11 жылдың жарысы

Ермұхамед МӘУЛЕН

2011 жыл – Алматы қаласының өмiрiндегi спорттық шараларға өте бай жыл болып есте қалмақ. Жыл басынан берi жүздеген спорттық жарыстар өттi. Алматы қаласының қабылдаған халықаралық додаларының iшiнде күллi әлем назарын тiккен құрлықтық додалар да жалауын көтердi. Спорт тарихының қойнауына кеткен iрi жарыстардың жылнамасында ойып тұрып орын алатын бәсекелерден бастап, қаламызда өткен спорттық шараларды бiр шолып көрейiк.

1. Азиада – Алматыны шартарапқа танытты.

Қаңтар мен ақпан айы түгелге дерлiк «Азиада» деген ұранмен өттi. Алматы қаласының өмiрiндегi ең iрi саяси-мәдени, спорттық iрi iс-шара VII Қысқы Азия ойындары екендiгiне ешкiмнiң де таласы жоқ шығар. Құрлықтық додаларды бұрын өткiзiп көрмеген Қазақстан үшiн де бұл айтулы оқиға болды. Алматыға 2 мыңнан астам турист келiп, 45 мемлекеттен спортшылар атбасын бұрды. Қаламызда осы ойындардың құрамына кiрген 11 спорттың 8 түрiнен жарыстар болды. Шаһарымыз өзiнiң мақтаныштары – «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» шатқалын баршаға паш етуге мүмкiндiк алды. Трамплиннен секiру кешенi – құрылысы жағынан өзге қалалардағы серiктестерiнен мықтырақ екендiгiн дәлелдедi. Ал шаңғы-биатлон стадионы Орта Азия төңiрегiнде бұрын-соңды болмаған кешен деп бағаланды. «Табаған» табиғатымен тамсанттырса, «Балуан Шолақ» сарайы Азиаданың жабылу салтанатын атқарды. Сонымен, 2011 жылғы спорттық шаралар iшiнде Азиаданың алар орны ерекше екендiгiн осылай түсiндiремiз.

2. Еуропа қол соққан жарыс.

Екiншi кезекте желтоқсан айында трамплин кешенiнде болып өткен Еуропа кубогының кезеңдiк жарысын атап өткенiмiз дұрыс. «Кәрi құрлықтың» 15 елiнен атақты деген спортшылар келiп, 3 күн бойы жарыс көрiгiн қыздырды. «Ұшқыш шаңғышылардың» үздiк мәнердегi өнерiне барша Алматы жұртшылығы қол соқты. Бұл жарыстың маңыздылығын бiз әлемге тарайтын «Еуроспорт» арнасының осы жарыстан хабар таратқанымен байланыстырып отырмыз. Себебi, осыдан кейiн Алматы жайлы және оның керемет спорт кешенiн барша Еуропа көрдi.

3. Әлемдiк әуедоп хас шеберлерi жиналды.

Алматыда өткен әлемдiк кубоктардың қатарында өте көп көрермен жинаған – волейболдан қыздар арасындағы дода екенi даусыз. 5 күн бойы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында Италия, Бразилия секiлдi әлемдiк әуедоптың хас шеберлерi өнер көрсеттi. 2 тур аясында өткен бұл жарыс тұңғыш рет Қазақстанда өттi. 3кiнiшке қарай, Қазақстан қыздар құрама командасы бұл жарыста қойылған мақсатқа жете алмады.

4. Таптырмас жарнама болды.

Шiлде айында трамплиннен шаңғымен секiру спортынан Әлем кубогының жазғы кезеңi өттi. Бұл спорт түрi негiзiнен қысқы спорт түрiне жататыны белгiлi. Бiрақ, қардың орнына жасанды төсенiш төсеп өткiзу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн шаруа. Қазақстанда соңғы уақытта пайда болған бұл спорт кешенiн Халықаралық трампилн спортының федерациясы толығымен пайдалану керектiгiн ұққандай. Ал бiз үшiн бұл таптырмас жарнама болды десек болады.

5. Жанкүйерлер бушидоға бей-жай қарамайды.

Жыл соңына қарай Алматыда спорттың ерекше түрi – ережесiз жекпе-жектен жарыстар болды. «Алаш прайд» деп аталатын қазақстандық команда әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен келген баһадүрлермен күш сынасты. Халықтың делебесiн қоздырып, өте қатты қызығушылық тудыртқанына қарап, бушидоның да Алматыда кең беделге ие екенiне көз жеткiздiк. Бұл жарысты назардан тыс қалдырмай, шараға бей-жай қарамаған бушидо қызығушылары «Балуан Шолақ» сарайын лық толтырды.

6. Кiшi футболдың үлкен тартысы.

Мамыр айының басында Алматыда кiшi футболдан УЕФА кубогының жартылай финалдық кезеңi өттi. «Төртеудiң финалы» деп аталатын турнирде «Қайраттың» төбесiндегi төртеуi түгел болмады. Португалияның қос клубы «Спортинг» пен «Бенфика», Италияның «Монтесильвано» клубтары «Қайратқа» дес бермедi. 3з алаңында жүлдеге қол созған кiшi «Қайраттың» алдынан шешiлместей үлкен мәселелер туындады. Айта кетерлiгi, бұл жарыстан бастан-аяқ «Еуроспорт-2» арнасы әлемнiң 145 елiне тiкелей эфирде репортаж таратты.

7. Қол добындағы қарқын.

Алматыда «Халықаралық гандбол федерациясының құрлықаралық дәрежедегi Ауыспалы жүлдесi» турнирiнiң финалдық кезеңi болып өттi. Халықаралық гандбол федерациясының тiкелей қолдауымен тұңғыш рет қолға алынып отырған бұл жобаға тек қол добы ендi дамып келе жатқан елдер ғана қатыса алды. Яғни Жапония, Қытай секiлдi гандболдың талай жүлдесiн жинаған құрамалар бұл додадан шеттетiлдi. Есесiне ендi даму жолына көтерiлген, жақын арада болашағынан үмiт күттiретiн команда ретiнде танылған Қазақстан осы жарысты қабылдауға әбден лайық деп танылды. Бұл жарыс та «Бауан Шолақ» Спорт сарайында өттi. Азиададан кейiн ең көп спорттық шараны қабылдаған да осы Спорт сарайы екен.

8. «Орталық» стадион бабына қайта келдi.

Қараша айында «Орталық» стадионда үлкен футбол болып өттi. Осы күнi Орталық стадионда iрi футбол жарысы болса, ерекше атайтын деңгейге жеттiк. Бұрындары бұл тұрақты дүние болып келiп едi. Осы күнi «Қайраттың» ойынына 500 жанкүйерден артық көрермен жиналмайтын болған. 25 мың адамға лайықталған стадион трибунасы соңғы жылдары жетiмсiреп қалғандай күй кешiп тұрды. «Орталық» стадионның жасыл алаңы биылғы маусымдағы ең сапалы деп бағаланды. Соның арқасында биыл Алматыда футболдан Қазақстан кубогының ақтық кездесуi ойналды. «Тобыл» мен «Ордабасы» арасындағы теке тiрестi тамашалауға 15 мыңнан астам жанкүйер келдi. Демек, «Астана Арена» салынғалы берi тұралап қалған «Орталық» қайтадан өзiнiң бұрынғы қалпына келе бастады деген сөз.

9. Тенниске жетер тең iс болмай тұр.

Қазақстанда теннис спорты қарқынды дамып келе жатқаны белгiлi. Осы орайда Алматы қаласының да бұл спортты аса қатты қарқынмен дамытып жатқаны айқын. Алматы қаласының 4 ауданында теннис академиялары бой көтердi. 1-сәуiр күнi қала Әкiмi А.Есiмов тұсауын кескен «Мақсат» теннис академиясында ендi алматылық жас жеткiншектер жаттығатын болады. Осы салынған корттарда жасөспiрiмдер арасында талай жарыстар өтiп, қаламызда теннис өнерiнiң дамуға бет алғанын көрсеттi. Алдағы уақытта алматылық теннисшiлер халықаралық жарыстың жеңiмпазы атанып жатса, таңқалмаңыз!

10. «Қайрат» чемпиондыққа таласпақ.

Алматы спорты туралы сөз қозғағанда ең алдымен «Қайрат» футбол командасы еске оралады. Қатарынан 3 мәрте ел чемпионы болған «Ақтөбе» клубын өз алаңында 3:0 есебiмен ұтқан алматылық ұжым, жарыс қорытындысы бойынша 1-лигаға түсiп қалған болатын. Бiрақ, Қазақстан футбол федерациясы 2012 жылы премьер-лига клубтар санын 14-ке көбейттi. «ҚазРосГаз» компаниясы демеушiлiк танытып, «Қайратқа» келер жылы чемпион болуды мақсат етiп қойды. Бұл, әрине, алматылық футбол жанкүйерлерi үшiн биылғы жылдың ең жағымды жаңалығы болып қала бермек.

11. 12 жасар Жансая – 4 дүркiн чемпион.

Шахматтан 2011 жылғы 17–27 қарашада Бразилияның Кальдас-Новас қаласында өткен әлем бiрiншiлiгiнде 12 жастағы қыздар арасында жеңiске жеткен Жансая Әбдiмәлiк осымен әлемнiң төрт дүркiн жеңiмпазы атанса, бүгiнде болашағынан зор үмiт күттiрiп отырған 7 жасар Бибiсара Асаубаева 8 жастағы қыздар арасында 56 елдiң (оның iшiнде шахмат державалары саналатын Ресей, Қытай, Әзiрбайжан, АҚШ, Үндiстан және Украина мемлекеттерi бар) өкiлдерi арасында жеке-дара топ жарып, чемпиондық тәжге ие болды. Жансая Әбдiмәлiктi Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында осындай iрi жеңiске жеткенi үшiн Елбасының өзi арнайы құттықтады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close