ИНСУЛЬТКЕ ИIЛМЕГЕН

«Алматы Ақшамы — 25 жыл!» — «Таңдаулы» кітабынан

 

Роза ӘРЕН

тұла бойы тектiлiкке тұнып тұрған қазақтың ұлы дирижерi Шамғон Қажығалиев халқының тiлеуiн тiлеп жатады, тiлеп оянады

 Бүгiнде бүкiл әлем американдық әншi Уитни Хьюстон өмiрден өттi деп қайғыдан қара жамылып отыр. Санап отыр­сам, әншi осы күнге дейiн 415 марапатқа ие болып, «Гиннестiң рекордтар кiтабына» енiп үлгерген екен…

Кейде ойлаймын, егер қазақтың өнер қайраткерлерiнiң ел мәдениетiне қосқан өлшеусiз үлесiн, елеулi еңбектерiн сана­малап келiп, мұқият жинайтын болсақ, әлгi ғажап жетiс­тiктердi тiзетiн ғажайып кiтапқа сөзсiз енетiн тұлғаларымыз көп-ау деп. Мәселен, мен бүгiн сөз еткелi отырған тұлғаның бүкiл ғұмыр жолында жиған атақ-абыройы мен дүние жүзiн шарлап кеткен даңқы кiм-кiмдi бей-жай қалдырмайтынына сенiмiм кәмiл. Өйткенi, ол — бiр оркестрдi жарты ғасырға жуық, яғни, 41 жыл басқарып, бүкiл әлемдi аралаған, аса дарынды шәкiрттердi тәрбиелеп шығарған тұлға.

Шамғон Сағадинұлы туралы жазарда тосылыңқырап ұзақ отырдым. Өйткенi, ол кiсi туралы жылы лебiз бiлдiрiп, жа­ғымды пiкiр айтпаған адам аз, өзi туралы жазылған мақалалар мен кiтаптар да жетерлiк. Бұрын-соңды айтылып кеткен пi­кiр­­лерден асырып бiрдеңе жазамын десем, мұнымның күпiрлiк болатынын iшiм сезедi. Тағы бiр себеп, Шамғон Сағадинұлы – аңыз адам. Бүгiнде арамызда отырған көзi тiрi аңыз адамдардың бiрi де бiрегейi. Маған,тiптi, ол жетпеген биiк, ол бағындырмаған белес жоқтай көрiнедi. Дирижердiң жарымен сұхбаттасқанда, «Япыр-ау, осыншалықты жанкештi өнер адамдары да болады екен-ау» деп таңқалдым. Дири­жердiң бiрнеше мәрте инсульт алғаннан кейiн де пультке көтерiлiп, оркестрдi басқарғандағы жанкештiлiгiн, ерлiгiн айтамын да.

Мейлi, ол өнер ошағында жүрсiн, мейлi, саясат сахнасында жүрсiн, өмiр бойы халықтың көз алдында жүрген атпал азаматтар көрiнбей кетсе, елеңдеп iздеймiз. Тiптi, халық сол кiсiлердiң сахнада мәңгiлiк жүре бергенiн тiлейдi де. Тұла бойына жоғары кәсiби бiлiк пен тәжiрибе, парасат пен пайым жиған шын мәнiнде зиялы ұл-қыздардың өзiнiң емес, ұлтының мүддесiне еңбек ететiнi де белгiлi. Ал, тарихты осындай үлкен дүниетанымның иелерi жасайды.

Сексеннен асқанша оркестр пультiнде тiкесiнен-тiк тұрып қызмет еткен маэстро, ұлтымыздың тұңғыш кәсiби дирижерiнiң бүгiнгi күйiн көрмекке, аз да болса сөзге тартып, тiлдеспекке бел будық. Қазiр Шамғон Қажығалиев бесiншi мәрте соққан микроинсульттен кейiн үйде ем қабылдап жатыр екен. Қан қысымының күрт жоғарылап, қайта соққан инсульттiң әсерiнен кейiн қазiр дирижердiң ел-жұртпен тiлдесуi қиындап қалыпты, бiзге ол кiсiнiң жарымен сұхбаттасудың сәтi түстi. Әйтсе де, Шамғон Сағадинұлы әлi де өз бабында, теледидардан елде болып жатқан жаңалық­тарды қалт жiбермей тыңдап, концерттердi тамашалап отырады. Ара-тұра жақындарының сүйемелдеуiмен орталық концерт залдарында өтетiн концерттерге, кештерге барады. Мәселен, дирижер былтыр қазан айында өзiнiң сүткенжесi Нарынның Жамбыл атындағы мемлекеттiк филармониясында берген жеке концертiн тамашалады. Осы ретте мына бiр жайт есiме түсiп отыр. Қаңтар айында әйгiлi боксшы Мұхаммед Әли 70 жасқа келдi. 40 жасында қатерлi ауруға шалдыққалы берi көпшiлiктiң назарынан қашқақтайтын боксшы мерей­тойында қалт-құлт етiп сахнаға шығып, өзiн құттықтаған қауымға қол бұлғап, ишара көрсеттi. Ал, ол жаста Шамғон Саға­динұлы тым ширақ, тың қалыпта болды, тiптi дирижер­дiң жетпiске таяған шағында оның шаңырағында атұстар сәби өмiрге келген-дi. Музыканттың жары Жаңылсын апай ол кiсiнiң сәл ауырып қалмағанда әлi де көп идеяларды жүзеге асырып, сахнада жүре бермек ниетте болғандығын айтады. Иә, әрине, көңiлi мәңгi көктем боп жүретiн өнер майталмандары үшiн 80-85 жас деген не, тәйiрi? Мәселен, әйгiлi итальяндық дирижер А.Тосканини өзiнiң 70 жылдық дирижерлiк қызметiнде бiрнеше жыл қатарынан бiрнеше оркестрдi басқарды. Сондай-ақ, бiзге оның 70 жасында АҚШ-тың ұлттық радиосының оркестрiне бас дирижер болып тағайындалып, 17 жыл еңбек еткенi де мәлiм. Дирижер Г.Караян да 80 жасқа дейiн қатарынан бiрнеше оркестрге жетекшiлiк етiп келген. Көрнектi немiс дирижерi В.Фуртвенглер өзi отыз жылдай басқарған Берлин филар­мониялық оркестрiнен кеткеннен кейiн, 66 жасында оған сол оркестрдiң «өмiрлiк бас дирижерi» атағы берiлiптi. Мiне, нағыз көрсеткiш, нәтижелi еңбектiң ғұмыры!

 66 жасында кенжесi Нарын дүниеге келдi

 Егер, Шамғон Қажығалиевтiң өмiр жолындағы деректердi сөйлетiп, оларға мұқият зер салар болсақ, ерiксiз таңдай қа­ғуы­мызға тура келер едi. Бес жасында әке-шешесiнен бiрдей айрылып, тұл жетiм атанды. 4-сыныпта оқып жүрiп-ақ, облыстық олимпиадада домбырашылық өнерден топ жарды. 23 жасында Құрманғазы оркестрiнiң бас дирижерлiк қызметiне бекiтiлiп, ұжымды 41 жыл қатарынан абыройлы басқарды. Консерваторияның Халық аспаптары факульте­тiнде «Оркестр дирижерлiгi» кафедрасының ашылуына атсалысып, сол кафедраға 20 жыл жетекшiлiк еттi. 100-ден астам арнайы дирижерлiк мамандық алған студенттер мен аспиранттарды алдынан өткiздi. Өзiнiң 50, 60, 70, 80 жылдық мерейтойларын ел ағаларының қолдауымен, халықтың үлкен қошеметiмен киелi сахнада өткiздi. Халық аспаптар оркес­трiне арнап 200-ге тарта туындыны қайта өңдеп шығарып, Ахмет Жұбановтың шығармашылығын зерттей отырып, 20-ға жуық күйдi қайта жаңғыртты. 66 жасында кенжесi Нарын дүниеге келдi. Сексеннен асып, сәл ауырыңқырап қалған шағында да пультке қайта тұрды…

Әуелгiде домбыра, балалайка, мандолина, скрипка аспаптарында ойнап келген өнерпаз титтей ғана таяқшаның өзiнiң өмiрiне үлкен өзгерiс енгiзетiнiн бiлмеген-дi. 1963 жылы француз дирижерi Шарль Мюнштiң өнерiн тамашалаған Шамғон Сағадинұлы өзiнiң қойын дәптерiне бiрегей музыканттың «Дирижерлiк – ол, тiптi де мамандық емес, бiрақ киелi бейiмдiлiк, кейде өнер құдыретiне құл­шылық, тiптi ол – ауру, одан тек ажал ғана құтқарады» деген сөзiн жазып алады. Рас, кейде адамдардың дирижерлiктi өзге өнермен шатастырып жататыны бар. Ертеректе Шамғон Сағадинұлы да «Кейбiр шенеунiктер менi композитор деп қабылдайды. Мен композитор емеспiн, дирижермiн» деп ренiш бiлдiрген екен. Бұл – композиторлық та, басқа да емес, тұтас бiр оркестрдi иемдену бақытына мүмкiндiк беретiн, пәленбай мың адам жиналған залда бiр сәтте сiлтiдей тыныштық орнататын құзiретi бар, ал, келесi бiр секөнтте тыңдарманды нажағай ойнатып, дауыл тұрғандай әсерге бөлейтiн құдыреттi өнер. Былайғы кезде «ашса – алақанында, жұмса — жұдырығында» деген тұрақты сөз тiркесi құлаққа түрпiдей тиюi мүмкiн. Бiрақ, оркестрдi уысында ұстап, көз­қараспен, саусақтың қимылымен-ақ үлкен ұжымды бағындыратын өнер иелерiне дәл осы тұрақты тiркес әдемi теңеу болатын секiлдi. Дирижерлiк – расымен де оркестрдi ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын құзыретке ие ерекше мамандық.

 Менменсiген мсьелердi тәубесiне келтiрген күй құдыретi

 Құрманғазы оркестрiмен күллi әлемдi шарлап концерт қойған дирижердiң бағындырмаған сахнасы жоқ. Қытай көсемi Мао Цзэдунның алдында өнер көрсетiп, оған қазақтың қара қобызын сыйға тартқан, А.Долуханян, З.Хакназаров, Б.Ерзакович, А.Мирошниченко секiлдi әрiптестерiнiң жоға­ры бағасына ие болған музыкантты осы деңгейге жеткiзген оның принципшiлдiгi, талапшыл қасиетi едi. Көп жерде Шамғон Сағадинұлының соңғы күшi сарқылғанша талмай өнер көрсетуiне оның намысшылдығы, отансүйгiш қасиетi жол ашып беретiн. Ақсүйек ортаның алыстағы елеусiздеу елден келген өнерпаздарға мұрнын шүйiре қарайтын  әдетi емес пе?! 1975 жылы Францияның Орлеан қаласында өткен концертте тәкаппар көрермен алғашқыда сырт киiмдерiн шешпей, ешкiмдi менсiнбей, шалқайып отырады. Алдымен жұқа ұлттық киiммен тоңып әрi толқып отырған Құрманғазы оркестрiнiң әртiстерi «Сарыарқаны» тартып, бишiлер «Кармендi» билейдi. Залдағылар қол соқпай, сызданып отыра бередi. Бұл бiздiң өнерпаздардың намысына тиедi. «Музыканы түсiнбейтiн бейшаралар» деп, ендi бiз оларға менсiнбей қарадық. Өзiмiз үшiн, өнердiң құрметi үшiн ойнадық. Залда адам бар-ау демедiк. Бiраз уақыттан кейiн әр жерде қол соғыла бастады. Бiр сағаттан кейiн қол соғу жиiледi. Бiр жарым сағат болғанда қолдарын ұрып, аяқтарын дүрсiлдеттi. Концерттiң соңында киiмдерiн шешiп тастап, орындарынан тұрып қол соқты. Оркестрдiң өнерi менменсiген мырзаларды тәубесiне келтiрдi. Соңынан өздерi келiп, қолымызды қысып, бастарын идi. Сөйтiп, тәкаппар банкир мырзаларды өнердiң күшiмен бағындырғанбыз» дейдi дирижердiң өзi.

Тiлеуғазы Бейсембек жазған «Шамғон Қажығалиев» және Тихон Әлiпқали құрастырған «Шамғон шыңы» кiтаптарында дирижердiң өмiр жолы, Құрманғазы оркестрiн әлемдiк деңгейге көтеру үшiн жасаған қажырлы еңбегi, өзiмен етене араласқан өнер адамдарының пiкiрi, жалпы алғанда, Шамғон Сағадинұлының ғасырға жуық уақыт iшiнде жеткен жетiстiк­терi жан-жақты баяндалған. Әдетте, кей тұлғалар туралы кiтаптарға сол кiсiлердiң шыққан тегiн, ата-бабасын тәптiш­теп тұрып тiзедi ғой. Ал, дирижер хақындағы кiтаптан ондайды көрмейсiз, оркестрдiң отырысын бейнелейтiн кесте, схема, ноталары, оркестр аспаптарының диапазондары мен күйлерi… Әлi күнге дейiн қолынан партитурасын тастамайтын бiрегей музыканттың өнерге деген адалдығы осы жерде тағы да аңғарылады.

Шамғон Сағадинұлының ұстаздық қызметi туралы да ұзақ жазуға болады. Дирижердiң шәкiрттерiнiң барлығы халыққа белгiлi тұлға болып танылды. Ауылшаруашылық институтын­да оқып жүрген жерiнен өзi консерваторияға жетелеп алып келген, марқұм, дәулескер күйшi Қаршыға Ахмедияровтың өзi қандай алғыр шәкiрт болды! Әйгiлi композитор Еркеғали Рахмадиев те өзiн Шамғон Сағадинұлының шәкiртi деп санайды. «Мен 1949-52-жылдары Қали Жантiлеуовтен  күй үйренiп, дәрiс алып жүрсем де, нотамен домбыра тартуды Шәкеңнен үйрендiм. Сондықтан өзiмдi оның шәкiртiмiн деп айта аламын. Оған мен қуанбасам, өзiмдi төмен санамаймын» дейдi композитор. Сондай-ақ, опера дирижерi Тұрғыт Османов Қажығалиев хақында айтқан бiр пiкiрiнде: «Музы­канттардың «мен Қажығалиевта iстеймiн» деген сөзi «мен Мравинскийде iстеймiн» дегенмен пара-пар болатын» дейдi.

Осы ретте дирижердiң iзiн басып келе жатқан шәкiртiнiң пiкiрiн назарларыңызға ұсына кетсек.

 Жалғасбек БЕГЕНДIКОВ,

Құрманғазы атындағы Қазақ мем­лекеттiк академиялық ұлт аспаптар оркестрiнiң дирижерi

 Шамғон Сағадинұлы – мен үшiн идеал тұлға

 Шамғон Сағадинұлының ең жақын шәкiрттерiнiң бiрiмiн. Қазiр ұстазымның iсiн ары қарай жалғастырып, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрiнiң тiзгiнiн алып келе жатырмын. Шамғон Қажығалиевтiң түркi әлемiндегi, қазақ өнерiндегi орны ерекше. Өзi басқарған жылдар iшiнде Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрi өнердiң шырқау биiгiне көтерiлдi. Оркестрдi Шәкеңе дейiн де, одан кейiн де көптеген дирижерлер басқарды. Десе де, ұжымды әлемдiк деңгейге көтеру жолында талмай еңбек еткен бiрден-бiр азамат – менiң ұстазым. Кеңес Одағы тұсындағы ең үздiк оркестр­лер үштiгiне В.В.Андреев атындағы оркестр (бұрынғы им­ператорлық оркестр), Осипов атындағы орыс халық аспаптар оркестрi және Құрманғазы атындағы оркестр кiрдi. Академиялық деген мәртебеге оркестр Шәкең басқарған тұс­та қол жеткiздi. Оркестр қазақтың iнжу-маржан күйлерiнен басқа, қазақ композиторларының шығармаларын, Еуропаның елдi елең еткiзген классикалық шығармаларын ойнап, бүкiл Кеңес Одағына танымал болды.

Шамғон Сағадинұлы – қазақ дирижерлiк мектебiнiң флагманы. Дирижерлiк мамандықты тәмәмдаған консервато­рияның алғашқы түлегi де өзi. Егер қазiр Шамғон Сағадин­ұлының өзiмен тiлдесетiн мүмкiндiгiңiз болғанда, ол кiсiнiң тәртiбi мықты кеңестiк мектептен өткен жоғары кәсiби дирижер екендiгiне, өте зиялы, iшкi мәдениетi бай, тектi адам екендiгiне көз жеткiзер едiңiз. Қазақ және орыс тiлдерiнде майын тамызып, шешен сөйлегенiне қарап, таңқалар едiңiз. Ұстазым – мен үшiн идеал тұлға. Бұрын консерваторияда оқып жүрген кезiмiзде ұстазымызға барынша елiктейтiн едiк. Елiктегенде де, өз ықтиярымызбен емес, ерiксiз елiктейтiнбiз. Себебi, ол кiсiнiң өзiн-өзi ұстауы, сөйлеу мәнерi, пультте тұр­ғандағы күйi, киiм киiсi, бәрi-бәрi өзiне керемет жарасымды едi.

Ұстазым, бұйырса, биыл 15-маусымда 85 жасқа толғалы отыр. Соған байланысты қазiр бiздiң ұжым қызу дайындықты бастап кеттi. Халық өзiнiң зиялы ұл-қыздары көз алдында мәңгiлiк жүргенiн қалайды ғой. Ұстазыма мықты денсаулық тiлегiм келедi.

 Жаңылсын ҚАЖЫҒАЛИЕВА,

Шамғон Қажығалиевтiң жұбайы:

 Ауқымды жобасының аяқсыз қалғаны Шәкеңнiң жанына қатты батты

 Жаңылсын апай, Шамғон Сағадинұлының қазiргi хал-жайын бiлiп, амандық сұрасқалы келiп отырмыз…

— Ниеттерiңiзге рахмет! Шамғон Сағадинұлы қазiр үй жағдайында ем қабылдап жатыр, денсаулығы бiрқалыпты. Бiрақ, әлi де қызметте, өзi 41 жыл басқарған Құрманғазы атын­­дағы ұлт аспаптар оркестрiнде бас кеңесшi болып қызмет атқарады. Жаз айына дейiн ұжымға барып тұрды, қазiр денсаулығына байланысты үйде емдетiп жатырмыз. Құр­манғазы атындағы оркестр Шәкеңнiң үйi десек те болады. Кiшкене ауырыңқырап қалғаннан берi өзiнiң осы ұжымда қызмет iстейтiн шәкiрттерi жиi-жиi хабарласып, хал-жағдайын бiлiп тұрады. Шәкең былтыр мамыр айында ин­сульт алған болатын, содан берi адамдармен тiлдесуi қиындап кеттi. Шәкеңдi ел-жұрт көп жиналатын кештерге, концерт­терге апару өзiне қиын тиедi. Өйткенi, өзiңiз бiлесiз, қан қысымы деген құбылмалы нәрсе, ұдайы бiр көтерiлiп, бiр төмендеп отырады. Бiрақ, үй iшiнде өзi жүрiп-тұра алады.

Мен бiлсем, Шамғон Сағадинұлы бұдан бұрын да инсульт алды ғой?

 — Иә. 1998 жылы Астананың тұсаукесерiне дайындық кезiнде Шәкеңе барлық оркестрлердi басқару мiндетi жүктелдi. Шiлiңгiр ыстықта шектен тыс жұмыс iстегендiктен болар, Шәкеңнiң қан қысымы көтерiлiп, сол кезде алғаш рет инсульт алды. Денесiнiң оң жақ бөлiгi жансызданып қалды. 2002 жылы Қытайға барып емделiп келгеннен кейiн Шәкең пультке қайта тұрды, оркестрмен концерт бердi. Одан кейiн Астанадағы Конгресс-холда Қарағанды күндерi өттi. Сол кезде концерттегi барлық бөлiмдi Шәкең өзi басқарып шықты. Өзi ауырып жүрсе де, сол кеште бұрын-соңды ойнамаған Листтiң  №2 рапсодиясын жұртшылыққа ұсынды. Былтыр мамыр айында инсульт қайталанғанға дейiн сахнаға шығып келдi.

Жұбайыңыздың орындалмай қалған, жұртшылыққа ұсынылмай, аяқсыз қалған жобалары бар ма?

— Шәкеңдер күнделiктi күйбең тiрлiктi емес, мемлекеттiк тұрғыда ойлайтын дүниетанымы, парасаты биiк адамдар ғой. Ол кiсi елорда Астана қаласына көшкеннен кейiн Прези­денттiң қабылдауында болды. Шәкеңнiң көздегенi үлкен Еуразиялық оркестр құру болатын. Болашақта құрылатын оркестрдiң жобасы, сметасы, тiптi, қажеттi аспаптарына дейiн есептеп жазып, жоспарын Елбасының алдында жайып салған едi. Шәкең өзiнiң идеясымен бөлiскенде, Нұрсұлтан Әбiшұлы оған қолдау бiлдiрген-дi. Бiрақ, кейiн ол iс белгiсiз себептермен жүзеге аспай қалды. Шенеунiктер мұндай жауапты шаруа жұбайымның денсаулығына салмақ түсiредi дедi ме екен, әйтеуiр, сол мақсат орындалмады. Ауқымды жобасының аяқсыз қалғаны Шәкеңе қатты батты.

 Шәкеңнiң бетiне тура қарап сөйлеуге именетiнбiз

 — Шамғон Сағадинұлының бiрегей өнер майталмандарымен үзеңгi қағыстырып, қатар жүргенiн бiлемiз. Өзi араласқан өнер адамдарымен қарым-қатынасы туралы айтып берiңiзшi.

— Шәкең — сырт көзге талапшыл көрiнгенiмен, жаны өте нәзiк адам. Өзi ауырған кезде оған жанында жүрген жайсаң жандардың өмiрден озғанын кейiнiрек естiртiп отырдық. Өйткенi, Қаршыға Ахмедияров сияқты қимас жандардың дүниеден өткенi туралы хабарды есту Шәкеңе оңай тимедi.

Шәкеңнiң өнерде жүрген жандардың барлығымен сәлемi түзу болатын. Көптеген қайраткерлермен қоян-қолтық араласып, жақсы дос болды. Нұрғиса Тiлендиев ағамызбен, оның отбасымен жақын араластық. Нұрғиса аға Шәкеңнiң бiтiм-болмысын өте жоғары бағалайтын. Қазақ өнерiн қайтсек те әлемге танытамыз деп тынбай еңбек еткен де осы кiсiлер едi. Кей кезде осы Нұрғиса Тiлендиев, Фуат Мансұров, Шәкең сияқты бiлiктi маман, озық ой иелерiн қазiргi жастармен салыстырамын. Бүгiнгi жастар өте сауатты, бiрақ, олардың бәрi де жаңаша ойлайды.

Жұбайыңыздың шәкiрттерi ол кiсiнiң жұмыс барысында өте талапшыл адам болғандығын жазады.

— Оркестрдi табан аудармай 41 жыл басқару үшiн адам қандай болуы керек деп ойлайсыз? Шәкең өте талапшыл басшы болды. Сенесiз бе, ол кiсi iске кiрiскенде залда шыбынның ызыңы естiлмейтiн. Ахмет Жұбановтың көрегендiгi ғой, шәкiртiнен мықты дирижер шығатынын сезiп, өзiнiң таяқшасын сенiп тапсырғаны. Жұмыс барысында Шәкеңнiң бетiне тура қарап сөйлеуге именетiнбiз. Талапшылдығында шек жоқ болатын. Бiрақ, ол кiсiнiң үйде өте жайлы, жұмсақ адам екенiн көрiп алғашында таңқалдым. Түздегi жұмысын, мiнезiн үйге алып келмейтiн қасиетi бiзге ұнайды. Шәкең көп сөздi жек көредi, үйде бiресе кiтаптарын, бiресе партитураларын құшақтап, тыныштықта жұмыс iстегендi жақсы көретiн. Балаларға деген махаббаты ерекше. Қазiр балаларының бәрi үйлi-баранды, барлығы дерлiк музыкант. Сүткенжесi Нарынды өте қатты еркелетедi, өзi ауырып қалған кезде «Балам әлi кiшкентай» деп қатты уайымдады. Аллаға шүкiр, ұлымыз жақсы пианист боп өсiп келедi.

 Шәкең екеумiздiң жас айырмашылығымыз – 35 жас 

Сүткенжесi демекшi, Нарын Шамғон Сағадинұлының 66 жасында дүниеге келген екен. Сiздер отбасын қашан құрдыңыздар? Ол кiсiнiң алғашқы жанұясымен араласып тұрасыздар ма?

 — Бiз 1991 жылы отбасын құрдық. Шәкеңнiң менен 35 жас үлкендiгi бар. Мен осы кiсiге тұрмысқа шығамын деген­де, шешiмiмдi жақтаушылар да, маған қарсы шыққандар да болды. Тағдыр ғой, өзiмнiң жүрек қалауым бойынша Шәкеңе тұр­мыс­қа шықтым. Осындай үлкен тұлғаның жары, Нарындай дарынды ұлдың анасы болғаным үшiн тәубе деймiн. Шәкең жетiмдер үйiнде өскенiмен, өмiр бойы өзiн-өзi тәрбиелеген адам. Ол кiсiнiң қас-қабағына қарап, ойын­дағы нәрсесiн айтқызбай бiлу, үйдегi тәртiп пен тазалықты қадағалау маған үлкен жауапкершiлiктi жүктедi. Ал, ұлымыз Нарын 1993 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келдi. 6 жасынан бастап, фортепиано үйiрмесiне қатыса бастады. Бұйырса, биыл Күләш Байсейiтова атындағы музыка мек­тебiн тәмәмдайды. Нарын қазан айында Жамбыл атындағы филар­монияда симфониялық оркестрдiң сүйемелдеуiмен Рахма­ниновтың №2 концертiнiң үш бөлiмiн ойнап шықты. Ұлының жеке концертiн әкесi марқайып отырып көрдi.

Шәкеңнiң алғашқы зайыбы осыдан екi-үш жыл бұрын дүние салды. Үлкен ұлы Тiлестiң әкесiне жете туған үлкен талант иесi болғанын бүкiл ел бiледi. Өкiнiшке қарай, ол кiсi өмiрден ерте озды. Шәкеңнiң екi қызы тiл маманы, ал, Ақмарал есiмдi қызы фортепиано класын бiтiрген. Қазiр балалармен қоян-қолтық араласып тұрамыз.

Жұбайыңыздың талапшыл басшы, шебер музыкант екендiгiне қанықпыз. Ол кiсi сахнадан тыс жерлерде өзiн қалай ұстайды? Жалпы, Шамғон Сағадинұлы қандай адам?

Шәкең — өзiн-өзi қатты күткен кiсi. Былапыттап тамақ iшкендi бұрыннан жек көредi, уақытымен тынығады. Үйде тәртiптiң болғанын қалайды. Өзiнiң барлық iс-әрекетiнен мәдениеттiлiгi көрiнiп тұрады. Ал, өнер жолындағы жанкештiлiгi өз алдына бөлек әңгiме. Кейде маған қазiргi жастарға Шамғон Сағадинұлы сияқты азаматтардың бiлiктiлiгi, терең тәжiрибесi, музыкалық сауаттылығы, бай­қам­­паздық, көрегендiлiк сияқты ерекше қасиеттерi жетiспей­тiндей көрiнедi. Әрине, қазiргi жастардың кез-келген техно­логияны ұршықша иiрiп әкете алатын алғырлығына ешкiм шүбә келтiрмейдi. Бiрақ, олар Шәкеңдер сияқты кеңестiк мектептердiң темiрдей тәртiбiн, бiрiнен бiрi өткен ұлағатты ұстаздардың алдын көрген жоқ қой.

Қазақ халқының тарихын өте жақсы бiлетiн адамдардың бiрi менiң жұбайым деп ойлаймын. Әсiресе, баспадан кейiнгi жылдары шыққан ел тарихына қатысты кiтаптардың бiрiн қалдырмай оқып шықты. Мәселен, Шәкеңнiң Елбасы жазған «Ғасырлар тоғысында» атты кiтабын мұқият оқып, онда ай­тыл­ған ойлар мен идеяларға жан-жақты баға берiп, талдағаны есiмде қалыпты. Қазiр Шәкеңнiң кiтап қарауға онша мүмкiндiгi жоқ, теледидардан жаңалықтарды тыңдайды. Бiрге отырып бұрынғы бейнетаспаларды, концерттердi қараймыз.

Шәкең көптеген әдемi естелiктердi, әсерлi әңгiмелерiн жиi айтып отыратын. Кезiнде кейiн жазып аламын деп салғырт қарап жүре берiппiн. Қазiр ол кiсiнiң сөйлеуi қиындағаннан кейiн, басынан кешкен қызықты оқиғаларын неге қағазға түсiрiп алмадым екен деп өкiнiп жүрмiн.

—     Әңгiмеңiзге рахмет!

 Тобықтай түйiн:

 Дирижердiң жарымен сұхбаттасқаннан кейiн жоғарыда жазған Мұхаммед Әли қайта ойға оралып отыр. 70 жылдық мерейтойында боксшы өзiне «Қазiргi боксқа не жетiспейдi деп ойлайсыз?» деп тықылдап сұрақ қойған тiлшiге «Бүгiнгi боксқа Мұхаммед Әли жетiспейдi» деп жауап берген екен. Расында, тұтас бiр ұлттың өнерiн, спортын, ағартушылық және басқа да салаларын алға сүйреп, өзiндiк мектебiн қалыптастырған тұлғалардың орны қашанда ерекшеленiп тұрады емес пе?! Немiс ақыны Анастазиус Грюн «Өнердi әркiм сүйедi, ал оны жасайтын таңдаулылар ғана» дептi. Ендеше, Шамғон Қажығалиевтiң сондай таңдаулылардың бiрi, қазақтың маңдайына бiткен бiртуар талант-тағдырдың иесi екендiгiне ешкiм де шек келтiрмейдi. Атпал азаматтың ел алдында аман-сау жүре беруiне «Алматы Ақшамы» да тiлекшi.