2. АҚЕРКЕ — АҚ ЖАЙЫҚ

  • Бір әннің тарихы

(Эссе-элегия)

456 Илья ЖАҚАНОВ

Әр әннің өз өмірі, өз тарихы, өз тағдыры бар. Кейде оның болашағы болжаусыз боп жатады. Ән де адам секілді…

Шәмші әндерінің ішінде «Ақерке — Ақ Жайық» Шолпан жұлдыздай ерекше жарқырайды. Оның бар хикаясы менің жүрегімді әркез лүпіл қақтырып, бір қимас жанға ғана айтылатын тәтті сырдай тербейді де жүреді. Көз алдымда кербез керілген Ақ Жайық толықсиды. Ол толқи жылжып, мың бүктетіле тулап, таудай-таудай көк бұйра толқыны ақ көбік боп шашырап, шағаласы шулаған аспанға атылып жатқан қарт Каспийдің құшағына енеді. Көк жүзінде қалқыған ақша бұлттардың арасынан сызылып қана аққулар шығады. Осы көрініс… осы сурет… оған ойлы жүз, ынтық сезіммен үн-түнсіз ұмсынып, сұқтана қарап тұрған Шәмшіні, Төлегенді көрем… көк толқын ұршықтай иіріліп, вальс боп керіледі. О, шіркін, ерке сезім… оны қиял құсы қалықтатып, зеңгір көкке биіктетіп әкетеді. Жүрек қылы өз-өзінен шертіле қалып, мына таңғажайып дүниеге мейірің қана қоймайтын қомағай жанның құмарлық-құштарлығымен қарайсың, тұла бойың өрт боп жанып! Құдай-ау, бұл қандай ғана ән «Ақерке — Ақ Жайық»…

 

44441965 жыл. Алматының тамылжыған жаз күндері… Мен қазақ теледидарында қызмет істеймін. Ол күндері біз Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынылған Шәмші Қалдаяқовтың әндері жайында концерт әзірлеу қамында жүрдік. Бас режиссеріміз Сапарғали Шәріпов Шәмші әндеріне бар ықыласын төгіп, бізді қарбалас іске жұмылдырды да жіберді. Мен Шәмшімен құдайдың құтты күні тілдесем. Концертке қатысатын әншілерді таңдап, іріктейміз. Сондай қарбалас тірлік кезінде маған бір кісі телефон соқты. Тыңдай қалдым. Үні сондай жұмсақ, биязы… лебінен адам жанын жібек самалдай аялаған мейірім, ізет сезіледі: – Ильяжан, бұл «Социалистік Қазақстан» газетінен… Әбілмәжін ағаң… өзіңе бір өтініш боп тұр, – деп, сәл ойлана кідірді.

Мен іле тани кетіп, қуана сәлемдесіп, ел­пектедім де қалдым. Ана бір жылдары ра­диодан алғашқы әндеріміз айтылып жатқанда осы «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде КазГУ-дің өнерлі студенттері деп, Өмірзақ Айтбаев, Шәрбану Құмарова және өзім жайында жылы сезіммен мақала жазған Әбілмәжін Жұмабаев есімді бір инабатты жан. Кейде алмағайып жүздесе қалса, қазақ композиторларының лирикалық әндерінің ішінде Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал», Сыдық Мұхамеджановтың «Алматының бозғылт тұман түнінде», Әбілахат Еспаевтың «Әлі есімде», тағы басқа да, е, Евгений Григорьевич Брусиловскийдің «Алтай», «Шолпан» деп аталатын әндеріне деген ой-пікірін лирик ақындарша мөлдіретіп тұрып әңгіме ететіні бар. Өзі белгілі, өте беделді журналист және аудармашы. Өзінің адамға деген ілтипатты сезіміне орай мен де бұл кісіге бауыр басып, етене жандай боп жүргем-ді.

Әбілмәжін баппен сөйлейтін байсалды жан, сол ойлы күйінде былай деді:

– Осы бір күндері барша жұртқа аян, Шәмші комсомол сыйлығына ұсынылып жатыр. Бұл сыйлыққа ұсынылғандардың ішінде Композиторлар одағының хатшысы Еркеғали Рахмадиевтің де барын білесің. Ал, біздің газетке Шәмшіге деген ықыласты жұрттың хаттары жан-жақтан төгіліп, келіп жатыр. Бәрінің тілегі «осы сыйлыққа Шәмші ғана лайық» деген пікірге саяды. Ол хаттар жауапсыз қалуға тиіс емес. Сөз түйіні — Шәмші әндері жөнінде бір тұщымды лебіз білдіруіміз керек. Сол мақаланы өзің жазып берсең деп, әндеріңді жақсы көретін ағаң Әбірәш Жәмішев екеуміз бәтуаласып, солай ұйғарып отырмыз. Шәмші екеуің доссың, дәйім бірге жүресің, әндерің де қатар шықты. Шәмшінің әр әнінің хикаясын жақсы білесің. Сондықтан, осы уәжімізді қабыл көрсең… Әбілмәжін ағай шуақты сезіммен баурай сөйлеп, мені үн-түнсіз көндіргендей болды.

Содан көп кешіккен жоқ, «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде менің «Қанатты әндер» деген көлемді мақалам жарық көрді. Сол күні Шәмші газеттің осы нөмірін киоскіден менен бұрын сатып алыпты. ЦК-ның органы – мұндай аса беделді газетте ардақталу екінің бірінің маңдайына жазылса қәні, бұған жаны қалмай сүйінген Шәмші: «Сол атақты алайын-алмайын, маған туған халқымның алдында үлкен газеттің бетінде осы елеудің өзі жетіп жатыр», – деп қолындағы газетке қайта-қайта көз тоқтата үңіліп, қолымды қысып-қысып қойды.

Шәмшінің бағы жанды. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Есімде, қарашаның қоңыр күзі еді. Шәмші Гурьев облысына арнайы команди­ровкамен баратынын айтты. Ал, сол айдың аяғында Шәмші қасында өзіне туған інісіндей бауыр басқан талантты ақын Төлеген Айбергенов және менімен теледидарда қызметтес боп, кейін Жазушылар одағына ауысқан аудармашы, журналист Иван Голубев бар, бәрі Гурьевке аттанып кетті.

* * *

1992 жылдың қыркүйек айының үшінші, төртінші жұлдызында Ақтөбе қаласында қазақ халқының ұлы батырларының бірі, Әбілқайыр ханның бас қолбасшысы, Ресей патшасынан алған ұлы Тархан атағы бар Есет Көкіұлының 325 жылдығына арналған ұлан-асыр той болды. Дәл сол күндері біз – басшымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев және төрт-бес маңғыстаулық азаматпен бірге үлкен ақбоз үйде дәм татып, емен-жарқын шүйір­келесіп отырдық. Әр қилы әңгімелер шертілді. Жергілікті өнерпаздар кеп Мұхиттың «Айнам­көз» әнін шырқады, Қазанғаптың «Көкіл» күйін тартты. Міне, осындай дуылдасқан көңілді сәтте жұрт маған «Еділ-Жайық» әнін айтқызды. Бұл әнге әркім жылы лебізін білдірді. Бір кезде маңғыстаулық қонақтардың арасында Таңаш Меңдібаев деген азамат: «Ақерке — Ақ Жайық» әнінің Гурьевте қалай шыққанын, одан сол сапарында Маңғыстауға келгенінде Шәмшінің өз аузынан естідім деп мені елең еткізген тосын сырды қызығып отырып айтты. Осыдан кейін тағы бір бас­қосуда Таңаштың сол әңгімесін дәптеріме толық етіп жазып үлгірдім. Сонда Таңаш «Ақерке — Ақ Жайықтың» бар мән-жайын басқа ешкім емес, сол кезде Гурьев облыстық ком­сомол комитетінің бірінші хатшысы боп қызмет еткен Мәдина Ғабдісәлимова өте жақсы біледі деді.

Осы кездесуден кейін тағы да біраз жылдар өте шығыпты.

2000 жылы қыркүйек айынан бастап Атырауда тұра бастадым. Жаңа таныс, жақсы адамдармен аралас-құралас боп, бірте-бірте еш тосырқау жоқ, елге де үйрендік. Ықылас-пейіліміз, сөзіміз жарасқаны сондай, елге сыйлы жайсаң жандардың бірі – Мәдина Ғабдысәлімқызының бізге деген ілтипаты ерекше болды. Мәдинаның үйінде, кейде басқа бір отырыстарда өзімен қадірлес Зәйдолла Қожағалиев, әйгілі домбырашы Әзидолла Есқалиев, жергілікті өнерпаз жандардың қос жұлдызы, тамаша домбырашылар – Нариман Үлкенбаев, Ғатау Ібішев бар, жай қысыр сөздер жайына қалып, елдің ән-күйі, жалпы музыка мен музыканттар жайында тағлымды әңгімелер жиі-жиі айтылып жүрді.

2001 жылдың күзі. Бір күні Мәдина біздің үйге келді. Осы келісіне іштей қатты қуандым. Шай үстінде ә дегеннен Шәмші жайында сөз қозғап, «Ақерке — Ақ Жайықтың» жазылу хикаясын сұрадым. Мәдина өзінің байыпты, байсалды қалпы, қарақаттай көзіне мейір нұры тұнып, жүрек қылы шертіліп кеткендей, бұл сауалға бір сәт күлімсіреп, ойланып отырды да сөз бастады:

– Ол кезде мен Алматыда партия мек­тебінде оқып жүргем-ді. Дәлірек айтсам, бұл – 1964 жылдың қаңтар айы. Облыс басшылары мені Гурьевке шақырып алды. Зақаш Кама­лиденов Ақтауға қалалық партия комитетінің хатшысы боп ауысыпты. Мен Зақаштың ор­нына облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Ком­сомолдың жұмысы қат-қабат, қайнап жатады. Бәріне қызу араластық та кеттік. Ауық-ауық Алма­тыға барып, ком­сомолдың ОК жиналыс­тарына, пленумына қатысамыз. Жыл аяғы тақалды.

Сол жылы желтоқсан айының бірінші жұлдызында Гурьевке композитор Шәмші Қалдаяқов, қасында ақын Төлеген Айбергенов, аудармашы-журналист Иван Голубев, міне, осы үшеуі арнайы командировкамен келе қалды. Бұған облыс жұртшылығы дүр-р ете түсті. Ел үшін үлкен жаңалық. Ежелден қонақжай қалпымыз бар, қонақтарды қуанышты көңілмен құшақ жая қарсы алдық. «Гурьев» қонақ үйіне жайғастырып, танысып-білісіп, ықылас-пейіліміз үйлесе кетті. Шәмші сондай ілтипатты, ізетті, қарапайым жан екен, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алған қуанышымен құттықтадық. Облысымыздың, ел-жұрттың жағдайымен таныстырдық. Өздерімен емен-жарқын ақылдасып, облыс көлемінде осы сапарға байланысты өтетін іс-шаралардың жоспарын жасадық. Ол жылдарда қазіргі Маңғыстау облысы Гурьев облысының құрамында еді, әлі бөлінген жоқ-ты. Жеріміз сондай кең-байтақ өлке еді ғой.

Сол күндерде «О, Шәмші Қалдаяқов келіпті!» деген сөз бүкіл облыс көлемінде қалың жұртшылықты елеңдетумен болды. Елдің осы ықыласына орай іс-шараларымызды қай жерде болса да үлкен жауапкершілікпен өткізуге барымызды салдық. Шәмшілердің алғашқы сапары Исатай ауданының орталығы Аққыстаудан басталды. Мұнда өткен кездесу­дің жұртты риза қылған кереметтігі сондай, оның дақпыртын естіген төңіректегі ел өз ауылдарында осындай жиынның болуын тілеп, телефон да соғып жатты.

Желтоқсанның бесі күні бір қадірлі жолдасымыздың тойына Шәмшілерді апардық. Сол той ән мерекесі боп шалқыды. Шәмшінің әні баяғыдан айтылып келе жатқан халық әндеріндей шырқалды. Ел-жұрттың мәз бола шаттанғанын сөзбен бейнелеп жеткізу мүмкін емес.

Мәдина өз әңгімесін осылайша шертіп кеп, тағы да ойлана қалды. Менің есіл-дертім – «Ақерке — Ақ Жайық»… іштей тыпыршып-ақ отырмын. Бірақ, Мәдинаның ойлы жүзі мені оқыс сабырсыздыққа жібермеді. Майда қоңыр үнімен әңгімесін жалғай берді:

– Радио­да, теледидарда, не кейбір концерт­терде «Ақерке — Ақ Жайық» әні орындалса болды, сол кездегі облыстық радионың жұпы­ны үйін елестетем. Өмірде қандай күндерді, нендей халді бастан кешсең де ешуақытта естен шықпайтын бір жайлар болады. Ұмытқам жоқ, желтоқ­санның жетісі еді, қонақтарды қолпаштап алып жүрген қыз-жігіттерді қозғағам жоқ, Шәм­шілерді радиокомитетке өзім алып келдім. Ол үй қазіргі Ақүйдің қасындағы бір екі қатарлы ескі орыс үйі еді. Радио қызметкерлері бізді күтіп, әзір отыр екен, режиссерлері мен редакторлары елпең қағып, бірден іске кірісті. Шәмші аспай-саспай баяу сөйлеп, өз өмірінен сыр қозғады. Редактордың кейбір сұрақтарына күлімсірей сөйлеп, ретті жерінде әзілдегендей боп, бірақ, тоқтамды сөзбен тиянақты жауап беріп отырды. Төлеген өз өлеңдерін өзгеше бір сүйкімді мәнермен жүрек толқытып өте әсерлі оқыды. Ешкімге ұқсамайтын мақамы бар екен. Голубев Шәмші жайында композиторлар мен музыканттардың арасында бола беретін әзіл сөздерді, қызықты эпизодтарды айтты. Радиодағы осы шара бітісімен біз үстіңгі қабаттан жайлап түсіп келе жатқанда кілт тоқтап, мені қандай сезім биледі, білмеймін, «Шәке, облысымызға келгелі бері ел-жұрттың өзіңізге деген ілтипатын, құрметін… аузын ашса көмейінен күн көрінетін ақкөңіл жандардың махаббатын көріп-біліп, сезе бастадыңыз, бәлкім, менің бұл тілегім көпшіліктің де тілегі шығар, қазақ даласын вальспен шалқытқан жүрегіңіз бұл жерде де бір тебіреніп көрсе. Біз толқыны вальстей үйірілетін Жайықтың, Каспийдің жағасын жайлаған елміз. Вальс… әніңіздің дені вальс! Бізге де бір вальсіңіз керек! – дедім.

– А? – деді Шәмші, жыпықтаған көзіне ой тұна қалып.

– Вальс! – дедім мен, басқа сөз ойға оралмай.

Шәмші тіл қатудың орнына бір роман­тикалық сезім құшағында тұрған жас жігіттей тамылжып қана бас изеді.

Қалада әр жерде кездесулер өтіп жатты. Шәмшінің тілегі және өзіміздің де қоше­метіміздің бірі – қонақтарды теңізге шығардық. Сол күні кешінде қонақ үйде дастархан басында бар әңгіме Ақ Жайық пен қарт Каспийдің төңірегінде қозғалды. Шәмші мен Төлеген өзгеше бір әсер құшағында. Шәмші желпіне сөйлеп, өз сөзіне өзі таңғал­ғандай кілт тына қалады. Қолында шылымы… кілегейлене жасаураған қоңыр көзіне ой тұнып, будақтаған көк түтіннің астынан алысқа… тым алысқа үн-түнсіз сүзіледі кеп. Қасында тірі пенде жоқ сияқты. Көз алдымызда құбылып, өз дітіне ғана аян өзгеше бір хал кешті. Жарытып тамақ та ішпеді. Ой… ой булықтырды. Анда-санда тек рюмке сың­ғырына жымың ете түседі…

Облыстық комсомол комитетінде идео­логия хатшысы боп істейтін Мырзағали Мұқамбетов дейтін жігітіміз бар еді, дәйім Шәмшілердің қасында жүрді. Бір күні кешкі мезгіл, осы Мырзағали қонақ үйде Шәмші екеуі ресторанда жеке отырып, ептеп коньяк ішіп, әңгіме-дүкен құрыпты. Сол сөздерінің арасында Шәмші әнді шығарғанын айтады.

Мәдина осылай деді де, ойлана кідірді.

… Арада бірер күн өткенде бір отырыста Төлеген Мәдинаға бірдеме дегісі келіп, екі иығын қозғап-қозғап қойып, әлденеге таңғалғандай басын шайқап:

– Осы бір күндерде мен көрген азапты ешкімнің басына бермесін. Мен өз өмірімде ешкімге тәуелді болғам жоқ, жазатын өлеңімді өз дітіммен емін-еркін жаздым. Дирижердің таяқшасына бағынатын музыкант емеспін ғой, оп-оңай болса, сол өлеңді өзі неге жаза сал­майды екен. Мені өзінің әр тактысына тұсап қойғандай қорғалақтатып, «олай жаз, былай жаз!» деп балаша жасқап, әмір береді. Тек өзі­нің ғана айтқаны болу керек. Жоқ жерден қинайды кеп. Дәл осы бір күндері оңып жүр­гем жоқ, – деп қысық көзі сағымдай бұлдырап, күлкіге іштей булығып, үнсіз түйілді. Отыр­ғандар Төлегеннің мына сөзіне таңғалды. Шәмші де екі көзіне ыстық жас тұнып: – О, о-о-ол кі-і-ім ө-ө-зі? – деді, кекештене тұты­ғып.

Төлеген сол тымырайған күйі: – Шәмші Қалдаяқов! – деді.

Шәмшінің жұп-жұқа қызылшырайлы жүзі алаулап, екі көзі жалынды нұрмен лыпып тұрғандай құштарлық сезімнің лебін сездірді. Мәдина Шәмшіге жалт қарады. Шәмшінің көзінен «Вальс» деген сөзді оқыды. Шәмші де Мәдинаға кірпік қақпай қадалып: «Сізді, вальске шақырам!» деген ынтық сөзді үн-түнсіз айтты. Сөйтті де жай ғана ыңылдады…

Енді Мәдина сөйлесін:

— Шәмшілер Махамбет ауданын аралап кетті.

Ол жерлердегі кездесулер әдеттегідей дүрілдеп өтті де, Шәмшілер Гурьевке оралды.

Қаладағы кезекті кездесуді он жетінші желтоқсан күніне белгіледік. Шәмші жаңа әнін «Ақерке — Ақ Жайық» деп атапты. Төлеген ән сөзін екі-үш күнде әрең бітірді. Қонақ үйде отырып, Төлеген шай үстінде:

Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан,

Жүректе тербетілген

Ақжайығым —

Ақ еркем, аңсаған ән өлкем!

Жаным-ау, дара туған,

Ағыстардан жаратылған,

Жайықтың жағалай тал жағасынан,

Қымбаттым, сен маған тіл қаттың!

Өзіңсің жаным,

Жаңғыртқан әнім

Каспийдің толқын тауларын.

Сенбісің көгілдір махаббатым,

Алқызыл алаулы таңдарым!

Айдының шалқыған бір,

Дидарыңда толқыған нұр.

Мен сені көрдім, еркем,

Ерке теңіз аспанға,

Маржандар шашқанда!

Айрылмас достығыңның,

Айғағы ма, қос бұрымың.

Жанымды нұрландырып,

Сенің шолпан жанарың,

Алаулап барамын!

Бір сәуле күлімдеген,

Жанарыңнан дірілдеген.

Мен сені балықшының

Арманынан,

Жан, сәулем, іздеймін аңсаумен!

Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан,

Жүректе тербетілген,

Ақжайығым —

Ақ еркем,

Аңсаған ән өлкем! – деп, ән сөзін жатқа айтты.

Тосын өлең. Жолдары бірінен-бірі өрбіп, бірін-бірі қуалап, әр жерден бір ұйқаса ма, қалай? Таңғалдым. Шәмші мен Төлеген «Ал, не дейсіңдер?» дегендей үнсіз мүлгіді. Не деуі­міз керек? Төлеген тыпыршиын деді. Шәмші шылымын тұтатып жатып, оған күлімсірей ым қақты. Төлеген бойын тез жиып ала қойып, қаршығадай жұтынып, қысық көзінде жалынның лебі білініп, өлең сөзінің әр иіріміне орай құдды бір құштар сезімді дирижер сияқты екі қолын әсем қимылмен ойнатып, толқындай ырғалып, отырған орнынан ұшып кете жаздап, жүзі алаулап кетті. Өлеңді сол толқыған күйі қайта бастай бергенде, Шәмші де әндете қосылды. Осы шалқу бізге әннің бет-бейнесін анық танытқандай болды. Ән де, сөз де бір-біріне бап келген көркем дүние боп шыққан екен деп сүйсіне құптадық.

Әнді жұрт алдына шығаруға асықтық. Шәмші әзілқой да жан екен, жұрттың көзін ала бере маған елжірей қиылып: «Вальсіңіз дайын. Ал…» деп сөзін сұраулы леппен білдіреді. Іштей күлем де қоям. Шәмші де мәз. Мен де мәзбін. Әннің дақпыртын естіп, біраз жұрт құлақтанып та қалды. Әнді тездете әзір­леуіміз керек. Ал, ол үшін бізге кім көмек­теседі? Шәмші бір сөзінде: «Осында әнге аккомпонемент жасайтын музыкант бар ма?» – деп еді. Осы сауалы көкейімде жүретін-ді.

Бір күні қонақтарды өзім бастап, Балықшы жағына бара жатып, бір жұпыны үйде музыка училищесі бар еді, соған соқтық. Мұнда Шәмшіні директор Сейілхан Хұсайы­новпен таныстырдым. Сейілхан кішіпейіл, ілтипатты жан, Шәмшімен шүйіркелесе сөйлесіп, өздерінде қызмет ететін педагог – композитор Роальд Тапчевскийді шақырып алды. Оған мән-жайды түсіндірді. Шәмші мен Тапчевский әнді әуендете күбірлесіп, қолма-қол нотаға түсірді. Тапчевский әннің аккомпонементін жасайтын болды. Осы училищеде орыс тілінен дәріс беретін Өтеген Олжабаев деген әнші жігіт бар. Даусы сондай әуезді, таза, жарқын еді, оның үнін тыңдадық та, оған да бірден келістік. Ертеңінде әннің нотасын белгілі домбырашы, әрі дирижер Боздақ Ырзахановқа беріп, Дина атындағы ұлт аспаптар оркестріне түсіруді тапсырдық.

Шәмшілер жоспарымыз бойынша тағы да төңіректегі аудандарды аралады.

1965 жылдың он жетінші желтоқсан күні (Жилгородокта) АНПЗ-ның мұнайшылар клубында қала жұртшылығы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық кешіне жиналды. Әнші Өтеген Олжабаев оркестрге қосылып, вальс ырғақты шалқымалы ән – «Ақерке — Ақ Жайықты» жан толқыта шырқады. Залда иінтірескен жұрт дүбірлете қол соқты. Шәмші мен Төлегенді қайта-қайта орындарынан тұрғызып, құшақ-құшақ гүлдер сыйлап, жүректегі жалынды сөздерін айтып, дуылдаса дүркіреп, көкке көтерді.

Шәмшідей аңыз адамның өміріндегі мұндай сәттер естен шыға ма, тегі?! Өтеді күн­дер, жылжиды жылдар… мезгіл шіркін бастан кешкен кейбір жайларға көлеңкесін де түсірер, ал, «Ақерке — Ақ Жайық» вальсінің тууына себепші болған сол тілегімді еш­уа­қытта ұмыта қоймаспын. Оған куә болған ғазиз жандардың біразы мына жайнаған жарық дүниеде күнделікті өзіммен араласып, жүз көрісіп жүр. Сол концерттің ду-ду сәтін­де сахнаға шығып: «Шәке, амандық болса, күні ертең Алматыға барғанда бұл ғажайып вальсті Ришад Абдуллин сияқты ұлы әншіге орын­датсаңыз!» – деген лебізім де есімде.

Шәмші Қалдаяқовтың әні «Ақерке — Ақ Жайық» композитордың осы сапарында Жайықтың жағасы – киелі топырағымызда дүниеге келіп, жұртшылықпен осылайша қауышты.

Кейін бұл ән облыстық радио мен теле­дидардың «позывнойына» айналды.

1994 жылы желтоқсан айында «Ақерке — Ақ Жайықтың» отыз жылдығына орай Дина атындағы Мәдениет сарайында кеш өткіздік, онда әнді тағы да Өтеген Олжабаев орындады. Рояльда Роальд Тапчевский сүйемелдеді. Кешті белгілі журналист Айтқали Иман­ғалиев өте әсерлі леппен жүргізіп, бұл жиын теледидарға түсірілді.

Белгілі әнші Гүлмайдан Сүндетова «Ақерке — Ақ Жайық» әніне әдемі клип түсірді.

«Ақерке — Ақ Жайықтың» өзі бір өмір, бір тағдыр, бір тарих… Шәмшінің өзі орта­мызда жоқ болса да, адам жанын нұрлы сезіммен аялайтын әндерінің ыстық лебі сөнген жоқ. Ол әлі талай жүректің сырын қозғап, желпи береді…

…Жылдар бойы өзінің құпия сырымен мені толғандыра берген «Ақерке — Ақ Жайықтың» бөгде ешкім білмейтін хикаясын Мәдина Ғабдісәлімқызы маған осылайша шертіп, өз әңгімесін тәмәмдады.

* * *

Ақ Жайық… Шәмші мен Төлегеннің жалынды леппен шалқитын жүрегін тол­қытқан ұлы дария… бүгінде мен оның торғын желек жамылған жағасына жиі-жиі шығып, ырғала мүлгіген көк орманынан құстар үнін тыңдаймын, төңірекке көз салып. Қилы-қилы ойлар кетеді көкке өрлеп. Вальс ырғағындай үйірілген ерке толқынның аспанға шашылған ақ көбігін семсердей жарқылдаған ақ қанатымен сипай өтіп, шағалалар ойнақ салады. Аққулар тербеле қалқиды. Олар толықси жылжыған Ақ Жайықты тау-тау толқыны бұрқ-сарқ еткен қарт Каспийге жетелеп апарады. Шәмші мен Төлеген көрген дәл осы көрініс, осы сурет… мен оған тұңғыш рет және соңғы рет сұқтана қарап тұрғандай, ділім мен дітімде тіл байлар тылсым сезімнің құдыретін сезем!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *