ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҮНIНЕ АЙНАЛҒАН

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын алып жатқан жазиралы бел мен айдынды көл, асқар таулар мен майсалы жер – қазақ халқының әлiмсақтан келе жатқан құтты қонысы, мерейлi мекенi. Осынау ұлан-ғайыр даланың иелерiн асқақ әнiмен оятып, күмбiрлi күйiмен дамылдатқан Қазақ радиосына – тоқсан жыл толып отыр.

Радио – дәуiр үнi, замана дауысы, қоғамның жүрек лүпiлi. Ғасырға таяу тарихы бар Қазақ радиосы талай «тар жол, тайғақ кешулердiң», талай сүреңсiз кезеңдердiң куәсi болды. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргiн, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейiнгi қалпына келтiру жұмыстары, тың игеру, тоқырау, қайта құру, Желтоқсан көтерiлiсi… Соңғы 20 жылдағы Қазақстанның Тәуелсiздiгi, бәрi-бәрi Қазақ радиосының назарынан, ондағы қаламгерлердiң қаламынан тыс қалған жоқ.

90 жылдың қойнауында қаншама азаматтар елiмiздегi өнердiң және руханияттың қара шаңырағы атанған Қазақ радиосында еңбек ете жүрiп, оның iргетасын қаласты. Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Бақытжан Байқадамов, Ермек Серкебаев, Суат Әбусейiтов, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева, Ескендiр Хасанғалиев, Лаки Кесоглу сияқты композиторлар мен әншi-дирижерлердiң, Әнуарбек Байжанбаев, Мырзабек Қуатбеков, Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, т.б. әйгiлi дикторлардың күн-түн қатқан еңбектерi, құлақ құрышын қандырған дауыстары мен қоңыр үндерi әлi күнге елдiң жадында, құлағында.

Мақсұтбек Майшекин, Абай ?тегенов, Мадрид Рысбеков, Iлия Жақанов, Игорь Бобряшов, Оразбек Бодықов, Қасымхан Ерсарин, Дүйсенбек Қанатбаев, Құсман Игiсiнов, Төрехан Тасболатов, Дiнәш Нұрмұхаммед, Мұқай Байсейiтов, Жолымбет Кейкелов және тағы да басқа ел ықыласына бөленген ардагер журналистердiң отандық радионың дамуына сiңiрген еңбегi ерекше.

Еркiндiктiң таңы атып, еңселi ел атанған соң Қазақ радиосы елi үшiн аянбай еңбек ететiн, қазақ халқының салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы, тiлi, дiнi, өнерi, әдебиетi мен мәдениетi жайында көл-көсiр әңгiме айта алатын нағыз ұлтжанды ақпарат құралына айналды. Бүгiнде Қазақ радиосының бағдарламалары елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне тарап, өз тыңдармандарымен тамырластығын нығайта түскен. Қазақ радиосы халықаралык Интернет жүйесiне шықты. Соның нәтижесiнде дүние жүзiне, соның iшiнде Қытай, Монғолия, Түркия елдерiне және Қырғызстан мен ?збекстан Республикаларына радио хабарларын таратуға мүмкiндiк туып отыр. Бұл сол елдердегi қазақ диаспорасына арнап радиохабарларын беруге де жол ашты.

«4-студия күнделiгi»,«Тәуелсiздiк жолымен», «Қа- зақстан тоғысында», «Парламент күнделiгi», «Тәуелсiздiк жолымен», «Көзқарас», «Ғасырлар тоғысында», «Дөң- геленген дүние», «Көкейкестi сұхбат», «Ғибрат», «Парасат», «Көңiл ашар», «Ән шашу», «Армандастар» айдарларымен түрлi хабарлар ұйымдастырылып келедi.

«Қайырлы таң, қазақ елiө», «Ислам құндылықтары», «Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм», «Тәуелсiздiк тағылымы», «Кеш жарық, балақай», «Отандық өнiм» хабарлары жас ұрпаққа ислам дiнiнiң тарихын, мұсылман баласының өмiрiнде алатын орны мен қағидаларын үйрету, елiмiзде өмiр сүрiп жатқан өзге ұлт өкiлдерiне шұрайлы қазақ тiлiнiң шырынын сезiндiру, Қазақстан атты қасиеттi Отанымызды қастерлеп-құрметтеуге тәрбиелеу, бүгiнгi ұрпаққа Тәуел- сiздiктiң маңызы мен қадiр-қасиетiн сезiндiру, Елбасының индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында табысқа жеткен отандық өндiрушiлер туралы, өндiрiс ошақтарының, кәсiпорындардың жай-күйi жайында жан-жақты насихаттауды жүзеге асырып жүр. Сол сияқты «Жол картасы», «Парыз», «Тұлға», «Қаламгер», «Iнжу-маржан», «Наридiрген, «Айдында жүзген ай сәуле» хабарларының да көтерiп отырған жүгi ауыр, маңызды дүниелер.

Республика халқын қамту аумағы бойынша Қазақ радиосы бiрiншi орында тұр. Қазақ радиосының Бiрiншi бағдарламасын ел халқының 88,74ө-ы, «Шалқар» радио сын 62,04ө-ы, Елорда аумағында ғана хабар тарататын «Астана» радиосын 4,66ө-ы тыңдауға мүмкiндiгi бар.

Сондай-ақ, www.kazradio.kaztrk.kz сайтынан да тiкелей эфирде (онлайн-режимiнде) әлемнiң кез-келген нүктесiнен тыңдауға мүмкiндiк бар. Қазақ радиосы өзiнiң форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргiзетiн республикадағы бiрден-бiр радиостанса болып отырғаны радиотыңдаушы қауымға белгiлi.

Қазақ радиосының музыкалық форматы ұлттық және қазақстандық музыкадан тұрады. Бұл формат бiзге қазақстандық вокал мен операның шеберлерiн ғана емес, әлемдiк классика мен бүгiнгi таңдағы музыканың барлық бағыттарын /рок, кантри, джаз, хит және т.б./ сөз ететiн музыкалық бағдарлама жасауға еш кедергi келтiрмейдi.

Ұлы даланың үнiне айналған Қазақ радиосының жүйесiнде бүгiнде республикаға хабар тарататын үш iрi радиоарна бар. Бiрiншiсi – «Бiрiншi бағдарлама». Бұл – Қазақ радиосының ұлттық арнасы. Басты мақсаты – мемлекеттiң ақпараттық саясатын жүзеге асыру. Ұлттық арна бүгiнгi таңда тәулiгiне 24 сағат бойы 150 хабар таратады. Мұндағы хабарлар эфирге негiзiнен қазақ тiлiнде, сосын орыс, немiс, кәрiс, ұйғыр, әзiрбайжан, түрiк және татар тiлдерiнде тарап отыр.

Екiншiсi – «Шалқар» радиосы, арнасы. Бұл – Қазақ радиосының қазақ тiлiнде хабар тарататын құрылымдық бөлiмшесi. «Шалқардың» құрылғанына 40 жылдан асты. Бүгiнде ол тәулiгiне 18 сағат хабар таратады. Қазақ халқының рухани мұрасын сақтау және дамытуды басты мақсат ретiнде ұстанған. «Астана» радиосы – Қазақ радиосының жастарға арналған танымдық, ақпаратты-музыкалық хабар тарататын құрылымдық бөлiмшесi. Әуе толқынына 1999 жылдан шығып келедi. «Ақ ниетпен әр үйге» ұранымен жұмысын бастайтын арнаның тәулiктiк шығарылымы қазiр 19 сағатқа жетiп отыр.. Қазақ радиосының баға жетпес асыл қазынасы – «Алтын қор». Бүгiнде мұнда жалпы көлемi 10 259 сағатты құрайтын 100 мыңнан аса жазбалар сақталған. Олардың iшiнде 1948 жылдан бегi тарихи жәдiгерлер, құнды хабарлар, небiр өнер, әдебиет және мемлекеттiк тұлғалардың дауыстары бар. Қазақстан композиторларының әндерi мен шығармаларының ноталық үлгiлерi де көздiң қарашығындай қорғалуда. Партитуралар саны 3085 дана болса, клавирлер 126 қорапқа жинақталған. Қазiр «Алтын қордағы» мұрағатты сантаңбалық форматқа көшiру қолға алынды.

Бiлiктi маман, ұзақ жыл радио мен теледидарда қызмет атқарған, танымал халықаралық компанияны басқарған Нұржан Жалауқызы Қазақ радиосының да дүниежүзiлiк стандартта халыққа қызмет көрсетуiнiң бағыт-бағдарын белгiлеп отырған сыңайлы.

Алда жаңа талаптар, жаңа мақсаттар күтiп тұр. Ресей, Белоруссиямен Кедендiк одақ құрылуына байланысты Отанымыздың кәсiпорындары, бизнесi, жалпы, барлық сала өз өнiмiн аталған елдермен бәсекелестiкте көрсете бiлуi қажет. Бұл 90-ға толған Қазақ радиосын да айналып өтпейдi. Мысалы: Ресейдiң «Голос России» радиосы орыс тiлiнен бөлек күн сайын қысқа, орташа және спутниктiк желiмен 38 тiлде тәулiгiне 151 сағат хабар таратады. Интернеттегi сайты 33 тiлде жұмыс iстейдi. 150-ден астам бөлiмi бар сайттың әлемнiң 140 елiнде оқырманы бар. Қазақ радиосына осындай радиолармен бәсекелестiкке түсетiн кезең келiп тұр. Ендi қазақ экономикасы мен саясатындағы жетiстiктердi төрткүл дүние түгел тыңдайтын болады. Қазақ тiлi, қазақ үнi, қазақ әнi – төрткүл дүниенiң түкпiр-түкпiрiне тарап, ұлттық рухымызды паш етпекшi. Оны қамтамасыз ету ғасырға жуық тарихы бар Қазақ радиосының мерейлi мiндетiне айналмақшы.