1350 ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

9.2Әсел ДАҒЖАН

Алматы шаһарының экологиялық жағдайы күн тәртiбiнен түскен емес. Қала басшысы Ахметжан Смағұлұлының тапсырмасы бойынша жыл басынан берi жасыл желектер қорын жаңарту және дамыту бойынша түрлi жұмыстар жүргiзiлiп келедi. Сол жаңартулар қаншалықты және қай деңгейде iске асырылуда? Кезек күттiрмейтiн экология мәселесiне алаңдаушылық бiлдiрген жанашыр қауым қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкiлдерiмен бiрiгiп, қала көшелерi мен «Медеу» табиғи паркi аумағына рейд ұйымдастырған болатын.

 

Биылғы жылдың соңына дейiн қалада 28 мың ағаш отырғызу жос­парланып, оның 15 мыңы көктем кезiнде егiлген болатын. Қалған 13 мың көшет жыл соңына дейiн өз ор­нын табады деп  жоспарланды. Ал рейд ұйымдастырылған күнi қала аумағында 1350 түп ағаш отырғы­зылды.

Бiздiң алғашқы бағытымыз – Ала­тау ауданы, «Шаңырақ-5» ықшам­ау­даны болды. Халыққа қызмет көрсету орталығына апаратын тақтайдай тегiс үлкен жолдың  екi шетiнде сары күртеше киген «Флора» дизайн-сервис орталығының қызметкерлерi жүрдi. Ары-берi бұрылуға шамалары жоқ. Кемiнде биiктiгi үш метр болатын шаған ағаштарын түп-түзу етiп сапқа қойып жүр. Сұрастыра келе, аталған ықшамаудандағы жасыл қорды жасарту бойынша жұмыстар өтемдiк ағаш отырғызу аясында жүргiзiлiп жатқанын бiлдiк. Бiздiң өзге де сауал­дарымызға қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Оразалин жауап бердi.

– Бүгiнгi таңда Алматыда жасыл қорды жаңарту жұмысы жалғасуда. Қазанның он тоғызынан бастап бүгiнге дейiн қосымша бес мың жасыл желек – қарағайлар егiлдi. Ал 2010 жылы өткiзiлген инвентаризация бойынша Алматы қаласында 39 мыңнан аса апаттық ахуалдағы ағаштар бары анықталған едi. Қартайған 34 мыңнан астам ағаш кесiлiп, 100 мыңдай жа­сыл желекке санитарлық қырқу жұмыстары жүргiзiлдi. Ал мына жұмысты бiз ағымдағы жылдың аяғына дейiн бiтiрудi жоспарлап отырмыз, – дедi ол.

Дәл осы күнi Алатау ауданында 400-дей үйеңкi және шаған ағашы отырғызылды. Көшеттер өтемдiк ағаштарды отырғызу жұмыстары аясында бой көтергендiктен, екi жыл бойы жоғарыда айтылған дизайн-сервис қызметкерлерiнiң қарауында болады. Олар ағаштарды күтiп-баптап, суарып, өнбеген жағдайда, оларды қайта қалпына келтiредi.

Айта кету керек, жол бойына отыр­ғызылған үйеңкi, соғды ағашта­рының  екi жылдық бiр көшетi барлық күтiмiмен есептегенде 12-13 мың теңгеге айналады. Демек, төрт жүз көшет деген сөз таза ауаға кепiлдiк беретiн бес миллионнан аса теңге дегендi бiлдiрсе керек.

Мамандардың айтуынша, қала iшiндегi көлiк қозғалысының көптiгi, газдың ауаға шамадан тыс тарауы жас жасыл желектерге сұранысты арттырып отыр. «Оның үстiне, тұр­ғындар арасында аллерголог­тардың саны көбейген. Соған байланысты ағаш түрлерiн таңдап отырғызу­дамыз», – дейдi табиғат қорғаушы мамандар. Сондықтан терек, қайың, қарағаш сынды ағаштар қала iшiнде жақсы сұраныста екен.

Шаһар сыртындағы «Медеу» табиғи паркi аумағында да ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргiзiлуде. Мұнда қала тұрғындарының «Жаңа Алатау» қоғамдық қорына аударған қаражатына жыл басынан берi 6300  ағаш отырғызылған. Мамандардың айтуынша, ашық табиғатта егiлген жас көшеттердiң тоқсан сегiз пайызы өсiп, ортаға бейiмделiп кетедi.

Жоспар бойынша мұнда 8000 тянь-шань шыршасын отырғызу жоспарланған. Оның төрт мыңы көктем кезiнде егiлдi. Ал, екiншi маусым бойынша мың түп шыршаны мамандар қарашаның жиырмасына дейiн отырғызуды көздеп отыр.

Дәл осы күнi Медеуде тiлшiлер қауымы мен Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкiлдерiнiң көз алдында 500 түп қылқан жапырақты тұқымдас ағаштар егiлдi.

Аталған басқарма мамандары шаһар тұрғындарын жасыл желек­тердi аялауға және жаппай ағаш егу шарасына белсендi түрде қатысуға шақырады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *