1022 СӨЗ БІЛЕТІН ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ АҚЫЛДЫ ИТ ӨЛДІ

АҚШ-тың Спартанберг шаһарын­дағы мына бір оқиға әлемді таңқал­дырды. Бір ғажабы бұл итіңіз – Чей­сердің сөздік қоры 1022 сөзді құрайды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, жалпы білім беретін мектепті бітіруші­нің сөздік қоры орташа есеппен алғанда 1500-ден 4 мыңға дейін болса, бордер-коллидің (ерекше тұқымның атауы) бұл мәселеде едәуір жетістікке жетке­нін атап айту керек. Әрине, оны мек­тепті алтынға бітірді демесең, оның еңбегі ғылымда атап айтар жаңалық болып тұр. Ал енді дүниетанымы тіпті кейбір адамдардан асып кеткен деседі ғалымдар.

Оның қожайыны анау-мынау емес, колледждің профессоры Джон Пилли. Оған Чейсерді әйелі 76 жасқа толғанда сыйға тартыпты. Бұл 2004 жыл еді. Осы жылы Scіence атты танымал ғылыми журналда басқа бордер-колли Рико жөнінде мақала жарияланды. Бірақ ол 200 сөз ғана білген. Осыдан кейін профессор Пилли бұл межеден асып түсуді ойлап, Чейсермен күніне 4-5 сағат сабақ өткізеді. Ит неме үрмей тұрушы ма еді. Профессор оның аузын жабу үшін оқу мәнерін өзгертіп, күніне әр түрлі қызық ойыншықтар сатып алатын болды. Мәселен, аю, кактус, құрт, балапан, т.б. Оқуды мынадай тәсіл­мен жүргізді. Профессор ойын­шықтарды тығып қойып, тақтаға әлгінің біреуінің атын жазады да соны алып келуге итті жұмсайды. Біраз уақыт өткеннен кейін профессордың үйіндегі ойыншықтар салатын алып контей­нер­дің саны 16-ға, ойыншықтар саны 1022-ге жетті. Қысқасы, Чейсердің оқуын жетілдіру одан әрі жалғаса берді.

Джон Пилли өткен жылы 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Таяуда Чейсер де он бес жасында көз жұмды. Белгілі мөлшермен қарағанда, бұл ит үшін едәуір «жақсы» жас.

Әрине, Чейсерге таңқалудың керегі жоқ. Ондай ит жалғыз емес. Мәселе оны қалай оқытуда болып тұр ғой. Бірақ иттердің біз ойлағаннан да ақылды бол­тынын мойындауымыз керек. Сондық­тан оларды бейімдеу, оқыту қиын емес.

Спартанберг тұрғындары балалар мұражайы алаңында өздерінің танымал жерлесіне қоладан ескерткіш қоюды ұйымдастырып жатыр.

 

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *