18 232 қазақстандықтың есімі Абай Құнанбайұлының құрметіне қойылған

Қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының мерекелік шаралары басталды

«Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет».

  (Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың

«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан).

Сонымен, адамзаттың алыбына айналған хакім Абай Құнанбай­ұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған сал­танатты шаралар да басталды. «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрында «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концерт өтті.  Алқалы тойдың беташарына  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, еліміздің барлық өңірінде және шет елдерде жыл бойына өтетін мерекелік шараларды ресми түрде бастап берді.

Кеш шымылдығын  Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ашып, Абай жылының мән-маңызына тоқталды.

Мерекенің ресми бөлімі  аяқталғаннан кейін кеш әрі қарай концерттік бағдарламаға жалғасты. Концерт бағдарламасында  Абай­дың барлық музыкалық мұрасы қамтылды. «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты  мерекелік кештің бірінші  бөлімінде ұлы ақын мұрасының рухани тағылымы аясында  бейне сюжет көрсетіліп, талантты театр актерлері кезектесе Абай өлеңдерін төгілте жырлады. Кештің  «Абай әлемі»  деп аталатын бөлімі ақын өмірін театр тілімен бейнеледі. Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы мен Ахмет Жұбанов  пен  Латиф Хамидидің  «Абай» операсынан үзінді көрсетіліп,  хакім шығарма­ларын КСРО және Қазақстанның халық әртістері Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, белгілі мәдениет қайрат­керлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева, Берік Айтжанов, сондай-ақ, халықаралық және республикалық байқау­лардың лауреаттары мен талантты жастар орындады.

Абай жылының ресми ашылуына арналған  тағылымды кеш  мағыналы да мазмұнды өтті. Беташар  шара мәресіне жеткенімен, Абай тойы  енді басталды…

Керек дерек

Әділет министрлігінің баспасөз қызметі  келтірген дерек­терге  сәйкес, 18 232 қазақстандықтың есімі  ақын, ағартушы және философ, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының құрметіне қойылған.

***

Соңғы 10 жыл ішінде (2009-2020 ж.ж.) ата-аналар балаларына Абай есімін 2470 рет таңдаған. Ең көбі Түркістан облысында (415), Алматы (321) және Нұр-Сұлтан (273) қалаларында тұрады.

***

Ұлы ақынның отаны – Шығыс Қазақстан облысында Абай атты 378 азамат тұрады.

***

Бүгінде ең үлкен Абай 92 жаста болса, ең кішісі небары 2 күн бұрын туған. Кішкентай Абай 2020 жылғы 20 қаңтарда Сарыағаш қаласында дүниеге келген.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *