«СЕН МАҒАН ЖАТ ЕМЕССIҢ»

«Алматы Ақшамы — 25 жыл!» — «Таңдаулы» кітабынан

 

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

 немессе И.Бродскийдiң қазаққа қатысты өлеңi

XX ғасырдың әдебиетiнде поэзия мен поэзиятануда же­тiстiкке қатар жеткен ақындар саусақпен санарлықтай ғана. И.Бродский әне солардың бiрi. И.Бродский алдымен ақын­дығымен көзге түстi, соңынан сыншы болып танылды, тiптi ақырында ақындығын сыншылығы басып озды. Оны бұ­ған сүйреген дүрбелеңге толы өмiрi мен тағдыры деуге болады.

1972 жылы Кеңес үкiметi көшеде кетiп бара жатқан И.Бродскийдi тарпа бас салып ұстап, ұшаққа салып Венаның мәлiм бiр әуежайына лақтырып жiберген. Содан ол келесi күннiң кешiнде сонда көзi тiрi, ағылшын тiлiнде жазатын даңқы жер жарған ақын У.Аутонның (1907 — 1973) қарсы ал­­дында отырады. У.Аутон оның АҚШ-қа барып табан тiреуi­не жол қарастырады. И.Бродскийдi қолтықтай жүрiп Лондонда өткен қаламгерлердiң халықаралық басқосуына қатысады. Тiлшiлер сонда «әдебиетшiлердiң халықаралық үлкен кездесуiнде У.Аутон жұрттың назарын өзiне емес, қасына ертiп жүрген И.Бродскийге аударды. Сол ортада жұрт көп жұлдыздың iшiнде шолпандай жарқыраған И.Бродскийдi көрдi» деп жазды. У.Аутон онымен қоймай, И.Бродскийдiң жарық көруге тиiс жыр жинағына алғысөз жазбақшы болады (бұған дейiн ол Кеңес одағында айдауда жүрген И.Брод­скийдiң батыс елдерiнде алғаш ағылшын тiлiнде жарық көр­ген жыр кiтабына алғысөз жазған болатын.) Көп жылдардан кейiн осы туралы сөз болғанда И.Бродскийдiң «даңқты ақынның балапан жырдың иесi — менiң өлеңдерiме алғысөз жазып беруi әбестiк болар едi. Сәтiн салғанда мен оған жол бермедiм» деген.

Осылайша У.Аутонның күш сала қолдауы, кеңестiк жүйеге қарсы өнiмдi жұмыс iстей бастаған Батыс дүниесiнiң мұ­рындық болуымен И.Бродский өзi айтқандай «еркiн тыныстайтын ағылшын тiлi мен АҚШ төлқұжатының иесi» болып шыға келедi. Бiраз зерттеушiлер И.Бродский, мiне, осы сәттен бастап сыншы болып қайта туды деп қарайды. Айтса айтқандай, 1972 жылға дейiн ақын жалпы өркениеттер мен мәдениеттер туралы, Батыстың үлкен ақындары, айталық, Т.С.Элиот, Р.Фрост, т.б. туралы арнау өлең жазса, кейiн батысқа барған соң поэзияның тәбиғатына және У.Аутонды қамтыған жоғарыда аты аталған ақындардың шығармашы­лығы туралы терең толғап, атын әлемге танытқан сын мақалалар жазды.

Батысқа барған соң И.Бродский өлеңдерiн көптеген тiлге аудартып жарыққа шығарды. Соның iшiнде ағылшын тiлiнде жарық көрген «Тiлдiң бөлшегi» (A Part of  Speech. 1977ж.) жинағын ерекше атауға болады. Осы кiтап оны ағылшын тiлiнде сөйлейтiн елдерге ақын ретiнде танытты. Кiтапта дәл жинақпен аттас «Тiлдiң бөлшегi» деген өлең бар. Қытай тiлiне аударылған өлеңдi қазақшаласақ былай болып шығады.

«Селеу мен жусанның басын жел сүзген, татарлардың атының тұяғы дүбiрлеген сайын дала, сен маған жат емессiң. Жазылған түктi кiлемдей, көз жеткiсiз көкжиекке дейiн бүр­кел­ген даланың қызғылт реңi, жапырақтар маған өз қанына боял­ған баяғы ханзаданы елестетедi. Жаңбыр төбеден жауған қисапсыз жебедей төгiлуде. Шағын ағаш үйдiң қабырғалары жауында қақырап айрылатындай үн қатады. Қайтқан қаздың гаккуiне үн қосып алтын күз осылайша жас төгедi. Төбедегi терезеден көк аспанға көз тастаймын. Құлағыма баяғының асқақ әуенi келедi. Ол менiң даланы қанға бояған соғысты аңсағаным емес, қайта қазақтар ардақтаған есiмнiң бiр ұлттың ұранына айналған рухтың тамағына тығылғанынан деп бiлгейсiң».

Өлеңнен сайын дала, татарлардың атының дүбiрi, даланың сiркiреген жауыны, қаңқылдаған қаздың үнi («қазақ» деген ат «қаз» деген сөзден келдi деп жатамыз), ақын мақтанышпен ауызға алған қазақтың жұмбақ рухы (ұраны) кезiгедi. Осыдан соң ойға «И.Бродскиймен қазақ байланыса ма?» деген сұрақтың туындайтыны белгiлi. Жоғарыдағы өлең ақын мен қазақтың байланысатынын аңғартады. И.Бродскийдiң өмiрiнен аз хабары бар адам оның Анна Ахматовамен тығыз байланыста болғанын бiлсе керек. Ақын әкелi-балалы Гумилевтердi, олардың еңбектерiн, Орталық Азияның өткен тарихын жақсы бiлген. Одан қалса, И.Бродский 1955 жылы оқудан қол үзгеннен кейiн, бiр мезгiл кен барлаушылардың қатарында жұмыс iстеген, нақтылап айтқанда, уран iздеу­шiлермен бiрге кеңес елiнiң бiраз жерiн шарлап шыққан. Бұл кезең Қаныш Сәтбаевтың қазақ топырағындағы кен байлығын картаға түсiрген кезiне тұспа-тұс келедi. Мүмкiн, И.Бродский жұмыс iстеген топ уран iздеп, бүгiнде осы элемент шығып жатқан бiздiң байтақ Сарыарқаның төсiне де табанын тiреген шығар. Бұған ендi нақты жауапты әдебиет тарихын зерттеушiлер беруге тиiс.

Бiздi ойлантатыны, өлеңнiң ненi меңзегенi болып отыр. Менiңше, өлең дүниенi дүр сiлкiндiрiп, әлемдi бойсындырған Шыңғыс хан және оның ештеңеден қаймықпайтын, тiптi әкесi Шыңғыс ханның өзiнен де ықпаған, түркi тайпа­ларынан құралған жұрттың еңсесiн көтерiп, өз алдына елдiк туын тiккен, екi ғасырдан соң қазақ деген тұтас бiр халыққа мемлекет болуға жол салған Жошы хан туралы айтады. Осыдан кейiн И.Бродскийдiң қазақ даласында болғанына, Жошы ханның күн қақтаған мазарына қарап тұрып, ұлы тарих туралы ойға кеткенiне толық сенесiң. Түп-тамырын, тегiн бағалайтын, содан туындаған бостандық рухы жолында ештеңемен есептесiп жатпаған ханзаданы өлеңге қосу арқылы ақын өз тағдырын, алып империялардың мүддесiнiң алдында қашанда құрбандыққа шалынып кете беретiн кiшi халықтардың тарихындағы әсте ұмытпауға тиiстi ұлылықты жырлаған.  Кеңес қоғамында жасаған еврей ұлты­ның бiр мүшесi ретiнде И.Бродский аз халықтардың тартқан тақсыретiн кiмнен болса да артық бiлдi. «Мен 7 жасымда өзiмнiң еврей екенiмдi сездiм. Сабақтастарым сездiрдi» деп жазады ақын. Өзiнiң «өзге» екенiн сезгеннен кейiн көп адамдар барын салып осы «өзге» болудан құтылудың жолын iздейдi. Кеңес қоғамында басым сандағы еврейлер де, қазақтар да, басқалар да солай iстеген (Баяғы Ф.Фанон айтқан «қазiр, мен барлық жағынан ақ тәндi сияқты сауаттымын, шiркiн, терiм ақ болып қалсашы!» деп ауырып қалатын көңiл-күй). Алайда, И.Бродский жоғарыдағы түсiнiктен мүлде басқаша көзқарас ұстанады. Күштiлердiң алдында бүгежек­теме, қайта өзiңнiң «өзге» екенiңдi сезiн, бүгiнге дейiн қаныңда ойнаған рухыңды, тегiңдi ұмытпа, сонымен мақтана бiл дейдi ол. Бұл ойынан И.Бродский, тiптi АҚШ-та өмiр сүрiп, еркiндiкке шыққаннан кейiн де айнымаған. Содан да болар, ол өзiнiң ағылшын тiлiнде жарыққа шыққан ең таңдаулы жыр жинағына жоғарыдағы өлеңнiң тақырыбын берген.

 P.S.   И.Бродский тiл — рухтың тылсым мекенi, поэзияның құдыретi сонда жасырынған деп қараған. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыдағы өлеңнiң тақырыбын «Рухымның бiр бөлшегi» деп түсiнген дұрыс. 1987 жылы «Адам мен ол жасаған қоғамдық ортаның қақтығысы дәуiрiнде эстетикалық талғам мен моральдық құндылықтың таразысын шайқалтпай ұстап, өз дәуiрiнiң тарихи болмысын поэзия құдыретiмен кең пiшiп, терең толғап, жерiне жете көрсеткенi үшiн» И.Бродскийге  Нобель сыйлығы берiлдi. Өкiнiштiсi, бостандық пен адамға тән ар-намысты бәрiнен жоғары қоятын асау жүректi ақын 56 жасында кенеттен жүрек талмасынан АҚШ-та өмiрден озды. 28 қаңтар – ақынның туған күнi.