағынан шапқыншылыққа ұшырап, бөлшектеліп, жұтылып кеткенін көзімен көрді. Тәуелсіздіктен айрылған күндерде латыштардың ұлттық мәдениеті мен рухани болмысы адам айтқысыз дәрежеде аяқасты етіліп, бұрмаланды. Сондықтан да Т.Венселованы қиранды мен қасіреттің үстінде көктеген ақын деуге болады. Ақынның өлеңдері елінің қайғы-қасіретке толы тарихының ескерткіші сияқты…» — деді ол өз сөзінде. Т.Венселоваға сөз кезегі келгенде, ақын поэзияның екінші бір аты — бостандыққа құштарлық екенін атап өтті. «Менің өлеңдерім көп жағдайда жеке өз басыма ғана тән сезім өрнектерінен тұрады, алайда, тарих өз дегенін істеді, мен оған тура қарауға тиіс болдым» деп түйді өз сөзін. Соңынан ақынның құрметіне Цинхай өлкелік музыка үйірмесі орыс сазгері Шостаковичтің симфониялық маршын орындады.

Жасаған жамандығың көп болса, қайтып келіп азабын тартасың

Салтанатты шарадан соң, Синхай көлін тамашалауға мүмкіндік туды. Теңіз деңгейінен 3200 метр биікте жатқан көлдің аумағы төрт мың бес жүз шаршы шақырымға тура келеді. Мұндағы жергілікті халықтың өңі тотығыңқы, бәрінің дерлік беттерінің ұшында қызғылт дақ бар. Айтуынша, жер бедері биік болғандықтан, күшті ультракүлгін сәуленің әсерінен болған. Цинхай көлінде балықтың бір түрі ғана өмір сүреді. Жергілікті халық «қасиетті сары балық» деп атаған бұл су жануары 30 жылда әрең 20 см. көлемінде ғана үлкейеді екен. Көлді айнала саяхат орындары бой көтерген, тибеттіктердің буддаға тәуап ететін тасаттық орны тұр. Тибеттіктердің діни нанымы бойынша, тіршілік айналып тұрады, тірліктен өткен соң адам баласы қайта айналып тағы келуге мүмкіндік бар. Бұл өмірде жасаған жақсылығың көп болса, қайта айналып келгенде жақсылық көруің мүмкін, ал, жасаған жақсылығың аз болса немесе жамандығың көп болса, соған сай қайта айналып келіп тартар азабың мол болады. Тибеттіктердің нанымында салынған тәуап орнының басты ерекшелігі де осыны көрнектілендіреді. Тәуап етуші қорғанды айнала орнатылған мыс айналма шарбақтарды сағат тілі бойынша бірін қалдырмай саусақпен сылап айналдырып өтуге тиіс. Сонда ғана тілеген тілек қабыл болады-мыс.

Фестивальдің бәйгесі берілген күннің кешінен бастап ақындардың 6 орында өлең оқу, пікір алысу шарасы басталды. Қытайдағы екі үлкен өзеннің бірі — Сарыөзеннің басы Цинхай өлкесінен басталады. Өзеннің таудан жиналып бір арнаға құйған жерінде Гуиды деген аудан орналасыпты. Онымен Цинхай көлінің арасын теңіз деңгейінен 3820 метр биік асу бөліп жатыр. 9-тамыздың кешінде Гуиды ауданының орталық алаңында бірінші рет «Рух бастауында» деген, ертеңінде осы ауданға қарасты Қытайдың мемлекеттік географиялық қорығы аумағында екінші рет «Табиғатқа құштарлық» деген тақырыппен ақындардың өлең оқу кеші өтті. Аралық уақытта тарихи мұражайлар мен белгілі мәдениет ошақтарын аралап көрдік. 600 жылдық тарихы бар ескі будда сарайын тамашалауға кезек келгенде, мен таяу маңнан көзім шалған мешітке бас сұқтым. Қытай үлгісіндегі құрылыс нақышымен салынған, таза ұсталған қасиетті орында мен барғанда жан баласы жоқ болып шықты. Мен мұны ораза кезі әрі күннің ыстық болуынан мешітте адам қалмаған болар деп түйдім…

Осы сапарда мен жарты қытай халқына тіршілік нәрін сыйлап жатқан Сарыөзеннің әсілінде сары емес, қайта, басының жасыл екенін, қодас деген малдың біздің жақтың сиырына ұқсамайтынын, жүні ұзын ғана емес, жартылай жабайы жануар екенін, тибеттіктердің қазақтар сияқты еркін даланың ерке өскен халқы екенін өз көзіммен көрдім.

Қазақстандық жазушы қызбен АҚШ -та жолығу

9-тамыз күні кешке Синин қаласына қайтып келдік. Сол күні кешке қонақжайдың маңындағы бардың бірінде «Поэзия және шарап» деген тақырыппен үшінші рет өлең оқу кеші өтті. Бұл жолы өлең оқуға тиісті ақындардың тізімдігінде менің де атым бар еді. Менен бұрын грек, серб, чех, тунис, корей, ағылшын, неміс және қытай ақындары өлеңдерін оқыды. Олардың дені шығармаларын ағылшын және қытай тілінде жеткізді. Аралықта Би Дау да өлең оқыды. Ол мінберге шыққанда сәл толқыды (қалай дегенмен туған топарағына араға 20 жыл салып қайтып келіп тұр ғой!). Бір сәт үнсіз тұрып барып: «Мен он бес жылдың алдында жазған бір өлеңімді оқығым келіп тұр» деді. Ол «Үйге оралу» деген өлең еді. Кешті Денис Мари деген АҚШ-тық ақын қыз бен қытайлық Ху Шудуң деген ақын жігіт жүргізді. Менімен құрдас, 3 өлең жинағының, екі аударма, бір сын еңбектің авторы, Бейжіңдегі әдебиеттану иниститутының зерттеушісі Ху Шудуң Цинхай көліне бет алған сапарда менімен бір көлікте болған еді. Сапар барысында ол маған АҚШ-та өткен әдебиетшілердің бір халықаралық форумында өзінің бір қазақстандық жазушы қызбен кезіккенін айтты. Ол қыз Әзірбайжаннан келген жазушыларға мұрнын шүйіре қарапты, үнемі орыстармен бірге болып, орыс тілінде сөйлепті, «қазақ тілінде әдебиет жоқ» депті. Біз ұлтсыздану туралы айтыстық. Ол өткен ғасырдың 30 жылдарында қытайдан шыққан ұлт сатқындарының соңғы тағдыры туралы әңгіме қозғады. Мен біздің Тәуелсіздік алғанымызға көп бола қойған жоқ, құлдықтан құтылу оңай, құлдық санадан құтылу қиын дегендей ой айттым. Сол Ху Шудуң атымды атап шақырғанша, мен біраз уақыт қайсы өлеңімді оқысам болар екен деп екі-ұшты көңіл күйде отырдым. Сербия ақыны С.Мусабекович (Senalin Musabegovic) «Әскердегі бір күн» деген өлеңін оқығаннан кейін барып, мен қытай тілінде аудармасы бар «Иерусалим» атты өлеңді екі тілде оқуға бекідім. Ондағы ойым, дүниенің жотасында тұрып, әлемнің әр түкпірінен келген ақындардың ортасында өзімнің есімде қалатындай өлең оқығым келді.

 Уақыт сағаттың тілімен өлшеніп

Тіршілік тықыршыған,

Мезеттік үрей мен шексіз сапардың уысынан

Сусып,

Жер мен көктің арасында,

Жоқ, емес-ау

Жұрт бір түсіп, бір шығып жатқан

Көше автобусында,

Ашты ол жалтара алмаған өлімнің бетін.

Пара-пара етіп жыртты

Бір тамшы қанды,

Қыраулы қыстың оғынан өртенді.

 

Бір сәби өлді,

Бір сәбидің бодауына.

Шыңырауға домалаған ғасырдың

өксігін естімейсің,

Қыршынынан қиылған жандардың

Елесі шиырлаған жолдан.

Телевизордан

өткенін шимайлап тастаған жандардың

Шыңғырған айғайы мен

Келешектің танылмас жүзін ғана көресің.

Көз жас тасқа тамған тамшы,

Өкініш, қайғы —

Сен де сол сұмдықты көріп отырған

Алты миллиард адамның үнсіз қалған

Біреуісің.

 

Ызыңдап келген шыбын айнаға соғылып

Бағытын өзгертті.

Бір сәт тына қалған дүниеде

Түсінен селт етті де

Мелшиіп тұрған тағдырға сүңгіп кетті.

 Өлеңді оқып болып орныма оралғанымда қасымда отырған қытайдың белгілі аудармашысы, араб тілінен сирия ақыны Адыностың «Мендегі жалғыздық тұнжыраған бақ сияқты» деген өлең жинағын аударған Шуе мырза қолымды алып, құттықтады.

Ана іргесін тұрғызған монастыр

11-тамыз күні алдын ала жоспарланғанындай, Синин қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан 700 жылдық тарихқа ие тибеттіктердің екінші үлкен будханасы (ең ірісі — Тибеттегі «Буддалла сарайы») — «Тарыс» монастырын көруге бардық. Құдайға тәуап ететін үлкенді-кішілі 600 сарайдан тұратын дін ордасының іргетасын әу баста дін жолына түскен ұлын сағынған ана тұрғызыпты. Алыста жүрген ұлы сағынышын жолдаған анасына хат жазып: «Ардақты анам, ұлыңды қатты сағынғаныңды білемін, алайда, жаратушының ниеті бойынша ауыр міндет арқалаған мен жақында қасыңа бара алатын емеспін. Аяулы анам, мені сағынсаң, «ұлым келсе, осындай көлеңке болар еді» деген нетпен бір түп ағаш ек. Сол сенің жалғызсыраған жаныңа серік болсын» деп жазады. Ана ұлының айтқанын орындап үйінің алдына бір түп ағаш егеді. Ағаш мәуелеп өседі. Кейін адамдар тибеттіктердің түсінігіндегі «тірі құдайдың» анасы отырғызған осы ағашты айналдырып құдай үйін салады. «Тарыс» монастыры сарайларының бірінде әлгі ағаштың орны қазір үш жарым тонна күміспен безендіріліп, қоршалып қойыпты. Сенімнің құдыретіне таңқалмай тұра алмайсыз. Монастырдың іші-сыртында тибеттіктер өздерінің дағдылы екі аттап, бір екбеттеп, кеуделерін жерге тигізіп құдайға жалбарынатын дағдыларын жасап жатыр. Қасынан өтіп жатқандарға тіпті назар да аудармайды. Олар үшін бұл қимылдың шегі жоқ екен. Қанша көп жасаса, соншалықты ниет қабыл болады…

Сол күні түстен кейін Синин қаласының орталық алаңында және қалалық кітапханада екі кезек өлең оқу кеші өтті. Бұларға мен тыңдарман еретінде қатыстым. Кеш түсе Цинхай телевизиясы жалпы фестивальге жиналған ақындардың басын қосып «Жер шарына арналған жыр парақтары» деген тақырыптағы арнайы мерекелік концерт ұйымдастырды. Осы басқосуда үшінші кезекті Цинхай көлі халықаралық поэзия фестивалінің салтанатпен жабылғаны жарияланды.

12-тамыз күні біздер қайту сапарына дайындалдық. Бір өкініштісі, фестивальді ұйымдастырушы, белгілі ақын Жеди Мажа мырзаға оңаша кездесіп, алғыс айтып қоюдың реті болмады. Тамыздың қапырық кешінде Үрімшіге қарай ұшқалы тұрған ұшаққа шығып бара жатып Жеди Мажа мырзаның қазаққа қатысты «Бостандық» деген өлеңін ойыма алдым.

 Бір кезде мен дана ақылдың иесінен,

Бостандық деген не? — деп сұрадым.

Данагөй маған ұлық кітаптардан жол нұсқады,

Мен бостандық дегенді содан түсіндім…

 

Бірде Нарат* жайлауының

салқын кеші еді,

Бір жылқы ойқастап жүрді,

үстінде шарап тартып алған

Қазақ жігітін көрдім.

Ол ер үстінде

ұйықтап кеткен сияқты.

 

Рас, данагөй маған

Бостандық дегенді түсіндірді.

Алайда, кім айта алады,

Нарат жайлауында кезіккен

Сол жылқы мен жігіттің қайсысы

Нағыз бостандықта?

*Нарат — Қытайдағы қазақтар шоғырлы тұратын Күнес ауданына қарасты жайлау.

Әсілінде, әлемнің әр түкпірінен ақындарды ауылына шақырып, нағыз парасатты бостандық — поэзия туралы салиқалы кездесу ұйымдастырған тибеттің ақын ұлы қай тұрғыдан болса да құрметпен қарауға лайық жан. Осы ойдың құшағында отырғанда ұшақ Үрімші әуежайына келіп қонды. Мені алда Алматы күтіп тұр еді.

Алматы — Синин — Алматы